ПМХЗ Павлодардың бюджетіне өзгеріс енгізді

4322

Зауыттың өңдеу көлемінің төмендеуінен қала бюджетіне 1,3 млрд теңге түспей қалды.

ПМХЗ Павлодардың бюджетіне өзгеріс енгізді

Павлодар қаласының әкімі өзінің қызметтік көлігін қымбат көлікке неге ауыстырғанын және Павлодар мұнай-химия зауытының (ПМХЗ) облыс орталығының бюджетіне қанша қарыз болғаны жайлы айтып берді.

"ПМХЗ-ның қала қазынасына акциз төлеуіне қатысты біршама проблема бар. Қала бюджетінде акциздер табыстың 40%-ын құрайды. Кәсіпорындағы өңдеу көлемінің төмендеуіне байланысты 1 млрд 300 млн теңге бюджетке түспей отыр. Сондықтан бюджетті  шамалы түзету керек", – деді Павлодардың әкімі Нұржан Әшімбетов өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде.

Еске салар болсақ, жоспарлы жөндеу жұмыстарынан кейін зауыт апат салдарынан өндірістік қуатқа шыға алмады.

Қала әкімінің мәліметінше, 2017 жылға арналған Павлодар бюджетінің көлемі – 62 млрд 987 млн теңге. Бюджеттің жалпы көлеміндегі трансферлердің  үлесі 17,1%-ға тең немесе 10 млрд 775,9 млн теңге. Осы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша облыс орталығының өндірістік кәсіпорындары 540,6 млрд теңге сомасында өнім өндірген, жеке көлем индексі 108,3% болды. Осы уақыт ішінде 130 млрд теңгеден артық инвестиция тартылған, бұл 2016 жылдың сәйкес кезіндегі көрсеткіштен 30,9%-ға артық. Инвестициялар құрылымындағы ең үлкен үлес, яғни 83%-ы кәсіпорындардың, ұйымдардың, халықтың ақшасы, 10%-ы бюджеттің үлесі және 7%-ы қарызға алынған ақша.

Ескіден жаңа артық
Нұржан Әшімбетовтің ақпары бойынша, құрылыстың көлемі 2016 жылмен салыстырғанда 102%-ға, ал тұрғын үй құрылысы бір жарым есеге өскен.

"Таяуда үш жаңа үйді пайдалануға бердік. Шамамен 1200 адам баспаналы болды. Былтыр бұрынғы Алюминстрой шағын ауданының тұрғындарын жалдамалы пәтерге көшірген кезде олар тоғыз айда үй салып беретінімізге сенбеген еді. Біз айтқан уәдемізде тұрып, екі айда ескі үйлерді сүріп тастап, жеті айда үй салып бердік. Бұл жұмыс әлі жалғасып жатыр. Биыл Сарыарқа шағын ауданында алты үй пайдалануға беріледі. Жалпы қала бойынша 12 үйге адам  қоныстанды. Сарыарқа шағын ауданында тағы да сегіз үйдің құрылысы басталды, бұл алдағы жылдың жоспары", – деді қала әкімі.

Бүгінгі күннің басты проблемаларының бірі – Сарыарқа шағын ауданында жаңа үй тұрғызу үшін Алюминстрой шағын ауданындағы қалған екі қабатты үйлерді сүру. Басты проблема сүрілетін үйлердің тұрғындарын қайта көшіруде болып отыр. Жергілікті билік қала тұрғындарына үйлерінің бір шаршы метрін 120 мың теңгеден сатуды ұсынып отыр.

"Алюминстрой тұрғындарына 500 млн теңгеге 80 пәтер сатып әпергіміз келген. Бірақ бізге 10 пәтер ғана ұсынды. Бұл пәтерлерді сатып алудан пайда жоқ екенін жақсы түсіндік те, ақшаны үнемдеп қалдық. Тұрғындардың ұсынылған бағаға үйлерін сатқысы келмейтіні белгілі болды. Бір шаршы метрін 120 мың теңгеге сатуды ұсындық, мысалы, 50 шаршы метр болатын екі бөлмелі пәтер алты миллион теңге болады. Ал тұрғындарға бұл сома аз болып отыр. Қазір салынып жатқан жаңа үйлердің шаршы метрі 130 мың теңге. Пәтерлердің бағасын әдейі көтермей отырмыз, сол себепті ескі үйді сатып алғаннан гөрі жаңа үй салған оңай", – деді қала әкімі.

Құрылыс жүргізетін алаңды тазалау проблемасын шешу үшін біз "Капитал-ПВ" жеке компаниясымен келісімге келдік. Компания Алюминстрой тұрғындарына "Ирина" тұрғын үй кешенінен пәтер ұсынды. Желтоқсанда шағын ауданның тұрғындары сонда көшеді. Содан кейін екі ескі үй сүріліп, жаңа үйдің құрылысы басталады.

Сондай-ақ жергілікті билік жеке-тұрғын үй құрылысына арналған жерлерге коммуникация тартуға да қаражат тапқан. Бұл жерде басты проблема электр энергиясымен қамтамасыз ету болатын. Қала басшысының айтуынша, биыл болашақта салынатын кентті электр энергиясымен қамту жұмысы басталды. Келесі жылы ол жерде коттедж қалашығы салынады.

Шағын және орта бизнес
Қала әкімінің айтуынша, кәсіпкерлік субъектілерінің саны артып келеді. 1 қарашадағы дерекке сүйенсек, шағын және орта кәсіпорындардың саны 23,7 мыңды құраған. Бұл 2016 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 3,2%-ға артық.

"93 жобаға 5 млрд теңгеге қолдау көрсетілді. Бұл дегеніңіз – сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау, ішінара кепілдендіру, бюджет есебінен инфрақұрылым тарту. Алты жоба грант ұтып алды. Жыл басынан бері 20-дан астам нысан пайдалануға берілді. Оның ішінде үш қайта өңдеу бағытындағы жоба бар. Атап айтқанда, "Сүт" АҚ сары май өндірісін, "МолКом Павлодар" компаниясы жаңа желіні және "Ертіс диірмені" кәсіпорны жыл соңына дейін дәнді дақылдар мен бұршақты қайта өңдеу өндірісін іске қоспақ. Ленин кентінде "Группа ИНТЕР" ЖШС жаңа элеватор ашады", – деді ол.

"Ақылды үй"
Павлодарда "Ақылды үй" қосымшасы іске қосылды. Оның көмегімен тұрғындар пәтер иелері кооперативінің жұмысын, ал коммуналдық қызметтер керісінше проблемалы үйлерді бақылап отырады. Қосымшаны пайдаланатындар саны екі мыңнан бес мыңға дейін артқан. Тұрғындар тарапынан сұраныс көбейгендіктен, қосымшаны әзірлеуші – "BF Group" ЖШС оны "Ақылды үй"-ден "Ақылды қала"-ға дейін кеңейтуді ұсынып отыр.  

Бұл ретте барлық қызметті бір қосымшаға біріктіру ұсынылуда. Яғни қосымшаға тіркелген павлодарлықтардың қызмет түрлерін алу мүмкіндігі артпақ. Яғни баланы балабақша кезегіне тіркеуден мектептегі баланы бақылау, медициналық көмек қызметтеріне дейін қолдана алады. Сондай-ақ қосымша арқылы қалада өтетін мәдени, спорттық іс-шаралар туралы біліп отыруға мүмкіндік бар. Оған автобустардың жүру картасы да орнатылмақ. 

"Желтоқсан айында аквапарк құрылысы үшін қалалық саябақтан арнайы жерді аукционға шығарамыз. Қазірдің өзінде бір компания аталған ұсынысқа қызығушылық танытты. Инвестор анықталған соң, нысанды орнату жұмыстары басталады", – деді Нұржан Әшімбетов.

Құрылыс жабық жағдайда жүзеге асырылмақ. Сондықтан жұмыс жыл бойы жалғасады.

Жеке бас туралы
Ол журналистердің өзінің қызметтік жаңа автокөлігі туралы қойған сұрағына былайша жауап берді: "Менің джипім 2006 жылғы еді. Бірақ бұл көлікті от алдыру қиын. Қала ортасында тоқтап қалған сәттер де болды. Бұл, әрине, жақсы емес. Жүргізушілерімнен сұрасаңыздар айтады".

Осы жазда БАҚ-та қала басшысы қызметтік көлігін ауыстыратыны туралы ақпарат тараған болатын. Оның сомасы 22,5 млн теңге. Мұның себебі әкімнің мініп жүрген көлігіне 6,5 млн теңгеге күрделі жөндеу жүргізу керектігімен түсіндірілді. Сол себепті аталған көлікті сатып, бағасы шамамен 70 мың долларға (22,5 млн теңге, дәл сол кездегі доллар бағамы 326,28 теңгені құраған болатын) жуықтайтын жаңа темір тұлпар сатып алу туралы шешім қабылданған.

"Джипті ауыстырып, жаңасын алуды көздегенбіз. Олардың бағасы шамамен 20 млн теңгені құрайды екен. Сосын Қазақстанда құрастырылған джиптарды қарай бастадық. Бұған дейін оларды Қостанайда шығаратын. Алайда ондағы өндіріс тоқтатылды. Өскеменде KIA-ның үлкен джипі өндірілетін. Бірақ оны өндірістен алып тастапты. Қысқасы Қазақстанда джип өндірмейтін болып шықты. Тиісінше автокөліктің елімізде құрастырылған седан түрін іздеуге тура келді. Себебі қаржы бөлініп қойған еді. Сондықтан седанды сатып алуға мәжбүр болдық. Қаншалықты әдемі көрінетінін білмеймін, бірақ өте жайлы. Қазір адамдар көлігімді көріп, Өскеменде мұндай көліктер құрастырыла ма? деп таң қалуда. Астанада дәл осындай KIA Quoris көліктері сатылуда. Демек біз отандық өнімді сатып алдық. Ал бұл қазақстандық автоөндіріске қолдау болғаны анық", – деді Нұржан Әшімбетов.

Гүлназ Ермағанбетова, Марина Попова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу