Ресей рублі енді "криптовалютаға" айналмақ

4024

Көрші елдің орталық банкі цифрлық рубльдің құнын белгіледі.

Ресей рублі енді "криптовалютаға" айналмақ Фото: inbusiness.kz

Кеше көршінің ұлттық валютасы құрдымға құлады. Күн соңында 1 доллардың бағамы 96 рубльге жетті. Яғни, 100 межесіне жақындап қалды.

РФ қаржы реттеушісі "сабан" ақшаны құтқару үшін интервенция жасамайтынын, кез келген бағам Ресей үшін қолайлы болып табылатынын мәлімдеді. Демек, рубль қандай тұңғиықтарды бағындыратыны әзірге белгісіз.

Осы орайда Ресей Банкінің директорлар кеңесі цифрлық рубльдің логотипі мен тарифтерін бекітті. Бұл туралы орталық банктің ресми сайтында жарияланды.

"Ол өзара байланысты қос элементтен: рубльдің ресми таңбасынан және оның жиегін әдіптейтін дөңгелек қоршаудан тұрады. Соңғысы бір жағынан, дәстүрлі монетаның қалыбын елестетеді. Екінші жағынан, Ресей Банкінің логотипімен үндеседі", – делінген орталық банктің ресми түсініктемесінде.

Бұған қоса, Ресей Банкі цифрлық рублді есеп айырысуда, төлем жасау, ақша аудару сияқты түрлі операцияларда қолданатындарға арналған тарифті бекітті.

Нақтылай кетсек, цифрлық рублді (ЦР) пайдалану тек азаматтар, жеке тұлғалар үшін ғана тегін болады. Басқасы оны қолданғаны үшін РФ басшылығына ақы төлейді.

Крипторубльді қолдану үшін әрбір адам мен компания РФ орталық банкінің тиісті платформасында есепшот ашуға міндетті. Бұл жерде әрбір адам мен бизнес нысанына тек 1 есепшот ашуға рұқсат.

Әрі қарай заңды тұлғалардан келесідей ақы жиналады. Біріншіден, бизнес тауарлары мен қызметтерінің төлемін ЦР түрінде қабылдағаны әр төлем сомасының 0,3% көлемінде ақы төлейді (бірақ алым сомасы 1,5 мың рубльден аспайды).

Соның ішінде тұрғын үй-коммуналдық қызметтер көрсететін компаниялар үшін тариф 0,2% болады.

Заңды тұлғалардың өз арасындағы аударымдар бойынша комиссия әр операциядан 15 рубльді құрайды.

Дегенмен жеңілдікті өтпелі кезең белгіленіп отыр. Барлық тарифтер тек 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосылады. Яғни, осы кезеңде бизнеске де ЦР қолдану уақытша тегін болады.

Владимир Путин биылғы 24 шілдеде цифрлық рубль туралы заңға қол қойды. Ол заң 1 тамызда күшіне енді.

Нәтижесінде Ресейдің ұлттық валютасының 3 түрі болады: қолма-қол, қолма-қолсыз және цифрлық.

Техникалық тұрғыдан алғанда, цифрлық рубль жай ғана код болып келеді. ЦР-мен тауарлардың ақысын төлеу үшін QR-кодты пайдалану қажет болады.

РФ пропагандасы ЦР-ды ресейлік жаңа криптовалюта деп дәріптеуге кірісті. Мәскеудің сендіруінше, цифрлық рубль батыстық санкцияларды айналып өтуге көмектеседі. Осы орайда бірқатар серіктес елдермен келіссөздер жүргізіліп, орталық, ұлттық банктердің цифрлық валюталарын интеграциялау мүмкіндігі талқыланып жатқан көрінеді.

Мысалы, Қытай цифрлық юанын пилоттық режимде екі жыл бұрын іске қосты. Ал Қазақстан цифрлық ұлттық валютасын енгізу мәселелерін әлі пысықтауда. Беларусь цифрлық рубльді өзінде енгізбек.

Бірақ сарапшылар ЦР-дың санкциялардың қақпанынан құтқаратынына сенбейді. Тіпті оның криптовалюта бола алмайтынын да ашық айтып жатыр. Ресейлік қаржыгер Евгений Романенконың пікірінше, билік осы арқылы ресейліктердің және рубльді пайдаланатын шетелдіктердің қаржысының қозғалысын бақылайтын болады.

"ЦР – бірегей токен түрінде болады. Ол мемлекет бақылауындағы арнайы электронды әмиянда сақталады. Әрбір жеке тұлғада және компанияда тек 1 ғана әмияны болады. Бұл билікке өзіне жақпаған адамның немесе компанияның әмиянын бұғаттап, барлық қаражатынан лезде ажырып, ағытып тастауына мүмкіндік береді. Пилоттық жоба биыл іске қосылады, оған 18 банк жұмылдырылады. Мен бір нәрсені қадап айтқым келеді. Цифрлық рубль – нағыз рубль емес, ол квазиақша ғана. Ол шынайы ақша болып табылмайды. Себебі, нағыз рубль мемлекеттің тауарлық, алтын стандартымен бекітілген. Ал цифрлық рубльдің кепілдігі жоқ. ЦР еркін конвертацияланатын валюта да емес", – деді ресейлік қаржыгер.

Оның пікірінше, РФ билігінің келесі қадамы – нағыз рубльден бас тарту болуы мүмкін. Бірақ Е.Романенко оның соңы елде толқулардың басталуына түрткі болуы ғажап емес деді. Мысалы, Нигерия билігі 2021 жылғы 25 қарашада ұлттық валютаның орнына цифрлық валютаны – eNaira-ны енгізген. Қолма-қол ақша транзакцияларының бұғатталуына халық үдере қарсы шығып, оның соңы 210 миллионнан астам тұрғыны бар елдегі үлкен бүлікке ұласты. Қарсыласушылар банктерді, орталық банктің ғимараттарын жаппай өртеген.

"Нықтап айтқым келеді, РФ орталық банкі эмиссиялайтын цифрлық рубльдің криптовалютаға да, блокчейнге де еш қатысы жоқ. Керісінше, мемлекет бар тапқан, таянғанын бір мезетте тартып алады деп қауіптенетін ресейліктер үшін биткоин және басқа да криптовалюталар – капиталын мемлекеттің қол сұғуынан қорғап қалатын жалғыз пана, тыныштау айлақ болып қалады. Алтын мен нағыз криптовалюталар бізді, ресейліктерді, төніп келе жатқан "цифрлық Гулагтан" құтқара алатын сақтандыру құралы болып табылады", – деді қаржыгер Евгений Романенко.

Ресейлік қаржылық аналитик Сергей Голубицкий де Мәскеу азаматтардың қаражаттарын бақылауды сапалы жаңа деңгейге шығару үшін цифрлық рубльді, "мемкриптовалютаны" енгізіп отыр деген пікірде.

Ол РФ орталық банкі бұрын цифрлық рублдің 2030 жылдан соң енгізілетінін бірнеше рет мәлімдегенін еске салды. Енді билік асығып отыр. Ал азаматтар осы тамыз айында оны тестілік режимде пайдалана бастайды. Мысалы, Ресейде зейнетақы, жәрдемақы, стипендиялар және басқасы нағыз ақша түрінде емес, электронды әмияндағы цифрлар түрінде аударыла бастауы мүмкін.

"Ресей қоғамы аңқаулық танытып, бейғам тыныштықта, жайбарақат отыр. Шынында, қоғамымыз мемлекеттің оны қандай зұлмат құлдыққа итеріп жатқанын білмейді. CBDC немесе цифрлық рублдің блокчейнге де, криптовалюталарға да, криптоэкономикаға да, смарт-контрактілерге де түк қатысы жоқ. ЦР дегеніміз, орталық банк арқылы мемлекеттің жаппай бақылауында болатын фиатты қаржы ғана. Біздің заманымызда адамның қаржысын толық бақылау оның өмірін толық бақылауды білдіреді. Егер мемлекет кез келген адамды кез келген, тіпті абсурдты себеппен ұнатпай қалса және жазалауға ұйғарса, онда оның бүкіл қаражатын лезде бұғаттап тастайды", – деді Сергей Голубицкий.

Яғни, оның пікірінше, басқаша ойлайтын, оппозициялық көзқарастағы азаматтар, шыншыл адамдар, қылмысты, коррупцияны, биліктің былығын әшкере еткендер және басқасы бірінші кезекте қудалауға ілікпек.

РФ кәсіпкерлерін бір мәселе мазалайды. Цифрлық рубльдің бүкіл қозғалысы, ізі электронды платформада тізбектеліп сақталады. Егер ЦР-ді қылмыскер қолданса, құзырлы органдар оны таба алмаса, онда тізбек бойынша төмен тұрған адамдар мен компанияларға барып, соларды сілкілейтін болады.

Көршінің сарапшыларының Мәскеудің бұл қадамын "Цифрлық ГУЛАГ" деп кеңестік концлагерлерге теңеп отырғаны да содан.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу