Полицияға көмектескен қазақстандықтарға 102 миллион теңге таратылып жатыр

11476

Мемлекет қолданыстағы "Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы" заңының күшін жояды.   

Полицияға көмектескен қазақстандықтарға 102 миллион теңге таратылып жатыр Фото: rtek24.ru

ҚҚҚҚ-лар қандай сыйлық алады?

Ұлттық статистика бюросының 2023 жылғы қазан-қараша аралығында жүргізген зерттеу нәтижелері көрсеткендей, қазақстандықтардың 61,7%-ы өзі тұратын ауданда өзін толық қауіпсіз сезінеді екен. 30,5%-ы қауіпсіздік деңгейін жеткілікті деп таныды. 6%-ы өзін қауіпсіз сезінбейді. 1%-ы мүлдем қауіпсіз емес екенін, әрбір түкпір-бұрыштан қауіп төніп тұрғанын жеткізген.

Мұны бір жыл бұрын, 2022 жылғы қазан-қараша аралығында жүргізілген зерттеу нәтижелерімен салыстыру қызықты: сонда сұралғандардың 58,6%-ы өзі тұратын ауданда өзін толық қауіпсіз сезінетінін айтса, 37,8%-ы қауіпсіз деңгейін қанағаттанарлық деп тапқан. Небары 2,5%-ы ғана қауіпсіз емес десе, 0,6%-ы мүлдем қауіпсіз емес деп, үрейін бөліскен.

Осылайша, кейінгі бір жыл ішінде көшеде өзін қауіпсіз сезінбейтін, қадам басқан сайын зәресі ұшатын азаматтар саны 2,2 есе артып шыға келген: 2022 жылғы – 3,1 пайыздан 7 пайызға дейін.

Осы орайда құқық қорғау органдары елдің қауіпсіздігіне деген жауапкершілікті елдің өзіне де артуға күш сала бастады. Осы мақсатта азаматтарды құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге көбірек тартуға ниетті.

"Қазіргі уақытта азаматтар қоғамдық тәртіпті қорғауға қатысуға бәлендей қызығушылық таныта бермейді. Бұған не себеп? Белсенді азаматтық ұстаным жоқ. Құқықтық тәрбие жоқ. Қоғамды ынталандырудың нақты тетігі жоқ. Сонымен қатар, қоғамдық көмекшілер мен құрылымдардың құқық бұзушылықтардың профилактикасына қатысу тәртібі де анықталмаған. Олардың нақты міндеттері мен бағыты нақтыланбаған", – делінген Ішкі істер министрлігінің түсініктемесінде.

Полицейлер өздеріне көмектесетін қоғам белсенділері мен қоғамдық ұйымдар нақты, тұрақты істен гөрі көзбояушылыққа бой ұрып, пиар мен хайп қуып кететініне шағымданады.

"Көп жағдайда мұндай құрылымдардың қызметі формальды, үстірт сипатқа ие. Олар нақты істен гөрі, көбіне әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында "белсенді іс-әрекетінің" иллюзиясын, жалған көрінісін тудырғанына мәз", – деді ІІМ мамандары.

Бірақ тәртіп сақшыларына шын мәнінде қолғабыс ететін көмекшілер де бар. Олардың қатары сонша көп емес, 4 мыңға да жетпейді. 20 өңірге бөлгенде, шамамен 180 адамнан келеді.

Оларға арагідік болса да, сыйақы төленіп тұрады. 2023 жылдың қорытындысында, қоғамдық тәртіпті сақтауға қатысқан азаматтарды көтермелеуге – 102 миллион 827 мың 675 теңге бөлінді. Салыстырсақ, 2022 жылы – 90 миллион 60 мың 654 теңге үлестірілген.

Бір қарағанда қомақты сома. Алайда ІІМ түсіндіруінше, қоғамды тәртіпке келтіруге белсенді қатысқаны үшін жалпы сомасы 102 миллион теңгеден астам қаражат 3 724 адамға таратылыпты. Яғни, әр адамға орта есеппен шамамен 27 мың теңгеден ғана тиеді.

Айтпақшы, өз құжаттарында полицейлер бұл азаматтарды "ҚҚҚҚ" (орысша, ОФПН) деп атайды екен, "қоғамдық тәртіпті қорғауды қамтамасыз етушілер" дегенді білдіреді.

Былтыр ҚҚҚҚ қатарынан 694 адам наградталды: грамоталармен – 333, алғыс хатпен – 357 және бағалы сыйлықтармен – небары 4 адам марапатталды.

Әрине, ҚҚҚҚ-лар полиция жасақтарымен бірге қылмыскерлерді немесе қылмыстық топтарды аулауға, рейдтерге қатыспайды, бастарын бәйгеге тікпейді. Олардың, айталық, зейнеткерлердің міндеті мысалы, өзі тұратын ауданда серуендеп, айналаны шола қарау, қоғамдық тәртіптің сақталуын, тыныштықтың бұзылмауын қадағалау, тентек-теліні, есірткі тығушыларды байқаса, полиция шақыру.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2024 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстанда 2 миллион 364 мың зейнеткер тұрып жатыр. Олардың әрқайсысы қолы боста, қоғамдық тәртіпті қорғауда полицияның көмекшісіне айнала алар еді.

Президентке не ұнамады?

ІІМ қолданыстағы бірден 5 заңды жойғалы тұр.

"Құқық бұзушылықтардың алдын алу саласындағы қолданыстағы заңнамаға жүргізілген құқықтық мониторинг нәтижесінде жаңа бірыңғай заңды әзірлеу бойынша тәсілдер айқындалды. Осыған байланысты 5 біртекті заңды сонда біріктіру жоспарлануда. Бұлар – 2010 жылғы "Құқық бұзушылық профилактикасы туралы", 2009 жылғы "Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы", 2004 жылғы "Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы", 2004 жылғы "Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге азаматтардың қатысуы туралы" және 1996 жылғы "Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды әкімшілік қадағалау туралы" заңдары", – деп мәлім етті ІІМ.

Олардың орнына "Құқық бұзушылықтар профилактикасы туралы" негізгі жаңа заң, сондай-ақ "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне құқық бұзушылықтардың профилактикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ілеспе заң қабылданбақ.

"Жаңа қос заң күшіне енген соң, халықтың құқықтық қорғалуы жақсарады, осы саладағы меморгандардың, үкіметтік емес ұйымдардың және азаматтардың жауапкершілігі күшейтіледі деп күтілуде. Бұдан басқа, қолданыстағы бес заңды бір заңға біріктіру артық нормаларды азайтуға, сондай-ақ құқық қолдану практикасын жеңілдетуге мүмкіндік береді", – деп түсіндірді ішкі істер органдары.  

Қазіргі бес заңның жойылуы билікті өзге заңдарға да өзгеріс енгізуге итермелейді. Өйткені, "Баланың құқықтары туралы", "Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" заңдарында күшін жоюға қойылатын "Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы" заңына сілтемелер бар.

"Адамдарды қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнаулы мекемелерде, арнаулы үйжайларда ұстау тәртібі мен шарттары туралы" заңында жойылғалы тұрған "Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы" заңына сілтеме жасалған.

Ішкі істер министрлігі бұл заңнамалық реформаға Президент тапсырмасынан кейін барып отыр. Биылғы 2024 жылғы 22 қаңтарда, ІІМ алқасының кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы жаңа бірыңғай заң әзірлеуге тапсырма берді.

Бұл ретте Қ.Тоқаев ол заңда қандай жайттар көрініс табуы керектігін де айтты. Біріншіден, оның байламынша, қылмыстың басты себебі – адамдардың қоғамға жат өмір салтын (асоциальный образ жизни) ұстануы. Оның алдын алу қажет. Бірақ сарапшылардың пікірінше, заңнамада бұған не жататынының нақты, түпкілікті анықтамасын беру қажет. Билік өзіне ұнамаған, айталық, шеруге шығатын азаматтарды осындай өмір салтын ұстанады деп, қара тізімге алмай ма?

Екіншіден, құқық қорғау органдарына заңды бұзуға бейім тұратын адамдарды тауып, солармен нақты жұмыс істеу, олардың қоғамға жат мінез-құлқының барлық алғышарттарын жою жүктелді.

Үшіншіден, Қ.Тоқаев тәуекел топтарына жататын адамдардың едәуір бөлігі көзден таса, құқық қорғау органдарының назарынан тыс қалатынын сынады. Төртіншіден, жеке профилактика шектеу-мәжбүрлеу шараларымен шектелмеуі керек, құралы көбірек, кеңірек болғаны жөн.

Бесіншіден, жергілікті қоғамдастықтар, ауылдар, шағынаудандар деңгейінде құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жұмыс жүйелі жүргізілмейді, үйлестірудің пәрменді тетіктері жоқ. Алтыншыдан, "профилактикалық қысымға" жататын адамдардың тізімін толығымен қайта қарау міндетін қойды.

Жаңа идеология енгізіледі, оны бұзғандар жазалауы мүмкін

Жаңа заң қабылданған соң, кейбір азамат, мәселен, мұғалімдер, оқытушылар, мемлекеттік қызметшілер және басқасы қаласын-қаламасын, тәртіп сақшыларының көмекшісіне айналуы мүмкін, бұл – олардың міндетіне айналмақ. Оларға "Профилактика субъектілері" деген мәртебе беру қарастырылуда.

"Проблема сол, профилактика субъектілерінде құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша тиісті құзыреті жоқ. Қазіргі уақытта меморгандарға құқық бұзушылықтың профилактикасы саласында өкілеттіктер мен міндеттер толық көлемде берілмеген. Қажетті функционал тек жергілікті атқарушы органдар мен полицияға жүктелген. Бірқатар басқа меморгандардың құқық бұзушылықтарының алдын алуға қатысу қарастырылмаған. Мысалы, білім беру ұйымдары балалармен жұмыс жүргізуде профилактикалық тұрғыдан тыс қалады", – делінген "Құқық бұзушылықтың профилактикасы туралы" заңының жобасына реттеу саясатының консультативтік құжатында.

Тиісінше, жаңа заң осы "олқылықты" түзетіп, біраз ұйымды қылмыстардың алдын алуға көмектесуге міндеттемек.

Ол субъектілер қатарында сондай-ақ халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласындағы, мәдениет және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы, жастар саясаты саласындағы, статистика жөніндегі, цифрлық даму саласындағы уәкілетті органдар, көмек көрсету жөніндегі ұйымдар және басқасы аталды.

Бұған қоса, барлық кәсіпкерлік субъектілері, қоғамдық бірлестіктер, Қазақстан халқы ассамблеясы, адвокаттық қоғамдастық, МИБ/ОСИ мен ПИК/КСК да қосылып отыр.

Айтпақшы, "Әділетті Қазақстан" жаңа заң аясында барлық қазақстандықты заңға бағынатын тілалғыш етпек: соған бағытталған жаңа идеология жүзеге асырылады. Ол Қ.Тоқаевтың ұлттық құрылтай отырыстарында жариялаған "Адал адам" тұжырымдамасына құрылады.

Бұған қол жеткізу үшін жазалау шаралары да қолданылуы мүмкін. Мысалы, Ішкі істер министрлігі жаңа заңда елдегі кез келген адамға "қоғамға жат қылығын тоқтату" туралы ресми ұйғарым беру құзырын сұрап отыр. Ол ескертуге құлақ аспаған адам жазаланады, психотүзетуден өтуіне тура келеді.

"БАҚ арқылы, сондай-ақ білім беру ұйымдарында, ұжымдарда "заңға бағынатын мінез-құлық идеологиясын", өңірлік профилактика бағдарламаларын енгізу арқылы алдын алу шаралары күшейтілетін болады. Меморгандарға құқық бұзушылық жасауға бейім адамға қоғамға жат өмір салтын тоқтату туралы ресми ұйғарым енгізу құқығы беріледі. Ұйғарым талаптары бұзылған жағдайда сот арқылы азаматтық тәртіпте мінез-құлыққа, оның ішінде жұмысқа орналасуға (Еңбекмині), оқуға (Оқу-ағарту министрлігі), психотүзету курсынан өтуге (ДСМ) және басқа да ерекше талаптар белгіленеді. Бұл бұзушылық Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 669-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады", – делінген заң жобасының консультациялық құжатында.

Жаңа заң жобасын қараша айында Парламент Мәжілісіне енгізу жоспарланған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу