Ресейде жасалған вагондарға Қазақстан арқылы жүруге тыйым салынды

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
3016

Бұл көрші мемлекеттің инновациялық вагондарына қолданылып отырған қарсы шара емес.

Ресейде жасалған вагондарға Қазақстан арқылы жүруге тыйым салынды

ҚР Инвестиция және даму министрлігінің көлік комитеті білігіне 23 тоннадан артық жүк тиелетін Ресейде жасалған инновациялық теміржол вагондарына Қазақстанға және транзитпен ҚР арқылы жүруге салынған тыйым дұрыс деп есептейді.  Комитет төрағасы Әсет Асаубаев abctv.kz-ке мұндай шешім Қазақстанның теміржол инфрақұрылымының ахуалын ескере отырып қабылданғанын түсіндірді.

"Біздің теміржол торабымыз білігіне 21 тонна жүк көтеруге есептелген. Инновациялық вагондар (Ресейде жасалған – автордың ескертп.) ауыр жүк көтеруге арналған. Осыған сәйкес "ҚТЖ – Жүк тасымалы" дәл осы вагон түрлеріне Қазақстан аумағы бойынша жүріп өтуге тыйым салды.  Сондықтан мамыр айынан бастап Қазақстанға қарай және Қазақстан арқылы білігіне 23,5 тонна жүк артылған мұндай вагондар жүрмейді, себебі теміржол әкімшіліктері арасында тиісті келісім, дәл осы вагондарға жүк тиеу жоспары жоқ. Тағы қайталап айтамын, инфрақұрылым жағынан алғанда біздің тораптарымыз білігіне 21 тоннадан артық жүк тасымалдауға жарамайды. Бұл (Ресейдің инновациялық вагондарына қарсы қолданылған – автордың ескертп.) әлдебір шара болып табылмайды, оған негіз жоқ", – деді ол.

"Білік жүктемесі 21 тоннаға есептелген, 23,5 тоннаға дейін жүк тасымалдауға жол беріледі. Қытай вагондарына 22,5 тоннаға дейін жүк тиеуге болады. Ал Ресейдің вагондарындағы жүктеме 23,5 тонна, бірақ шындығында ол 25 тоннаға есептелген. Біздің инфрақұрылым 25 тонна жүкпен жүріп өтуге шыдамайды", – деп түсіндірді Әсет Асаубаев.

Оның айтуынша, мұндай вагондар 4 мамырда ресми тыйым салынғанға дейін де Қазақстан арқылы жүрмеген.

"Жоқ, бұл вагондар бізде мүлде жүрмеген. Олар теміржол әкімшіліктері арасында белгілі бір мерзімге вагондарға жүк тиеу және түсіру жоспарын бекітпекші болды. Осыған орай вагондардың қандай екенін білгенде, жоспарды мақұлдаудан бас тарттық. Себебі біздің жолымыз 21 тоннаға есептелген, ең көбі 23,5 тоннаға жол беріледі. Ал оларда 23,5 тонна, бірақ шындығында 25 тонна жүк тасымалдайды. Осыған орай олардың ұсынысынан келісе алмадық", – деді комитет басшысы.

Әсет Асаубаев Қазақстан 2011-2012 жылдары алған бес мыңнан астам  қытайлық вагон жүктемесі 22,5  тонна бола тұра осы күнге дейін Ресей Федерациясы бағытында жүк тасымалдап көрмегенін айтты.  Мұның себебі айтарлықтай қарапайым дейді ол.

"Біздің білікке түсетін жүктемеміз талапқа сай. Бізде технологиялық тұрғыдан теміржол тораптарының жанынан буксаның қызуын анықтайтын тиісті теміржол  құрылғылары орналастырылады. Қытай вагондары – технологиялық тұрғыдан алғанда таспалы буксалар. Вагондарды өткізуде шұғыл шара қолдану үшін бұл вагондарды ағытып тастау керек, – деді ол. – Қазақстанда біз бұл құрылғыларды өзімізге сәйкестендіріп алдық, ал Ресейде ондай жоқ, сондықтан олар қытайлық вагондарды кіргізбей отыр. Жүктеме әртүрлі болғандықтан емес, технологиялық тұрғыдан өлшеу құралдарын қытайлық өндірістің вагондарына сәйкес баптау қажет болғандықтан. Бар болғаны осы".

Сондықтан бұл вагондар Қазақстан бойынша, Қытайға және Ресейден басқа бағыттарға жүре береді. Бұл тыйымның салдарынан ресейлік тасымалдаушылар көп шығынға батып отырған жоқ деп есептейді Әсет Асаубаев. "Үлкен шығын туралы ауыз толтырып айтатындай мұндай вагондардың саны көп емес", – деді ол.

Сондай-ақ комитет басшысы болашақта теміржол инфрақұрылымы жаңартылған соң, 23,5 тонна жүк тасымалдайтын вагондарға елімізге кіруге мүмкіндік берілуі ықтимал екенін айтты.

"Әрине, инфрақұрылым дамып келеді, теміржол тораптары жаңғыртылып жатыр. Теміржол тораптары жөнделіп, жаңартылып жатыр, тиісті бағытта дамып келеді. Дәлірек айтсақ, теміржол тасымалының тиімділігін арттыру үшін (21 тоннадан артық жүк артқан вагондардың өтуіне жол бермейтін – автордың ескертп.) учаскелерді жөндеу жоспарда бар", – деді айтты Әсет Асаубаев.

Еске сала кетсек, ресейлік "Коммерсант" басылымына сұхбат берушілердің пікірінше, Қазақстан 2011-2012 жылдары сатып алған қытайлық өндірістің инновациялық вагондарын РТЖ ААҚ өз торабына кіргізуден бас тартқанына жауап ретінде Қазақстанның теміржол әкімшілігі  Ресейде жасалған инновациялық вагондарды кіргізуге жол бермей отыр.

"Қазақстан темір жолының"(ҚТЖ) құрылымы "ҚТЖ-Жүк тасымалы" 26 сәуір күні РТЖ  ААҚ-ға жүктемесі 23,5 тоннадан асатын инновациялық вагондардың жүріп өтуіне инфрақұрылымның дайын еместігі туралы  жеделхат жолдады. Осыдан соң РТЖ ААҚ 4 мамырдан бастап Қазақстанға немесе осы ел арқылы транзитпен мұндай вагондардың жүріп өтуіне тыйым салды.

25 тонна және одан да ауыр жүк  тасымалауға арналған және бірқатар басқа артықшылығы бар вагондарды инновациялық деп атайды. РТЖ ААҚ-ның мәліметіне сүйенсек, қазіргі кезде теміржол торабында 25 тонна жүк артатын 65 мыңға жуық вагон пайдалынылып келеді, 1 маусымнан бастап 27 тонна жүк артылатын вагондар да қатаң қадағалаумен пайдаланыла бастады. Ресейде  инновациялық вагондарды сатып алуды мемлекет субсидиялайды.

Әйгерім Сүлейменова, Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу