Әлем мойындамаған "Приднестровье Молдова республикасының" (ПМР) халық депутаттарының съезі Ресейге "көмек" сұрап жүгінді, Мемдума оның сұрауы жан-жақты, соның ішінде Ресей қауіпсіздік кеңесінде қаралатынын уәде етті.
Бұған дейін НАТО Приднестровье өңірін Ресей өзіне қосып алуға талпынса, араласуға дайын екенін мәлімдеді.
Айтқандай, аталған съез Молдова билігіне қысым жасауды БҰҰ, ЕҚЫҰ, ТМД және Еуропалық Одақ ұйымдарынан да сұрады.
Молдованың Реинтеграция жөніндегі вице-премьері Олег Серебрян Тираспольдің (ПМР "астанасы") таңып жатқан экономикалық блокада туралы "пропагандистік айыптарын" қабылдаудан Кишинэудің (ескіше Кишинев) бас тартатынын жария етті.
"Молдова Үкіметі Тираспольдан тарап жатқан пропагандистік байбалам мәлімдемелерін қабылдаудан бас тартады. Приднестровье өңірі Кишинэу ілгерілетіп жатқан бейбітшілік, қауіпсіздік және Еуроодақпен экономикалық интеграциялану саясатынан онсыз да пайда тауып отыр. Бұл саясат Днестрдің оң және сол жағалауында тұратын барлық тұрғынға бірдей тиімді", – деді Серебрян.
Молдованың реинтеграция жөніндегі бұрынғы вице-премьері Александр Фленкяның айтуынша, "ПМР" депутаттарының ұқсас съезі бұдан бұрын 2006 жылы өтті. Сонда Тирасполь Ресей Мемдумасына өтініш жолдап, бұл аумақтың тәуелсіздігін мойындауды сұрады. Квазиреспубликаның жергілікті билігі "референдум" өткізіп, "тұрғындардың 97%-ы Приднестровьенің Ресей құрамына қосылуын қолдағанын" жариялады. Алайда ол кезде Кремль территориясы Ресеймен шектеспейтін аумақты өзіне қосудан бас тартты. Мемдума "референдум қорытындысын назарға алумен" ғана шектелген.
Биылдан бастап, Кишинэу мен Тираспольдің арасы қайта ушықты. Молдованың кедендік ережелерді күрт өзгерткен жаңа Кеден кодексі 2024 жылғы қаңтарда күшіне енді. Бұған дейін Украина мен Молдованың арасында қысылған Приднестровье өңірінде тіркелген компаниялар шет елдерден тауарлар тасығанда немесе өз өнімін сыртқа экспорттағанда Молдоваға баж салығын төлемейтін. Енді олардың кедендік төлемдерді екі рет – Молдоваға және "ПМР"-ға төлеуіне тура келеді. Содан олар банкрот болуы ықтимал.
Тирасполь 28 ақпанда депутаттардың жалпы съезін өткізетінін жариялады. Осыдан кейін приднестровьелік экс-шенеунік, бұрынғы Байланыс және ақпарат министрі Геннадий Чорба Фейсбуктегі парақшасында "аталған съезде Днестрдің сол жағалауында тұратын азаматтар атынан Ресейге өтініш жолданып, онда Приднестровьені Ресей Федерациясының құрамына қосу сұралатынын" тұспалдады.
Ол 29 ақпанда, жолдауын жариялағанда Владимир Путин Ресей парламентінен "түскен өтінішті жеделдетілген тәртіппен қанағаттандыруды" өтінетінін болжады. Екі күн өткен соң америкалық Соғысты зерттеу институты (ISW) көлемді баяндамасында Приднестровьенің Ресей құрамына кіруі мүмкін екенін мәлім етті.
Кеше Ресей басшысы федералдық жиынға жолдауын жариялады. Бірақ Приднестровьені қосып алу туралы тіс жарған жоқ.
Приднестровье неге "тулады"?
Молдованың "ПМР-мен" текетіресі жаңа деңгейге шығуда. Кишинэу Қылмыстық кодекске алғаш рет "Сепаратизм" бабын қосты. Бұдан былай ол баппен қудалану қатері әрбір приднестровьелік шенеунік пен саясаткердің үстінен төніп тұрады. Олар елден шығуын доғарды.
Молдова болса, өзінен ірге ажыратқан өңірді қару күшімен қосып алу ниеті жоғын кезекті рет нықтады.
"Мен сіздерді сендіргім келеді. Ол өңірді Молдова құрамына күштеп қайтару немесе әскери жолмен басып алу жоспарымыз жоқ! Шиеленісті шешудің жалғыз жолы – өңірді Молдоваға толығымен реинтеграциялау. Біздің барлық тілегіміз – Тираспольды құқықты өрісте бірте-бірте қайтару. Басқа ешқандай сценарийлер қарастырылмайды", – деді ақпарат құралдарына Молдованың вице-премьері Олег Серебрян.
Приднестровьелік саясаткер, бұрынғы СІМ басшысы Владимир Ястребчак Приднестровьенің Ресей құрамына қосылуы қазіргі кезде "бірде-бір тараптың, соның ішінде Ресейдің мүдделеріне жауап бермейтінін" айтты. Себебі, оның пікірінше, мұндай қадам қуатты қарсы реакция тудырып, өңірді қарудың күшімен қайтаруға түрткі болуы ғажап емес. Бұл Украинаны "іргеден жаңа қатер төнбеуі" үшін Приднестровьеге қарсы қам-қарекет жасауға итермелері сөзсіз.
"Онда неге съез өткізілді? Өйткені қауіп-қатерлер, тәуекелдер бүгінде күшейе түсті. Кишинэудің бағдары нақты, бір ізді. Өңірді өзіне экономикалық тәуелділікке түсіріп, тізерлетпек. Ол Украинамен арамыздағы шекараның жабылып қалғанын пайдаланып отыр. Егер бүгінде наразылық білдіріп қалмасақ, әрі қарай Молдова отынға, алкогольге, темекіге акциздерді, экспорттық тауарларға қосылған құн салығын және басқасын енгізеді. Бұл біздің экономика үшін салмақты салдарларға соқтырады", – деді Ястребчак.
Владимир Ястребчак Молдова мен Приднестровье арасындағы келіссөздер процесінде Ресей, Украина және ЕҚЫҰ араағайын, әрі реттеу кепілгері мәртебесіне ие екенін еске салды. Сондықтан Приднестровье соғыстан бас көтере алмай жатқан Украинадан көмек күтпегенімен, бұл жолы Еуропа және Ресей экономикалық қолдау шараларын қабылдайды, 2019 жылы дағдарып, доғарылған саяси реттеудің халықаралық форматтарын жаңғыртады, бітімгершілік операцияларды сақтайды деп дәметеді.
Соғыс болуы мүмкін бе?
Сарапшылар шиеленістің соңы посткеңестік кеңістіктегі тағы бір қарулы қақтығысқа соқтыруы мүмкін екенін де жоққа шығармайды.
"Егер 2022 жылы Ресей Қара теңіз флоты Украинаның Одессасына қаптатып десант түсіргенде, онда Ресей Приднестровьеге құрлықпен дәліз ашып алатын еді. Бүгінде Ресей армиясында Украинаның оңтүстігін басып алып, Приднестровьеге тура шыға алатын қауқар-күш қалмай барады. Енді бәрі керісінше болуы мүмкін. Қарулы қақтығыс туындаса, Молдова Украинадан немесе НАТО мүшесі Румыниядан әскери көмек сұрата алады. Бұл жағдайда олар "ПМР" астанасы Тираспольді басып ала алады. Ешқандай бітімгершілер көмектесе алмайды. Соғыс басталса, оларға өз жанын қорудан басқа амал қалмайды, өйткені Ресейден қолдаушы күштер әуеден де, құрлықтан да жете алмайды", – деп жазады "Novaya Gazeta Europe" атын атағысы келмеген ресейлік әскеридің пікіріне сілтеме жасап.
Оның дерегінше, қазіргі кезде Приднестровьедегі ресейлік әскери базада 1500-ден 1800-ге дейін жауынгер бар. Оның басым көпшілігі – Ресей азаматтығын алған жергілікті тұрғындар. Ресейлік 2 бітімгершілер батальонына шамамен 900 солдат қана кіреді. Оларды басқаратын ресейлік командалық құрам бірнеше жылдан бері ротацияланбаған. Украина да, Молдова да "ПМР" аумағына ресейлік офицерлерді, тіпті Ресей паспорты бар ер адамдарды жібермейді.
ЕҚЫҰ-ның Ыстамбұл кеңесінің шешімімен 1999 жылы Ресей Приднестровьеден барлық әскерін және қару-жарағын 2002 жылдың соңына дейін алып кетуге міндеттеме алды. Алайда өз міндеттемесін бұзды. 2018 жылы БҰҰ Бас ассамблеясы да Ресейден осыны талап ететін қарар қабылдады, Мәскеу оны орындаудан ашық бас тартты.
Ресейлік ақпарат құралдары өз дереккөздеріне сілтеме жасап, Приднестровьедегі ресейлік базада жиырма шақты ғана танк барын хабарлады. Олардың қандай күйде екені белгісіз. Бірнеше жыл бұрын сепаратистік республика басшылығы Молдоваға доқ көрсету үшін танктерді оталдырып, базадан алып шықты. Сонда да "соғыс өрті тұтанады" деген болжамдар жасалды. Мұның бәрі тек ақпарат құралдарындағы дүрлігіспен тынды.
Ресейлік сарапшылар әскери базаға қызмет ететін 2 мыңға жуық жауынгердің – Ресей азаматтығын алған жергілікті тұрғындардың соғысуды қаламайтынын айтады. Олар тек кеңестен қалған қару қоймаларын күзетумен шектелді, әскери жаттығу жүргізбейді, ұрыс машығын шыңдамайды.
Молдованың армиясы да тым әлжуаз. Бұл республиканың Қарулы күштерінде, мысалы, бірде бір танк жоқ.
Military Balance дерегінше, Молдова әскерінде 5 мыңнан астам әскери қызмет етеді. Олардың қолында БТР сияқты жеңіл брондалған техника ғана бар.
Квазиреспубликаның бірнеше әскери ұшақ пен тікұшаққа, кеңестік танктерге, 50-ден астам БТР-ға, артиллерияға ие әскерін шабуылдау үшін бұл күш жеткіліксіз. Себебі, шын қорғануға бекінсе, "ПМР" арнайы қызметтерде, ішкі істер органдарында істейтін барлық ер-азаматын – 20 мыңдай адамды кеңестік қоймалардан қаруландыра алады.
Молдова өңірді келіссөзсіз қайтара ала ма?
Приднестровье аумағындағы бірнеше әскери қоймаларды лық толтырған снарядтар оқ-дәріден тарыққан Украинаны қызықтырып отыр. Ресейлік әскери сарапшылар майданда ысылған, НАТО-лық қарулармен жарақтанған украиналық әскери бөлімдер тұтқиылдан басып кірсе, Тирасполь құлайды деп қауіптенеді. Әзірге солдат пен снаряд тапшылығынан Украинаның өз алғы шебі ыдырап, әскері кері шегінуде.
Ендеше дәл қазір Ресейдің де, Украинаның да бұл өңірге мойын бұруға шамасы жоқ. Осыны пайдаланып, еркінсіген Молдова Приднестровьеге экономикалық, әлеуметтік қысымын арттырып жатыр. Соның аясында Тирасполь үшін газ бағасын көтерді. Осылайша, Молдова "асау" өңірді жуасытып, келіссөзсіз кері қайтарудың жаңа форматтарын іске қосқанға ұқсайды.
Молдова Үкіметінің 2024 жылға арналған жоспарында Приднестровьеге ұнамайтын жаңашылдықтар қарастырылған. Мысалға, Кишинэу приднестровьелік нөмірлері бар автомобилдердің қозғалысына тыйым салатын болады. Олар сыртқа аттап баса алмай қалмақ. Шыққысы келсе, молдовалық мемлекеттік нөмірлік белгіні алуға тура келеді.
Бұл өңірдің кәсіпорындары экологиялық алым, өзге де жеңілдіктерден айрылады деп күтілуде.
Украина шекарасы тарс жабылғалы, Приднестровьеге келетін және одан шығатын жүктің бәрі Молдова арқылы ғана өтеді. Бұл өңірдің экспорының 70%-дан астамын Еуропа сатып алады. Осы ағынның бақылау тізгіні Кишинэудің уысына түсті.
Осы және басқа қысым тетіктері арқылы Молдова "ПМР" өкіметін қаржыдан, биліктен, беделден жұрдай етпек. Олардың құрылтай жиып, жаһанға байбалам салуының бір себебі де осында болса керек.
Бір қызығы, 2023 жылғы дерек бойынша әлем мойындамаған Приднестровье республикасында қалған 475 мың тұрғынның 350 мыңы – Молдованың паспортына ие екені анықталды. Ресей Мемдумасы айтып отырған "220 мың Ресей азаматтарының" үлкен бөлігі Ресейге кетіп қалған.
Биылғы күзде Молдовада Президент сайлауы өтеді. Оған іс басындағы биліктің қандай жетістіктермен жететіні де "ПМР-ге" қарсы шаралардың пәрменділігіне, нәтижесіне байланысты болса керек.