Риэлторлық реттеле ме?

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
5707

Астанада 200-ге жуық жылжымайтын мүлік агенттігі жұмыс істейді.

Риэлторлық реттеле ме?

Қазіргі қазақ қоғамы кез келген қаладан баспана сатып алу немесе жалдап тұрып мәселесінде онша бас қатыра қоймайтын болды. Қалтасында ақшасы бар адамға делдал көмегіне жүгінетін мүмкіндік әлдеқашан туған. Себебі елімізде ірілі-ұсақты риэлторлық компания қаптап кеткен.   

Риэлтор дегеніміз – жылжымайтын мүлiк нысанына қатысты шараны жүзеге асыру саласында арнайы бiлiм алған маман, жылжымайтын мүлiк нарығындағы жол сiлтеушi. Ағылшын тiлiнде "realty" сөзi "жылжымайтын мүлiк" деген мағына бередi және "жылжымайтын мүлiктi сататын агент" деген де ұғымға ие. Білуімізше бұл сөздiң шығу төркіні АҚШ-тағы Риэлторлардың ұлттық қауымдастығының құрылуымен байланысты көрінеді.

Қазақстанда риэлтор қызметі 90-шы жылдары жұрт делдалдықты меңгере бастаған кезде пайда болды. Отандық тұтынушылар "жабайы" қарым-қатынастан заң шеңберіндегі байланысты қалыптастыру әрекетіне көшкен мамандарды риэлтор ретiнде ХХI ғасырда ғана таныды. Қазір елімізде 2007 жылдың 19-шы сәуiрінде Алматыда өткен риэлторлардың III құрылтайы қарсаңында бекітілген "Риэлторлар күнi" мерекесі де бар.

Қатардағы риэлтор негізінен тұтынушыға кеңес беруге, қызмет көрсету туралы келісімшарт жасауға, тапсырыс берушінің сұранысына байланысты жылжымайтын мүлік іздеуге, оны сатуға міндеттеледі. Орта және жоғары білімі, адамдармен қарым-қатынас жасау белсенділігі бар адамға мұндай жұмысты игеру онша қиын емес. Бұл ретте риэлторлыққа тек тәжірибиелі маманды ғана алады деу жаңсақ ұғым. Бірталай риэлторлық компанияда үміткерлерге жаңа кәсіпті үйренуге мүмкіндік беріп, жан-жақты оқытатын бағдарлама бар. Бүгінгі таңда Қазақстан риэлторлары бiрлескен қауымдастығы (ҚРБҚ) еліміздің жоғары оқу орындарында риэлторлар даярлайтын бөлiм ашу бастамасын қолдап отыр. Өйткені бізде олардың біліктілігін арттыратын арнаулы оқу орыны жоқ. Десек те аталған қауымдастыққа мүше "ARE", "Umex", "ЦКН", "Абсолют" сияқты агенттiктерде оқу бағдарламасын АҚШ Риэлторлар академиясымен бiрiге отырып түзген "Риэлторлар мектебi" жұмыс iстейдi.

Баспана бағасы шарықтап тұр

Әлемдік ахуал әлі күнге дейін құбылып, көптеген адамдар "доллар құлдырайды" деп қауіптенгенмен, 2009 жылмен салыстырғанда, Қазақстанда жылжымайтын мүлік нарығындағы баға әжептәуір өскен. Бірақ шаршы метрлер ұлғаймаған.

Астана нарығына маманданған риэлтор, мамандығы бойынша экономист Олжас Елубаевтың айтуынша, биыл тұрғын үй бағасы 7-8%-ға, кейбіреулері 13 %-ға дейін қымбаттапты. Ал баспанасы жоқ елордалықтар көбінесе мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына үміт артады екен.

"Бізге көбінесе пәтер іздеуге бос уақыты жоқ адамдар хабарласады. Мүмкіндігінше әр адамның сұрағанын тауып беруге тырысамыз. Себебі осы арқылы табыс табамыз. Біздің салада бәсекелестік өте жоғары. Бүгіннің өзінде Астанада 200-ге жуық жылжымайтын мүлік агенттігі жұмыс істейді", – дейді риэлтор Олжас Елубаев.

Оның айтуынша, қазір Астанада 20 жыл бұрын салынған үйдің 1 шаршы метрі – 1200-1300 доллар, бизнес-класс – 1600-1700 доллар және элит-класс шамамен 1900-2500 доллар тұрады. Атап көрсетерлігі Астана мен Алматыда "эконом" деңгейдегі баспана үлкен сұранысқа ие.

"Елімізде бір адамға жылына 0,4 шаршы метр үй салынса, Еуропада 1 шаршы метр салынады. Бізде апатты және ескі үйлер өте көп", – дейді Қазақстан риэлторлары бірлескен қауымдастығының президенті Нина Лукьяненко. Оның айтуынша, 2009 жылы үй арзанға сатылды және сатып алушылардың саны күрт кеміп кетті. Бұл бағыттағы іс 2010 жылы қайта жанданды. Нәтижесінде 2011 жылдың алғашқы жартысында баспана сатып алу мен сату мәмілесінің саны 13,7%-ға артты.

"Бұл жерде банктердің пайыздық мөлшерлемелерді азайтуы да елеулі рөл ойнады. Ал қазір халық арасында ипотека аса сұранысқа ие емес. Банктер қарыз алушыларға қойылатын талапты күшейткен. Осыған байланысты 2011 жылдан былай қарай баспаналы болғандардың қатары азайды", – дейді Нина Лукьяненко.

Алайда бұл пікірмен келіспейтіндер бар. "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Әнуар Омарходжаев "Қазақстан ипотекалық компаниясы арқылы арендалық тұрғын үй салу және сатып алу" бағыты бойынша 2015-2016 жылдары Ұлттық қордан 115 миллиард теңге, республикалық бюджеттен 48,3 миллиард теңге бөлінгенін мәлімдеді.

"Тұрмысқа қолайландыру жұмысын әкімдік тек жылы мезгілде, сәуір-мамырда ғана өткізе алатынын ескерген жөн. Осыған байланысты  Ұлттық қордан бөлінген қаражатты толық игеру 2017 жылғы 30 маусымға дейін жүргізіледі. Аталған жоспар президент  әкімшілігімен келісілген", – дейді "Бәйтерек" компаниясының өкілі.

Бұл ретте 2017 жылғы нысандар бойынша 194,3 мың шаршы метрді құрайтын 3 мың 491 пәтер құрылысының келісімшартына қол қойылғанын айта кеткен жөн. Ал арендалық тұрғын үй бастапқы жарнасыз 20 жылға дейін сатып алу құқығымен жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрғандарға ұсынылады.

"Өтінім қабылдау жалғасуда. Біз құрылыс бағасы өңірлерде 1 шаршы метріне 180 мың теңгеден аспайтын және Астана, Алматы, Атырау, Ақтауда 200 мың теңгеге дейінгі өңірлік құрылыс салушылармен белсенді ынтымақтастық орнатуға дайынбыз. Оған қоса тұрғын үйдің жалпы ауданы 80 шаршы метрден аспауы тиіс. Арендалық тұрғын үй тек қана әкімдіктерде кезекте тұрғандарға, ал несиелік тұрғын үй "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" салымшыларына ұсынылады", – дейді Әнуар Омарходжаев.

Негізінде риэлторлық кәсіп туралы заң қабылдап, сол арқылы бір стандартқа жүгініп, бағаны ретке келтіруге болатын сияқты. Әйтпесе бүгінде әр компания өз қызметіне өзі пайыз белгілеп алып, жылжымайтын мүліктің бағасын жасанды түрде қолдан көтеріп отырғаны байқалады.

Қатаң қадағаламаса болмайды

Бар мәселе еліміздегі риэлторлық бизнесте ортақ жүйенің жоқтығынан өрбиді. Мысалы Ресейде қазір риэлторлық компаниялар өз еріктерімен сертификат алып, кәсіптерін сақтандырып жатыр. Бұған қоса олар өзін-өзі реттеу заңнамасын талқыға салуда.

Басқа да дамыған елдерде мемлекет азаматтардың құқығын қорғау үшін риэлторлық қызметті реттеуге белсенді қатысып тұрады. АҚШ-та, Германияда, Канада да риэлторлықты реттеуге қатысты нақты талап қойылған. Ұлыбритания, Бельгия, Испания елдерінде де осындай қызмет нарығын реттеу қызметі ерекше назарға алынған. Сингапурде арнаулы тұрғын үй қоры бар. Әлеуметтік-демократиялық саясаттың нәтижесінде бұл қорда жинақтау жүйесі қалыптасқан. Ол бойынша әр жұмысшы баспаналы болуға құқылы. Яғни жинақтау жүйесіне жұмысшылар өз жалақысынан ай сайын салым жасап отырады.

Еуропа елдерінде жекеменшiк иесi сатуға бекiнген үйiн сатып алушыға өзi көрсетпей, риэлторлардың көмегiне жүгiнедi. Әрбiр сатылатын нысанда риэлторлық компанияның байланыс телефоны көрсетiледі. Бiрiншi кезекте олар ұсынылатын қызметтiң сапасына жауап беруi тиiс. Бізде бұлай емес. Мәселе мемлекет тарапынан реттелмегендіктен туындап отыр. Ал Қазақстан риэлторлары бірлескен қауымдастығы шарасыз. Өйткені оның мүшелігіне небары 60 риэлторлық компания қабылданған. Оның 9-ы ғана аттестатталған.

Қазақстан риэлторлары бiрiккен қауымдастығының бұрынғы президентi Абылайхан Саматдин жылжымайтын мүлік нарығында заңсыз жұмыс істейтіндерді ауыздықтау үшін ғана заң қабылдау керек деген қате түсінік екенін алға тартады.

"Риэлторлық қызмет жылжымайтын мүлік нарығына тікелей байланысты барлық саламен ұштасады. Демек бұл – еліміздің тұрғын үй саясатынан бастап, екінші деңгейдегі банктердің ипотекалық саясатына дейін тығыз қарым-қатынаста қарастырылатын кешенді мәселе", – дейді Абылайхан Саматдин. Ал риэлтор Олжас Елубаев қалай болғанда да риэлторлықты реттейтін заң қажет деп санайды.

"Егер заң қабылданатын болса, ол жылжымайтын мүлік агенттігі мен оның тұтынушыларын "қара маклерден" қорғай алатын еді. Сондай-ақ нарықтан ел бюджетіне түсетін салықтың көлемі күрт артады. Ол үшін риэлторлық компанияларды саналы түрде салық төлеуге міндеттеу жағы заңда қатаң көрсетілуі тиіс. Сонда ғана жылжымайтын мүлікке қатысты барлық операция агенттік арқылы жүргізіледі де, сол арқылы нотариус деңгейіндегі құқыққа ие болған риэлторлар келісімшарт үшін барлық жауапкершілікті өзіне жүктейді. Бұған қоса арнайы заң Қазақстан риэлторларының біріккен қауымдастығына мүшелікке тіркелмеген адамдардың бұл қызмет түрімен айналысуына  тыйым салады", – ­дейді Олжас Елубаев.

Еркеғали Бейсенов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу