Роботтық экономика бір жұмыс орнын жойып, екеуін ашуы мүмкін

7161

Алдағы бірнеше жылда әлемде жұмыстың көбі машиналардың қолына өтеді.

Роботтық экономика бір жұмыс орнын жойып, екеуін ашуы мүмкін

Қыркүйектің 17-де Дүниежүзілік Экономикалық Форум (ДЭФ) жұмыс күшінің келешегіне қатысты ауқымды зерттеуін жария етті. Оған жүгінсек, 2025 жылы әлемде атқарылатын жұмыстың 52%-ы роботтардың қолына өтеді. Яғни мұндай машиналардың еңбек нарығындағы үлесі адам күшінен асып түсейін деп отыр.

Баяндама авторларының сөзінше, осы өзгеріс адамдарды қоғамда "жаңа рөл" іздеуге мәжбүрлеп, оларды машиналармен, компьютерлік бағдарламалармен жұмыс істеуде "сейсмикалық ілгерілеуден" қалыспауға итермелмек.

"2025 жылға қарай қазір адамдар атқарып отырған міндеттердің жартысынан астамы роботтардың қолына өтеді. Әзірге машиналар жұмыстың 29%-ын істеп жатыр", – дейді штаб-пәтері Швейцарияда орналасқан форум өкілдері.

Сонымен қатар проблемаларды шешуге арналған машиналар мен алгоритмдердегі немесе компьютер бағдарламаларындағы күрт өзгерістер  2022 жылға дейін 75 млн адамды жұмыстан ығыстырып, олардың орнына 133 млн жаңа жұмыс орнын ашпақ.  

ДЭФ жыл сайын Давоста саясаткерлердің, бизнес жетекшілерінің, байлардың басын қосып, форум өткізіп тұруымен әйгілі. Оның "Жұмыс болашағы - 2018" деген баяндамасында келешекте роботтар адамдардың орнын негізінен бухгалтерлік есеп, клиент менеджменті, өнеркәсіп, пошта және хатшылық секторларында басатыны айтылған. Ал "адам тәжірибесін" талап ететін сауда-саттық, маркетинг, тұтынушыларға қызмет көрсету, e-commerce, әлеуметтік желілер саласында, керісінше, жұмыс орындары көбейе түсуі мүмкін. 

Баяндама авторларының тағы бір мәлімдемесіне қарағанда, робот экономикасы дамыған сайын шығармашылық, ой еңбегі, үгіт-насихат салаларында жұмыс істеп жүрген адамдарға өздерінің икем-дағдыларын жаңартып отыруға тура келеді.

ДЭФ зерттеушілерінің айтуынша, қазірден 2022 жылға дейін авиация, туризм секторлары өз қызметкерлерін дайындықтан қайта өткізіп, жаңа заман талаптарына үйрете беруі керек. Бұған қоса, зерттеу авторлары үкіметтерге жұмысшылар мен өзге қауымдастықтарды жаңа жұмыс орындарының сапасы мен тұрақтылығына әзірлеуге кеңес беріп отыр.

Қысқасы, ДЭФ-тің болжамынша, жаңа технологиялар жұмыс орындарын жойып қана қоймай, оларды құру мүмкіндігіне де ие. Мұндай жағдай Индустриалдық революиция жылдарында да болған. Сол заманда бу энергиясы мен электр энергиясы жаңа вакансиялардың көптеп ашылуына және орта таптың дамуына көмектесті.

Бұл баяндаманы жасауға әлемнің 20 мемлекетінде 15 миллиондай адамды жұмыспен қамтып отырған компаниялардың басшыларынан алынған сауалнама негіз болды.

Дүниежүзілік экономикалық форумның төрағасы Клаус Швабтың айтуынша, технологиялардан ұту – алдын-ала шешіліп қойған дүние емес және де инновацияның игілігін көру үшін жұмыскерлерді оқытуға, үйретуге, бейімдеуге мол инвестиция қажет болады. Сонымен қатар, оның ойынша, жұмысшыларды роботтық экономиканың қолайсыз тұстарынан қорғайтын әлеуметтік жүйе қалыптастыру өте маңызды.

 "Бұл – үкіметтерді, кәсіпорындарды, оқытушылар мен жекелеген адамдарды әрекетке үндеу. Сондағы мақсат – барша үшін болашақта жақсы жұмыс орындарын ашу", - дейді Шваб мырза.

Британияда жүргізілген сауалнама қорытындысына қарағанда, бұл корольдікте 10 кәсіпорынның сегізі алдағы бес жылда автоматтық жұмыс тәсіліне көшетінін айтқан. Және де олардың жартысы жаңа технологияға бейімделмеген персоналды қажет етпейтінін аңғартып отыр. Ал, "Фабиан қауымдастығы" мен Кәсіподақтар қауымдастығы жүргізген зерттеуге жүгінсек, Ұлыбританияда 6 миллионнан астам адам алдағы 10 жылда өздерінің жұмыс орындарын машиналар басады деп қауіптенеді. Бұл аздай, Англия банкінің ескертуінше, роботтық технологиядан Біріккен Корольдікте 15 миллиондай жұмыс орнына жойылу қаупі төніп тұр.

Кейбір британдық компаниялар болса, қазірдің өзінде автономаттандыру жүйесіне көшіп, адам күшінен бас тарта бастады. Солардың бірі - Shop Direct онлайн ритейлері. Ол биыл тауар тарататын жаңа орталыққа көшетінін жариялай отырып, 2 мыңдай жұмыс орнын жабуы мүмкін екенін хабарлады.

Германиядағы ең ірі кәсіподақ ұйымдарының бірі – DGB-тің ескертуінше, еңбек нарығында мұнша күрт өзгеріс жасау қауіпті.

"Жұмысшылар болсын, тұтынушылар болсын, технология өздеріне қызмет еткенде ғана оны қабылдап, зардабына төзуге дайын", – дейді Райнер Хоффманн күнделікті Welt басылымына берген сұхбатында.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу