Ресейліктер Шенген үшін шайқаста жеңіліп қалды

3292

Шетелге шығу жолдарының жабылуы РФ тұрғындарын Қазақстан азаматтығын алуға итермелеуі мүмкін.

Ресейліктер Шенген үшін шайқаста жеңіліп қалды

Ресейлік трэвел блогерлер You Tube арналарында, әлеуметтік желілерде, Tik Tok-та бір маңызды трендке назар аудартып жүр. Әлемдегі көптеген мемлекеттердің, әсіресе дамыған елдердің шекарасын кесіп өткенде, РФ паспорты барлар қатаң тексеріледі, тіпті арнайы бөлмеге алып кетіп, шабадандарын ақтартқызады. Сонымен бірге посткеңестік өзге елдердің, мысалы, Қазақстанның азаматтары паспорттық тексеруден тез, қиналыссыз өтіп кетеді. Көршінің азаматтарының бұл тауқыметіне енді ұжымдық Еуропаның виза беруді күрт қиындатуы қосылып отыр.

Осының алдында барлық ресейліктерге Батыс елдеріне кіруге толық тыйым салуды Украина Президенті Владимир Зеленский ұсынған.

Оның байламынша, толық оқшаулану диктаторды қолдап отырған бүкіл Ресей халқын жауапкершілікке шақыруға мүмкіндік береді және осы арқылы оларды Владимир Путинге ықпал етуге итермелейді.

Сонымен бірге Ресей Украинаға шапқыншылық жасап, халықты қанға бөгіп жатқанда, РФ тұрғындарының Еуропада қыдырып, саяхаттап жүргені жарамайды.

Бұл бастаманы Еуропаның Ресеймен шектесетін елдері қызу құптады. Эстония Премьері Каи Каллас барша ресейліктерге Шенген визасын беруге, тіпті турист ретінде келуге тыйым салуды ұсынды.

Оның пайымдауынша, Еуропалық одаққа кіру адамның құқығы емес, артықшылық-привилегия. Ол авиақатынастардың жабылмауы кесірінен Эстония, Швеция, Латвия, Финляндия секілді көрші елдерге ауыртпалық түсіп жатқанын түсіндірді.

Росстат дерегінше, 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында 8,5 миллион РФ тұрғыны түрлі мақсатпен шетелге ауған. Оның 1,5 миллиондайы Қазақстанды бетке алса, қалғаны Еуропа, АҚШ, Түркия, Грузия және БАӘ-ге қоныс аударды. Әрине, олардың белгілі бір бөлігі қаражаты таусылған соң, еліне қайта оралуға мәжбүр болды. Себебі халықаралық банктер РФ тұрғындарының бәрінің есепшотын бұғаттап тастады.

Алда босқындар саны артуы ықтимал. Сондықтан Еуроодақ ресейліктерге жеңілдетілген виза беруден бас тартуға шешім қабылдады. Осы аптада ЕО Сыртқы істер министрлері Прагадағы кездесуде Ресеймен арадағы оңайлатылған визалық режим туралы келісімнің күшін тоқтата тұруға келісті. Еуропалық сыртқы саяси ведомствоның басшысы Жозеп Боррельдің мәлімдеуінше, бұл РФ азаматтарының ЕО-ға келуін күрделендіреді, визаны қымбаттатады.

Әрине, сонымен бірге ресейліктерге Шенген визасын беруді толық тоқтату ұсынысы өтпей қалды. Франция, Германия құптамай тастаған. Ал ЕО-да барлық шешім тек консенсуспен қабылданатыны мәлім.

Дегенмен Боррельдің пікірінше, Прагада қабылданған шешімнің өзі Еуропаға кіретін ресейліктер санының еселеп қысқаруына әкеледі.

"Виза алу айтарлықтай қиындатылды. Ал оны алу процесі ұзақ уақытқа, жарты жылға және одан да ұзаққа созылуы мүмкін. Шенген визасының құны қазіргі 35-тен 80 еуроға дейін өседі. Сондай-ақ одақ мүшелері РФ тұрғындарына ұзақ мерзімді Шенген визаларын беруден бас тарта алады", – деді ол.

Яғни РФ азаматтарына виза беруден әр мүше ел өз бетінше бас тартуға құқылы. Қалай болғанда, ЕО СІМ басшылары саяси шешімді мақұлдады, ал техникалық жай-жапсары кейінірек айқындалады. Оны Еурокомиссия анықтайды. Ол Ресеймен шектесетін және Шенген аймағына кіретін елдерге ресейліктердің кіруін өз бетінше реттеуге мүмкіндік береді деп күтілуде. Бұл жөнінде Португалияның Сыртқы істер министрі Жуау Гомеш Кравиньу мәлім етті. Өйткені соңғы айларда әсіресе, Финляндия, Эстония және Латвия ресейліктердің алапат тасқынына тап болды. Бұл ретте халқы босқынға айналатындай, Ресей жерінде ешқандай соғыс жүріп жатқан жоқ. Ресейліктердің көбі тек жақсы өмір іздеп босуда. Еуроодақтың Сыртқы істер министрлері олардың арасында тыңшы-шпиондар мен ұйқыдағы ұяшықтарды қалыптастыратын диверсанттар болуы мүмкін деп алаңдайды.

Ж.Боррель ЕО елдерінің "ресейліктердің ерекше топтарына" виза беруге уағдаласқанын жеткізді. Ол санатқа кімдердің енгізілетіні кейін белгілі болады. Бұған дейін соғысқа қарсы шыққан белсенділерге, сондай-ақ журналистерге, студенттерге, 25 жасқа толмаған жастарға визаны жеңілдетілген түрде беру туралы ұсыныстар айтылған. Жастар пропагандамен, агрессивті идеологиямен қатты уланбаған деген дәйектеме айтылды. Бұған жауап ретінде Украина тарапы Буча, Ирпень, Гастомель сияқты қалаларда адам зорлау, бейбіт тұрғындарды қыру, тұтқындарды азаптау сияқты қаскүнемдікпен жасы 25-ке толмаған жас ресейлік солдаттар айналысқанын еске салды. Сондықтан студенттер мен жастарға жеңілдік беру идеясынан бас тартылыпты. Ал РФ журналистері арасында тыңшылар да, пропаганданы Батыста тарату мақсатымен аттанғандар көп болуы мүмкін.

Еуропаға босыған жастардың арасында армиядан қашқандар көп көрінеді. Германияның Миграция және босқындар істері жөніндегі федералдық ведомствосы (BAMF) дезертирге айналу – РФ азаматтарын ГФР-да қорғауға негіз болып табылмайды деген қорытындыға келді.

"Әскери борыш аясында ресейлік армияға шақыру – қорғау құқығын ұсыну үшін себеп болып саналмайды. Басқа мемлекеттер сияқты Ресей Федерациясы да төл қарулы күштерін ұстап тұрудың заңды құқығына ие. Тек қудалау шаралары мен ықтимал жаза шектен тыс қатал болса және әскерде борышын өтеуден бас тарту әскери қылмыстардан құтылудың жалғыз тәсілі болса ғана, бұл себеп назарға алуға тұрарлық болады", – деген түсініктеме берді РФ азаматтарына BAMF.

Әйтпесе, жақсы өмір іздеп, Германияға ауған ресейлік жастар әскерден қашуды жаппай сылтау ететінді шығарған.

Германия билігі РФ-да "шетелдік агент" болып танылған немесе сондай ұйымдармен ынтымақтасқан, бұған қоса ГФР-мен ықпалдасқан ресейліктерге бюрократиялық сергелдеңсіз виза беретінін мәлімдеді. Бұл санаттар аясында әзірге Ресейдің 241 азаматы ғана қабылданған. Оның ішінде 144-і басына қатер төнген оппозиция өкілдері болса, тағы 97-сі – олардың отбасы мүшелері екен. Мұның сыртында жүздеген мың ресейлік туристік, гуманитарлық визамен кіріп алыпты.

ЕО-ның жаңа шектеулері Шенген визасына ие болғандарға да таратылады. Еуропалық елдер қаласа, олардың визасының күшін жойып, елдеріне қуа алады. Еуропа төрінде жүріп, көшедегі шерулерде, жария акцияларда, әлеуметтік желілерде "арнайы әскери операцияны" қызу қолдаған РФ азаматтары қазірдің өзінде визаларынан айырылып, қараң қалған еліне қайтуға мәжбүрленуде. Ондайлар саны алда күрт артпақ.

Өз кезегінде Ресей Сыртқы істер министрлігі ЕО ресейліктерге қарсы визалық шектеу енгізсе, Мәскеу жауап шара қолданатынын ескертті.

Жалпы алғанда, Батыс елдері тек Кремльдегілерге ғана емес, бүкіл РФ азаматтарына сенімсіздік білдіріп отыр. Еуропалықтар тіпті оппозициялық көзқарастағы ресейліктердің ашық айтпаса да, жүрегінің түкпірінде Кремльдің империяшыл идеологиясын жақтауы ықтимал екенін түсіне бастады. Мысалы, Навальныйдың Ростовтағы штабының бұрынғы белсендісі Вадим Кобзев шенеуніктердің қудалауынан қорқып, Грузияға қашқан. Сол жақтан виза алу үшін мамыр айында ГФР елшілігіне жүгініпті. Алайда содан бері ұзақ күттірген Германия ақыр соңында "саяси көзқарасы үшін қуғын-сүргін көру фактісін дәлелдей алмады" деген дәйекпен виза беруден бас тартты. Айтқандай, басын бәйгеге тіге жүріп, Путин режимімен алысқан, сол үшін ұзаққа қамалған Алексей Навальный да Қырымды Ресейдің өзіне қосып алғанын құптаған және әу бастан түркі халықтарына, татарларға тиесілі бұл аралды "орыстыкі" деп санайтынын мәлімдеді.

РФ ФСБ отставкадағы полковнигі, оппозициялық саясаткер Геннадий Гудковтың мәліметінше, соңғы үш айда ғана Еуропаға 1 миллионнан астам ресейлік босқын барды.

"Біз Брюссельде саяси өкілдігімізді құрып жатырмыз. Сол арқылы еуропалық елдермен саяси диалогты жолға қоямыз. Мен өзім осы іске белсене қатысып жатырмын. Путин режимімен күресушілерге, азаматтық позициясын ашық білдірген азаматтарға саяси пана беруіміз керек. Әрине, олардың тұлғасын еуропалық құзырлы органдар енді ұзағырақ тексереді: Петров пен Башировтар (тыңшылар), Симонянның пропагандистері жасырын өтіп кетпеуі үшін қажет. Бірақ ең бастысы – саяси миграция үшін арнаулы арна болуға тиіс. Біз Еуропа елдері түсіністікпен қарайды деген үміттеміз. Әйтпесе, күрескерлер қос қыспақтың ортасында қалады. Бір жағынан, Кремль қудаласа, екінші жағынан Еуропа виза бермей жазалайды", – деді Г.Гудков.

Ресейлік сарапшылар Еуропаның визалық шектеуі Кремльге тікелей зиян келтірмейді дегенді алға тартады. "Өйткені РФ СІМ-і биік лауазымды тұлғалардың өздерін және отбасы мүшелерін, сондай-ақ тыңшыларды дипломатиялық құжаттармен қамтамасыз ете алады". Ал шектеулер ол санатқа таралмайды.

Саяси миграцияның тағы бір тәсілі бар. Барынша шұғыл түрде туристік визамен кіріп, саяси пана сұрау. Бірақ ол жағдайда пана сұраушы жарты жыл, бір жыл бойы ешқайда сапарлай алмайды, жұмысқа тұруына, көлік, баспана сатып алуына мүмкіндік жоқ, құжаттары болмайды. Бұдан бөлек, босқын паспортына ие болған адамға бұдан былай Ресейге қайтуға рұқсат етілмейді екен. Ол пана берген елдің ресми билігін алдау болып танылады. Алайда шетелге қашқан ресейліктердің біразы кейін РФ-ға сапарлап тұруды армандайды, отанынан қол үзгісі келмейді. Мысалы, Г.Гудков өзін төрт жылдан бері қудалаған режим құласа, еліне оралып, анасының қабірінің басына баруды аңсайтынын жеткізді.

Осы орайда қазақстандықтарға виза алу жеңілдеу екен деп, РФ азаматтары жаппай Қазақстан азаматтығын ала бастауы да ғажап емес.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу