Ресейдің тағы бір әуе компаниясы Қазақстан көгіне "жолдама" алды

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
7652

Көлемі жағынан төртінші орындағы ресейлік әуе тасымалдаушы – "Уральские авиалинии" әуе компаниясы Жуковский әуежайынан Астана мен Алматыға ұшуға рұқсат алды. 

Ресейдің тағы бір әуе компаниясы Қазақстан көгіне "жолдама" алды

Осыған орай Ресей Федерациясына жолаушы тасымалдайтын екінші компания әлі белгісіз болып отыр.

Инвестиция және даму министрлігі (ИДМ) хабарлағандай, министрлік атына Ресей ішкі істер министрлігінен "Уральские авиалинии" әуе компаниясына Жуковский-Астана және Жуковский- Алматы бағытында ұшуға рұқсат беру туралы нота түскен.

"2016 жылдың 26 желтоқсанында министрлік Ресей әуе басшылығына "Уральские авиалинии" әуе компаниясының Жуковский-Астана және Жуковский-Алматы бағытындағы рейстерін бекіткені жайлы хат жіберді. Қазақстан мен Ресей әуе компаниялары арасындағы бар уағдаластық негізінде бекітілген екі компания бұл бағытта аптасына 7 рет ұшуы мүмкін", – деп көрсетілген ИДМ хабарламасында.

Қазақстаннан ұшатын екінші компанияның әлі бекітілмегені белгілі болды.

"Екінші тасымалдаушы SCAT болатын шығар. Бұл мақсатта жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл – бір күнде бітетін шаруа емес. Мүмкін SCAT, мүмкін Qazaq Air болуы мүмкін. Басында "қара тізімнен" шығару шарасымен айналысқан болатынбыз, енді Ресейге ұшатын екінші тасымалдаушыны анықтауға жұмыс істеп жатырмыз", – дейді ИДМ өкілдері.

Бірақ нақты қай уақытта ұша бастайтыны белгісіз. Осы материалды жазу барысында SCAT компаниясынан түсініктеме ала алмадық.

"Бұл уағдаластыққа бірнеше рет жүргізілген келіссөз нәтижесінде қол жеткіздік. Инвестиция және даму министрлігі азаматтық авиация комитетінің 2016 жылдың 26 желтоқсанындағы хатында бұл бағытқа бекітілген екі тасымалдаушы аптасына 7 рет ұшуы мүмкін", – деп хабарлады РФ көлік министрлігі.

30 мамыр күні Мәскеудің "Жуковский" әуежайы жұмыс істей бастады. Ол ресми құжаттарда Раменское қаласының әуе айлағы болып көрсетілген. Әуежай халықаралық ұшақтарды қабылдауға ыңғайлы. Әуежайдың артықшылығын пайдалануға ресейлік "ВИМ-авиа", "Уральские авиалинии" және "Ямал" – үш әуе компаниясы, сондай-ақ біздің SCAT компаниясы ықылас білдірді.

Әуежайды салтанатты түрде ашқанға дейін "Рампорт Аэро" компаниясының бас директоры Томас Вайшвилла мен SCAT әуе компаниясының президенті Владимир Денисов ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Осының негізінде компания Қазақстанның 7 қаласынан, оның ішінде Астанадан Жуковкийге (Раменское) апатасына 2 рет ұшпақ. Инвестиция және даму министрлігінің азаматтық авиация комитеті Ресейдің авиация басшылығына Астана – Жуковский – Астана бағытына ұшуға SCAT әуе компаниясын бекіткені туралы хат жіберген болатын. Ресей жағы барлық қажетті рәсімді жасады.

"Бірінші рейс 20 шілдеге жоспарланған болатын, алайда Қазақстан авиация басшылығынан ұшуға куәлік алмағандықтан, ұшпай қалды. Бүгінгі күні әуе компаниясы ұшуға арналған куәлікті беруден неге бас тартқаны туралы ресми жауап алмады", – дейді SCAT әуе компаниясы баспасөз қызметінің басшысы Виктория Ульянова.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу