"Пирамидаға" бола, Kcell-дің басы бәлеге қалған ба?

13273

Контрагенттері оператормен соттасқалы жатыр. 

"Пирамидаға" бола, Kcell-дің басы бәлеге қалған ба?

Оралымсыз бюрократияның бизнеске зиян тигізетін жағдайлары жиі кездеседі. Мысалы, ол ұялы байланыс саласындағы еліміздің ең ірі операторына үлкен қиындық әкелуде. Бұл жөнінде "Кселл" АҚ-ының өкілі Александр Крутоголов Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиевке хатында баяндады.

Онда ұялы оператор осы ведомствоға қарасты "Электронды шот-фактуралар" (ЭШФ) ақпараттық жүйесіндегі (https://esf.gov.kz) олқылықтардың бизнеске зиян келтіріп жатқанына шағымданады. Салық бойынша нөлдік ставканы қолданатын компаниялар мемлекетке төленген ҚҚС-ты (қосылған құн салығын) кері қайтару үшін осы порталға жүгінетіні мәлім.

"Қазіргі уақытта проблемаға жолығып отырмыз: біздің контрагенттер бюджеттен ҚҚС-ты қайтару мақсатында "Пирамида" есептерін қалыптастыру кезінде "Кселл" АҚ-ы бойынша жөнсіздіктерге кездеседі. Себебі, біз жазып берген шот-фактуралар бойынша ЭШФ порталында көрсетілген деректер мен салықтық декларация деректері арасында алшақтықтар, сәйкеспеушіліктер туындауда. Кселл ай сайын осы порталға орасан зор көлемде шот-фактураларды жолдайды. Нақтылай кетсек, ай сайын шамамен 8 миллион бірлігін жүктейміз", – дейді А.Крутоголов.

Былайғы жұртқа түсініксіз болуы мүмкін, бірақ сөз болып отырған "Пирамиданың" қаржы пирамидаларына еш қатысы жоқ. Қазақстандық белгілі қаржыгер, кеңесші Елена Коломейцеваның түсіндіруінше, бұл есеп ірі тапсырыс берушілердің жеткізушілеріне қатысты толтырылады. Яғни, "пирамида" – салық төлеуші компания ұсынған ҚҚС бойынша салықтық есептілікті немесе электронды шот-фактуралардың ақпараттық жүйесіндегі мәліметтерді зерделеу, талдау негізінде салық органдары жүзеге асыратын бақылаудың нәтижелері.

Кселл өкілінің айтуынша, олар осы порталдан өздері орналастырған шот-фактуралардың реестрін алуға әлденеше рет талаптаныпты, алайда деректер жүктелмейтін көрінеді.

"Біз 8 миллион бірлік тым ауыр шығар деп, амалсыз, сұрау критерийін 1 күнгі деректерге дейін қысқарттық. Бірақ портал бәрібір сұрауымызды өңдемейді және үнемі қате екенін көрсете береді. "Кселл" АҚ мамандары осы проблеманы шешу үшін мемлекеттік кірістер басқармасына жүгінді. Дегенмен, салық органының мамандары да деректерді жүктей алмағандарын мойындап, қайрансыз жағдайын білдірді", – дейді ұялы байланыс операторының маманы.  

Ол компанияның салықтық декларацияларды адал тапсыратынына, онда барлық кірістерін ашық көрсететініне сендірді. Ал енді әлгі алшақтықтар мен сәйкеспеушіліктер қайдан шыққанын білу үшін оператор өз есептеу жүйелеріндегі мәліметтерді сол шот-фактуралардағы деректермен салыстырайын десе, ақпараттық жүйе әлгіндей әлек салуда. 

Қазіргі уақытта әр өңірдегі салық басқармалары осы телекоммуникациялық алыптың серіктестеріне қосылған құн салығын қайтарудан жаппай бас тартып жатыр. Өйткені ҚҚС-тың бюджеттен қайтарылатын сомасының қаншалықты шын екенін тексерсе, "Пирамидада" қате барлығы шыға келеді.

"Салық органдары тіпті мәселенің байыбына бармайды. Қарсы салықтық тексерістер жүргізбей, бізден құжат жүзінде растауымызды талап етпей-ақ, бас тарта салады. Соның кесірінен, контрагент-серіктестеріміз бюджеттен өздеріне тиесілі ҚҚС сомасын ала алмауда. Содан олар қаражаттардың барлығын "Кселл" АҚ-ынан өндіріп алуға тырысып, сотқа беруде. Ал біздің не кінәміз бар? Компания өзінің барлық табыстарын толық көлемде декларациялайды. ҚҚС сомасын толығымен бюджетке аударады", – дейді Александр Крутоголов.

Кселл мемкірістер комитетінен порталдың бағдарламалық қамтылымын пысықтауды сұрады.

"Бұл мәселе сатып алушылармен өзара әрекеттестігімізге теріс әсер етуде және "Кселл"-дің іскерлік беделіне нұқсан келтіруде. Сондықтан проблема жедел шешілсе екен дейміз", – деді компания өкілі.

Ұқсас тосқауылдарға өзге кәсіпкерлер де маңдай соқты. Мысалы, атыраулық белгілі бизнесмен Жандос Әшитов орта бизнес өкілдері атынан Қаржы министрлігіне шағымданды. Оған да Мемкірістер комитетінің ақпараттық жүйесінің жұмысы ұнамайды.

"Біз әбден шарасыз күйге түстік. Шашымыз ағаратын болды. Жыл болса аяқталып қалды. Ал салық заңнамасына қаптаған өзгерістер енгізілді. Таяуда салық төлеушілер кабинетін ашып қалғанда естен тана жаздадық. Жаңарудан кейінгі нұсқасын пайдалану мүмкін емес. Корпоративтік табыс салығы бойынша КБК деген мүлдем жоқ. Сонда біз қалай салық тапсырамыз? Бухгалтерлердің көбі кәсібін тастап кетуде. Білікті кадр таппай қалдық. Ал енді мынасы олардың жұмысын тіптен қиындатып жіберді. Жүйке шыдар емес. Таныс бухгалтерлердің бәрі ашынған күйге жетті", – дейді ол.

Есепшілер комитеттің салық төлеушілер кабинетінің бұрынғы интерфейсін қайтарғанын қалайды. Меморган кәсіпкерлердің шағымын назарға алды. Бірақ қашан түзері белгісіз. Алда жаңажылдық каникул...

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу