Ресейде "соғыс" сөзі жиі айтылатын болды

1899

Оны тіпті Путиннен де естуге болады.

Ресейде "соғыс" сөзі жиі айтылатын болды Фото: google.com

15 айдан астам уақыт бойы Ресей Украинада соғыс жүргізіп жатыр. Бірақ оны әу баста Кремль "соғыс" деп атаудан бас тартқаны белгілі. Қазір бұл жағдай өзгеріп жатқан тәрізді. Себебі президент Владимир Путинің өзі "соғыс" сөзін жиі қолданатын болды.

Өткен жылдың 24 ақпанында Путин Украинаға әскер кіргізе отырып, сол әрекетін "арнайы әскери операция" деп атады. Ал Кремль мен ресейлік министрлер және мемлекеттік БАҚ көбіне осы сөздерді қолданып, тіпті Ресейде "СВО" деген жаңа орыс аббревиатурасы пайда болды.

Украинадағы шайқасты соғыс деп атауға Ресей бұқаралық ақпарат құралдарында тыйым салынды. Бұл ережеге біреулер бағынды, ал бағынбағандары - жабылды.

Алайда Мәскеуге жасалған дрондар шабуылына қатысты жауап бере отырып, Путин өткен аптада "соғыс" сөзін 4 рет айтқан екен.  Мұны Кремльдің стенограммасынан білуге болады.

"Біз не айтсақ та, олар әрқашан кінәні Ресейге артуға дайын, бірақ бұл дұрыс емес: соғысты біз ашқан жоқпыз, қайталап айтамын, 2014 жылы Донбасстағы соғысты Киев режимі бастады", – дейді Путин.

Бұл мәлімдеме "Россия" мемлекеттік телеарнасының жексенбілік сюжетінде көрсетілді. Сол материалда Кремль тілшісі Павел Зарубин көрермендерге Путиннің сахна  сыртындағы жанжалдарға көп уақытын бөлетінін де айтты.

Украинаның шығысындағы әскери жанжал 2014 жылы Киевтегі Майдан революциясында ресейшіл президент биліктен тайдырылып, Мәскеу Қырымды аннексиялап алғаннан кейін басталды.

9 мамыр Жеңіс күні парадында Путин Қызыл алаңға жиналған ардагерлер алдында "Отанымызға қарсы тағы да нағыз соғыс басталды" деп айтты.

Соңғы айларда РФ қорғаныс министрі Сергей Шойгу, Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков, сыртқы істер министрі Сергей Лавров және "Вагнердің" жетекшісі Евгений Пригожин де көпшілік алдында соғыс  сөздерін қолданды.

Соңғы апталарда шабуылға ұшыраған Ресейдің Белгород облысының губернаторы Вячеслав Гладков: "Біз негізінен соғыс жағдайында өмір сүріп жатырмыз", – деді.

Осылайша, оңашада орыс элитасы Украинадағы оқиғаларды соғыс деп атайды.

Соғысты тіпті жұртшылық алдында мойындауы Кремльдің СВО-ға деген көзқарасының өзгергенін аңғартуы мүмкін және де бұл өзгеріс 15 айдан асқан соғыстың болашағы қалай болады деген ойға жетелейді.

 "Путин мен элитаның өз ережелерін бұзғаны таң қалдырып отыр. Соғыс туралы болашақта не айтылатыны маңыздырақ болып тұр. Соғыс салмақты әрекетті қажет етеді. Соғыс кезінде Ресей қандай болады?", – дейді Мәскеудегі батыстық дипломаттардың бірі жақында "Рейтер" агенттігіне берген сұхбатында.

Соғыс

Соғыс туралы эвфемизмдер ешкімге жаңалық емес.

Бір кездері АҚШ президенті Линдон Б. Джонсон елінің Вьетнам соғысына киліге түсуін "шектелген әскери әрекет" деп атаса, 2001 жылы Американың Ауғанстанға басып кіруін сол кездегі президент Джордж Буш "Мызғымас бостандық операциясы" деп атады.

1979 жылы Кеңес Одағының Бас хатшысы Леонид Брежнев 10 жылға созылған Ауғанстан-Совет соғысын бастағанда, бұл шешімін "достас ауған халқына халықаралық көмек" операциясы деп сипаттағаны белгілі.

Кремльдің бұрынғы баяндамашысы Аббас Галлямовтың пікірінше, СВО  - Қырымдағыдай тез әрі қан төкпей жеңіске жетеміз деген жоспармен ойлап табылған аббревиатура.

"Бірақ қазір бұның соғыс екені бәріне түсінікті. Оның соғыс екені блицкриг сәтсіздікке ұшырағанда белгілі болды", –дейді Галлямов.

Қыркүйекте Путин Украинаның төрт аймағын Ресейдің бір бөлігі деп мәлімдегенде, көрші елдегі қарулы қақтығыстарды "соғыс" деп сипаттады. Сонымен қатар,  қазанда Кремль басшысы Батысы "соғысты қоздырады" деп айыптап, желтоқсанда "осы соғыс" деген сөзді айтып қалды.

Бұның бәрі Санкт-Петербургтегі кеңесші Никита Юферевті сотқа шағымдануға итермелеген.

"Ерте ме, кеш пе, бәріміз Украинадағы қантөгісті соғыс деп атайтын жағдайға жетеміз. Ал соғыс экономиканы соғыс жағдайына көшіруді, әскерилер мен резервтегілерді мобилизациялауды білдіруі мүмкін", –дейді Юферев "Рейтерге" берген комментарийінде. 

Соғыс жағдайындағы Ресей

Кремль соғыс жағдайын немесе өткен жылғы шектеулі мобилизациядан кейін, қосымша мобилизация жариялауды жоспарлап отырмағанын мәлімдеп отыр.

Дегенмен Путин өткен айда соғыс жағдайында сайлау өткізуге мүмкіндік беретін түзетулерді мақұлдады. Ал қорғаныс компаниялары тәулік бойы жұмыс істеу үшін қосымша ауысым тәртібін енгізген.

Ресейдің өзіне кейінгі кездері жасалып жатқан шабуылдар Кремльді ғана емес, соғыстың жақтастарын да ашындырып отыр.

Ресейлік жалдамалы әскердің жетекшісі Пригожин Путинге бағынышты әскери басшылықты  Ресей армиясын күйретіп жатыр деп айыптады. Оның сөзінше, РФ әскері Украинада ұтылып жатыр.

 "Бұл ойын емес. Біз бұл соғыста жеңіліп жатырмыз", – дейді Пригожин.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу