Президенттің резиденциясы елді екіге жарды

2196

Қоғамның бір бөлігі Алматыдағы Мемлекет басшысының сарайын сүруді дереу тоқтатуды талап етуде. Екінші бөлігі қаңтар қырғынын көзге елестетін "ескерткіштен" тезірек құтылуға асық.

Президенттің резиденциясы елді екіге жарды Фото: zakon.kz

Осының алдында Қазақстан Президентінің Іс басқармасы Алматыдағы резиденцияны күресінге жіберу туралы шешім қабылдауға не себеп болғанын айтты.

"Қазақстанның көп бейінді қайта құру және дамыту институты (ҚазКҚДИ) сарапшыларынан түпкілікті қорытынды алынды. Сарапшылар резиценция ғимараты "пайдалануға шектеулі түрде ғана жарамды" екенін анықтады. Өрт пен шектен тыс жоғары температура салдарынан ұстын конструкциялардың және шатырдың негізі болып табылатын метал элементтер балқып, бүлінген. Ғимараттың сақталып қалған бөлшектеріне сіңген күйіктің күлімсі иісін толық жою мүмкін емес. Бұған қоса объектінің конструкциялық элементтерінің бір бөлігі қазіргі құрылыс нормалары мен қағидаларына сәйкес келмейтіні анықталды", – деп түсіндірді Президент Іс басқармасы.

Ведомствоның мәліметінше, сарайдың негізгі конструкцияларын қалпына келтіру және оның жер сілкінісіне төзімділігін нығайту орасан зор қаржы салуды талап етеді.

ҚазКҚДИ эксперттерінің байламынша, резиденцияны қайта жабдықтау және оны ары қарай белсенді пайдалану қауіпті болып шығуы мүмкін.

"Республикалық маңыздағы тарихи ескерткішті сүру осындай мәртебеге ие объектілерге қатысты Қазақстан заңнамасы талап ететін барлық рәсімдерді сақтай отырып, жүзеге асырылатын болады", – деп сендіреді Іс басқармасы.

Президенттің алматылық сарайы орнына кейбір пікір білдірушілер болжағандай, сән-салтанатты заңғар үйлер салынбайтыны, қалалықтар тынығатын заманауи сквер пайда болатыны хабарланды.     

"Қасіретті қаңтар" оқиғасы кезінде өртелген күрделі ғимаратты күресінге жіберу жұмыстары бюджетке 6 миллиард теңгеге түспек.

Қауіп тудыруы мүмкін нысаннан құтылу маңызды болса керек. Ендеше әңгіме осымен тоқтаса жөн секілді.

Алайда енді бастамаға қарсы топ бас көтерді. Арасына қоғам белсенділері, бірқатар сәулетшілер кірген топтың өз айтары бар. Олардың пайымдауынша, "пайдалануға шектеулі түрде жарамды" деген сөз ғимараттың апатты жағдайда екенін білдірмейді. Бұл ретте "объектінің беріктігінің және сенімділігінің нормативтік талаптарын қамтамасыз ету үшін нығайту немесе жөндеу-реконструкция жұмыстарын жүргізу қажет".

Қарсы топ заңмен қорғалатын тарихи нысанның конструкциясын техникалық зерттеудің қорытындысы да, оның нашар жағдайын дәлелдейтін құжаттар да ашық көздерде жарияланбағанын, жұртшылық назарына ұсынылмағанын ескертеді. Бұл зерттеуге 36 миллион теңге ел қаржысы шығындалыпты, ал оның қорытындысын Алматы әкімдігінің неге елге көрсетпей, жасырып отырғаны түсініксіз.

Айтқандай, ҚазКҚДИ сарапшылары бастапқыда "қауіпсіздік пен сейсмикалық орнықтылық үшін еш залалсыз ғимараттың ұстын конструкцияларын ауыстыруға болады" деген қорытынды беріпті. Соның негізінде Президент Іс басқармасы 16 ақпанда ақпарат құраларына "сарайдың 2022 жыл соңына дейін қалпына келтірілетіні" туралы ақпарат таратты.

Сәулетшілер бұл ғимарат кез келген алапат жер сілкінісіне төтеп беретіндей етіп тұрғызылғанын еске салады. Себебі мемлекеттің №1 тұлғасының сақтығы да бірінші орында болады. Сарай ішінде тіпті мықты бомбапана орналасқан. Ендеше конструкцияның құрылыс нормаларына сәйкеспейтініне бірқатар сарапшы сенбейді.

Олар резиденцияның ұстын қаңқасы сейсмикалық төзімді, монолиттік-темірбетонды колонналар түрінде орындалғанын айтады. Метал конструкциялар тек ішінара бүлінген. Өрттен 4-қабаттың, яғни чердак-шатырасты үйжай төбесінің торлық конструкциялары балқып, майысқан көрінеді. Ол ауыстыруды қажет етеді. 1, 2 және 3-қабаттардың қалған конструкциялары "іс жүзінде зардап шекпеген". Жалпы ашық-шашық жатқан резиденцияда журналистер де, документалист-кинематографистер де, мамандар да болып, еркін аралап шыққан.

Алматының бұрынғы бас архитекторы Жанат Айтілеудің мәлімдеуінше, бұл тарихи ғимаратты сүріп тастау Республика алаңының тарихи және архитектуралық ансамблін бұзады. Себебі президенттік сарай сол ортамен үйлесімде, қабыстыра салыныпты. Егер нысан сүрілсе, қалған ғимараттар "кетік тістің" кейпін елестетпек.

Тағы бір архитектор Айдын Сатиков резиденцияда оқиғаның ізін суытпай, 6 қаңтарда болып, егжей-тегжейлі қарап шығыпты.

"Мен тек сәулетші ғана емес, құрылысшымын. Менің қорытындым келесідей: ғимарат қайта қалпына келтіруге жатады", – дейді ол.

Ғимараттың метал конструкцияларының шамамен 92%-ы "жақсы жағдайда" деген болжам айтылды.

Қоғам белсенділері сарайды сүруге 6 миллиард теңге қажет дегеннен де шошып отыр. Ондай есеп-қисаптың қайдан шыққаны белгісіз. Одан да сонша қаражатты ғимаратты ішінара болса да, қалпына келтіруге жұмсаған оңды емес пе?

"Бұл ғимарат жүздеген тонна металдан тұрады, олай болса, әлдекімдер оны бұзып, сол метал сынықтарын тапсырудан ылан-ойран табыс таппақ. Қазір әлемде метал қымбаттап кетті ғой", – деген пікір айтады алматылықтар әлеуметтік желіде.

Дегенмен Іс басқармасының өкілдері резиденцияны қайта қалпына келтіру 30 миллиард теңгеге түсуі мүмкін деп отыр.

Алматының 2022 жылғы бюджетінің кірісі 1 трлн 30,7 млрд теңгені құрайды. Бұл шығынды бөліп төлесе, мегаполис те көтеруге қауқарлы болар ма еді?!

Айтпақшы, ғимаратқа зерттеу жүргізуге Алматы әкімдігінің Қолайлы қалалық орта басқармасы тапсырыс беріпті. Бұған да сарапшылар қайран қалады. Президент резиденциясына әкімдіктің қатысы жоқ. Ғимарат "Президент Әкімшілігі мен ҚР Үкіметі әкімшілік ғимараттары дирекциясының" алматылық филиалының балансында, иесі де сол.

Атап өтетін жайт, Ресей тарихында, XIV ғасырдан бері Кремль Мәскеумен бірге талай рет өртелген екен. Алайда Мәскеу княздігінің әрбір басшысы оны қайта қалпына келтіріп, үсті-үстіне нығайтып, ақыры қазіргі кезге жеткізді.

Алматыдағы "Қазақстан Республикасының Президенттік резиденциясын", яғни тәуелсіз қазақ елі көшбасшысының тұңғыш сарайын халықтың қадір тұтатын жайы бар: бұл ғимарат 1979 жылы Дінмұхамед Қонаевтың тапсырмасымен салынған. Қазақ КСР басшысы ел астанасында еңселі әрі көрнекті ғимарат болуы үшін жобаны Ленин атындағы музейдің алматылық филиалы деген атпен қолға алады. Нысанның жобасын Қонаевтың өзі бекіткен деген мәлімет бар. Алып құрылыс 1983 жылы бастау алады. Кеңес өкіметі 1986 жылы Д. Қонаевты бірінші хатшы лауазымынан алып тастады. Сөйтіп, 90%-ға дайын құрылыс тоқтап қалған. Кейін, 1993 жылы Қазақстанның тұңғыш президенті Н. Назарбаев құрылысты қайта жандандырды, бірақ ғимараттың нысаналы мақсатын Президент резиденциясы деп өзгертті. Объекті 1995 жылы қолданысқа берілген. Нысанның бас сәулетшісі К. Монтахаев, сәулетшілер С. Баймағамбетов, О. Цой, К. Нұрмамбетов, құрастырушы Т. Алпысбаев.

Биылғы қаңтарда Президент Қ. Тоқаев Республика алаңына жақын ауданда Қаңтар оқиғаларына арналған мемориал-ескерткіш қоюды тапсырды. Алматы әкімдігі соны күресінге жіберілетін Президент сарайы орнында орнатуы мүмкін деген жорамалдар бар. Оның айналасында жасақталатын сквер, абаттандыру шаралары және басқа шаралар бірнеше миллиард теңгеге түсуі ықтимал.

Қалай болғанда, сарайдың ішінде ішкі коммуникацияларды және сыртқы капиталды емес конструкцияларды бұзу жұмыстары басталып кеткен көрінеді. Ғимарат әлі күнге "Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімінен" шығарылмаған.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу