Ресей-Украина шайқасы: көктемде қарымта шабуыл бастала ма?

1550

Еуропадағы Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең ірі қарулы қақтығыс алдағы апталарда жаңа кезеңге аяқ басуы мүмкін. 

Ресей-Украина шайқасы: көктемде қарымта шабуыл бастала ма? Фото: google.com

Ресей мен Украина арасында 13 айға созылған шайқасты келіссөздермен тоқтатуға ұсыныс әзірге түскен жоқ. Сондықтан Украина қорғаныс министрі өткен аптада көктемгі қарымта шабуылдар сәуір айында басталуы мүмкін екенін мәлімдеді.

Қазір Киевтің алдында негізгі тактикалық мәселе тұр: Украина әскері Кремль күштерін жауланған жерлерден қалай ығыстыра алады? Президент Владимир Зеленский болса, армия мен жалпы жұртшылықты ұзақ шайқасқа ынталы ұстау үшін барын салып жатыр.

Ұрыс неден басталды және көктемгі науқан қалай өтуі мүмкін? Бұл сауалдарға қысқаша жауап төмендегідей:

Қарулы қақтығыс қалай басталды?

Ресей 2022 жылдың 24 ақпанында Украинаға кең ауқымды басқыншылықты бастады. Бірақ оның шабуылдары кейбір негізгі мақсаттарына жете алмай, былтыр шілдеге қарай қарқынын жоғалтты. Ал, Украина қарымта шабуылдарды тамыздан қарашаға дейін жүргізіп, үлкен аумақты қайтарып алды.

Сосын ұрыс қақаған қыста екі жақты да қажытқан созылмалы соғысқа ұласып, ерте жеткен көктемнің батпағында жалғасын тапты.

Енді Киев ауа райының жақсарғанын, Батыс қару-жарақтарының жаңа партиясын, соның ішінде танктерін және Батыста оқытылған жауынгерлерін пайдаланып, майдан даласындағы бастаманы өз қолына алудан үмітті.

Бірақ орыс әскерлері бұл шабуылдарды миналанған алқаптардың ар жағындағы терең қазылған және километрлерге созылатын траншеяларда күтіп жатыр.

Путиннің көздегені не?

Украина Кремльдің әскери машинасындағы жерге қарататын кемшіліктерді әшкерелеп берді. Сол сәтсіздіктерге Ресей армиясының алғашқы күндері Киевке жете алмауын, кейбір аудандарды ұстап тұруға қабілетсіздігін және жеті айлық шайқасқа қарамастан шығыстағы жермен-жексен болған Бахмутты ала алмауын жатқызуға болады. Сонымен қатар, Мәскеудің Украина электр желілеріне тынымсыз соққы беру арқылы жергілікті халықтың күреске деген ерік-жігерін төмендету әрекеттері де сәтсіз аяқталды.

Ресейдің барлау қызметтері Украинаның батылдығы мен Батыстың жауабын қате бағалады. Бұған қоса, басқыншылық Ресейдің әскери ресурстарын тауысып, оның армиясында оқ-дәрі тапшылығы мен моральдық және жауынгер жетіспеушілігі проблемаларын туындатып отыр.

Президент Владимир Путин болса, соғыс оның үкіметіне деген халықтың қолдауын әлсіретуі мүмкін деп анық алаңдап отырса керек. Сондықтан ол әзірге тағы да міндетті мобилизация арқылы жеңіске жетуге ұмтылудан аулақ.

"Таяуда жеңіске жете алмайтынын түсінген Путин НАТО-ның Киевке қолдауы әлсірейді деген үмітпен шайқастардың ұзаққа созылғанын қалап отыр. Ресейдің проблемалары бітпейді. Оның стратегиясы Батыстың күйреуіне бағытталған",– дейді Лондондағы Chatham House талдау орталығының Ресей және Еуразия бағдарламасының директоры Джеймс Никси "Рейтер" агенттігіне берген сұхбатында.  

Украиналықтарды алда не күтіп тұр?

Украина әскері бұл маусымды қуатты қару-жарақ легімен бастайды.

Германия өткен аптада Украинаға уәде еткен 18 Leopard 2 танкін жөнелткенін мәлімдеді. Польша, Канада және Норвегия да дәл осындай  "леопардтарын" Киевке табыстаған. Сонымен қатар Украинаға британдық "Челленджер" танктері жеткізілді.

Украина қорғаныс министрі Алексей Резников батыстық серіктестер сәуір айына дейін кем дегенде немістің екі батальон "Леопард 2" танктерін жеткізеді деп үміттеніп отыр. Ол, сондай–ақ, Украинаны қолдаушы елдер коалициясынан оқ–дәрілерімен бірге Leopard 1 танктерінің алты–жеті батальонын күтетінін мәлімдеді.

Украинаға АҚШ–тың "Абрамс" танктері мен француздың жеңіл танктері беріледі. Жақында Украина сарбаздары оларды қолдануға машықтанып қайтты.

Батыстың жәрдемі Украинаның табанды қарсылығын нығайтуда және соғыс барысын айқындауда маңызды рөл ойнады. Зеленский болса, АҚШ–тың көмегінсіз оның елінің жеңіске мүмкіндігі жоқ екенін ашық мойындап отыр.

Жаңа қару–жарақ, соның ішінде гаубицалар, танкке қарсы қарулар, 1 миллион артиллериялық снаряд Украина әскерін күшейте тұспек.

"Танктердің көптігі Ресейдің қолындағы позициялардың арасына үлкен жік салады",– дейді Никси.

Украиналық әскери сарапшы Олег Ждановтың пікірінше, қарымта шабуылда украин күштері Запорожьеден Мелитополь мен Азов теңізіне қарай жылжи отырып, Ресей мен аннексияланған Қырым түбегі арасындағы құрлықтық дәлізді бұзуға әрекеттенуі мүмкін.

"Егер бұл операция сәтті жүзеге асса, украиндар ресейліктерді екіге бөліп, одан әрі батыста, Қырым бағытында орналасқан әскери бөлімшелерді қамтамасыз ететін жолдарды бөгеп тастайды", – дейді Жданов.

Ойын соңы қандай болуы мүмкін?

"Вашингтонда орналасқан Соғысты зерттеу институты Украина басым түсу үшін бір ғана емес, бірнеше қарсы шабуылды бастауы керек деп есептейді. Бұл операция қос мақсатты көздейді: Путинді келіссөздер арқылы ымыраға көндіру немесе Украина үшін майданда қолайлы әскери жағдай тудыра отырып, Батыс пен оның одақтастарын  Путиннің шешімдеріне қарамастан қақтығысты өз бетінше тиімді тоқтата алатындай мүмкіндікке жеткізу",– деп жазылған институттың осы аптада жарияланған есебінде.

Никсидің болжамынша, келіссөздерде артықшылыққа ие болу үшін тараптар алдағы айларда "бір–бірін паршалауды" жалғастыра бермек.

Алда шешуші кезең күтіп тұр: Киев Батыстан жеткізілген қару–жарақпен майдан даласында ілгерілей алмаса, одақтастар оған қымбат құрал–жабдықтарды көбірек жіберуге құлықсыз болуы мүмкін.

"Қауіп зор: Украина жеңілісінің жаһандық салдары болады және біздің қазіргі түсінігіміздегі еуропалық қауіпсіздік деген ұғым жойылады",– дейді Никси.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу