Ресейдің "ең қымбат бренді" Еуропа нарығынан ақыры аласталды

2711

Компания енді бар күш-жігерін ресейлік "адал нарығына" шоғырландырмақ. Қарапайым тілге аударғанда, орыс елінде оқшауланады.

Ресейдің "ең қымбат бренді" Еуропа нарығынан ақыры аласталды Фото: investforesight.com

Сбербанк еуропалық нарықтан толығымен кетті. Банктік кредиттік ұйым австриялық еншілес банкін сату бойынша мәмілесін жапты. 

Осылайша, Батыс Ресейдің №1 банкін өз аумағынан толық аластап отыр.  

"Сбербанк тобы Австриядағы Sber Vermögensverwaltungs AG in Abwicklung (бұған дейінгі атауы — Sberbank Europe AG) еншілес компаниясының акцияларын 100% сату бойынша мәмілені жапқанын жариялайды. Акцияларды толығымен Штефан Зочлинг бақылауындағы австриялық компания сатып алды. Осылайша, Сбер еуропалық банктік нарықтан толығымен шықты. Мәмілені жүзеге асыру үшін реттеуші органдардан барлық қажетті рұқсаттар алынды", – делінген Сбер тобы таратқан хабарламада.

Сарапшылардың бағалауынша, Мәскеудің Украинаға шапқыншылығы салдарынан Ресейдің тарихындағы ең табысты банктік мега-жобасы күйреп отыр. 

Енді Сберге төл сайтындағы өзі туралы ақпаратты өшіріп, қайта жазуға тура келетінге ұқсайды. Себебі, ондағы ұзақ жылдар бойы мақтаныш болған деректер енді шындыққа жанаспайтын болды. Өтірік саналады. 

"СберБанк бүгінде Ресейде ғана емес, сонымен бірге Орталық және Шығыс Еуропадағы аса ірі банк. Сонымен бірге жетекші халықаралық қаржы институттарының бірі. СберБанк ресейлік ең қымбат бренд және әлемдегі ең қуатты банктік бренд (Brand Finance нұсқасы бойынша). Біздің мақсат – СберБанкты әлемдегі ең үздік қаржылық және технологиялық компаниға айналдыру", – делінген Сбер тобының ресми сайтында.

Бүгінде, міне, Сбер осы айтылғандардың бәрімен "қош айтысты".

Оған әлемдік шыңдарды бағындырып, жаһандық биік белестерге көтерілу бұдан былай үш ұйықтаса түсіне кірмейтін болды. Неге? Өйткені батыстық санкциялар РФ ең қымбат брендін РФ аумағына "қамап" тастады. 

Егер Кремль соғыс ашпағанда, бұл бренд шынымен де жаһанды жаулап, төрткүл дүниенің әрбір түкпіріндегі елдің төрінен орын алатын еді. Ресей көршісінің аумағына баса-көктей енгенге дейін ресейліктер де, қазақстандықтар да Сбер карталарын дүниежүзінің барлық дерлік елінде пайдалана алатын еді. Ол заман келмеске кеткен сияқты. 

Осы "тарихи оқиғаға" түсініктеме берген Сбербанк басқарма төрағасының бірінші орынбасары Александр Ведяхин еуропалық майшелпек нарықты "қимай кетіп, симай кетіп" бара жатқандарын жасырмады. 

"Бізді Sberbank Europe AG еуропалық еншілес банкімізді шетелдік инвесторға сатуға әлемдегі ағымдағы ахуал итермеледі. Біз қол жеткізілген мәміленің шарттарына қанағаттандық. Сбер Ресейдегі қаржылық қызметтерді дамытуға шоғырланады. Ресейде біздің 106 миллион адал, лояльды клиентіміз бар. Дегенмен біз үшін достық пейілдегі елдер де перспективаға ие", – деді Александр Ведяхин.

Ол мәміле сомасын жариялаудан бас тартты. Сбер тобының хабарламасында сатып алған компанияның нақты атауы айтылмаған. Ал сатып алушы компанияның қожайыны деп аталған Штефан Зочлинг – австриялық Remus бас директоры және қаржылық директоры болып табылады. Бұл компания автомобилдер мен мотоциклдер үшін спорттық шығарынды газ құбырларын (спортивные выхлопные трубы) өндіреді. Әзірге Remus Group компаниясының сайтында және әлеуметтік желілерінде мәмілеге қатысты хабарлама жоқ. 

Сбер Украинаға ресейлік басқыншылық басталған алғашқы кезеңде бірден дамыған елдердің санкцияларына ілікті. Ресейдің банктік алпауытына қарсы бүкіл Еуропалық Одақ елдері, АҚШ және Ұлыбритания қаптаған шектеулер мен тыйымдар енгізді. Бұл оның шетелдегі еншілес ұйымдарына банкрот болу қаупін туғызды. 

Бірінші болып оны Қазақстан Үкіметі құтқарды: билік "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі арқылы Сбербанк Қазақстан еншілес банкін сатып алды. Қазақстан да бұл банкті қаншаға сатып алғанын әлі күнге айтпай, халықтан жасырып отыр. Бүгінде ол банк "Береке банк" аталатыны мәлім. 

Сонымен қатар дәрменсіз жағдайға жеткен Сбер өзге де бизнестерінен арылуға мәжбүр болды: Okko онлайн-кинотеатрын сатты, "СберЗвук", "Эвотор" және SberCloud қожайыны болудан қалды. 

Сбер құрамына "ЦРТ тобы" кіретін. Бұл компания айтылған сөзді тану және синтездеу, аудио-видео ақпаратты өңдеп, талдау, дауысты жазу және биометрия саласындағы инновациялық жүйелерді әзірлеумен айналысқан. Осы бағыттардағы өнертабыстар мен жетістіктер ресейлік арнайы органдардың жаһандағы қуатын арттыруға, тіпті ресейлік жасанды зерделерді өрістетуге серпін беретін еді. Сберге бұл топты да қаржыландыруды тоқтатуға тура келді. 

Былтырғы тамызда Сбердің Чехиядағы еншілес банкі сатып алушы таппай банкрот деп танылды. Ал қыркүйекте Сбербанк ауқатты Швейцариядағы Sberbank Switzerland AG еншілес банкін өткізуге мәжбүрленді. Оны швейцариялық m3 Groupe Holding SA инвестициялық тобы иеленді. 

Ресейде шоғырлану деген нені білдіреді? 

Сбер бұрын, 2014 жылдан бері ресейлік қоғамның тегеурінді сынына төтеп беріп, халықаралық санкцияға ілікпеу үшін Қырым жаққа аяқ басудан ат-тонын ала қашып келді. РФ-тан басқа барар жер, басар тауы қалмағасын, банк биылғы қаңтарда аннексияланған Қырым республикасында жұмысын бастайтынын жариялады. Нәтижесінде, ол Украинаның отарланған территориясында бөлімшесін ашқан алғашқы ресейлік ірі компанияға айналды. 

Бұдан бұрындары Сбербанк Шығыс Еуропадағы – Босния мен Герцеговинадағы, Хорватиядағы, Венгриядағы, Сербиядағы және Словениядағы банктерін сатып үлгерді. 

"Сбер" басшысы Герман Грефтің айтуынша, Батыстың банк саласындағы халықаралық санкцияларын айналып өту үшін "Мир" картасының операторы саналатын Ұлттық төлем карталары жүйесіне (Национальная система платежных карт немесе НСПК) балама құру қажет. Өйткені НСПК да батыстық санкцияға ілікті. Бірақ Г.Грефтің айтуынша, ондай балама құруға "Сбердің" енді ешқашан қауқары жетпеуі мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу