Ресейдің 8 қаласы күн сайын бомбалануда

7957

Сарапшылар әсіресе, ресейлік Белгород облысы сұрапыл зардап шегіп жатқанын айтады. Кейбірі украиналық қалаларға ұқсай бастаған.

Ресейдің 8 қаласы күн сайын бомбалануда Фото: Twitter

Былтыр әлеуметтік желілерде Ресейдің Украинамен шектес өңірлерінің тұрғындары көршіге қарай топ-топ болып, қаптап атылған зымырандарға қуанып, шаттана қол соғып жатқаны бейнеленген видеолар тарады. Бұл жайт украиналықтардың қабырғасына қатты батты. Пікір білдірген украиналықтар күні кеше ғана өздерімен тонның ішкі бауындай аралас-құралас болған шекаралас өлкелердегі адамдардың осынша қаныпезерлік танытқанына налыды.

Дүние – кезек деген бар. Енді Ресейдің шекарадағы өңірлері Украина жағынан үстемелете атқылануда. Бұл ретте Украина Батыстағы серіктестеріне берген уәделерін сақтап отыр. Біріншіден, Ресей территориясына ЗСУ емес, негізінен РФ паспорты бар жауынгерлерден құралған топтар өтіп, үсті-үстіне диверсия және рейдтер жүргізуде. Екіншіден, РФ өңірлеріне HIMARS дүркін атыс реактивті жүйелерімен немесе британдық Storm Shadow зымырандарымен емес, кеңестік-ресейлік "Градтармен" соққы беріп жатыр.

РФ ақпарат құралдарының хабарлауынша, Украина жағынан шекараны бұзып өтуге талаптанған диверсанттық-барлау топтарына тосқауыл қою үшін Ресей шекарадағы қалаларын қоршап, бақылау-өткізу пункттерін қойды. Салдарынан, ресейліктердің қираған елді мекендерден көшуі қиындаған. Бұған қоса, РФ әскерлері шекараға жақын өңірлердегі көпір атаулыны жарып жатқан көрінеді.

Сондықтан "Русский добровольческий корпус" (РДК) Украина жағымен келісімге келгенін және енді бас сауғалап, тыныш жер іздеген ресейліктерге Украина жағына эвакуациялануға мүмкіндік барын жариялады. 

"Novaya Gazeta Europe" анықтағанындай, қазіргі кезде шамамен ресейлік 8 қала мен елді мекен күн сайын шабуылға ұшырауда. Қаза тапқандар және жаралылар бірнеше жүзге жетті. Нақты статистиканы Мәскеу жарияламады, журналистер оны тек губернаторлардың мәлімдемелеріне және ашық дереккөздерге сүйеніп, есептеп жатыр.

"2023 жылғы қаңтарда Владимир Путин Украинаға басқыншылығының кезекті мақсатын жариялады: "Адамдарды қорғау, бірінші кезекте Ресейді қорғау" деді ол. Бірақ бұған керісінше жағдай қалыптасты. ФСБ дерегінше, соғыс басталғалы ресейлік өңірлерге 2 мыңнан астам рет шабуыл жасалған. Соның ішінде Белгород облысының 40 мың тұрғыны бар, Украина шекарасынан небары 5 шақырым қашықта орналасқан Шебекино қаласы рекордтық көлемде атқыланып жатыр. Жалпы алғанда, былтырғы ақпаннан бері Ресей аумағында атқылау салдарынан кем дегенде 52 бейбіт тұрғын қаза тапты, 242 адам жараланды. Ұрыс қимылдары ұзаған сайын әуе шабуылдары да жиілей түсті", – деп жазады басылым.

Соның ішінде өткен мамыр айында РФ өңірлерінің басшылары ең кемі 281 рет шабуыл жасалғанын хабарлады. Бұл да соғыс басталғаннан бергі рекордтық сан. Мәселен, бұл бір ай бұрынғыдан 4 есе көп. Орта есеппен алғанда, күн сайын 8 қала және елді мекен шабуылға ұшырайды.

РФ аумағында 3 мыңға жуық әскери, азаматтық және өнеркәсіптік объекті жарылды. Арасында Кремль күмбезі, түрлі зауыттар, мұнай базалары, теміржол пойыздары мен вагондары, электр станциялары, әскери казармалар және басқасы бар.

Ресейлік журналист Марина Алексеева Шебекино қаласына сапары барысында осындай шабуылдың біріне тап болғанын жеткізді. Зымырандардың бірі ол жасырынған үйден жиырма метрдей жерге түсіп жарылған. Қалаға еніп кеткен диверсанттарды жою үшін өз қаласын РФ әскерлері де атқылап жатыр деген деректер бар.

"Градтар дүркін-дүркін соққы жасауда. Тұрғын үйлердің өзі шұрық-тесік, арғы беті көрінетін саңылауларға толы. Барлық үйдің шынылары сынған. Терезеге желім қағаз жапсыру, үйлердің қабырғасын құм толы қаптармен қаптау да алапат жарылыс толқынынан құтқара алмайды. Жолдар зымырандар жарылысынан ойдым-ойдым, көшелерге кірпіштер, сынған ағаштар шашылған. Төбесі опырылып түскен ғимараттар жетерлік", – дейді Марина.

Шебекино тұрғындары округ мэрі Владимир Ждановтың "Вконтакте" желісіндегі постының астына пікір қалдырып, Белгород облысының билігі балаларды тек ақшаға эвакуациялап жатқанына шағымданды. Балаларды қауіпсіз жерге көшіру үшін оларға 3 мың рубльден төлеуге тура келіпті.

"Жанайқайымызды тыңдаңыздаршы! Кеше ғана балаларды Воронеж облысындағы лагерге аттандыра алдық. Тізімге кіру үшін небір айлаға баруға тура келді! Барлығы тегін болатынына уәде етіп еді. Соңғы мезетте жол ақысын төлеуді талап етті. Екі балаға 6 мың рубль беруге мәжбүр болдым. Қолда бар қаржыны тегіс беруге тура келді", – деп жазды тұрғын әйелдердің бірі.

"Можем объяснить" телеграм-арнасы балаларды эвакуациялау үшін ақы жиналғанын басқа да әйелдер растағанын мәлім етті.

Бұған жауабында В.Жданов: "Балаларды алыс қашықтыққа жайсыз мектеп автобусымен тасымалдамау үшін сондай шешім қабылданғанын" хабарлады. Бірақ бұған бөлінген бюджет қаражатының қайда кеткені туралы ләм-мим демеген.

"Вконтактедегі" Белгород облысының парақшасында Грайворон және Шебекино қалалық округтерінен бір күнде 600 бала көшірілгені айтылған. Оның үш жүзі – Калуга облысына, қалған үш жүзі – Ярослав облысына жолданды. Бұдан бұрын 300 ресейлік оқушы Воронеж облысына, "Ландыш" лагері аумағына әкетілген. Шекаралық өңірлердегі соғыстан ыққан ресейлік балаларды қабылдауға Пенза облысы, Ставрополь өлкесі, Санкт-Петербург және Қырым дайындалып жатыр.

Ересектер майдан даласынан алыстау облыстарда жасақталып жатқан уақытша орналастыру пункттеріне (ПВР) жатқызылуда. Бірақ оларға да соғыс таяп келмесіне кепіл жоқ.

Өйткені Украина тарапынан зымырандар, камикадзе дрондар жеткен РФ өңірлері арасында Мәскеу және Мәскеу облысы, Адыгея, Қырым, Севастополь, сонымен қатар Белгород, Курск, Брянск, Ростов, Краснодар, Воронеж, Тула, Саратов, Псков, Тверь, Калуга, Рязань және Орлов облыстары бар.

Батыс ақпарат құралдарында "Орыс көтерілісшілері" деп атала бастаған РДК қозғалысы өзінің басты миссиясы ретінде Ресейдің Украинамен шекаралас 100 шаршы шақырым жерін басып алып, сонда "Демилитаризацияланған аймақ құруды" атады.

Белгород облысы да осы аумаққа кіретін болса керек. Соның ішінде ресейлік Шебекино қаласы және осы аттас аудан үшін қиян-кескі шайқастар жүруде. Облыс губернаторы Вячеслав Гладков Шебекиноның өзі де, оның ауданы да "Градтардан" үздіксіз атқыланып жатқанын" мойындады. Ресейлік Baza таблоидының мәліметінше, қалаға тек 1 күн ішінде дүркін атыс жүйелерінің шамамен 300 заряды, минометтардан атқыланған 220-дан астам мина және шамамен 170 артиллериялық снаряд ұшып келген.

Соған қарамастан, Кремль әлі күнге шекаралық өңірлерден ересектерді жаппай эвакуациялауды бастаған жоқ. Тіпті Төтенше жағдай режимі де енгізілмеді. 

Ресейлік "Важные истории" басылымы жергілікті тұрғындардың пікірін ұсынды.

"Біздің қаламыз енді жоқ. Билік ешқандай төлем жасап жатқан жоқ. Сіздерге бос сөзді қойып, заттарыңызды жиып, Ресейден аулаққа кетуге кеңес беремін. Мұны барынша тез жасаңыздар", – деді басылымға сұхбатында Шебекинода тұратын әйел.

Оның өзі қала маңындағы селодағы қарт әжесіне қарайлап қалыпты. Елді мекенде жарық жоқ, газ бен су беру де доғарылған.

Тұрғындар губернатор жариялаған қауырт желіге қоңырау шалып, эвакуация жайын сұрауға ынтығуда, бірақ екі күннен бері желіде ешкім жауап бермейді.

Ақпарат құралдары шекара жанындағы елді мекендерден басшылар жаппай қашып жатқанына назар аудартуда. Белгород облысының губернаторы Гладков Украина жағынан орыс жасақтарының алғашқы рейдтары басталғанда, отбасын ұшаққа отырғызып, Ресейдің ішкері өңірлеріне жолдап үлгерген. Журналистер шекарамаңы қалаларының вокзалдары жолаушыларға лық толы екенін суреттеді.

"Белгород облысында "Градтар" мен минометтардың үздіксіз атқылауынан үйлер, көліктер жанып жатыр. Мысалы, кешелі бері Парковая,3 мекенжайындағы көп қабатты үй өртенуде. ТЖМ қайда? Біздің қаламыз Донбастан кем бе? Онда барлық қызметтер өз орнында, ал бізді не сыртқа шығармайды, не құтқармайды!", – деп әлеуметтік желіде ашынысын білдірді жергілікті тұрғын Наталья.

Мысалы, ресейлік әскерилер Шебекиноны қоршап, 3 пост құрған. Олар қаладан ешкімді сыртқа аттап бастырмайды. Бағынбағандар диверсант деп танылып, атып тасталуы мүмкін. Блокададағы жұрттың азығы, суы таусыла бастаған, оларды жеткізу қашан жолға қойылатынын білмек болғандар 112 қызметіне хабарласа алмады.

"Су мен азық жеткізуге операциялық ахуал мүмкіндік бермейді. Сондықтан ПВР пунктеріне өз бетінше жетуге кеңес береміз", – деп мәлім етті мэр Владимир Жданов.

Бірақ уақытша орналастыру пункттері де қауіпсіз емес. 30 мамырда Белгород қаласындағы сондай пунктердің біріне қаңғыған зымыран тиіп, жарылған: бір адам мерт болды, екеуі жараланды.

Сарапшылар шекара жақтан шағым боратып жатқан ресейліктердің арызын талдай келе, олардың ешқайсысы осыған түрткі болған соғысты тоқтатуды талап етіп жатпағанын ескертті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу