Ресейдің тыққан жүздеген миллиард қаржысын Батыс ақыры тауып алды

3066

Енді оларды соғыстан кейін Украинаны қалпына келтіруге бағыттау тетіктері пысықталып жатыр.

Ресейдің тыққан жүздеген миллиард қаржысын Батыс ақыры тауып алды Фото: inbusiness.kz

Еуропалық Одақ РФ Орталық банкінің 200 миллиард еуродан (215 миллиард доллардан) астам сомадағы активін тауып, бұғаттады. Бұл туралы Еурокомиссияның өкілі Кристиан Виганд жариялады.

Бұдан бөлек, Еуроодақ ресейлік олигархтарға, санкциялық қара тізімдегі жеке тұлғалар мен компанияларға тиесілі 24,1 миллиард еуроны әшкерелеп, оларды да бұғаттады. ЕО Путинге және оның соғысына азды-көпті қатысы бар 1,5 мыңдай тұлғаға санкция салған.

Bloomberg мәліметінше, Еуропалық Одақ елдері бұғатталған ресейлік активтерге қатысты жаңа деректерді хабарлады. Себебі, Ресейге қарсы санкциялардың 10-шы пакеті аясында банктер өздерінде сақтаулы тұрған РФ Орталық банкі активтерінің мөлшері туралы ақпаратты жария етуге міндеттелді. 

Әйтпесе, 2022 жылдың желтоқсанында және биылғы жыл басында халықаралық ақпарат құралдары РФ Орталық банкінің дамыған елдерде сақталып келген 300 миллиард долларлық активтерін Еуроодақтың таппай қалғанын жариялады. Ресейлік мемлекеттік резервтер көлемі бұл сомадан әлдеқайда аз болып шықты. Былтыр Батыс елдері мәлімделген активтердің үштен бір бөлігін немесе 80-100 млрд долларға жуығын ғана анықтап, тұтқындай алды.  

Жалпы, Украинаға шапқыншылық жасаған соң Мәскеуге қарсы санкция енгізген елдерде ресейлік 300 млрд доллар активтің қалғанын былтыр РФ Орталық банкінің төрайымы Эльвира Набиуллина мәлімдеген болатын. Осы мәлімдемеден кейін еуропалық құзырлы органдар Украинаны қалпына келтіруге жұмсау үшін аталған "үшжүзді" іздеуге білек сыбана кірісті. Ақыры сонша көлемдегі активтердің сайда санын, құмда ізін таба алмаған. Мұны батыстық беделді ақпарат құралдарына Еуроодақтың қаржы билігіндегі бірнеше дереккөзі растады.

Содан 2023 жылғы 21 ақпанда Еуропарламенттің 51 депутаты Еуропалық кеңестің төрағасы Шарль Мишельге және Еурокомиссияның төрайымы Урсула фон дер Ляйенге сауал жолдады. Онда еуродепутаттар РФ пен Путинге жақын ресейлік бизнесмендердің ЕО аумағында бұғатталған қаражатының көлемін және олардың қай жерде орналасқанын хабарлауды, бұғатталған ресейлік барлық активтің бірыңғай тізілім-реестрін құруды талап етті.

Еуропарламентарийлер әлі күнге дейін еуропалық ортақ тізілімнің жоқтығын сынады. Себебі, олардың айтуынша, Еуроодаққа мүше елдер өз территорияларында тұтқындалған ресейлік қаражат пен мүлікке қатысты ақпаратты Еурокомиссиямен бөліспейді. Мұны олар Кремльмен астыртын ойынға, жасырын мәмілелесуге пайдалануы мүмкін. Сондықтан Еуропарламент ұйымның ұлтүстілік органын одаққа қатысушы елдерді мәлімет бөлісуге иліктіруге шақырды.

Тиісті ақпарат жиналған соң Еуропалық кеңес пен Еуропалық комиссия ол қаражаттарды Украинаның соғыстан қираған қалалары мен инфрақұрылымын қайта тұрғызуға, елді өркендетуге пайдалану бойынша ортақ тәсілдеме әзірлеуі шарт.

Жалпы, соғысқа бірнеше жыл дайындалған Мәскеу шетелдегі активтерін жасырудың түрлі схемасын жүзеге асырды. Дегенмен Батыстың құзырлы органдары ресейлік шетелдік активтерді басқарудың күрделі құрылымының байыбына барып, ұштығын тауып жатыр. Нәтижесінде, өзге елдердің резиденттері болып табылатын жеке және заңды тұлғалар атындағы дүние-мүліктер шынында Ресейдің және Кремльдегі биік лауазымды тұлғалардың меншігі болып шығуда. Ресейлік капиталдың үлкен бөлігі оффшорлық аймақтарда жасырылған, сонымен қатар Батыс санкцияларына қосылмаған елдердегі қаржылық ұйымдардың басқаруына берілген. Еуроодақ олармен бұғаттау бағытында ынтымақтастықты жолға қойып жатыр.

Еурокомиссияның өкілі Кристиан Вигандтың айтуынша, ЕО Ресейді соғыс қимылдары барысында Украинаға келтірген шығынының орнын толтыруға міндетті түрде мәжбүр етеді. Бұғатталған қаражат соның өтемі болуға тиіс. Ол бүгінде бұғатталған активтерді Ресейдің рұқсатынсыз және келісімінсіз жұмсаудың заңды тәсілдері мен тетіктерін Еуроодақтың зерделеп жатқанын қосты.

Нақты ұсыныстар алдағы маусым айында өтетін еуропалық саммитте талқыға салынады.

Ресейлік активтерді Украинаға беру бастамасын былтырғы жыл басында Киев ілгерілете бастаған болатын. Батыс бұған қарсыласып бақты: бір жағынан, ол бұғатталған қаражаттарды Мәскеуге өз әскерін Украина жерінен алып кетуге көндіретін қысым құралы ретінде ғана қолданбақ болды. Яғни, келіссөздердегі сауданың бір нысаны ғана болды. Егер Кремль соғысын тоқтатқанда, активтерін мұрты бұзылмаған күйі қайтара алатын ба еді. Екінші жағынан, дамыған елдерде кез келген жекеменшік "қасиетті" саналады және оған иесінің рұқсатынсыз қол сұғуға болмайды. Ал мына жағдайды оны иесінің наразылығына қарамастан, тартып алуға тура келмек.

Ақыры ұзақ ырғасқан, табандап баққан Еуропа былтырғы күзде Киевтің бастамасына бас иді: 2022 жылғы қарашада Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен ресейлік активтерді Украинаны қалпына келтіруге пайдалану туралы ұсынысты жариялады. Осылайша, жарылыстан көз ашпаған елге өтемақы жасау жоспары түзілді. Ұсыныс РФ Орталық банкінің өтімді активтерін инвестициялауға арналған жеке қор құруды көздейді. Мәскеу мұны "тонау" деп бағалады және Украинаның қалаларын тып-типыл етіп талқандауды тың қарқынмен жалғастырды. Бүкіл қыс бойы көршісінде гуманитарлық апатты қолдан жасау үшін украиналық жылу-энергетикалық кешендерді зымыранның түр-түрімен үстемелете соққылады. Сөйтіп, Украинаға төлеуге тиіс өтемақысының сомасын еселеп арттырып алды.

"Ресей өз қолымен жасаған айыбын өз мойнымен көтеруге, өз қаржысынан өтеуге тиіс. Кең ауқымды соғыс салдарынан Украинаға келтірілген шығын бүгінде 600 миллиард еуроға бағаланады. Ресей және оның олигархтары осы шығынның бәрін өтеуге тиіс болады. Ресейді өз шығынының орнын толтыруға мәжбүрлейтін құралдар бізде бар", – деді биылғы жыл басында фон дер Ляйен.

Украина Президенті Владимир Зеленский украиналық мамандардың есептемелеріне жүгініп, Украинаны соғыстан кейін қалпына келтіруге ең кемі 1 триллион доллар қажет болатынын мәлім етті.

Демек, Батысқа өз аумақтарындағы және бүкіл әлемдегі ресейлік активтердің қазіргіден де көп көлемін тауып, бұғаттап, тәркілеудің амалын қарастыру қажет болады. Оның жолын таппаса, сонша орасан зор қаражатты төл салық төлеушілерінің қалтасынан суыруға тура келмек.

2023 жылғы мамырда ЕО дипломатиясының басшысы Жозеп Боррель де Украинаға ресейлік қазына жұмсалатынын растап, тиісті ұсыныс жасады.

Қазіргі уақытта осы мәселені Еуроодақта кілең сайдың тасындай іріктелген, білікті, тәжірибелі мамандардан құралған арнайы жұмыс тобы зерттеп жатыр. Осы топ РФ мүлкін пайдалану үшін еуропалық заңнама аясындағы заңды тәсілдерді түзіп шығуы қажет. Мәселен, санкция астындағы ресейліктердің шетелдегі жеке активтерін тұтқындап, Украина пайдасына бағыттау үшін жаңа заңнамалық норма енгізілуі мүмкін. Оған сәйкес, коррупция, лас ақшаны заңдастыру және еуропалық санкциялардан жалтару – жеке тұлғалардың дүние-мүлкін, соның ішінде қаржыларын тәркілеуге негіз болуы ықтимал.

Бұған қоса, Еуропалық Одақ ресейлік миллиардерлерді ғана емес, олардың қазіргі және бұрынғы отбасыларының мүшелерін де қудалау үшін нақты құқықтық негіз түзеді. Бұл санкцияларды қатайту және тиімді ету жолындағы маңызды қадам болмақ. Нәтижесінде, Путинді қолдау арқылы ауқат жиған орыс байлары өз мүлкін ажырасқан жұбайының немесе шетелдегі балаларының атына жаза салып, онысын санкциядан құтқара алмайды.

Қорыта айтқанда, Ресей енді Украинадағы қылмысы үшін жауапкершіліктен, соның ішінде қаржылық өтемнен жалтарып кете алмайды. "РФ Украинаны қиратқаны үшін ақы төлеуге тиіс" деген қағиданы таяуда өткен "Үлкен жетілік" саммитінде әлемдік державалар мақұлдады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу