Райымбек Баталов: Мен холдингтерді тік біріктіруге қарсымын

Юлия Кузнецова Юлия Кузнецова
20135

Raimbek Group холдингі директорлар кеңесінің төрағасы қазақстандық FMCG бизнесінің болашағы жайлы өз пікірін білдірді.

Райымбек Баталов: Мен холдингтерді тік біріктіруге қарсымын

"Соңғы жылдардың барлығы – ауыр жұмыстың кезеңі болып табылады және оны бастан кешіре алғандар ең маңызды тәжірибе мен жобасының тұрақтылығына қол жеткізе алады", – деп мәлімдеді Райымбек Баталов. Ол Қазақстанның ең ықпалды кәсіпкерлерінің бірі, Raimbek Group холдингі директорлар кеңесінің төрағасы болып табылады. Бұл сөзін Райымбек Баталов Алматы қаласында өткен Beeline Business Hub іс-шарасы аясында айтты.

1990 жылдардың басында Райымбек Баталов халық тұтыну тауарларын өндіру, өткізу және дистрибуциясы саласындағы Қазақстанның алғашқы холдингтерінің бірі Raimbek Group-тің бастауында тұрды және кәсіпкерлік қызметтегі 25 жылдық еңбек өтілі оған капиталмен қатар, бизнесменнің сөзімен айтқанда, турбулентті кезеңде тұрақтылық беріп, қиындықтан аздаған шығынмен өте шығуға септігін тигізген тәжірибе алуға мүмкіндік берген.

"1990 жылдардың басы қызығы мен шыжығы мол кезең болды. Көп адамдар ол уақытта бәсекелестіктің жоқтығынан жұмыс істеу оңай болды деп жатады, бірақ менің ойымша ол уақыт күрделі кезең болды, бәсекелестік аз да болсын болды, ал білім жетіспейтін, сондықтан біз аяққа тұру кезеңінде болған барлық қиыншылықты басымыздан өткердік.

90-жылдары біздің компанияда Лениногорск полиметалл комбинаты, "Жаңа Жамбыл фосфор зауыты" химиялық кешені, Шымкенттегі ТЭЦ-3 және өзге де бірқатар өндіріс нысаны сияқты ірі өндіріс кәсіпорындарын басқару тәжірибесі бар болатын. Егер сол кезде құрамында жас жігіттермен қатар жұмыс істеген тәжірибелі мамандар бар команда болмағанда, біз мұндай жобаларға сәтті қатыса алмас едік", – деп есіне алады Райымбек Баталов.

Оның айтуынша, сол заманның ауыр болуының тағы бір себебі – таңдау жасау керек болатын: не ірі өндіріс объектісімен айналысып, заман лебіне сәйкес біреудің қанаты астында жүру, не тәуекелге бел буып, тәуелсіз компания ретінде даму. Дәл сол кезде бизнесті азық-түлік өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, ритейл және девелоперлік салаларында дамытуға бет бұрдық.

"Біздің компания Pepsi-мен жұмыс істеу барысында үлкен тәжірибе жинады. Біріншіден, біз алған білімімізді сүт, шырын, дистрибьюция шығарумен айналысатын өз компанияларымызда жүзеге асырдық. Екіншіден, Pepsi-мен жұмыс істей жүріп, біз аталған нарықта өз орнымызды ойып аларымызға көзіміз жетті және уақыт бұл шынымен солай екенін көрсетті" – дейді Райымбек Баталов.

"Егер қазіргі Ресей мен Қазақстанның FMCG нарығын, мысалға, шырын, сүт секілді тауарлар бойынша салыстырсақ, мынаны аңғаруға болады", – дейді кәсіпкер: "Ресейде Pepsi және Coca-Cola сияқты жаһандық ойыншылар ұсынатын брендтер шамамен 80% орын алса, Қазақстанда нарықтың едәуір бөлігін отандық "РЕСМИ" және "Райымбек" компаниялары иеленеді. Бүгінгі таңда соңғысының азық-түлік бөлігімен байланысты өз стратегиясы бар".

"Шындығына келгенде, мен холдингтерді тік біріктіруге қарсымын. Егер компания, мысал үшін, сүт өндірісімен айналысса, өзінің бренді мен дистрибьюциясы болса, онда, меніңше, фермерлікке, жем өндірісіне терең бас сұқпауы тиіс", – деген пікірін білдіреді кәсіпкер. Бүгінгі таңда холдинг стратегиясының негізгі бағыты FMCG (fast moving consumer goods – күнделікті айналымдағы тұтыну тауары) саласында жаңа өнімдер мен қатарды, классикалық ритейлмен бірге электронды коммерциямен байланысты сауда жүйелерін, экспортты дамытумен байланысты.

Соңғы тармақта, кәсіпкердің ойынша, Кедендік одақтың құрылуымен бірге жаңа тегеуріндермен қатар болашаққа деген жаңа үміт пайда болды. Рубльдің девальвациясы және қазақ пен ресейлік ұлттық валюталарындағы бағам айырмашылығы кезеңінде, Ресей өндірушілерінің тауарлары әлдеқайда бәсекелі бола бастаған кезде, қазақ бизнесі "отырып қалды" және бір жылдың ішінде нарықтың бір бөлігінен айрылды.

Бүгінде бұл үлес жартылай болсын қайтарылды. Алайда, бұл оңай болмады, деп көрсетеді Райымбек Баталов. Десе де, кәсіпкер Кедендік одақ (КО) құрылғанға дейін қазақ бизнесінің Ресей нарығында жұмыс істеуі мүмкін емес болғанын естен шығармаған жөн деген ойда.

"КО құрылғаннан кейін ғана біз Ресейге қазақ өндірушісі ретінде бас сұға алдық және соның арқасында біз өз саламызда Ресей желілерінде ұсынылатын халықаралық компаниялармен бәсекелестікке түсе алатынымыз анықталды. Сонымен қатар, ішкі нарықта біз сүт өнімдері нарығында беларус өндірушілері жағынан үлкен бәсекелестікті сезінеміз. Себебі, оларға бағаны төмендетуге мүмкіндік беретін бірқатар технологиялық жайт бар", – деп нақтылады Райымбек Баталов.

Отандық өндірушілерге мұндай жағдайдан шығудың жолы ретінде түрлі-түсті сүт және 2 литрлік қорапша сияқты жаңа өнімдерді ұсынуға болады. Райымбек Баталовтың айтуынша, биылғы жылы холдинг экспорт үлесін 20%-ға дейін өсіруді көздейді және экспорттың негізгі бағыттары Ресеймен қатар Орта Азия елдері, Кавказ, мүмкіндігінше Қытай болып табылады. Сондай-ақ, қазіргі кездің өзінде Raimbek Group өз өнімдерін Иран нарығына да ұсына бастады.

Ал шетелдік компаниялардың қазақ нарығына енуіне қатысты Райымбек Баталовтың пікірі мынадай: жергілікті нарықта сәтті жұмыс істеу үшін оларға аймақтың ерекшелігін түсінуі маңызды. Егер жаһандық компания үшін жергілікті нарық ұғымы жұмыс істемесе, бұл – уақытша жаһандану және келешекте мұндай ойыншы үлкен үлеске қол жеткізуі екіталай".

Оның ойынша, отандық нарықтың болмысын түсіну тұрғысынан келгенде, басымдық ұлттық компанияларға беріледі. 2007-2008 жылдардағы дағдарыстан бастап қазіргі әлем трансформация кезеңін бастан кешуде және бұл үрдісте түрлі ел нарығында өзін танытуға жаһандық ойыншыларға қандай мүмкіндік берілсе, жергілікті ойыншыларға да сондай мүмкіндік беріледі.

"Егер Қазақстан жайлы сөз қозғасақ, онда ұлан-ғайыр аумақ, халықтың қоныстану тығыздығының төмендігі, миллионер-қалалардың аздығы сияқты факторларды ескерген жөн. Мұндай жағдайда FMCG нарығында жұмыс істеу өте қиын, ең алдымен логистиканы сауатты орнату қажет. Сондықтан мен жаһандану трендіне байыппен қараймын және жақсы аймақтық маманның үлкен нарықта сәтті жұмыс істеуіне мүмкіндігі қашанда бар деп есептеймін" – деп ой түйеді Raimbek Group-тің негізін қалаушы Райымбек Баталов.

Юлия Кузнецова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу