Ресейдегі "цифрлық" мобилизацияның Қазақстанға да зияны бар

6110

Ресейлік сарапшылар өз елінің түнекке толы "крепостнойлар" заманына оралып бара жатқанынан қауіп қылады. 

Ресейдегі "цифрлық" мобилизацияның Қазақстанға да зияны бар Фото: yandex.kz

РФ Цифрлық даму министрлігі бұдан былай "Госуслуги" қосымшасы тек әскери ғана емес, "қарапайым өмірлік жағдайларда да" қолданылатын жаңашылдықтармен толығатынын жариялады. Мұны қарастыратын РФ президенті жарлығының тиісті жобасы НҚА жобалары порталында жарияланды. 

Құжат бойынша бірқатар жағдайларда азаматтар паспорт орнына "Госуслуги" ұялы қосымшасын пайдалана алады.

"Бұл қосымшаны енді адамның тұлғасын растау немесе мемлекеттік құжаттарды оған ұсыну үшін қолдануға болады. Ұсынылып отырғандай, бұл тетікті қарапайым өмірлік жағдайларда қолдануға мүмкіндік туады. Мысалы, пойызға отырғанда, мемлекеттік қызметтер алғанда, тіпті дүкенде сауда жасағанда. Бірақ қалаған кезде құжаттардың түпнұсқаларын ұсынуға болады", – деген екіұшты түсініктеме берді РФ Цифрлық даму министрлігі "Интерфаксқа".

Көршінің сарапшылары бұл бастаманың екінші бір зияны болатынын ескертеді: "Госуслугиге" жіберілген кез келген ескерту де ресми құжатқа теңелуі мүмкін. Салдарынан, интернет жоқтығы кесірінен ол хабарламаны көрмеген адамның өзі "хабардар етілген" болып табылады. Мысалы, сотқа шақыруда ала тұра келмеген адам қылмыстық қудалауға ілігеді екен. Демек, ондай шақыру болғанын білмей қалған адамдардың үстінен де іс қозғалуы ғажап емес.

Бүгін-ертең Кремль қожайыны "Әскери қызмет туралы" заңына түзетулерге қол қояды деп күтілуде. Оны РФ парламенті "қас-қағым сәтте", бір күннің ішінде бірден үш оқылымда қабылдап тастады. Нәтижесінде, бұдан былай Ресейде армиядан жалтару негізінен, мүмкін болмай қалады. 

Ресейлік белгілі заңгер Калой Ахильговтың түсіндіруінше, заң күшіне енген соң, әскерге шақыру тек қағаз құжат түрінде ғана емес, сонымен бірге электронды форматта да жолданатын болады. РФ азаматы оны "Госуслугиден" уақытында көре алмаса немесе ол аталған порталдағы аккаунтын әдейі жойып тастаса, онда электронды шақыру реестрде пайда болғанына 7 күн өткенде, "әскерге шақыру қағазы ол азаматтың қолына ұсынылды" болып ресми танылады.

Әйтпесе, бұған дейін соғысқа жарамды ер-азаматтар "повестка" алмау үшін басын ала қашатын: не тұрғылықты мекенжайынан басқа жерге көшіп кететін немесе тіпті Қазақстанға және басқа елдерге қоныс аударатын. Ал қолданыста болған ескі заң нормалары бойынша әскерге шақыруды азаматтың қолына ұстатып, қол қойғызып алмай, ол армияға шақырылды деп есептелмейтін.

Мұның Қазақстанға қандай әсері бар? Еліміздің Көші-қон қызметі комитетінің дерегінше, 2022 жылы Қазақстанға 2,9 миллион ресейлік келіпті. Оның үлкен бөлігін былтырғы қыркүйектегі ішінара мобилизациядан қашқандар құрады. Жаңа мобилизация жарияланса, сонша көп, жүздеген мың жігіт шетелге, Қазақстанға қаша алмайды.  

К.Ахильговтың айтуынша, әскерге шақырулардың электронды реестрінде нақты бір адамға қатысты құжат пайда болғаннан кейін күнтізбелік жеті күн өткенде ол адамның шетелге шығуына тыйым салынады.

Тиісінше, шекарада, әуежайларда оны сыртқа шығармай тастайды, кері қайтарады. Тіпті құзырлы органдар оны бірден ұстап, тұтқындауы мүмкін. Олай болса, тек өзіне шақыру жолданғанын көре сала, бір апта ішінде жедел түрде шетелге кетіп үлгергендер ғана құтылады. Алайда былтыр Ресейдің Қазақстанмен, Грузиямен шекараларын кесіп өту үшін ресейлік еркектер бірнеше апта бойы кезек күткені белгілі.

Сонымен, қағаз немесе электронды күйде әскерге шақыру алған РФ азаматы, соның ішінде ерлер ғана емес, армияға қажетті мамандық иесі саналатын әйелдер де елден сыртқа шыға алмайды. Содан соң, ол адамдар жаңа заңға сәйкес, 20 күн ішінде әскери комиссариатқа баруға тиіс болады. Егер бармаса, оған қатысты көптеген шектеулер енгізіле бастайды. Жеке кәсіпкер немесе өзін-өзі жұмыспен қамтушы ретінде жұмыс істеу құқығынан айрылады, кредит ала алмайды, банк карталары бұғатталады. Жылжымайтын мүлкін, көлігін және басқасын сата алмайды. Жүргізуші куәлігінің күші жойылады.

Қазақстан үшін маңыздысы: екі елдің шекарасы жабылмайды, бірақ сүзгі сияқты, одан әскерге шақырылатындар өткізілмейді.

Ресейлік саясаттанушы, танымал журналист, Гайдар қорының басқарма мүшесі, аға ғылыми қызметкер Андрей Колесников бұл заң Ресей үшін де, тіпті аймақ үшін де ұзақ мерзімді проблемалар туғызатынын айтады. Оның пікірінше, авторитарлық режимдер қанша тырысса да, азаматтарға қызмет ететін мемлетке айнала алмайды. Өйткені бұл "оның табиғатына жат". Салдарынан, қайта айналып, қазығын табады, яғни азаматтарды мемлекетке, соның солақай саясатына қызмет етуге мәжбүрлей бастайды.

"Мұны әскери рекрутингті цифрландыру бастамасы кезекті рет паш етіп отыр. Билік бұл бетбұрысты шалт қимылмен, өте жоғары жылдамдықта жүзеге асырды. Әскерге электронды шақыруды енгізді, әскери міндеті бар азаматтардың электронды тізілімін қалыптастыруда. Бұл заң "крепостнойлар" заманын кері оралтады. РФ азаматының өз өмірін сақтауға да құқығы жоқ. Мемлекет үшін майдан даласында өлуі шарт. Цифрлық, ақпараттық технологиялар бұған дейін азаматтарды бейнекамералар арқылы бақылау, әңгімелерін тыңдау үшін кең қолданылды. Енді салықшылардан бастап, ішкі істер органдарына дейінгі барлық базалар бір мақсатқа жұмылады: "арнайы операция" жағдайында адамдарды армияға кетуге мәжбүрлейді", – деді А.Колесников.

Ол бір жайтқа назар аудартты: цифрландыру игіліктері адам өмірін жеңілдетуге тиіс еді, енді ол ресейліктерге өмірмен қоштасуын жеделдетеді. Бұл жерде адамдардың құқығы мен бостандығы емес, көрші елді тізе бүктіруге өршелене ұмтылған мемлекеттің қадағалау-мәжбүрлеу функцияларын жүзеге асыру басты орынға қойылып отыр.

"РФ азаматы осы схемада әскери машинаның бір тетікшесіне және бас еркі жоқ крепостнойға (малайға) айналады. Мұның бәрі ресейлік заңнаманы да азаматтарға емес, репрессивті режимге қызмет ететін тетікке айналдырады. "Цифрлық мобилизациямен" қоса, заң шығарушылар мемлекетке сатқындық жасағандарды өмір бойға бас бостандығынан айыру жазасын қарастырып жатыр. Бұдан туындайтын тұжырым: мемлекеттің путиндік моделі ұзаққа орнады, ендеше оған опасыздық жасау, яғни Путин режиміне жақпай қалу өмір бойға темір торға қамалумен жазаланады", – деп қапаланады ресейлік сарапшы Андрей Колесников.

Мұның Қазақстанға қандай әсері бар? Қазақ елінің дәл іргесінде милитаристік, тоталитарлық режим қалыптасып жатқандай. Яғни, тұрақты, ешқайда кетпейтін, тек өрши беретін "тұрақсыздық ошағы" түзіліп жатқан сияқты. Солтүстік көршінің Дағыстан, Ингушетия, Бурятия, Хабар өлкесі және басқа да өңірлерінде жергілікті наразылық ушығып барады. Ресейлік құқық қорғаушылар да күш құрылымдарының локальды протесттерді басып-жаншып, оған қатысушыларды лаңкес деп жазалап жатқанына алаңдаушылық білдірді.

Сонымен бірге әлеуметтік сауалнамалар "Ресейдің бүкіл аумағында халықтың мазасыздығы бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткенін" (беспрецедентный рост тревожности населения) әшкереледі. Соның аясында қылмыстар, әсіресе, кісі өлімімен аяқталған қылмыстар күрт өскен.

Іргедегі бұл кесапат Қазақстанға келетін инвесторларды үркітуі ықтимал. Ресеймен шектесетін өңірлерімізде қылмыс белең алмауы үшін шекара маңында құқықтық тәртіп пен қорғанысты күшейткен маңызды.

Ресейлік әлеуметтанушы Искандер Ясавеев ер-азаматтардың соғысқа көптеп алынуы және шетелге ауып кетуі қазірдің өзінде еңбек нарығында "алапат кадр тапшылығын" туындата бастағанын жеткізді.

Росстаттың ресми деректерін талдаған FinExpertiza аудиторлық компаниясының мәліметінше, тек бір ғана 2022 жылы алдыңғы мобилизация және арнайы операция кесірінен Ресейде 35 жасқа дейінгі жас жұмыскерлер саны бірден 1,3 миллион адамға кеміген.

Мұндай тапшылық салдарынан солтүстік көрші алып шаңсорғышқа айналып, Қазақстандағы жұмыс күшін, әсіресе білікті мамандарды қуатты түрде өзіне тарта бастауы ықтимал. Мәскеу майталман мамандарға азаматтық пен соғыстан босататын бронь берілетінін, жоғары жалақы төленетінін жариялады. Қазақстан онсыз да аз білгір мамандарынан айрылып қалмас па?

Жалпы, Ресейдегі ахуал барған сайын күрделенуде. Ол бүкіл аймаққа тарайтын кесірлі проблемаларын көбейтіп жатыр. Оның Қазақстанға нұқсан, салдарларын зерттеумен және соған жауап шара пысықтаумен ел Үкіметі салмақты айналысса, абзал.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу