Ресейдің Батыспен келесі қақтығысы қай өңірде басталатыны белгілі болды

6447

Бірақ оның барысында қансыраған солтүстік көрші үлкен аумақтан айрылып қалуы ғажап емес. 

Ресейдің Батыспен келесі қақтығысы қай өңірде басталатыны белгілі болды Фото: yandex.kz

Америкалық сарапшылардың байламынша, Ресейдің Батыспен келесі қақтығысы "Жер шарының солтүстік полярлы облысында" болады. Жалпы, қазба байлықтары ұлан-дария, ең бастысы – оның бәрі мәңгілік мұз құрсауында мұрты бұзылмаған күйі жатқан Арктика үшін күресті кезінде Кеңес Одағы бастаған. Бұл тайталас РФ экономикасы тоқыраған тоқсаныншы жылдары тоқтап қалды.

Алайда 2000 жылы Мәскеу тізгінін В.Путин ұстағалы Батыспен осы өңір үшін текетірес жаңа қарқынмен қайта басталды. 2007 жылы тікелей Кремльдің тапсырмасымен РФ зерттеушілері Солтүстік полюстің төменгі жағында, теңіз түбінде ресейлік туды орнатты. Ал 2017 жылы Владимир Путиннің өзі Франц-Иосиф Жері аталатын арктикалық архипелагқа сапарлап, мұз үңгірлерін аралады. 

 Фото: twitter.com

Бірақ ту тігумен іс бітпейді. Арктикаға таласқан державалар оны бір-біріне бергісі келмейді. Ұзақ ғасырлар бойы олар табиғаты асау мінез танытып, ауыздықталмай, мұз жастанып, қалың қар оранып, азат жатқан бұл өңір үшін негізінен ғылыми тұрғыда айтыс-тартыс жүргізді. Арктика – халықаралық бейтарап аймақ күйінде қалды. Онда бұл елдер өзара ынтымақтасып, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізді.

Алайда ғаламшардың жылынуы, климаттың өзгеруі осы полярлық ауданға қатысты геосаяси тартыстың көрігін да қыздырды. Себебі, өңір мұздан қарқынды түрде арыла бастады. Демек, оның қазынасына адамдардың қол жеткізетін күні жақын қалды. Тисінше, еріген мұзтаулармен бірге мұнда алпауыт елдердің стратегиялық мүдделері де бір-бірімен соқтығыса, шарпыса бастаған.

Ұзақ жылдар бойы осы мұзды өлкемен байланысты мәселелерді шешумен, оған көз сұғын қадаған мемлекеттерді өзара ымыраластырумен арнайы халықаралық орган – Арктикалық кеңес айналысып келді. Алайда Мәскеудің Украинаға, яғни Еуропаның шетіне сұрапыл шапқыншылық жасауы бұл кеңестің жұмысын дағдартты.

Салдарынан, арктикалық мемлекеттердің арасында алауыздық туды: Ресейдің соғысқұмарлығы кесірінен "қырық бір жақ, қыңыр бір жақ" дейтін қауіпті жағдай қалыптасуда. Канадалық сарапшы, саясаттанушы Даниэль Боховтың (Danielle Bochove) пікірінше, халықаралық оқшауланған Ресей Батыс елдері енді бірігіп алып, астыртын сөз байласып, өзін Арктикадан ысырып шығарудың қамын ойластырады деп қорқады. Сондықтан РФ пен Батыстың келесі қақтығысын Арктикада күтуге болады екен.

"Арктикалық кеңес – осы полярлық ауданды басқаратын 8 мемлекет арасындағы ынтымақтастықтың басты органы. Бірақ соғыс салдарынан изоляцияға түскен Мәскеу одан тыс қалды. Содан кеңестің де жұмысы қаңтарылып тұр. Оның отырыстары былтырдан бері өткен жоқ және қашан қайта жалғасатынын ешкім білмейді", – деп жазады Bloomberg.

Соның кесірінен, қырғи-қабақ соғыс аяқталғалы өрлеген ғылыми ықпалдастыққа да қатер төніпті. Сонымен бірге өңірде ғасырлық тоң жылдам қарқынмен еріп жатыр. Оның астында жасырулы жатқан миллиардтаған тонна мұнай, алтын, асыл тастар, өзге де пайдалы қазбалар державаларды ынтық етіп, ол ынтымақ жоқ жағдайда ресурстар үшін шайқасқа соқтыруы мүмкін.

Әрине, пенде арасында Солтүстік полюстің қожайыны жоқ. Бірақ Солтүстік Мұзды мұхиттың орталық бөлігін қоршай орналасқан елдердің әрқайсысы одан көбірек үлес алып қалуға тырысады. Бұл ретте олардың тәбеті мен құмарлығы төл аумағының жағалаулық сызығынан әлдеқайда алысқа құлаш ұрып жатыр. Кезінде Кеңес одағы да Арктиканы тұтас болмағанымен, басым бөлігін иемденіп алуға тырысқан. Көздегеніне жетпеді, тарап тынды. Кезек Ресейге келіп тұр ма?

Бұл жерде Блумбергтің зерттеуінде айтылғандай, төрт алпауыттың араны ашылып тұр: Ресей, АҚШ, Канада және Данияның әрқайсысы Арктикаға қатысты өз картасын жасап қойған. Әрине, сол арқылы әрқайсысы өзі үшін көбірек кесек кесіп алғысы келеді. Бұлар мұхиттың түбінде жатқан қазба байлыққа қатысты барынша кең "егемен құқығын" алуға күш салады.

Фото: replyua.net

Әр үміткер 8 елдің Арктикадағы шекарасын сызу үшін континентальды қайраң-шельфтің әрбір мемлекеттен қаншалықты қашыққа созылатынын нақты анықтау қажет. Мемлекеттер өздерінің континенталдық қайраңы Ломоносов жотасы аталатын суасты тау жотасына дейін жететінін мәлімдеді. Норвегия ғана бірнеше жыл бұрын шағын үлеске қанағаттанатынын білдірді.

"Елдер халықаралық су айдынындағы еркін қозғалысқа қарсы болып отырған жоқ. Әйткенмен, осы судың астында тығулы жатқан табиғи ресурстар бұрын болжанғаннан да орасан зор болып шығуы мүмкін. Сол себепті оларды ертерек басып алу қажет. Өрістеп бара жатқан бақталастық салмақты салдарларға соқтыратынға ұқсайды. Канаданың, Данияның және Ресейдің әрқайсысы өз карталарында жалпы көлемі шамамен 283 мың шаршы миль немесе Чили мемлекетінің аумағымен шамалас жерді сырттай меншіктеп қойды. Олар соған егемен құқығын бекітіп алуға ниетті. Бұл ретте Ломоносов жотасы Канададан бастау алып, Данияға тиесілі Гренландияны басып өтіп, Сібірге дейін жетеді. Мысалы, Ресей мұның өңін теріс айналдырып, жота Сібірден басталып, Канадаға дейін жетеді деп санайды және осыны өзінің континенталдық қайраңы есептейді", – деп түсіндірді ғалымдардың кеңесіне жүгінген Блумберг агенттігі.

Дегенмен, Мәскеу Украинадағы соғыста оңбай жеңілсе, тіпті тоз-тоз болса, онда Канадаға дейін көктей өтетін Ломоносов жотасын, тиісінше, Арктиканың басым бөлігін әлі кетіп, қуаты тайған Ресейге ешкім бермесі даусыз.

Бұрынғы жылдары өзін сыпайы ұстап, сырт көз сыншы рөлін ойнаған Америка да осы сайысқа білек сыбана кірісті. Мысалы, АҚШ-тың Жағалау күзетінің алып Healy полярлық мұзжарғышы өңірде белсенді қимылдап, Арктикаға қатысты деректерді жинайды.

Бұл Кремльді тіпті жініктіре түсті. В.Путин 2023 жылғы 31 наурызда қол қойған №229 жарлығымен "Ресей федерациясының Сыртқы саясаты тұжырымдамасын" бекітті. Онда "Арктика" аталған арнайы бөлім бар. Сонда Кремльдің қожайыны өз елінің Артикадағы ұлттық қауіпсіздігіне төнген қатер, "РФ Арктикалық аймағын әлеуметтік-экономикалық дамыту"  туралы сөз етеді.

Осы мақсатта Мәскеу "қастық пиғылдағы мемлекеттердің Ресейдің Арктикадағы егемен құқығын жүзеге асыру мүмкіндіктерін шектеуге және өңірді милитаризациялауға деген бағытын нейтрализациялауды" сыртқы саясатының басымдығы деп белгіледі. Сонымен қатар "РФ ішкі теңіз суларының тарихи қалыптасқан халықаралық, құқықтық режимін өзгерту" талаптарымен ол аяусыз күреспек. Мұның нені білдіретіні белгісіз. Тарихты қалағанынша бұрмалаған Путин әріде Көк түрік, мәмлүк бабаларымызға, бертінде Украинаға тиесілі Қырымды да өзінің "төл тарихи мекені" деп жариялағаны мәлім.

Масқара болғанда, соңғы жылдары осы жарысқа Қытай да қосылып, Арктикадан алпауыттық үлесін алуға мүдделі екенін танытып отыр.

Өз кезегінде АҚШ Мемлекеттік департаменті мұзды өлкеде соғысты қаламайтынын паш етіп, бітімгершілікке шақырды және РФ мүше Арктикалық кеңестің жұмысын қолдайтынын жариялады. Сонымен қатар Мәскеуді Украинаны оккупациялау райынан қайтармай, бұл ұйымның жұмысы да жандана алмайтынын нықтады.

"Ресейдің Украинаға қарсы соғыс жүргізуі Арктикалық кеңес жұмысына тән ынтымақтастыққа, үйлесімді іске және өзара әрекеттестікке кедергі келтіреді", – деп мәлімдеді Мемдепартамент.

Бір ғажабы, таяуда Финляндия НАТО-ға мүше болды. Алда Швецияның да өтініші қанағаттандырылып, ол әскери блокка кіруі мүмкін. Сонда Ресей Солтүстікатлантикалық Альянсқа қосылмаған жалғыз арктикалық мемлекет болып қалады.

"Болашақта Арктика жаһандық саясаттың мүдделері тоғысатын басты бір орынға айналады. Жарты ғасыр өткен соң құрлықтағы мұнай мен газдың соңғы тамшылары өндіріліп, сирек жер металдарының соңғы түйірі терілуі мүмкін. Міне, сонда тағаты таусылған жаһан жұртшылығының назары Арктикаға толық ауады. Міне, сонда оның теңіз түбіне деген талаптар мен таластар ушығады", – дейді арктикалық қауіпсіздік сарапшысы, Fridtjof Nansen атындағы Норвегия институтының аға ғылыми қызметкері Андреас Остхаген (Andreas Østhagen).

Әлгінде айтылғандай, Ресей, Дания және Канада полюсті көлденең кесіп өтетін Ломоносов жотасы дәл өзінің жағалауынан басталып, Солтүстік Мұзды мұхиттың орталық бөлігіне дейін созылып жатқанына табандауда. БҰҰ Теңіз құқығы жөніндегі конвенциясына сәйкес, бұл полярлық тұңғиықта тұнып жатқан ылан-ойран табиғи ресурстарды игеруге егемен құқықты ұсынады. Бірақ әзірге жотаға таласқан елдердің ешқайсысының мерейі үстем болған жоқ. Оның үстіне АҚШ БҰҰ Конвенциясын ратификацияламай қойды. Вашингтондағы Уилсон орталығының Полярлық институтының директоры Ребекка Пинкустың (Rebecca Pincus) болжамынша, Америка бұл өңірде төл ойын ережесін таңуы да ықтимал. Себебі, Құрама Штаттар Арктикаға қатысты ондаған жылдардан бері тоқтаусыз деректер жинауда. Оның талап-претензиясы да сол мәліметтерге құрылмақ. Институт басшысы Американың бұл шайқасқа араласатынына күмәнданбайды: өйткені жаһандағы №1 алпауыт осы өңірдегі соңғы ресурстардың қалай пайдаланылатынын бақылауда ұстауға мүдделі болады. 

Ендеше адамзатты алда қазіргіден де ірі геосаяси қақтығыстар, тіпті ұлы жорықтар күтіп тұрғанға ұқсайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу