Ресей қазақстандықтарды алдаған блогерлерін қудалауға кірісті

5778

Солтүстік көршінің құзырлы органдары блогерлердің салықтан жалтаруының ірі схемаларын әшкерелеп жатыр. Бұл ресейлік қоғамды соғыстан бетер естен тандыра жаздапты.

Ресей қазақстандықтарды алдаған блогерлерін қудалауға кірісті Фото: inbusiness.kz

Inbusiness.kz өткен жыл бойы біраз қазақстандық блогердің қылмыстық қудалауға ұшырағанын жазған болатын. Олардың үстінен түрлі баптармен қылмыстық істер тергелуде.

Ал 2023 жылғы 7 наурызда ресейлік "Антиглянец" телеграм-арнасы РФ аумағында блогерлерді қудалау басталғанын жариялады. 

"Росфинмониторинг бір ай бұрын блогерлердің шаңдағын қағуға кірісті деп жатыр. Бастамасы әрдайым көрнекті болады: ең ірілерінен бастайды", – деп хабарлады арна.

Росфинмониторинг ұйымдардың терроризммен, экстремизммен байланысына және лас қаржыны заңдастыруға қарсы күреспен айналысады. Төл жасақтары бар бұл қаһарлы ведомствоның зұлмат қудалауына кім ілігетіні белгісіз. Әзірге Федералдық салық қызметі блогерлердің жағасынан алып жатыр.

Novaya Gazeta Europe жазуынша, РФ билігі жергілікті ТОР инстаграм-блогерлердің табыс көздерін егжей-тегжейлі тексеруге кірісті.

7 наурызда Мәскеу прокуратурасы Лерчек бүркеншік атымен танымал, Instagram-да 10,5 миллион жазылушысы бар Валерия Чекалинаға айып тағылғанын жариялады. Ол 2020-2021 жылдар аралығында 311 миллион рубль салықтан жалтарған деген күдікке ілікті.

Бұған қоса, Instagram-да 4 миллион жазылушыға ие блогер Артём Чекалин сол іс бойынша сыбайлас (пособник) деп танылды. Лерчектің және оның өнімдерінің сатушылары бұл суыт хабарды төбелерінен жай түскендей қабылдапты. Олар инстаблогердің 8 наурызбен құттықтаған және косметикаға 88% жеңілдік жариялаған соңғы постының астына лүпіл-лайк қою арқылы қолдауын білдірді. Нәтижесінде, бес сағатта 360 мың лайк жинаған.

"Кеше сіз үшін қатты уайымдадым, мұндай қысастықтан жүйкеңіз сыр бере ме деп алаңдадым. Қандай эмоция мен шокта болғаныңызды елестетудің өзі қорқынышты. Бәрі жақсы болады деп үміттенеміз. Түні бойы ұйықтамай, сіздің стористеріңізді жаңартумен болдым", – делінген ең танымал комментарийлердің бірінде. Өзге фолловерлері де ұқсас сезімде болғанын білдіруде.

Блогердің фанаттары бұл істі бірден "тапсырыспен жасалған" деп бағалады. Олар блогердің бұрынғы стилисткасын айыптауға бейім. Mash телеграм-арнасы да сондай болжам жасады. 2022 жылдың жазында Лерчек өз стилисті және компанияларының бірінің бас директоры Эльвира Янковскаяны өзіне Dior, Chanel, Hermes және Louis Vuitton жалған сөмкелерін сатты деп кінәлап, біраз жүз шайысты. Блогер Янковская да бүгінде істі болып, тергелуде.

Дегенмен ресейлік ақпарат құралдары бұдан жалпы үрдісті байқады. Лерчек билік тарапынан қыспаққа қалған бірінші және жалғыз блогер-инфобизнесмен емес. Түсіндіре кететін жайт, өзін инфобизнесмен деп атайтын блогерлер түрлі ақпараттық өнімдерді – әлеуметтік желі арқылы курстар, тренингтер, гайдтар, чек-листтер, вебинарлар және басқа оқыту, кеңес-консультациялық қызметтерді сатумен айналысады. Оларды ел арасында "инфосығандар" деп атайды.

Mash телеграм-арнасы алғашқы болып, 7 наурызда сәнді инфобизнесвумен Валерия Чекалинаның сарайдай үйінде күш құрылымдары тінту жүргізіп, астаң-кестеңін шығарып жатқанын майын тамыза, жай-жапсарына дейін хабарлады. Атап айтқанда, тінту шаралары барысында инстаблогердің үйінен 999-сынақты, әрқайсысы бір келілік 8 таза алтын құймасы, тіпті АҚШ паспорты және шамамен 10 РФ паспорты табылыпты. Арнаның дерегінше, ерлі-зайыпты Валерия мен Артём Чекалиндер үш жылға дейін сотталуы мүмкін.

Лерчек ресейлік блогерлер арасындағы ең жоғары табыс табатындарының бірі саналады. Forbes 2020 жылы РФ бай инстаграм-блогерінің тізімінде оны жетінші тұғырға орналастырды. Оның тек расталған табысының өзі 0,61 млн доллардан асады. Содан бері оның жазылушыларының саны 6,5 миллионнан 10 миллионға дейін өсті. Оның үстіне Forbes блогердің тек жарнамадан табатын кірісін есептеген. Ал Валерияның бизнесі онымен шектелмейді. Ол РФ пен ТМД аумағында, соның ішінде Қазақстанда Letique төл косметикалық брендін дамытуда. Бұдан бөлек күйеуімен бірге салмақтан арылу бойынша авторлық онлайн марафонын сатады. Қаншама қазақстандық бикеш соған қатысуға тіркеліп, ай сайын қыруар шығынға батып жатыр. Айына орта есеппен 3–5 келіге арисыз деп уәде ететін бұл марафонның құны отыз мың теңгеден басталады. Ресейліктерден 2–3 мың рубльден жиналады екен. Яғни, ауадан ақша жасап жүр.

Инстаблогердің отбасы ресми бизнестерінің өзінен 2021 жылы 3 миллиард рубль табыс тапқан.

Блогер Артём Чекалин "Летик Мейкап" және "Леани" компанияларына ие. Ол інісі Аркадиймен бірлесіп, алда Иванов облысында брендтік іш киім өндірісін іске қосуды жоспарлап отырғанын мәлім еткен болатын.

Құзырлы органдардың қырына тағы бір танымал блогер, Инстаграмда 4,2 миллион жазылушысы бар Саша Митрошина ілікті: ол өзін "ресейлік инфобиздің анасы" деп дәрежелейді. РФ билігі оны да 200 млн рубль салықтан жалтарды деп айыптаған көрінеді.

Саша "Инсталогия" аталатын жобаның авторы ретінде танымал. Қазақстандық бірнеше блогер соның қызметіне жүгінген деседі. Жоба аясында Митрошина Инстаграмда табыс табуға, блогты дұрыс жүргізуге үйретеді. Бірақ оның курсын бітіргендер одан еш пайда жоқтығына, оқудың басым бөлігін ресейлік блогер бай-бақуатты өміріне мақтанып, төл өнімдерін жарнамалауға құртатынына шағымданады. Ал тарататын материалдары бірегей емес, интернетте онсыз да бар ақпарат болып шыққан. Соған қарамастан, инстаблогер түкке тұрмас курсы үшін бағасын өсірмесе, түсірмеді. Жоба сайтында көрсетілгендей, бір курсы 110 мың рубльден (шамамен 800 мың теңгеден) басталып, 1 миллион рубльге дейін барады. Ең көп шығындалған клиенттерге жеке ментор бекітіліп берілетіні айтылған.

Жалпы бірқатар пікір білдіруші Митрошинаның Алексей Навальныйды қолдағаны үшін қудалануы мүмкін екеніне назар аудартады.

Сонымен қатар iGutsal телеграм-арнасы инстаблогерлер, әлеуметтік желінің жұлдыздары Ксения Бородинаның және Виктория Лопыреваның директоры Ангелина Дубровскаяда салықтық проблемалар туындағанын жазды.

Дубровскаяның өзі инстаблогер ретінде 1,2 миллион жазылушыға ие. Ол да өзін инфобизнесвумен деп насихаттап, курстарын сатады: ол клиенттеріне қаржылық табысқа жетудің кілтін табуға көмектесуге, төл тұлғасын қалай брендке айналдыруға үйретуге уәде етеді. "Правдорубка" арнасының дерегінше, Дубровскаяға "көпмиллиондық айыппұл" салыну, қылмыстық іс қозғалу қаупі төніп тұруы ықтимал.

Сондай-ақ "Только никому…" телеграм-арнасы WildJam және Didenok ірі блогерлік агенттіктеріне қатысты салықтық тексерулер жүргізіліп жатқаны туралы сыбысты таратты. Егер салықшылар шынымен бұл агенттіктерді сілкілесе, біраз былықтың бетін ашуы мүмкін. Өйткені аталған агенттіктер ресейлік және қазақстандық ондаған танымал блогерлердің жұмысын қатар жүргізеді. Агенттіктер ақпарат құралдарының сұрауларына тіс жарудан бас тартқан. 

РФ құзырлы органдарын байлыққа шалқыған блогерлердің саяси көзқарасы емес, бірінші кезекте аста-төк табысын жасырып, салықтан жалтаратыны тіксінтіп отыр.

Салық консультанты, StarTax онлайн-бизнесінің консалтинг фаундері Мария Кашникованың түсіндіруінше, посткеңестік кеңістіктегі елдердің инфобизнесі арасында "бизнесті бөлшектеу" схемасы кең пайдаланылады.

Мысалы, бірнеше миллион жазылушысы бар қазақстандық блогерлердің бәрі дерлік жеке кәсіпкер ретінде ғана тіркелген және табысынан небары 3% салық төлейді. Бірақ бұл жағдайда жеке кәсіпкердің жылдық табысы 24 038 айлық есептік көрсеткіштен немесе 2023 жылы – 82 миллион 931,1 мың теңгеден асып кетпеуге тиіс. Асса, салықтың жеңілдіктен қағылады. Сондықтан отандық блогерлердің бір басында бірнеше ЖК (ИП) бар. Немесе, мысалы, ақысын ақшалай емес, қымбат көлік, пәтер, алтын, сәнді әшекей түрінде алады. Одан салық органдары бейхабар болады. Себебі, Қазақстанда биліктегіден басқа қазақстандықтар табыс декларациясын тапсырмайды.

Жалпы, биылғы Парламент Мәжілісінің сайлауына кандидат ретінде блогерлер бұрынғыдан көп қатысуда. Алайда салық органдарының олардың табыс декларациясынан күдік тудырар ештеңе таба алмағаны қайран қалдырады. Бұл ретте өркениетті елге айналу үшін блогерлердің, инфобизнесмендердің табысын жасырып, салықтан жалтаруына мықты тосқауыл қойылғаны маңызды. Президенттің өзі былтыр құзырлы органдарға осы саланы тәртіпке түсіру жөнінде тиісті тапсырма берген. Алайда ол міндеттер жүзеге аспай, жайына қалды.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу