Ресей ядролық бомбасын қайта сынайтынын байқатты

1222

Мұның нәтижесінде әлемде ядролық қарулану жарысы тағы басталуы мүмкін.

 Ресей ядролық бомбасын қайта сынайтынын байқатты Фото: inbusiness.kz

Бейсенбіде Ресей Президенті Владимир Путин өз елінің ядролық сынақтарды қайта жандандыру мүмкіндігін жоққа шығарудан бас тартты.

Сонымен қатар, ол Мәскеудің мұндай жарылыстарға тыйым салу туралы тарихи келісімнен шығуы ғажап еместігін мәлімдеп, Ресейдің атомдық оқтұмсық тасымалдайтын қанатты зымыран сынайтынын растады.

rupor-news.ru

Ресейдің, АҚШ-тың немесе Қытайдың ядролық сынақтарды қайта жандандыру ірі державалар арасында КСРО ыдырағаннан кейін тоқтаған ядролық қарулану жарысының қайта басталуына жол ашуы мүмкін.

Ресейдің ядролық арсеналы қандай, ол қаншалықты үлкен және оған кім басшылық етеді?

ЯДРОЛЫҚ СУПЕРДЕРЖАВА

Кеңес Одағының атомдық қаруын мұраға алған Ресей әлемдегі ең үлкен ядролық оқтұмсықтар қоймасына ие.

Америкалық ғалымдар федерациясының мәліметі бойынша, Путин 2023 жылы шамамен 5 889 ядролық оқтұмсықты басқарса, АҚШ Президенті Джо Байденнің бақылауында мұндай бомбаның 5 244 данасы бар.

Ресейлік оқтұмсықтардың шамамен 1400-і қолданыстантан шығарылғанымен, әлі бұзылмаған, ал 2815-і резервте тұрса, 1674-і стратегиялық позицияларға орналастырылған.

Құрама Штаттарда шамамен 1 670 стратегиялық ядролық оқтұмсық бар. Аталған федерацияның өзге бір дерегінше, Қытайда барлығы 410, Францияда 290, Ұлыбританияда 225 атомдық бомба жасалған екен.

Мұндай сандар Мәскеу мен Вашингтонның әлемді әлденеше рет қиратуға қауқарлы екенін білдіреді.

"Қырғи қабақ" соғыс жылдарында Кеңес Одағы 40 000-ға жуық ядролық оқтұмсық иеленсе, АҚШ-та олардың саны 30 000 шамасында болған.

ЖАҢА ЯДРОЛЫҚ АРСЕНАЛ

Америка Құрама Штаттары өзінің 2022 жылғы ядролық жағдайға шолуында Ресей мен Қытайдың ядролық күштерін кеңейтіп, модернизациялап жатқанын, ал Вашингтонның қымбатқа түсетін жанталаса қарулануға жол бермеу үшін қару-жарақты бақылауда ұстауға ниетті екенін атап өтті.

Путин болса, бейсенбі күні Ресейдің ядролық оқтұмсықты тасымалдауға қабілетті әрі ядролық қуатпен жұмыс істейтін жаңа стратегиялық қанатты зымыраны – "Буревестникті" сәтті сынағанын жариялады. Сонымен қатар. Кремль басшысының сөзінше, Ресейде әрқайсысы он немесе одан да көп ядролық оқтұмсық тасымалдайтын "Сармат" құрлықаралық баллистикалық ракеталары бойынша жұмыстардың аяқталуға жақын екенін мәлімдеді.

СЫНАҚ

Қару-жарақты бақылау қауымдастығының мәліметтері бойынша, 1991 жылы Кеңес Одағы ыдырағаннан бері ядролық қаруды бірнеше ел ғана сынаған екен: АҚШ соңғы рет 1992 жылы, Қытай мен Франция 1996 жылы, Үндістан мен Пәкістан 1998 жылы, Солтүстік Корея 2017 жылы.

Кеңес Одағы соңғы рет 1990 жылы атомдық бомба сынапты.

zeir.ru

Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартқа Ресей 1996 жылы қол қойып, стратегиялық құжатты 2000 жылы ратификациялады. Ал АҚШ бұл шартқа 1996 жылы қол қойғанымен, оны әлі ратификацияламаған.

РЕСЕЙДЕ ЯДРОЛЫҚ ШАБУЫЛҒА КІМ БҰЙРЫҚ БЕРЕДІ?

Ресейдің ядролық доктринасына сәйкес, стратегиялық, тактикалық тұрғыдан ресейлік ядролық қаруды қолдану мәселесінде Ресей президенті – түпкілікті шешім қабылдаушы тұлға саналады.

Бұл доктрина "Ресей Федерациясына кәдімгі қарумен агрессия жасалып, мемлекеттің өмір сүруіне қауіп төнген кезде" ядролық соққы беруге рұқсат етеді.

Ядролық портфель немесе "Чегет" (Кавказдағы Чегет тауының атымен аталған) әрдайым президенттің қасында. Болжамдарға қарағанда, мұндай портфельдер Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу мен Бас штаб жетекшісі Валерий Герасимовта да бар.

Негізінде, бұл портфель – президентті әскер басшылығымен, одан әрі зымырандық күштермен "Қазбек" атты құпия электрондық командалық-басқару желісі арқылы байланыстыратын құрал.

2019 жылы "Звезда" телеарнасы көптеген батырмасы бар портфельдердің бірін көрсетті. Оның "команда" деп аталатын бөлігінде екі түймешік бар: олардың ағы "іске қосуды", қызылы "доғаруды" білдіреді. Сол кезде "Звезда" хабарлағандай, ядролық портфель арнайы флешкарта арқылы іске қосылады екен.

Егер Ресей стратегиялық ядролық шабуылға тап болды деп ойласа, президент осы портфельдер арқылы ядролық кодтары бар бас штабтың қолбасшылығы мен резервтегі командалық бөлімшелерге тікелей ұшыру туралы бұйрық жібереді. Мұндай бұйрықтар әртүрлі коммуникациялық жүйелер арқылы стратегиялық ракеталық әскерге жылдам түсіп, содан кейін АҚШ пен Еуропа атқылана бастайды.

Егер ядролық шабуыл расталса, Путин "Өлі қол" немесе "Периметр" деп аталатын соңғы инстанция жүйесін іске қоса алады: осылайша компьютер ақырзаманды шешіп, ракета басқармасы Ресейдің орасан арсеналынан ядролық соққылар жасауға бұйрық береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу