Ресей Украина әскерін неліктен Курскіден әлі шығара алмай жатыр?

1330

Бұл облыста Киев күштері басып алған елді мекендер саны 100-ге жақындап қалған. 

Ресей Украина әскерін неліктен Курскіден әлі шығара алмай жатыр? Фото: AP

Бір айға жақындап қалды, Ресей әлі Курск облысынан Украина әскерін шығара алмай жатыр. Бұл – РФ –ның Екінші дүниежүзілік соғыстан бері өз аумағындағы бірінші оккупацияға таңқалдырарлық баяу әрі ұстамды жауабы.

Бәрі ресейлік кадрлар мен басымдықтарға байланысты.

Мәскеудің негізгі күштері Украинаның өз ішіндегі шабуылдарға жұмылдырылып жатқанын ескерсек, Кремльде Украина жауынгерлерін елден ығыстыруға ресурс жеткіліксіз тәрізді.

Президент Владимир Путин Украинаның Курскіге басқыншылығын Донбасстағы әскерді әкетететіндей үлкен қауіп немесе приоритеттік мақсат деп қарастырмайтын секілді.

"Путин Украина мемлекетін күйретуге бекінгендіктен, Киевтің кез-келген территориялық бақылауы өзектілігін бәрібір жояды деп есептейді", - дейді Карнеги-Еуразия орталығының аға ғылыми қызметкері Татьяна Становая АР агенттігіне берген сұқбатында.

Путиннің басым бағыттары

2022 жылы көрші елге кеңауқымды басқыншылық жасағаннан кейін бірнеше ай өткенде, Путин Украинаның Донецк, Луганск, Запорожье, Херсон облыстарын Ресейдің аумағы ретінде заңсыз аннексиялап, оларды толық басып алуды негізгі мақсатына айналдырды. Шілде айында Путин мәлімдеме жасап, Киев осы облыстардың кейбір бөліктерінен әскерін әкетсе, бейбіт келіссөздерді бастауға әзір екенін мәлімдеді. Әрине, бұл талапты Украина қабылдамады.

"Украинаның басқыншылығын қайтаруға күш жұмсай отырып, Ресей Донбасстан әскери бөлімшелерін әкетпеу үшін бар мүмкіндікті пайдаланып жатыр", - дейді Лондонда орналасқан Стратегиялық зерттеулер жөніндегі халықаралық институттың өкілі Найджел Гулд-Дэвис.

Украина әскері тамыздың 6-да Курск облысына басып кірген сәттің өзінде Ресей жауынгерлері Украинаның Донецк облысындағы стратегиялық Покровск қаласы мен өзге қалалар төңірегінде шабан болса да, алға жылжуды жалғастырды.

"Ресей Покровскіге шабуылды өте қалап отыр, сол үшін ол Курскке бұл жақтан ресурс тартқысы келмейді",- дейді Вашингтондағы Еуропа саясатын талдау жөніндегі орталықтың аға ғылыми қызметкері Нико Ланге. 

Телевизиялық кездесулерде Курск жайына тоқтала келіп, Путин Киевтің бұл облысқа әскер кіргізуін Донецк облысындағы ресейліктердің әскери науқанын бәсеңдету әрекеті деп сипаттады. Оның сөзінше, Курскідегі жағдайға қарамастан, Ресейдің Донбасстағы шабуылдары үдей түскен.

Шабуылдың маңызын азайту

Украинаның төрт аймағын басып алуға назар аударған Путин Киевтің Курскіге жорығына аса мән бермеуге тырысып отыр.

"Халықты Отанға төнген қауіп-қатерге қарсы жұмылдырудың орнына, Кремль бұл басқыншылықтың маңызын азайтуды қалайды", - дейді лондондық сарапшы Гулд-Дэвис.

Ресей аумағын оккупациялау шындығына тап болған мемлекеттік үгіт-насихат машинасы болса, үкіметтің үйлерін тастап кеткен 130 000-нан астам тұрғынға көмектесуіне көбірек назар аударып, әскери сәтсіздіктерді айтпауға бекінгендей.

Мемлекет бақылауындағы БАҚ Курскіге жасалған шабуылды Киевтің агрессивтік ниетінің дәлелі және Ресейдің 2022 жылы Украинаға басып кіруін ақтайтын әрекет ретінде көрсетіп жатыр.

Становаяның айтуынша, көптеген Курск тұрғындары Кремльге ашулы болғанымен, жалпы ұлттық көңіл-күй билікке ұнамды тәрізді.

"Бұл Кремльдің беделіне нұқсан келтіргенімен, халық арасында әлеуметтік немесе саяси наразылықтың айтарлықтай өсуіне себеп болмады. Және де Украинаның шабуылы бір тудың төңірегінде жиналуға себеп болып, Украина мен Батысқа қарсылықтың күшеюіне әкелуі мүмкін", - дейді ол.

Кремльдің шектеулі жауабы

Украина президенті Владимир Зеленский Курск облысына жасалған шабуылды Ресей басқыншылығына тосқауыл қою үшін буферлік аймақ құруға бағытталған әрекет деп атап өтті. Ал оның бас әскери офицері генерал Александр Сырский Киев күштері Курск облысының шамамен 1300 шаршы шақырым аумағын және 100-ге жуық елді мекенді басып алғанын айтады.

Бақылаушылардың ойынша, Курскіден украин әскерін қуып шығуға Ресейдің ресурстары жеткіліксіз.

"Мәскеу Украинаның жаңа шабуылына тойтарыс беру үшін Ресейдің түкпір-түкпірінен бөлімшелерді тартып жатыр. Солардың қатарында түрлі жасақтар мен армияға кірмейтін содырлар бар сияқты", - дейді Стратегиялық зерттеулер жөніндегі халықаралық институттың Құрлықтағы соғыс жөніндегі аға ғылыми қызметкері Бен Барри.

Курскіге басып кіргенге дейін Путин қоғам наразылығын тудырмау үшін әскерге шақырылғандарды соғысқа пайдаланбады. Міндетті 1-жылдық борышын өтеуге шақырылғандар майданнан тыс жерлерде қызмет етуге тиіс. Ал Курск облысындағы шекараны қорғауға жіберілгендер Украинаның шайқаста шыңдалған механикаландырылған атқыштар бөлімшелерінің оңай олжасына айналды. Жүздеген адам тұтқындалып, 115-і демалыс күндері украин сарбаздарына айырбасталды.

Кейбір коментаторлардың ойынша, Путин 2022 жылы Украинаның қарсы шабуылына жауап ретінде 300 000 адамды мобилизациялауға бұйрық беріп, Ресейде үлкен қарсылыққа тап болды. Сондықтан ол, қазір ішкі тұрақсыздықтан қорқып, резервтегілерді де әскерге шақырмай отыр. Айта кетсек, екі жыл бұрынғы мобилизациядан кейін Ресейден жүздеген мың адам шетелге қашқаны белгілі.

Содан бері Кремль Украинадағы әскерін салыстырмалы түрде жоғары жалақыға тартылған еріктілер есебінен күшейтті, бірақ соңғы айларда бұл ағын бәсеңдеп барады.

Курскідегі қалың орманды жамылғы ретінде пайдаланған 10 мыңға жуық украин сарбазын елден толығымен ығыстыру үшін ондаған мың жауынгер қажет.

Мұндай ауқымды операция үшін ресурс жетіспейтіні анық, Ресей әзірге жолдарды жауып, Киевтің резервтерін нысанаға алу арқылы Украинаның тереңірек ілгерілеуіне тосқауыл қоюға назар аударып отыр. Бұл - жартылай ғана сәтті тактика.

Оның үстіне, Украина Сейм өзені арқылы өтетін көпірлерді қиратып, аймақтағы кейбір ресейлік бөлімшелердің логистикасын бұзып, оларды абдыратып тастады.

Украина үшін қауіп

Ресей территориясының бір бөлігін басып алу арқылы Украина Кремльді қолайсыз жағдайға түсіріп, майдандағы ахуалды өзгертті.  

Киевтің Курскіде плацдарм жасау әрекеті 1000 шақырымнан астам майдан шебін одан әрі ұзартып, онсыз да қаруы мен адамы аз украин күштерінің жағдайын қиындатуы ықтимал. Және де Ресейдегі басып алынған позицияларды қорғау күрделі логистикалық проблемаларды туындатып, ұзартылған жеткізу желілері оңай нысанаға айналуы мүмкін.

"Ресейдің жүйесі өте иерархиялық және қатал, сондықтан оған жаңа жағдайға бейімделу үшін әрқашан көп уақыт қажет. Бірақ Ресей бейімделіп, бар күшін төгетін болса, Украинаның Курскіде қанша тұрақтай алатынын сонда көреміз", - дейді Вашингтондағы Еуропа саясатын талдау жөніндегі орталықтың аға ғылыми қызметкері Нико Ланге.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу