Ресейдегі сайлауда тек Хакас елі ғана демократия танытты

2282

Солтүстік көршіде "Дауыс берудің бірыңғай күні" аяқталды. Бұл келесі жылғы Президент сайлауының "репетициясына", барлауына ұқсайды.

Ресейдегі сайлауда тек Хакас елі ғана демократия танытты Фото: ria.ru

Дауыс берудің бірыңғай күнінде ресейліктер Мемлекеттік думаның депутаттарының бір бөлігін сайлады. Сонымен қатар 16 өңірлік парламенттердің сайлауы өткізілді. Бұдан бөлек, жергілікті тұрғындар Мәскеуді қоса алғанда, федерацияның 26 субъектілерінің мэрлері мен губернаторларын таңдады.

РФ Орталық сайлау комиссиясының Ақпараттық орталығы кешеден бері, яғни әр өңірдегі хаттамалар 100% өңделгеннен кейін, сайлаудың қорытындыларын жариялай бастады. Өңірлердің барлығында дерлік Путиннің билеуші "Единая Россия" партиясы ұсынған кандидаттар жеңіп, өңір басшысы атанды. Мәскеуді сайлаушыларының 76,39% даусын жиған Сергей Собянин ары қарай басқара беретін болады.

Ал Орлов облысында іс басындағы губернатор, бірақ ЕР емес, коммунистік партияның үміткері Андрей Клычков қайта сайланды.

Хакасия тізгінін де КПРФ кандидаты Валентин Коновалов өз уысында сақтап қалды: сайлаушыларынан 63,14% дауыс алған.

МемДумаға сайлауда да тегіс "Единая Россия" ұсынған кандидаттар жеңіп, депутаттық мандатқа ие болды.

Мәскеу Украинаның оккупациялаған аумақтарында да сайлау өткізді. Бұл сайлауды әлемде бірде-бір тәуелсіз мемлекет, соның ішінде ТМД ұйымдары да мойындамады. Халықаралық сарапшылардың байламынша, қалпымен оккупациялық армия бақылауда ұстап тұрған, жұртшылыққа күнде қару кезенген аймақтарда демократиялық сайлау өткізу туралы ешқандай сөз қозғауға болмайды.

Дегенмен, тарих үшін бұл "псевдосайлаудың" қорытындыларын келтіре кеткен жөн. Ол Мәскеудің көршісіне жасаған қысастығының, қиянатының, арам ісі мен қарау пиғылының бір көрінісі болса керек. Сарапшылардың пікірінше, бұл облыстарды Украина Қарулы күштері азат еткен соң аталған сайлау Ресейге мазақ пен сүйегіне дақ болып жабысады. Оның үстіне сайлауға кандидатурасын ұсынғандарды және жеңгендерді Киев жаумен ынтымақтасқан, соның басқыншылық саясатын ілгерілеткен коллаборант деп таниды.

РФ Ортсайлаукомының мәліметінше, басып алынған украиналық барлық территорияда "Единая Россия" "жеңгені" анықталды.

  • Әлем мойындамаған "ДХР" (Украинаның Донецк облысы) "халық кеңесіне" сайлауда "Единая Россия" – 78,03%, КПРФ – 6,43%, ЛДПР – 6,25% дауыс алды.
  • Әлем мойындамаған "ЛХР" (Украинаның Луганск облысы) "халық кеңесіне" сайлауда "Единая Россия" – 74,63% дауыспен 50 мандаттың 39-ын иеленді. ЛДПР – 9,87% үлесімен екінші орында. Үштікті коммунистік КПРФ – 7,5%-бен тұйықтады.
  • Жартысын жау жайлаған Херсон облысында "Единая Россия" –  74,86%, КПРФ – 10,56%, ЛДПР – 8,27% дауыс алды.
  • Үлкен бөлігі оккупацияланған Запорожъе облысында "Единая Россия" – 83,01%, ЛДПР – 5,82%, "Справедливая Россия" – 5,13%, КПРФ – 5,02% дауыс көрсеткішке қол жеткізіпті-мыс.

"Novaya Gazeta Europe" байламынша, бұл сайлауда Хакасия тосыннан "демократияның бүкілресейлік астанасына" айналды. Әрине, бұл асырып айтқандық болса керек. Дегенмен, онда демократияға тән көрініс болды: "Единая Россия" Украинадағы қантөгіске қатысқан ардагерсымақты өз кандидаты ретінде ұсынды. Соны ілгерілету үшін мол әкімшілік, қаржылық ресурсын жұмсады. Алайда жергілікті халық соғысқұмар үміткерді қатты жақтырмаған соң, рейтингі тым төмен "единоросс" ақыры өз кандидатурасын алып тастауға мәжбүр болды.

Хакасия Республикасының Мәскеу билігінен қал-қадари іргесін аулақ салғанына біраз болды. Ол үрдіс соғыстан бұрын басталған. Осы сайлауда "Единая Россия" өңірдегі билікті қайтаруға тырысты. 

Ресейлік "Голос" ұйымының сарапшылары растағандай, Хакасиядағы сайлау "Ресейдегі 2023 жылғы жалғыз бәсекелі сайлау болып шықты". Өңірдегі дауыс беру процесі "соңғы жиырма жылдықтағы ең бір бәсекелі, әділ науқан болды".

Саясаттанушылардың бағалауынша, "Единая Россия" ашық бәсекелестікке төтеп бере алмады. Өңірдегі элитамен және саяси партиялармен ымыраласу да мүмкін болмаған: саяси сахнасы оппозициядан әбден тазартылған Ресейдегі осы өңірде коммунистік КПРФ үстемдігін орната алды және ол ықпалын еш жоғалтқысы келмейді. Ал оны ығыстырмақ болған "Единая Россия" хакас жұртына жаңа ештеңе ұсына алмады.

Коммунист Валентин Коновалов Хакасия Республикасының тізгінін 2018 жылы қолға алды. Ол оппозиционер Алексей Навальный қолдаған "ақылды", "протестік" дауыс беру арқасында жеңіске жетіп, өңірді тоғыз жыл табан аудармай басқарған единоросс Виктор Зиминді орынтағынан аударып тастады. Биыл губернатор болып қайта сайланып отыр.

Кремльге оның билікке келуі ұнамады, салдарынан 2018 жылы алғаш сайлана салысымен В.Коновалов проблемалар легіне кезікті. КПРФ басшылығындағы дереккөз журналистерге хабарлағандай, Мәскеудегі күштер Коноваловты абыройдан айырып, құлату үшін жергілікті телеарналарды, радиоларды, блогерлерді сатып алды, "Новая Хакасия" атты "оппозициялық" газет ашып, оны жаңа губернаторды сынауға арнады.

Бұдан бөлек, сарапшылардың мәліметінше, билік басына  губернатор-коммунист келгелі, федералдық орталық, яғни Мәскеу Хакасияны қаржыдан қаға бастаған, өңірдің дамуына қосымша дотация беруден бас тартқан. Содан өңірге негізінен өз күшімен күнелтуге тура келуде.

Губарнаторлық додада Коноваловқа қарсы "ЛДПР"-ден Михаил Молчанов пен "Коммунисты Россиядан" Владимир Грудинин шықты. Бірақ биліктің басты кандидаты олар емес, Госдума депутаты, "Единая Россия" кандидаты, Украинадағы соғыстың "ардагері" Сергей Сокол болатын. Сайлаудан көп бұрын Мәскеу оны ақпарат құралдарында "соғысқан бірінші кандидат" деп дәріптеді.

С.Соколға үгіт науқанында мәскеулік саяси технологтардың үлкен командасы көмектесті. Басым бөлігін "Ростех" технологтары мен кеңесшілері құрады. "Диалог" үкіметтік орталығының мамандары да жұмылдырылған. Олардың бәрі Соколға Коноваловты жығып, республиканы Кремльдің ықпалына толық қайтаруға көмектесуге тиіс еді.

Алайда онысынан түк шықпапты, себебі, Хакасияда жергілікті әлеуметтік желілердегі ірі топтар мен пабликтердің барлығын В.Коноваловтың командасы бақылайды. Ал "Единая Россияның" әлеуметтік желіде жаңа топтар ашып, өз уағызын тарату талабынан ештеңе шықпаған.

Бұл ретте Мәскеудің кандидаты өз үгітінде мемлекеттік телеарналар мен пропагандаға сүйенді, олар Коноваловты өңірді қажыдан тарықтырған нашар басқарушы, жаман адам ретінде көрсетуге тырысты. Бірақ Хакасияда телеарналарды негізінен егде жастағылар ғана қарайды.

Іс басындағы губернатор болса, негізінен жастарға иек артты, әлеуметтік желі, интернет, мессенджерлер сияқты баламалы ақпарат арналарына басымдық берді.

"Сайлауда "Единая Россияның" кампаниясына қыруар қаржы салынды, шаралары жарқын, дүбірлі өткізілді, республикадағы қаптаған билбордтарды иеленді. Алайда науқаны жарға жығылды: 2 қыркүйекте Сергей Сокол денсаулық жағдайына байланысты жарыстан шығатынын жариялады. Сөйтіп, сайлаудың қандай нәтижемен аяқталатыны алдын ала аңғарылды. Соколды ұлықтау үшін ЕР технологтары өз кандидатының "арнайы әскери операциямен" тікелей байланысы барына екпін түсірді. Көптеген саясаттанушы "кандидаттың Украинаға қарсы соғысқа қатысуы оған үлкен бедел, салмақ беретінін", сайлауда саяси ұпай әкелетінін, себебі, ресейліктер бұларға "нағыз Отан қорғаушы" ретінде құрметпен қарайтынын жарыса айтып жатты. Ал әскери нарратив хакас жұртына жақпады. Бұл туралы бізге өңірде саяси консультант болған бірнеше дерегіміз айтты. Жергілікті халық мұндай адамдарды жексұрын көретіні белгілі болды", – деп жазды "Novaya Gazeta Europe".

Оның үстіне "арнайы әскери операцияға" да Хакасиядан көп азамат алынып, босқа мерт болуда. Жарты миллиондай ғана халқы бар хакас еліне бұл ауыр соғып, қабырғасын қайыстырып тұр.

Саясаттанушылар Хакасия басшысына жоғарыдан жасалатын қысым алда тек арта береді деп санайды. Әрине, қыспақ пен қастық көрсетсе, Кремлдегілер сылтау мен бап тауып, Коноваловты тұтқындай салар еді. Дегенмен, губернаторды хакас жұрты шынымен қолдап отырғанын Мәскеудегілер де көріп, біліп отыр.

Сондықтан келесі жылғы наурыздағы Президент сайлауының қарсаңында Фургал хикаясының қайталанғанын қаламаса керек: Ресейдің Хабар өлкесінде 2020 жылы жұртшылық жақтаған губернатор С.Фургалды федералдық биліктің жалған айыппен тұтқындап, түрмеге жабуы мыңдаған адам қатысқан, бірнеше айға созылған митингтерге түрткі болған еді.

Уикипедия энциклопедиясында айтылғандай, Сібірде орналасқан Хакасия республикасының мемлекеттілігін байырғы замандарда ғұндар, содан соң түркі тілдес ұлыстар мен қырғыздар құрыпты. Оның басшысы "Елтебер" деп аталған. Тек XVIII ғасырда ғана Ресей империясының құрамына қосылды. Оның өзінде қос алпауыт түте-түтесін шығарып, өзара бөлісіп алды. 1727 жылғы 20 тамызда Ресей мен Қытай арасында шекаралық трактат бекітілді. Оған сәйкес, Саяннан солтүстікке қарай барлық жерді Ресей, ал оңтүстікке қарай территорияларды – Қытай империясы қанжығалады.

Бүгінде Ресей құрамында қалған Хакасия Мәскеуге үнсіз қарсылық танытып, "саяқ" басшысымен бірге өз күнін өзі көруге тырмысып жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу