Путин неліктен Шойгуды кенеттен орнынан алып, қорғаныс министрі лауазымына экономисті тағайындап жатыр?

3158

Кейбір бақылаушылардың ойынша, бұл шешім нәтижесінде ел экономикасы соғысқа бұрынғыдан көбірек пайдаланылуы мүмкін.

Путин неліктен Шойгуды кенеттен орнынан алып, қорғаныс министрі лауазымына экономисті тағайындап жатыр? Фото: Reuters

Ресей президенті Владимир Путин жексенбі күні азаматтық экономисті күтпеген жерден өзінің жаңа қорғаныс министрі етіп тағайындады. Кейбір бақылаушылардың ойынша, РФ лидері осылайша елін экономикалық соғысқа әзірлеп, қорғаныс бюджетін тиімді пайлалануға және Украинада жеңіске жету үшін инновацияны көбірек қолдануға әрекет етіп отыр.

Екі жылдан астам уақытта  екі жақты да ауыр шығынға ұшыратқан соғыс кезінде Путин 65 жастағы экономист әрі бұрынғы вице-премьер Андрей Белоусовқа баяғыдан бергі 68 жастағы сыбайласы Сергей Шойгудың орнын басуды ұсынған.

Путин қорғаныс министрлігін 2012 жылдан бері басқарған Шойгудың енді Ресейдегі аса ықпалды орган - Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы болғанын қалап отыр. Бұл постта экс-министр әскери-өнеркәсіптік кешенге де жауап бермек.

Кремльдің өкілі Дмитрий Песков мәлімдегендей, бұл өзгеріс мағынасыз емес, себебі Ресей Кеңес одағының 1980-ші жылдардың ортасындағыдай жағдайға жақындап, әскерилер мен құқық қорғау органдарының жалпы ішкі өнімдегі үлесі 7,4 пайызға жақындаған.  

Песковтың сөзінше, бұл өзгеріс мұндай шығындардың жалпы экономикаға сәйкес келуін қамтамасыз етуге қажет болды, сондықтан Путин қорғаныс министрі лауазымына азаматтық саладан экономист таңдаған.

"Инновацияға кім ашығырақ, сол майдан даласында жеңіске жетеді", - дейді Песков.

Бұрынғы экономика министрі Белоусов Путинге өте жақын. Және де ол Ресей басшысының күшті мемлекетті қалпына келтіру ұстанымын қолдап, жаңа идеяларға ашық әрі новаторлыққа жақтас жетекші путиндік технократтармен ұзақ уақыт жұмыс істеген.

Бұған қоса, Беолусов Ресейдің дрондар бағдарламасын қадағалауда маңызды рөл ойнады.

Бірқатар бақылаушылардың ойынша, Ресей элитасын кенеттен бір сілкіп алған бұл ауыс-түйіс Путиннің Украинадағы соғысты күшейту ниетін және Батыстың санкциялары әзірге құрдымға жібере алмаған экономиканы соғысқа көбірек пайдалану жоспарын білдіруі мүмкін.

ЭКОНОМИКАЛЫҚ СОҒЫС

Батыстың ең қатал санкцияларына қарамастан, ресейлік экономистер осы күнге дейін экономикалық тұрақтылық пен өсімді көп жағдайда сақтай білді.

"Қорғаныс министрлігіне сарай маңындағы жетекші экономистердің бірін және экономикалық блоктағы басты мемлекеттік министрді тағайындау туралы ұсыныс Путиннің әскери-өнеркәсіптік кешенмен, халықаралық нарықтармен соғыста жеңіске жету жоспарнын білдіруі мүмкін. Бүгінгі жағдайда мобилизация емес, Ресейдің үстем әрі қуатты экономикасымен, әскери-өнеркәсібімен Украинаға біртіндеп қысым жасау тиімді стратегия болып тұр. Меніңше, Ресей билігі экономиканы майдан мен тыл үшін әлдеқайда тиімді жұмыс істеуге мәжбүрлеуге ниетті", - дейді бұрынғы ресейлік дипломат және Карнеги Ресей Еуразия орталығының аға ғылыми қызметкері Александр Баунов Reuters агенттігіне берген сұқбатында.

Путиннің соңғы қадамдары күтпеген жағдай болса да, биліктегі балансты сақтап отыр. Мәселен, Шойгу техникалық тұрғыдан қорғаныс министрі лауазымынан жоғары көтеріліп, ел алдындағы абыройын сақтап қалды. Ал Ресей бас штабының жетекшісі және Украинадағы соғыстың қолбасшысы Валерий Герасимов та өз постында қалған.

Шойгу 2022 жылы Ресей армиясы Украинада қайта-қайта шегінгені үшін ресейлік әскери блогерлер тарапынан үлкен сынға ұшырады. Ал оны аса қатаң сынаған "Вагнер" лидері Евгений Пригожин Шойгуды құлату үшін тіпті сәтсіз көтеріліс ұйымдастырып, кейіннен ұшақ апатынан қаза тапты. 

"Экономиканың көп бөлігін қорғаныс секторының мұқтаждықтарына іс жүзінде бағындыруды қолдаған экономистің болуы үлкен мәнге ие. Белоусов қаржылық әкімшінің жұмысын атқара алады", - дейді Лондонда орналасқан Mayak Intelligence консалтингінің директоры Марк Галеотти.

Сонымен қатар, бұл өзгеріс Путиннің қорғаныс шығындарын жіті бақылауға алу әрекетін аңғартуы мүмкін. Айта кетсек, жақында Ресей мемлекеттік прокуратурасы Шойгудың сыбайласы және қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Ивановты 11 миллион доллар пара алды деп айыптағаны белгілі. 

Тағы бір айта кететін жайт, Путин Федералдық қауіпсіздік қызметі мен Сыртқы барлау қызметінің басшылары Александр Бортников пен Сергей Нарышкинді лауазымдарында қалдырды.

Кремльдің мәлімдеуінше, тәжірибелі сыртқы істер министрі Сергей Лавров та қазіргі қызметін әрі қарай жалғастырмақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу