Ресейден әнші шақырмау – қазақ халқының рухын көтереді

2956

Жаңажылдық мереке келе жатыр, табыс іздеген ресейлік жұлдызсымақтар Қазақстанға ағылады. Бұған тосқауыл қойыла ма? 

Ресейден әнші шақырмау – қазақ халқының рухын көтереді Фото: yandex.kz

Ресейден "эстрада жұлдыздарын" шақыру бұрынғы билік тұсында сәнге айналды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.  

Мәдениеттанушы Ханзада Мырзабектің айтуынша, РФ "өнерпаздарын" шақыруға деген сәннің шырқау шегі 2015–2017 жылдарға келді. Сол тұста бұрынғы билік елордада ЭКСПО-2017 жаһандық көрмесін өткізді. Мысалы, "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясы 2015 жылғы 5 маусымда "Премия МУЗ-ТВ 2015. Гравитация" атты сәтсіз өткен, жанжалға толы болған думанын ұйымдастыруға шамамен 2 миллион доллар шығындаған.

"Ол заман бірте-бірте өткеннің еншісіне қалуда. Естуімше, соңғы үш жылда Қазақстандағы ресейлік эстрада өкілдерінің концерттерінің саны үш еседей азайған. Бұған олардың құнының өскендігі ықпал етіп отырған жоқ, керісінше, ұйымдастырушылардың айтуынша, ресейлік "жұлдыздардың" құны екі еседей төмендеген және райдеріндегі талаптар күрт азайған. Мысалы, Филипп Киркоров қолына 40 мың, Дима Билан, Басковтар 30 мың, Валерия, Аллегрова, Газманов, Орбакайтелер 10–15 мың доллар берсе де келіседі. Қазір елімізде концерттерді ұйымдастырумен айналысатын 300-ден астам заңды тұлға мен жеке тұлға тіркелген. Бірақ олар демеушілер таба алмай отыр. Себебі ресейлік әншілерге қатысты "сенім дағдарысы" туды. Жоспарланып қойған концертті Мәдениет министрлігі кез келген уақытта доғара салуы мүмкін", – деді Х.Мырзабек.

Ресейлік "Новая газета. Европа" басылымы Қазақстандағы тағы бір үрдіс-трендке назар аударыпты. Оның жазуынша, елде қазақ халқына тіл тигізген немесе Украинадағы соғысты үнсіз әлде ашық қолдайтын ресейлік танымал тұлғаларға қарсы халықтық қозғалыс дамуда. Оның өкілдері салалық министрлікке хат жазып, ол адамның елге келуі, концерт беруі, не жұртшылықпен кездесуі ел ішінде әлеуметтік кернеуді өршітуі мүмкін екенін алға тартып, бұл іс-шараға тыйым салуды сұрайды.

Әрине, әрдайым дегеніне жете бермейді. Ресейлік басқыншылыққа демеу болып, халықты "арнайы әскери операцияны" қолдауға шақырған іс-шараларға белсене атсалысқан Филипп Киркоровтың өз концерттерін Қазақстанда дүрілдетіп өткізуіне Қазақстан билігі жол берді.

Сонымен бірге қазіргі кезде әлеуметтік желіде ресейлік әнші Полина Гагаринаның республикамызда жоспарланған гастролдерінің доғарылуы талқылануда. Гагарина биылғы 18 наурызда Қырымның Ресейге қосылуының кезекті мерейтойына арналған концерттерде ән шырқады, Мәскеудің империялық пиғылын дәріптеді.  

"Әнші Полина Гагаринаға Алматының асқар тауларының көркемдігіне көз тояттау мүмкіндігі таяу арада бұйырмайтын көрінеді: Қазақстанның ең ірі қаласында алдағы жылдың басында өтуге тиіс болған оның концерті доғарылғанға ұқсайды. Интернеттегі барлық афишасы, сондай-ақ оған билет сатып алу мүмкіндіктері жойылды. Ал әншінің өзінің сайтында Алматыдағы болашақ өнер көрсетуі туралы жазбалар қазір жоқ. Ұйымдастырушылар әзірге оның концертінен бас тартылғанын ресми растамады, алайда қоғамдық қарсылыққа қарамастан бұл әншіні шақыру – тап-таза имидждік суицид болар еді. Наразылық шынымен үлкен: соғысқа және қазақтар үшін өзге де мңызды мәселелерге қатысты империяшыл ұстанымды қолдап жүрген Гагаринаға және басқа танымал тұлғаларға қарсы бағытталған қазақи канселлинг (cancel culture немесе тосқауыл қою мәдениеті) – бұл республикадағы жаңа бұқаралық тренд. Бұл тың әрі тосын тренд, сонысымен де сәнді әрі өте тартымды", – деп жазады ресейлік "Новая газета. Европа".

Гагарина ғана емес, дирижер Валерий Гергиев, әншілер Николай Басков, Григорий Лепс, Юлия Чичерина, “Агата Кристи” тобы, Олег Газманов, Стас Михайлов, Тимати, актерлар Владимир Машков, Евгений Петросян, Иван Охлобыстин, продюсер Яна Рудковская сияқтылар көрші елге шапқыншылықты, Украинадағы қантөгісті қызу қолдады, түрлі тақырыптық концерттер беріп, онда көрермендерін қаскөйлікке қол соғуға үндеді. Сондықтан олардың Қазақстанға келуіне жол жабық болса керек.  

Соғысқұмарлығы үшін Ресей және оның халқы санкциялық қыспақта қалып, жаппай оқшаулануда. Ресейлік "Мегаполис" түнгі клубтар желісінің менеджері Вадим Староваров Ресейде ойын-сауыққа сұраныс күрт азайғанын айтады.

"Қалталы "алтын жастардың" үлкен бөлігі санкциялар, сәнді брендтердің кетуі, мобилизация салдарынан шетелге ауды. Қалған халықтың сүйікті әншілердің қойылымдарын қызықтауға ақшасы жоқ. Біздің индустрия күйреудің аз-ақ алдында тұр. Жағдайы аянышты күйде. Хиттарымен радио және интернетте жиі көзге түсетін ресейлік әнші-әртістердің өзі жұмыс көлемін арттыру үшін өз өнер көрсетулерінің құнын арзандатты. Бірақ бәрібір оларды шақыруға тәуекел ете алмаймыз. Шақырғанымызбен, олардың концерті өзін-өзі ақтамайды, босқа шығын шектік. Бұрын олар стадион жинайтын. Мәскеудегі ең ірі сахна саналатын Лужники стадионы қазір бос тұр, жұлдыздар бірінен соң бірі ондағы концерттерін келесі жылға ауыстыруда. Халықтың төлем қабілеті құлдырады. Ресейліктер концерт, театр тұрмақ, отбасын қалай асыраймын деп бас қатырады", – деді шоу бизнес өкілі ресейлік журналистерге сұхбатында.

Сондықтан олардың назары Қазақстанға ауды. Мысалы, Филипп Киркоровтың Астанадағы концертінің билеттері 15 мыңнан 60 мың теңгеге жетті, қазақстандықтар оны лезде сатып алған. Ақорда алдындағы "Қазақстан" концерт залында ине шаншар жер қалмапты. Сол сияқты осы қараша айында ресейлік әнші Zivert-тің (Юлия Зиверт) концертінің билеттері де көз ілеспес жылдамдықпен таусылып қалған.   

Бұған дейін Алматыда, өзге қалаларымызда "Сплин", Би-2, "Машина времени", Лайма Вайкуле, Кай Метов, "Винтаж" және басқалары гастрөлмен аралап шықты. Олар Украинадағы соғысты ашық қолдамағандықтан, тіпті бірқатары ашық қарсы шыққандықтан рұқсат берілген сыңайлы.

Ал музыкант, продюсер Эмин Агаларов канселлинг-тосқауыл қою мәдениетінің құрбаны болғанға ұқсайды. Қатысушылары арасында Украинадағы қанқасап соғысты құптаған жұлдызсымақтардың тым көп болуы кесірінен, оның ұйымдастырмақ болған "Жара" фестивалін өткізуге алдымен Әзербайжан, ізінше Қазақстан тыйым салды. Сондықтан оған думанын кейінге қалдыра тұруға тура келіпті.

Украинадағы соғысты ашық айыптамағанымен, онымен келіспей шетелге кеткен ресейлік Little Big тобының Қазақстандағы гастрөлдеріне де рұқсат етілмей қойды.

Қазақстандық журналист, ресейлік оппозициялық сайттың продюсері Вячеслав Половинко қазақтардың канселлинг бағытында қарқынды, қарымды қимылдауына, рухының көтерілуіне Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мескеудің қаскүнем саясатына батыл қарсы шығуы да ықпал етті деген байлам жасады.

"Қазақстан көшбасшысының және оның әкімшілігінің өкілдері антиресейлік деп түсінуге болатын батыл мәлімдемелер жасады. Сепаратистік ЛДХР-дің тәуелсіздігін мойындаудан бас тартты, соғысты әу бастап операция деп күлбілтелемей, соғыс деп атады, мобилизациядан қашқан ресейліктерді ұстап бермейтінін жариялады, Ресейдегі компанияларды Қазақстанға қоныстанып, релокациялануға үндеді. Ресей армиясына көмекке қазақ әскерін аттандырмады. Бұған ҰҚШҰ-ны пайдалануға тосқауыл қойды. Халық биліктің батылдығына сенді. Қоғамдағы барлық саяси эмоция мен ұлттық сана-сезім өткірлене түсті. Әрине, билік мұны жұмсарту үшін ТМД аясында орыс тілін ілгерілетуді ұсынды, қырғыз Президенті бармай қалған Путиннің мерейтойына қатысты. Бірақ қасіретті қаңтар оқиғаларынан кейін қазақтардың еңсе тіктеуге, рухтануға деген ынтызарлығы зор болып тұр. Ендеше осы үшін ресейлік әпербақан әншілердің гастрөліне тыйым салу керек болса, солай жасаған жөн. Әйтпесе, бұл билік те халық сенімінен айырылады", – деді В.Половинко.

Сарапшылардың байламынша, мемлекеттік тіл мен ұлттық сана-сезімді қолдауға бағытталған қозғалыстың қозғаушы күші – жастар болып отыр. Ал Қазақстан халқының басым көпшілігі, 60 пайызға жуығы – жастар. Республика халқының орташа жасы 31,6 жас. Олар негізінен қалаларда, яғни шешім қабылдау орталықтарына жақын жерде шоғырланған. Қала тұрғындары арасында 14–28 жастағы тепсе темір үзетін жастардың үлесі 56,4% немесе 2 миллион 106 мыңнан асты. Бүгінде ел Парламенті жастар санатының жасын 35-ке дейін көтеріп жатқанын ескерсек (заңды Мәжіліс мақұлдады), онда жастар үлесі тіпті көбейеді. Осы ойлы жастар ұлт, тіл тағдырына бей-жай қарамайтыны жөнінде билікке айқын белгі беруде. Халықтың ұлттық, тәуелсіз санасының оянып, бой тіктегенімен билік енді санаспай тұра алмайды. Канселлинг мәдениеті мұзтаудың ұшы ғана сияқты.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу