Ресей Украинаны – әлемдегі ең көп миналанған елге айналдырды

5098

Бұл елді минадан арылту үшін 757 жыл қажет болмақ. 

Ресей Украинаны – әлемдегі ең көп миналанған елге айналдырды Фото: news.myseldon.com

Біріккен Ұлттар ұйымының Даму бағдарламасы "Making Ukraine Safe Again" (Украинаны қайтадан қауіпсіз қылайық) деген ұран тастап отыр. Бірақ оған қол жеткізу тіпті де оңай іс емес. Оның басты бір шарты – Ресейдің қантөгіс соғысын тоқтатуы болмақ.

Әйтпесе, Украина Қарулы күштерінің мәліметінше, жаңа ғана украиналық саперлар минадан арылтып шыққан аумақты Ресей әскері қашықтан, авиация, зымырандар, дрондар көмегімен қайтадан миналап тастайды. Бұған қоса, РФ тарапы Украина қолындағы британдық Armtrac 400, кеңестік Т-64А танк шассиіндегі және басқа да минасыздандыру машиналарына "аңшылықты" өрістетіп, қырғидай тиіп, бірінші соларды жойып жіберуге тырысады.

Фото: donetsk-news.ru

Миналы алқапқа не жолға жарылғыштар бекітілген желілік зарядты лақтырып, ұзындығы 90 метр және ені 6-8 метр таза жолақ түзетін УР-77 машинасы да, Финляндия табыстаған Leopard 2R минасыздандыру танктері де тоқтаусыз шабуылға тап болған.

Салдарынан, әскери сарапшылардың хабарлауынша, украиналық саперларға жаудың мерген-снайперлерінің нысанасына ілікпеу үшін түн қараңғылығында, жер бауырлай қозғалып, миналанған алқаптарды қолмен тазартуға тура келуде. Алайда бұл да қауіпсіздікті еш кепілдендірмейді. Себебі, дұшпанның қашықтан қайталап миналауы кесірінен өздері тазалаған жолмен кері қайтып келе жатқан саперлардың көлігінің жарылуы оқиғалары тіркелген. 

GLOBSEC бағалауынша, бір сапер күніне 49-дан 82 шаршы футты (шамамен 24,6 метрді) тазарта алады. Өнімділікке жердің ерекшеліктері және жарылғыш заттардың концентрациясы ықпал етеді.

The Washington Post атап өтуінше, бүгінде әлемдегі ең миналанған ел – Украина болып табылады. Сұрапыл соғыс жүріп жатқан 1,5 жыл ішінде Мәскеу Украина территориясын қарқынды миналап жатыр. Салдарынан, миналану жөнінен Украина тіпті Ауғанстан мен Сирияны да басып озды.

Фото: focus.ua

GLOBSEC аналитикалық орталығы жариялаған есебіне сәйкес, бүгінде Украина аумағының шамамен 30%-ын немесе 173 529 шаршы шақырымнан астам жерін минадан адалауға тура келеді. Бұл Уругвай, Бангладеш сияқты елдердің аумағына тең.

Бірқатар сарапшылардың бағалауынша, Украинада миналармен, снарядтармен, кассеталық бомбалармен ласталған аумақтың ауқымдылығы сонша, шамамен 500 команда жүзеге асыратын гуманитарлық минасыздандыру 757 жылға созылмақ. Бұл іс миллиардтаған доллар қаражатты талап етеді. 

Дүниежүзілік банктің есептеуінше, тек таяудағы 10 жылда Украинаның адамдар мекендеген орындарын минасыздандыру үшін 37,4 миллиард доллар шығын шығару керек болады. Жалғыз осы ғана іске талап етілетін сонша шығысты Киев көтере алмайды.

Ал АҚШ Мемлекеттік департаментінің есебінде айтылғандай, Америка 2023 жылы минадан арылту шараларына Украинаға небары 95 миллион доллар ғана бөлген.  

Осы кезде кешігіп барып жарылған ресейлік миналардан, бомбалардан, артиллериялық снарядтардан және кассеталық оқ-дәрілерден жүздеген украиналық бейбіт тұрғындар, балалар қырылып қалды және ары қарай өлуде.

Фото: edition.cnn.com

БҰҰ дерегінше, азаматтар үшін әсіресе, жаяу әскерлерге қарсы миналар  үлкен қатер төндіреді: танкке қарсы минамен салыстырғанда, бұлардың жарылуы үшін тіпті оны бүлдіршін басып кетсе де, жеткілікті екен.

Ал оларды Ресей алапат көлемде, белсенді қолдануда. Оған тапшылық жоқ: Мәскеуге Кеңес одағынан мұраға қалған мыңдаған қойма соларға лық толы. Өйткені КСРО кішкентай Украинамен емес, алып Батыс әлемімен және алпауыт Қытаймен соғысқа әзірленді. Сол қордың бәрін Кремль шағын Украинаға қаһар етіп төгуде.

"Украинаның үлкен аумағын адам тұруға жарамсыз, қауіп-қатерге толы қаңыраған далаға айналдыру – соғыстың ұзақ жылдарға созылатын зұлматты салдарларының бірі болып отыр. Сарапшылар әлемде мұның еш баламасы жоқтығын айтады. Бұл нәубетті жою үшін жүздеген жылдар және миллиардтаған доллар кетеді. Сонымен бірге бұл проблемадан толыққанды арылуға тек шиеленіс тоқтаған соң кірісу мүмкін болады. Украина Үкіметі, минасыздандыру жөніндегі тәуелсіз гуманитарлық топтар жинаған деректер шынымен шошынтады", – деп жазды The Washington Post.

Халықаралық деңгейде минадан арылту мәселелерімен айналысатын британдық Mines Advisory Group бағдарламасы ұйымының директоры Грег Кроутер дәл Украинадағыдай жантүршігерлік ахуалдың "әлемде теңдесі жоқтығына" назар аудартты. Украинаның контршабуылына кедергі жасап, тойтарыс берудің ең тиімді тәсілі – жаппай миналау екенін Мәскеу және РФ әскері түсінді. Сондықтан Кремль Батыс пен Украинаны қажытып, тізе бүктіру үшін кеңес кезінен сақталған миллиондаған тонна миналардың бәрін Украинаға қотара төгуге дейін баруы мүмкін. 

Ақпарат құралдары жарылмай қалған оқ-дәрілерді залалсыздандырумен майдан даласында – әскери, ал азат етілген аумақтарда – азаматтық саперлар шұғылданатынын хабарлады. Киев мүмкіндігіне қарай оларды жан-жақты даярлауға және жеке қорғаныш заттарымен жабдықтауға барынша тырысады. Бірақ мұның өзі оларды қауіп-қатерден толық құтқара алмайды.

Соғыстың ендігі кезеңі, соның ішінде контршабуыл да, босатылған аумақтарда бейбіт өмірді қалпына келтіру де қалпымен саперларға қатты тәуелді болады.

Украина шұғыл көмек қызметінің саперы Владислав Соколов сапер досының аса тәжірибелі болғанына қарамастан, 2022 жылы Краматорск қаласы маңындағы миналанған алқапты тазарту барысында аяғынан айрылып қалғанын әңгімеледі. Оған Украина әлеуметтік қолдау қызметтері протез жасап берген. Енді ол оқ-дәрілерді залалсыздандыру бойынша мамандар жиындарына қатысып, тәжірибе бөлісіп жүрген көрінеді. Соколовтың айтуынша, досына қайтадан жүріп үйренуге тура келген.

РФ әскері өзі оккупациялаған Кахов су қоймасының бөгенін биылғы маусымда жарып жібергелі, лық төгілген тасқын ресейліктер миналаған көптеген алқапты шайып кетті. Салдарынан ол миналардың қайда барып тұрақтағанын, қайда көміліп қалғанын тіпті Ресей әскерилері де білмейді: қолға түскен ресейлік офицерлердің өздері дөп басып көрсете алмаған. Бұл әскерилерге ғана емес, бейбіт тұрғындарға да үлкен қауіп.

Америкалық журналистер Ева Сэмпсон (Eve Sampson) Самуэль Гранадос (Samuel Granados) Украинаның қарсы шабуылын тоқтату үшін Ресей жағының алғы шепте жаяу әскерге қарсы миналарды шектен тыс қолданып жатқанын қаперге салды. Бұл ретте үрейі ұшқан ресейлік жауынгерлер тіпті әскери нормативтерді де сақтамай, асыра сілтеуде екен. Олар әлемде тыйым салынған ұсақ миналарды да кеңінен пайдалануда.

Human Rights Watch құқық қорғау ұйымының зерттеуі көрсеткендей, ресейлік армия жаяу әскерге қарсы миналардың кем дегенде 13 түрін қолданады. Олар "тұзақ миналармен" (мины-ловушки) тым әуестеніп кеткен. Мұндай миналар адамдардың немесе жануарлардың бірі тиіп кеткенге дейін жарылмай, жылдар бойы жата беруі мүмкін.

Бұларға 1997 жылғы Миналарға тыйым салу туралы келісімімен дүниежүзінде тыйым салынды. Бұл келісімге Украина қосылды, ал Ресей қол қоюдан да бас тартты. Демек, адамгершілікке жатпайтын қанқұйлы соғыс жүргізуге бұрыннан әзірленгенге ұқсайды.

Осы айтылған жайттардың бәрі Ресейдің Украинаға қарсы теңдесі жоқ зұлымдық жасап жатқанын айғақтаса керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу