Ресей шетелдік компанияларды жаппай меншігіне алуға әзірленуде

2769

Солтүстік көршінің нарығына құлаш ұрып, оны игеруге тырысқан қазақстандық компаниялар да сақ болғаны жөн.

Ресей шетелдік компанияларды жаппай меншігіне алуға әзірленуде Фото: rbc.ru

Ресей заңнамасына сәйкес, РФ аумағында тауарын сатқысы немесе қызмет көрсеткісі келетін кез келген компания ресейлік филиалын ашуға міндетті. Бұл талап Еуразиялық одаққа мүше елдерге де таралады және отандық компанияларды біраз шығынға отырғызуда.

Бірақ ол қиындықтарға жаңалары жамалуы мүмкін. Шетелдік және бірқатар ресейлік ақпарат құралдары Кремлдің қожайыны Владимир Путин құпия, конфиденциалды жарлық қабылдағанын хабарлады. Ол Мәскеуге еуропалық және америкалық санкцияларға қарсы қосымша жауап шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.

Жарлықтың көшірмесін The Financial Times қолына түсіріпті. Сарапшылардың байламынша, бұл құжат Ресейдің тек өзіне қарсы санкция енгізген елдерге ғана емес, сонымен қатар ол санкцияларды қолдаған немесе соны ұстанатын басқа мемлекеттерді де жазалауға жол ашады.

Мысалы, қазіргі кезде көршінің пропагандасы Қазақстанның батыстық санкцияларды айналып өтуге тосқауыл қоятын шаралар қабылдап жатқанына тісін қайрап, негізсіз өшпенділік толқынын көтеруге тырысуда. Ендеше бұл елде біраз құнды активтерді иеленген қазақстандық инвесторлар мен бизнесмендер абай болғаны абзал.  

The Financial Times былтырғы жылы соғыс басталғанда, РФ нарығын тастап кетпеген, оны көзі қимай, ақыры қалып қойған шетелдік компанияларды "тілазар компаниялар" (naughty companies) деп атады. Алда оларға тықыр таянатынға ұқсайды.

"Ресей батыстық тілазар компаниялардың активтерін басып алуды қарастыратын өкілеттіктерді қабылдады, салдарынан бұдан былай оларға бұл нарықтан шығу қиындады. Себебі, соғыс шырқау шегіне жақындаған сайын Владимир Путин АҚШ пен Еуропадан және солардың тілін алған елдерден кек қайтарудың түрлі тәсілдерін жанталаса іздеп жатыр. Нәтижесінде өткен аптада Кремль құпия түрде жарлық бекіткені белгілі болып отыр. Ол мемлекетке кез келген компанияның активтерін су тегінге алып қоюға мүмкіндік береді. Мәскеудегі талқылауға қатысы бар тұлғалардың айтуынша, алда тіпті национализациялауға дейінгі аса қатал шаралар пысықталып жатыр", – деп ескертті Мәскеудегі америкалық саяси шолушы Макс Седдон (Max Seddon).

Оның инсайдерлерінің хабарлауынша, Путин командасының экономикалық блогы шетелдік активтерді өтемсіз тартып алуды (национализациялауды) ақырғы жаза және доқ көрсетіп, қорқытудың құралы ретінде қарастыруда. Одан тек Кремлдің ережелерімен ойнайтын шетелдік компаниялар ғана құтылады. Ол ережелер мысалы, салық сыртында соғысқа қосымша алым жинауды қарастыратын көрінеді.

Әзірге сөз болып отырған конфиденциалды жарлық, Financial Times хабарлауынша, мемлекетке кез келген шетелдік активті өзі белгілеген бағаға сатып алудың басымдықты құқығын береді. Содан соң мемлекет ол майшелпек активті ресейлік компанияларға әлдеқайда қымбатқа сатып, айырмашылығынан түскен табысты қазынаға құя алады. 

Бұған қоса Путин Үкіметке шетелдік активтерді сатып алатын жеке компаниялар толығымен Ресей азаматтарына тиесілі болуға тиіс деген міндет қойды. Немесе ол компания сатып алу мәмілесін бекіткенде, өз акционерлері қатарынан шетелдіктерді шығару процесіне кіріскен болуы шарт.

Файнэншл Таймстың осы мәселеге қатысты сұрағына Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков жауап берді.

"Ресейде шетелдік компаниялар өте көп. Бірақ олардың біразы ресейлік жұмыскерлеріне жалақы төлеуді толығымен тоқтатты, немесе алапат шығынына қарамастан, елден кетуге шешім қабылдады. Егер компания өз мойнына алған міндеттемелерін орындамайды екен, онда әрине, осал компаниялар (неблагополучные компании) санатына ілігеді. Біз ол компаниялармен байланысамыз. Содан кейін олардың активтерімен не қыламыз, ол енді біздің ісіміз", – деп екіұшты жауап қатты Д.Песков.

Яғни, Қазақстанмен бір одақтағы Ресейде заң үстемдігі, жекеменшікті құндылықтай қорғау жайына қалды. Шетелдіктер иелігіндегі әлдеқандай табысты, тартымды бизнес нысанына Путиннің айналасындағылардың көзі түссе болды, онда сол активтің "тағдыры" кремлдегілердің қолында болмақ. "Рейдерлік басып алу" үшін көршіде қитұрқы схемаларды ойлап табудың қажеті болмайды. "Әлдебір міндеттемесін орындамады" деген сылтау жеткілікті көрінеді.

Сарапшылар Кремлдің бұл қадамы "Пандора жәшігін ашатынын" айтуда. Салдарынан, мемлекеттің экономикаға бақылауы күрт күшейеді. Демек, көрші ел нарықтық экономикадан қарқынды әрі жасырын түрде кеңестік жоспарлы экономикаға, экономикадағы мемлекеттік диктатқа оралып барады. Мұндай елмен бір экономикалық одақ, Еуразиялық одақ аясында ары қарай интеграциялану қауіпті болуы да ғажап емес.

"Меніңше, национализациялау науқаны да алыс қалған жоқ. Бұл таяу уақыттың мәселесі болса керек. Мемлекетке көп қаржы қажет", — деген пікір білдірді америкалық іскерлік басылымға сұхбатында атын жасырған билікке жақын бизнесмен. Ол Ресейдегі активтерін өткізуге кірісіпті. Себебі, жаппай национализациялау басталғанға дейін құтылып отыруға ниетті.

Батыс РФ Орталық банкінің АҚШ пен Еуропа елдерінде сақтаулы 300 миллиард еуродай активін бұғаттады. Оны алда Украинаны қалпына келтіруге бағыттау тетіктерін талқылап жатыр. Бұған жауап ретінде В.Путин батыстық компаниялардың Ресейдегі осынша активі мемлекет иелігіне көшуі мүмкін екенін қатаң ескертті. Бүгінде сөзден іске көше бастағанға ұқсайды.

Ақпарат құралдары РФ билігі финдік Fortum және германиялық Uniper компанияларының еншілес фирмаларын активтерімен бірге өзі белгілеген сомаға сатып алғанын хабарлауда. Бұл тәжірибе алда мыңдаған өзге компанияларға таратылуы ықтимал.

Шетелдік сарапшылардың айтуынша, бұл қатаң шаралардың бір авторы – РФ Орталық банкінің төрағасы Эльвира Набиуллина. Ол былтырдан батыстық корпорациялардың елден кетуіне қатаң тосқауыл қою идеясының батыл жақтаушысы болды. Оларды национализациялау қаупімен қорқытуды да сол ұсынған-мыс. Өйткені шетелдік компаниялар өз елдеріне жаппай кете бастаса, онда рублге қысым жасалады. Басқаша айтқанда, шетелдік инвесторлар Ресейдегі кәсіпорындарын, құнды дүние-мүлкін рублге сатып, оны артынша шетелдік валютаға аударып алады. Ал долларға сұраныс күрт артса, үлкен девальвация басталуы ықтимал.

Қаржы министрі Антон Силуанов болса, қайта шетелдік компаниялардың нарықтан шығуын жақтапты. Бұл бюджетке де көбірек табыс түсірер еді. Путиннің Эльвира ханымды қолдағаны анықталды.

Әзірге РФ қаржы министрлігі журналистерге компаниялардың нарықтан шығу процедуралары "әдеттегі режимде істеп тұрғанын", бірақ бетбұрыстарға сай "жекелеген мәмілелерге қатысты қосымша өзгерістер болуы мүмкін екенін" ескертті. Дегенмен, оның қандай өзгерістер болатынын нақтыламады. 

Жалпы, Ресей нарығында қалған батыстық компаниялардың "өз обалы өзіне" деуге келеді. Олар "арын ақшаға сатқанын" халықаралық сарапшылар ескертті. Ресейлік ақпарат құралдарының жазуынша, РФ аумағындағы жұмысын жалғастырған батыстық Топ-100 компания 2022 жыл қорытындысында 1,1 трлн рубль пайдаға кенеліпті. Оларды залалды нарықта ұстап қалғаны да осы еді.

Шектен тыс көп табыстың астында қалғандар арасында Total, Raiffeisen ("Райффайзен Банк"), PepsiCo, Coca-Cola және басқасы бар. INFOLine сараптама агенттігінің бас директоры Иван Федяковтың айтуынша, мысалы, Milka, Alpen Gold, Oreo брендтеріне ие Mondelēz компаниясы Ресейдегі табысын 4 есе (27 млрд рублге дейін) арттырды.

Киев экономика мектебі ұйымының дерегінше, 2022 жылғы 24 ақпанда Ресейдің кең ауқымды шапқыншылығы басталғалы, 241 шетелдік компания ғана ресейлік нарықтан толық кеткен. Тағы 468-ден астамы шығуға әзірленуде және қызметін доғарған. 713 компания жұмысын уақытша тоқтатып қойды. 346-сы ауқымын азайтып, бизнесін оңтайландырды. 159-дан астамы жаңа инвестициялар салудан бас тартты. 1 366 батыстық компания дым болмағандай, жұмысын өркендетті.

Novaya Gazeta Europe зерттеуінде жазылғандай, табысын арттырған шетелдік компаниялар енді соғыс алымын, яғни бюджетке төтенше салықты ("чрезвычайный налог") төлеуге тиіс болады. Әрбір компания үшін бұл салық артық табыс көлемінен есептеледі. Басылымның есептеуінше, батыстық әрбір компания РФ қазынасына орта есеппен 33 миллиардтан 67 млрд рублге дейін төтенше салық аударатын болады.

Бұдан бұрын 2022 жылы батыстық компаниялар ресейлік бюджетке 288 млрд рубль көлемінде табыс салығын төлеген болатын. РФ қазынасын қампайтқандар арасында Франция (55 млрд), Ұлыбритания (47 млрд) және АҚШ (40 млрд рубль) компаниялары көш бастады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу