Павлодардағы таун-хаустар сатылмай жатыр

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
12894

Әуежай қалашығындағы 55 үйді сатып алуға 30 адам ғана өтініш берген.  

Павлодардағы таун-хаустар сатылмай жатыр

Павлодар қаласының әуежайы маңында мемлекеттің көмегімен салынып жатқан 55 тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға таяу. Бұл аумақта жекелеген тұрғындардың тұрғызып жатқан баспаналары да бар.  Аумақ Кенжекөл ауылдық округіне қарағандықтан, жергілікті әкімдік тұрғын үйлерді "Нұрлы жол" бағдарламасы арқылы сатуда. Бірақ, көркі көз тартатын жаңа үйлер өтпей жатыр.  Себебі, аталмыш үйлер орталық жылу құбырына қосылмаған.

Бұл аумақ Әуежай қалашығы деп аталады. Мұндағы жеке үйлер құрылысына жер телімін беру ісі 2007 жылы қолға алынған болатын. Сол кезде жер кодексінің талабына сәйкес, кезекте тұрған азаматтарға 10 соттық жер тегін үлестірілді. Өкінішке қарай, инженерлік инфрақұрылым (электр желісі, су және канализация құбырлары, жылу көзі) тартылмағандықтан, жер учаскесінің иелері 10 жылдан астам уақыт бойы құрылысты бастай алмай келді. Бұл мәселе көптен бері айтылып та келеді.

2018 жылға дейін электр қуатын тарту мәселесі ғана шешімін таппады. Дәл осы жылы 400 млн теңгеден астам соманы құрайтын электр қуатын тарту бойынша жоба қолға алынды. Павлодар қалалық құрылыс бөлімінің тапсырысы бойынша, республикалық бюджеттен екі кезеңмен бөлінген қаржыға электр желісі екі жыл бойы тартылды. Нәтижесінде 2019 жылы тұрғындар электр көзіне қосылуға техникалық рұқсат қағаздарын алып, армандаған мүмкіндікке қол жеткізе бастады. Бірақ, орталық су құбыры және канализация жүйелері дайын болмай шықты.

Белгілі болғандай, аталмыш құбырлар тартылған, бірақ жер учаскесінің иелері әлі күнге дейін оларға қосылуға болатынын-болмайтынын анық білмей дал. Осылайша, орталық жылу желілеріне қосылу туралы мәселе басы ашық күйінде қалып отыр.

Жоғарыда бұл аумақта жергілікті биліктің 55 жеке тұрғын үй салып жатқанын айтты. Осы орайда, әуелде 15 соттықтан иеленген 400-ден астам адамның 120-сынан көбі учаскелерді уақытында игере алмауына байланысты мемлекетке қайтаруға мәжбүр болды. Аталған Әуежай қалашығына кіретін ИЖС-1 және ИЖС-1А  алаңдарында бірыңғай типтегі 2 қабатты таун-хаус және 1 қабатты жеке үйлер салынуда. Пәтерлердің 1 шаршы метрі "Нұрлы жер" бағдарламасымен 120 мың теңгеге ұсынылып отыр. Алайда, ауданы 120 шаршы метрден асатын, 2 қабатты таун-хаустарды сатып алған адамдар үйін жеке пешпен жылытуға мәжбүр болады. Себебі, әуежай қалашығына орталық жылу құбыры тартылмаған.

Әуежай қалашығында салынып жатқан 55 үйдің құрылысы аяқталып қалды. Жұртшылыққа ол үйлерді түрлі бағдарламалар арқылы сатып алу ұсынылуда. Барлығы 30 адам өтініш беріп, 8-і ғана төлем қабілетін растаған. Алайда, өтініші қабылданған азаматтар да шағын ауданға халық толық қоныстанбаса, олар да көше алмайтынын айтуда. Ал толық қоныстану мәселесі жылумен қамту проблемасы шешілгеннен кейін мүмкін екені айтпаса да түсінікті.

Басынан соры арылмай келе жатқан Әуежай қалашығында кейінгі жоспар бойынша, 200 балаға арналған 2 балабақша, мектеп, сауда орталығы, әмбебап дүкен, өрті сөндіру депосы және демалыс саябағын салу қарастырылған.  Айтпақшы, бұл жерде 2000 жылдың басынан бері "Балалар ауылы" қоныстанып, қызмет көрсетіп келеді. Жылумен қамту мәселесі шешілсе, қалада жаңадан шағын аудан пайда болмақ.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу