Президент Әкімшілігі журналистер жағына шықты

3570

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы жанжалдан басталды. 

Президент Әкімшілігі журналистер жағына шықты

ҰҚСК отырысына шақырылған, Тәуелсіздік сарайының бүйірдегі есігінен енгізілген журналистер кең сарайдың ортасында кесе-көлденең қызыл таспаның керіліп қойғанын көріп, аң-таң болды. Сұрастыра келгенде, бұл лентаның ар жағында тек бейджінде голограммасы барлар, яғни кеңес мүшелері, олардың көмекшілері және қызмет көрсетуші персонал ғана жүре алатыны анықталды. Одан өзгелер "шекарадан" өтіп кетпеуі үшін әр жеріне қырағы күзет қойылыпты. Бұл, әрине, барлық ірі жиында қатысушылармен емін-еркін араласып, қалаған сұрағын кез келген тұлғаға ашық қоюға "жаман" үйренген ақпарат құралдары өкілдерін қатты ашындырды. Нәтижесінде, қорадағы қойдай үйірілген БАҚ өкілдеріне айналаны азан-қазан қылып, Тәуелсіздік сарайының басты есігінен тікелей төрдегі үлкен залға өтіп жатқан Ұлттық кеңес мүшелерінің әрқайсысының аты-жөнін атап, алыстан айғайлап шақыруға тура келді.

Бері таяп келген Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев бұл шектеуге ешқандай қатысы жоқтығын айтты.

"Мен де осы отырысқа шақырумен келіп отырмын. Біздің министрлік негізгі ұйымдастырушы болып табылмайды. Біз тек баспасөз орталығын құру, интернет жеткізу секілді ұйымдастырушылық істермен айналыстық. Ал негізгі ұйымдастырушылық-концептуалдық шараларға Президент Әкімшілігі жауап берді. Негізі, сіздердің осылай үйіріліп тұрғандарыңыз дұрыс емес. Жоғарғы қабатта сіздерге арналып баспасөз орталығы ашылған, сонда монитордан тікелей трансляция болады. Соған барыңыздар. Ұлттық кеңес мүшелерінің отырыста айтқан барлық пікірін тыңдайсыздар. Бұл деген тақап тұрған мәселе емес қой!", – деді министр.

Ол журналистерді ішке жібермеу – кеңес мүшелерінің бірінің сұрауы болуы мүмкін деген болжам жасады.

"Бәлкім, бұл Ұлттық кеңес мүшелерінің бірінің тілегі болуы ықтимал. Ол отырыс алдында ойымызды жинақтап алайық, ал журналистер бізді алаңдатады деуі мүмкін", – деді Дәурен Абаев.

Алайда БАҚ өкілдерінің алыстан шақыруына арнайы келген мүшелердің ешқайсысы ондай тілек айтпағанына сендіріп, бұл жағдай өздерін де қапаландыратынын жеткізіп жатты. 

Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дархан Кәлетаев журналистермен ынтымақта екенін көрсетіп, қызыл лентаның бер жағына өтіп алды да, кенеттен туындаған "наразылық акциясын" тыныштандыруға тырысты.

"Президент бұл кеңестің қоғам өкілдерімен ашық әңгімелесу үшін құрылғанын айтты. Ендеше неге сол қоғамның өкілдері саналатын журналистерді Ұлттық кеңес мүшелеріне жібермейді? Бұл ақпарат алуға кедергі келтіру, заңды белден басу ғой!" ,– деп назаланды ақпарат құралдары өкілдері.

"Бұл өте жауапты шара. Ұйымдастырушыларға қауіпсіздікті қамтамасыз етудің үлкен жауапкершілігі жүктелген. Соған байланысты жасалған болар. Менің ойымша, Ұлттық кеңес жұмысын жариялау үшін журналистерге толық мүмкіндік бар", – деді Дархан Кәлетаев.

"Ұйымдастырушы деген нақты кім сонда? Жаңа ғана Абаев мырза, бұған Президент Әкімшілігі жауап беретінін айтты. Бұл не жалтару?", – деп нақтылады журналистер.

"Бізде Ұлттық кеңес отырыстарын ұйымдастыруға Президенттің кеңесшісі Ерлан Қарин жауап береді. Одан мән-жайын білейін. Әйтпесе, журналистер кеңес мүшелерімен еркін араласса, әлдебір теріс пікірді біліп қояды деген ой жоқ. Кеңес құрамына кілең дербес, тәуелсіз адамдар кіріп отыр, оларға бұл жерде айтпағанымен, сыртқа шыққасын, не әлеуметтік желіде айтуына мүмкіндік бар. Бәріміз бір қазақтың баласымыз. Егер қызыл таспа ар жағында тұруға намыстансаңыздар, қастарыңызға тұрайын", – деді Дархан Кәлетаев.

Рас, ізінше ұйымдастырушылар келіп, Ұлттық кеңес отырысы басталып жатқанын айтқасын, Дархан Аманұлы лентаның ар жағына қайта өтіп, залға кіріп кетті.

Ұлттық кеңес мүшесі, адвокат, "Құқық қорғаушылар" ұйымының тең құрылтайшысы Айман Омарова да журналистер құқығы аяқасты бола бермеуге тиістігін айтты.

"Кеңес аясында БАҚ өкілдерінің құқығы мәселесі жеке талқыға салынады. Саяси жаңғыруға арналған менің тобым сайлау туралы, партиялар туралы реформалар сыртында, "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" жаңа заң жобасын қарайды. Мен сонда журналистер құқығын сақтау және қорғау туралы мәселе көтеремін. Мысалы, жала жабу бабы бойынша қылмыстық қудалап, түрмеге отырғызу дұрыс емес. Осыны қарастыратын Қылмыстық кодекстің 130-ші бабын алып тастау керек. Кейде шенеуніктер, басқалары бір мәлімдеме жасай салады да, артынан сөзінен бас тартады, пікірін өзгертеді. Ақпарат құралдары өкілдері жазаланады. Жала жабуды тию үшін азаматтық талап-арыздың өзі жеткілікті. Барлық адамдарды жаппай осы баппен қорқытып, өз пікірін ашық айтқызбайға тырысуды қою керек. Адамдар өз ойын, байламын айтудан үрейленеді. Сондықтан 130- бапты алғызып тастауға табандаймыз. Бірақ Ұлттық кеңес тек кеңесші-консультациялық орган ғана", – деп түйді құқық қорғаушы Айман Омарова.

Қазіргі кезде ол жала жапты деп айыпталған 13 журналистті қорғаумен шұғылданып жатқанын қосты.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу