Республикалық бюджеттегі салық үлесі төмендеуде

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2606

Есеп комитеті салық жинауды жақсарту бойынша ұсыныстар енгізбек.

Республикалық бюджеттегі салық үлесі төмендеуде

Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунованың сөзінше, бюджеттегі салықтардың үлесі тұрақты түрде төмендеп келеді. Бұл, әрине, жақсы тенденция емес. Сондықтан есеп комитеті аталған мәселе бойынша тиісті ұсыныстар енгізбек. Бұл туралы Наталья Годунова парламент сенатында өткен 2017 жылғы республикалық бюджеттің орындалуы туралы таныстырылым барысында атап өтті.

"Уақытында төленбеген салық көлеміне қатысты оң үрдіс байқалып отыр. Нақтырақ айтсақ, мұндай төлемдер 184 млрд теңгеден 153 млрд теңгеге дейін кеміді. Десе де, республикалық бюджеттегі салықтардың үлесі тұрақты түрде төмендеп барады. Мәселен, 2013 жылы салықтық түсімдер республикалық бюджеттің 68%-ын құраса, былтыр 50%-ға тең болды. Бұл дағдарыс орын алған 2015 жылғы көрсеткіштен де төмен. Неліктен бұлай? Себебі, Ұлттық қордан бөлінетін трансферттің үлесі артып келеді", – деді республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрайымы.

Наталья Годунованың айтуынша, салық түсімдерінің азаюына, салық әкімшілігінің тиімділігіне кедергі келтіретін өзге де факторлар бар.

"Мысал ретінде мемлекеттік қазынаға айтарлықтай көп салық төлейтін ірі кәсіпорындарды алайық. Қолданыстағы әдістемеге сәйкес, жылына 8 млрд немесе 14 млрд теңге төлейтін кәсіпорындардың көбі мемлекеттік салық мекемелерінің мониторингіндегі ірі салық төлеушілердің критерийлеріне сәйкес келмейді. Соның салдарынан олар салық төлеушілердің тиісті бақылау аймағынан шығып кетеді. Бұл өз кезегінде салықты көптеп жинауға мүмкіндік бермейді", – деді Наталья Годунова.

Оның айтуынша, мониторингтегі ірі салық төлеушілердің тізімін қалыптастыру әдістемесін қайта қарау қажет. Сондай-ақ, осыған байланысты салық заңнамасына тиісті өзгерістер енгізу керек. Наталья Годунованың пікірінше, елдегі салық саясаты "көлеңкелі" бизнесті ынталандыруға және шикізаттық емес сектордағы салық базасын кеңейтуге бағытталуға тиіс.

"2017 жылы бюджеттің кіріс бөлігі әлі де болса экономиканың шикізаттық секторына тәуелді екенін көрсетіп берді. 2016 жылы шикізаттық емес сектордан шоғырландырылған бюджетке түскен түсім 40%-дан асса, ал 2017 жылы небары 2,6%-ды ғана құрады", – деді есеп комитетінің төрағасы.

Наталья Годунованың сөзінше, салық түсімдерін арттырудың мүмкіндіктері бар. Мәселен, салықтық заңнаманы "салықтық айырма" секілді бақылау тұжырымдамасымен толықтыруға болады. "Салықтық айырма" дегеніміз салықтық әлеует пен алынған нақты салықтардың арасындағы айырмашылықты білдіреді. Аталған көрсеткіштерді есептеудің тәртібін бекіту керек. Төрайымның сөзінше, бұл бюджетті жоспарлау мен бюджетті орындау жөніндегі уәкілетті органдардың шекті мәндерді қолдануын реттейді. Мұндай тәжірибе экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдерде бар. Ұйымға мүше елдер аталған механизмнің нәтижесінде салықтық айырманың мөлшерін айтарлықтай азайтып отыр.

Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың сөзінше, салықтық түсімдерді көбейтудің бірден-бір жолы – цифрландыру. Бұл ретте, министрдің пікірінше, салықтық-кедендік әкімшілендіруді цифрландыру өз жемісін бермек.

Еске сала кетейік, 2017 жылы республикалық бюджеттің түсімі 101,1%-ға орындалып, 9 трлн 799 млрд теңгені құрады. Ал шығыстар 11 трлн 156 млрд теңгеге атқарылып, 99,8%-ға игерілген.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу