Ресей валюта нарығында "арнайы операциясын" бастады

2433

Батыс валюталарының "экспансиясын" басуға Мәскеу бар күшін жұмылдыруда. Нәтиже бар, бірақ ол ұзаққа созыла ма?

Ресей валюта нарығында "арнайы операциясын" бастады Фото: inbusiness.kz

Солтүстік көршінің валюта нарығын "безгек" ұстады: Кремльдің қолбасшылығымен биліктің қаржылық, экономикалық қанаты нарықтың "қызуын" түсіруге жан салып жатыр.

11 тамызда 1 доллардың құны тура 100 рубльге жетті. Бұл бағам 13 тамызда да сақталды.  

Президент әкімшілігі бұған Эльвира Набиуллина басқаратын Орталық банктің тым жұмсақ монетарлық саясатын айыптады.

Осыдан кейін РФ Орталық банкі (РФОБ) жоспардан тыс шұғыл отырысқа жиналып, шешуші ставканы қолданыстағы 8,5%-дан бірден 12%-ға дейін көтерді. Бұл – Ресей тарихындағы кезекті рекордтардың бірі саналады.

Ресейлік сарапшылардың айтуынша, РФОБ ставка бойынша шұғыл отырыстарға тек рубльдің алапат девальвациясы басталғанда ғана жиылады. Мысалы, Орталық банк 2014 жылғы желтоқсанда, түн ортасында кезектен тыс шешім қабылдап, шешуші ставканы 10,5 пайыздан 17%-ға дейін күрт көтерді. Себебі сонда рубль күрт құнсызданған болатын.

Бертінде РФОБ былтырғы 2022 жылғы 28 ақпанда қайтадан төтенше отырысын шақырды: сонда Мәскеудің Украинаға кең ауқымды соғыс ашуы аясында доллардың бағамы 120 рубльден асып кетті. Сондықтан Орталық банк ставканы 9,5 пайыздан 20%-ға дейін көтерді. Бұл – Ресей тарихындағы абсолютті рекорд. Егер биыл "сабан ақша" ары қарай құнсыздана берсе, бұл рекорд та жаңаруы ықтимал.

Орталық банк шешімінен соң, валюта бағамы 97 рубльге дейін шамалы арзандады. Дегенмен, артынша одан ары шығандауын жалғастырып, 15 тамызда 98,5 рубльге жетті.

Financial Times хабарлауынша, шешуші ставканы жоғарылату рубльдің құлдырауын тоқтата алмаған соң Владимир Путин кеше шұғыл кеңес шақырып, қаржы мен экономикаға жауапты барлық жауапты шенеуніктерді Кремльге жиған. Онда РФ басшылығы төл ұлттық валютасын ғаламат девальвациядан құтқарып қалу, валюталық бақылауды былтырғыдай қайтадан қатайту мәселелерін талқыға салған көрінеді.

Өз дереккөздеріне сілтеме жасап, ақпарат құралдарының мәлімдеуінше, жиында қаржы министрі Антон Силуановтың ұсынысымен, экспорттаушыларды шетелдік нарыққа өнімін сатудан тапқан валюталық түсімдерінің басым бөлігін Мәскеу биржасында рубльге конвертациялауға мәжбүрлеу тетігін іске қосу қарастырылған.

Дәл осы тетік былтыр соғыс басталғанда қолданылған еді. Әйтпесе, Путиннің дос-жарандары, билікке жақын олигархтар басқаратын мемлекеттік, квазимемлекеттік және жекеменшік алпауыт компанияларға жаһандық нарықта тапқан-таянғанын шетелдегі банктерде қалдыруға Кремль биылдан бастап рұқсат етіп еді. Енді жатжұрттық банктерде жатқан түсімдердің басым бөлігі елге оралып, бассыз кеткен шетелдік валюталарды басуға бағытталуы ықтимал.

Кремль жиын қорытындысында еш мәлімдеме жасамады.   

FT дерегінше, экспорттаушылар валюталық табыстарының 80%-ын Ресейде рубльге айырбастауға міндеттелмек.

Ал Reuters табыстың 80-90% туралы сөз болғанын алға тартады. Экспорттаушылар валюталық түсімі түскенен кейін, 70–90 күн ішінде оның басым бөлігін рубльді қолдауға бағыттауға мәжбүр болатынға ұқсайды. Осы арқылы Мәскеу ұлттық валютасын ұзағырақ мерзімге тұрақтандыруға ниетті.

Дегенмен, бір гәп бар: ресейлік экспорттаушылардың түсімі шынында қанша екенін, табысының көлемін РФ үкіметі де білмейтін болып шықты. Олигархтар ақымақ адам емес, әрі қымбат кеңесшілері бар. Содан олар мемлекет қол сұғып, көп бөлігін алып қоя бермеуі үшін табысын әлемнің әр түкпірінде жасырудың саналуан схемасын іске қосты.

Соның нәтижесінде, Орталық банк басшысы Эльвира Набиуллина өз деректеріне жүгіне отырып, ресейлік компаниялардың экспорттық түсімдерінің 1%-ға да жетпейтін көлемі шетелде жатқанын мәлімдеді. РФОБ мәліметінше, биылғы шілдеде экспорттаушылар валюталық табысынан 6,9 млрд долларды ғана рубльге айырбастаған. Салыстырсақ, 2022 жылдың шілдесінде бұл сома 16,7 миллиард долларға жеткен.

Reuters мәліметінше, ресейлік билік былтырдан біраз еркінсіген елдегі капиталдың қозғалысына қайтадан қатаң бақылау енгізуде.

"Ұқсас шара 2022 жылдың ақпанында Ресей үлкен армиясымен Украинаға басып кіргеннен кейін, ізінше қабылданды. Сонда экспорттаушылардан валюталық түсімдерінің 80%-ын РФ валютасына айырбастау талап етілді. Осы және басқа факторлар 2022 жылғы маусым айында рублдің бағамын соңғы жеті жылдағы ең биік деңгейге дейін көтеруге көмектесті. Алайда бүгінде санкциялық тәуекелдерді алға тартып, экспорттаушылар өздерінің табыстары туралы ақпаратты құпияландырып тастады. Бұл туралы екі дереккөзіміз айтты. Олар осы арқылы бәрін білуге тырысатын ресейлік биліктің қадағалауын шектеді", – деп жазады Рейтер агенттігі.

Егер экспорттаушылардан көп қайыр болмаса, онда қазірдің өзінде әлемдегі ең әлсіз валюталардың үштігіне енген рубль жыл соңында ары қарай құлдырай бермек.

Reuters биік лауазымды дереккөздеріне жүгіне отырып, Кремлдің басқа да шектеу шараларын пысықтап жатқанын жеткізді. Соның бірі — шетелдік акционерлерге дивиденд төлеуге тыйым салу. Себебі мұны Ресейде де, Қазақстанда да олигархтық топтар капиталды шетелге заңды-заңсыз шығарып әкету үшін пайдаланатыны мәлім.

Түсімін Ресейге қайтармаған экспорттаушы компаниялар мемлекеттік қолдау шараларынан қағылады.

Сонымен қатар РФ импортты субсидиялауға тыйым енгізуі мүмкін.

Бірақ онда санкция қыспағындағы Ресейге ағындаған шетелдік өнімдер тасқыны суала бастайды. Сонда бір жағынан, Ресейді сұрапыл қымбатшылық жайлауы, екінші жағынан, Украинадағы оккупациялық әскері тарығуы мүмкін. Өйткені мемлекет сыртында Ресейде қаптаған волонтерлар, қоғамдық ұйымдар әскери киім-кешек, түрлі жабдықтар, квадрокоптерлер, дрондар және басқасын шетелден тасып, майдандағы әскери бөлімшелерін жабдықтайтыны құпия емес. Олар импорттық субсидиядан қағылса, не өнімді әлдеқайда аз сатып алады, не мүлдем дағдарады.

Әрине, Кремль жақтан тараған бұл сигналдар өз нәтижесіне жетті. Мәскеу биржасында 1 доллардың құны кешегі сауда қорытындысында ақыры 94,50 рубль межесіне түсті. Алайда жыл басындағы 68 рубль бағамына оралуы неғайбыл. Оның үстіне бірқатар айырбастау бекеттері АҚШ валютасын бәрібір 100 рублден қымбатқа бағалауда.

Сонымен бірге, Рейтер агенттігінің дереккөздері бұл шетін шешімдердің ашу-ыза тудырып отырғанына назар аудартты.

"Дереккөзіміздің айтуынша, биліктің қателігі үшін бизнес төлеуге мәжбүр. "Сиырды зорығып өлгенше саууға бола ма? Сиыр өліп қалса, бұлар кімді сауады? Халықты ма?" — деп ашынды дереккөз. Оның айтуынша, егер рублдің бағамы жұмаға дейін толық тұрақтанбаса, онда үкімет былтырғыдай, экспорттаушылармен кездеседі. Алайда сонда қандай қатаң шаралар енгізілетіні әзірге анық емес", – деп жазды Reuters.

Шетелдік сарапшылар тағы бір қызықты жайтты қаперге салды: Ресей бүгінде мұнайының және мұнай өнімдерінің басым бөлігін Үндістанға сатады. Бұл ретте Ресей дамыған елдердің валюталарын сыртқы саудада қолдана алмайтындықтан, өзара есеп айрысуда үндінің рупийі қолданылады. Бірақ Нью-Дели ұлттық валютасының үлкен көлемде шетелге, яғни Ресейге кетуіне тосқауыл қойып отыр. Ол "бөгенді" толық ашса, 1,5 миллиардтан астам халқы бар елде рупий тапшылығы туындайды. Нәтижесінде, Үнді банктерінде Ресейдің шамамен 39 миллиард долларға пара-пар табысы бұғатталып қалған. Мұнай компаниялары оны Ресейге қайтара алмай жатқан көрінеді.

Осылайша, Мәскеу валюталық түсімді шетелден елге қайыруда әлден проблемаға жолығуда. 

Файнэншл Таймс тұжырымдауынша, Мәскеудің қаржылық-экономикалық қатаң шараларды қайтадан енгізе бастауы Кремлдің "ұзаққа созылып кеткен соғыстың ел экономикасына теріс әсер ете бастағанына" алаңдайтынынан хабар берсе керек.

Қынжылтатыны сол, әлсіреген рубль өзімен бірге Қазақстанның ұлттық валютасын да құрдымға сүйреп ала жөнелді. Кешелі бері теңге тұрақтылығы мен тыныштығынан айрылып, долларға және еуроға шаққанда қатты құнсызданды. 2014 жылы рубль күрт құлдыраған соң, 2015 жылы Қазақстан билігі де теңгенің бағамын жасанды ұстап тұрудан бас тартып, оны еркін айналымға жіберуге мәжбүр болған. Салдарынан долларға шаққанда теңге екі еседей құнсызданып шыға келді: 185 теңгеден 340 теңгеге дейін. Бұл жолы әлжуаз валюталардың "қол ұстасқан" күйі қандай шыңырауларға құлайтыны белгісіз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу