Ресей-Украина шайқасында Қытай жаһандық дипломатиялық күшін дәлелдеуге әрекеттеніп жатыр

2686

Бұған дейін Иран мен Сауд Арабиясын татуластырған Бейжің соғысты "саяси жолмен" тоқтату үшін Киевке елшісін аттандырмақ. 

Ресей-Украина шайқасында Қытай жаһандық дипломатиялық күшін дәлелдеуге әрекеттеніп жатыр Фото: inbusiness.kz

Сәрсенбіде Қытай төрағасы Си Цзиньпин Ресей-Украина соғысын "саяси жолмен" тоқтату мәселесін талқылау үшін Украинаға елшісін жіберетінін мәлімдеді.

Бейжің бұған дейін өзге елдердегі қақтығыстарға араласудан аулақ болғаны белгілі. Бірақ наурызда Сауд Арабиясы мен Иран арасында 7 жылдық үзілістен кейін, дипломатиялық қатынастарды қалпына келтіруге әкелген келіссөздер ұйымдастырғаннан кейін Қытай өзін жаһандық дипломатиялық күш ретінде көрсетуге әрекеттеніп жатыр.

Си Украина президенті Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлескенде Қытай елшісінің Украинаға және "басқа елдерге" баратынын жеткізген. Бұл турасында Қытай үкіметі таратқан мәлімдемеде айтылды. Дегенмен, онда Ресей немесе оның былтыр Украинаға басып кіруі туралы ештеңе жазылмаған. Сонымен қатар мәлімдемеде Қытай елшісінің Мәскеуге баратыны-бармайтыны да хабарланбады.

Сидің Зеленскийге телефон соғуы – Бейжің соғыста делдал болғысы келетінін айтқаннан бергі көптен күткен қоңырау.

Бұл неге маңызды?

Қытай – Мәскеумен достық қатынастағы жалғыз ірі мемлекет. Сондай-ақ ҚХР АҚШ пен оның одақтастары Мәскеуден энергетиткалық шикізат сатып алуды тоқтатқаннан кейін, ресейлік мұнай мен газды ең ірі импорттаушы ретінде экономикалық рычагқа (Ресейге ықпал ететін) ие.

Ресейді АҚШ-тың жаһандық істердегі үстемдігімен күресте дипломатиялық серіктес ретінде қарастыратын Бейжің РФ армиясының Украинадағы басқыншылығын сынаудан бас тартты және де Қытай Ресейге қарсы дипломатиялық шабуылдарды тежеу үшін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты бес мүшесінің бірі ретінде өзінің ветолық құқығын пайдаланып келеді.

Қытай мұндай әрекетке не үшін барып жатыр?

Си үкіметі жаһандық дипломатияда бұрынғыдан үлкенірек рөл ойнағысы келеді. Коммунистік партияның бұл әрекетінің түпкі мақсаты – Қытайды әлемдік саясат пен экономикада лидер етіп, әлемде Бейжіңнің мүдделерін қолдайтын халықаралық тәртіп орнату.

Осылайша, ондаған жылдар бойы басқа елдердегі қарулы жанжалдар мен көптеген халықаралық істерге араласудан бойын аулақ ұстап, өзінің экономикалық дамуына көбірек назар аударған Қытай жаһандық саясатта күрт өзгеріс жасап отыр.

Наурызда Сауд Арабиясы мен Иран Бейжіңде келіссөздер өткізіп, 7 жыл бұрын үзіліп қалған байланыстарын қалпына келтіріп, бір-бірінің астаналарындағы елшіліктерін қайта ашатыны туралы тосын мәлімдеме жасады. Айта кетсек, Қытай ірі мұнай импорттаушы мемлекет ретінде бұл екеуімен де жақсы қарым-қатынаста.

Сонымен қатар, өткен аптада Қытай Сыртқы істер министрі Цинь Ганг израильдік және палестиналық әріптестеріне Бейжіңнің Таяу Шығыста бейбіт келіссөздерді жеңілдетуге көмектесуге дайын екенін де айтты.

Ал Украина мен Ресей арасында делдал болу Қытайдың Шығыс Еуропадағы ықпалын арттыруға көмектесуі мүмкін. Бейжің бұл аймақ үкіметтерімен көптен бері байланыс орнатуға тырысып келеді.

Қытайдың Ресеймен қатынасы қандай?

Қытай – президент Владимир Путиннің оқшауланған үкіметінің негізгі одақтасы.

Си мен Путин 2022 жылдың ақпанындағы басқыншылық алдында бірлескен мәлімдеме жасап, екі ел арасында "шексіз достық" барын жариялады.

Бейжің қанша жерден бейтарап көрінгісі келгенімен, Ресейдің басқыншылықты ақтауын бірнеше рет қайталады.

Наурызда Мәскеуге сапарында Си Цзиньпинді Путин жылы қарсы алды. Ал Қытай қорғаныс министрі Ресейге осы айда барды.

Қытай өзінің энергияға мұқтаж экономикасы үшін ресейлік мұнай мен газды импорттауды күшейтіп, Ресейдің Батыс санкцияларынан ортайған кірісін қайта толтыруға көп көмектесті. Осындай жәрдемі үшін РФ Қытайға шикізатын арзанырақ бағаға сатып жатыр.

Қытайдың Украинамен қатынасы қандай?

Қытай басқыншылыққа дейін Украинаның ең үлкен сауда серіктесі болды.

2021 жылы Украина қытайлық компаниялардың сауда инфрақұрылымын салу жоспарын жариялады. Ал Си Путиннің соғысын тоқтатуға тырыспайтынын байқатқаннан кейін, Зеленский үкіметі Бейжіңге екіұшты көзқарас танытты. Бірақ осыған қарамастан тараптар татулықты сақтап отыр.

Осы айда Қытай екі жаққа да қару-жарақ бермеуге уәде етті. Бұл - АҚШ пен Еуропа үкіметтерінен танктер, зымырандар және басқа да қару-жарақ алған Украинаға пайдалы болып тұр.

Қытайдың Франциядағы елшісі бұрынғы кеңестік республикалар – соның ішінде Украина да бар – егеменді елдер болмауы мүмкін деп Еуропада шу шығарды. Бұл мәлімдеме – Путиннің Украина егемендігін жоққа шығарған сөздерімен үндес.

Дегенмен, кейін Бейжің ресми мәлімдеме жасап, бұрынғы кеңестік мемлекеттердің егемендігін құрметтейтініне сендіріп, Париждегі елшісінің айтқандары ресми саясат емес, жеке пікір екенін атап өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу