Сайлаудан кейін Парламенттегі әйелдер алатын орын үлесі артуы мүмкін - сарапшы

1239

Елімізде әйелдердің саяси және қоғамдық өмірге араласуы қандай деңгейде? Оларға тең мүмкіндіктер берілген бе. Гендерлік теңдікке қол жеткізуде қандай кедергілер кездеседі?

Сайлаудан кейін Парламенттегі әйелдер алатын орын үлесі артуы мүмкін - сарапшы Фото: inbusiness.kz

Inbusiness.kz тілшісі осы мәселе төңірегінде сарапшылардың пікірін білді. 

"Әйел саясаткерлер ынтымақтастық орнатуға көбірек бейім"

Елімізде саясаттағы гендерлік паритетке жету туралы ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Қоғамдық пікірді зерттеу бөлімінің жетекші сарапшысы Гүлназ Қасымова айтып берді. Оның сөзінше, бұл процесс баяу болса да, тұрақты жүріп жатыр.

"2022 жылдың желтоқсан айында әлем бойынша депутаттардың 26,4 пайызын әйелдер құраса, Қазақстанда ҚР Парламентіндегі әйелдер алатын орындардың үлесі 27,4 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш 2011 жылы 17,8 пайызға тең болды. Менің ойымша, 2023 жылғы наурызда  өтетін сайлаудан кейін бұл көрсеткіш одан да көп көтерілуі мүмкін", - деді ол.

Гүлназ Қасымова әйелдердің саяси және қоғамдық өмірге толық әрі тең қатысуы демократияны қолдау мен дамытуда маңызды екендігін жеткізді.

"Қазақстанда 2022 жылы мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі тұрақты, яғни 55,7 пайызды құрайды. Басшылық лауазымдарда 39% әйелдер болса, жергілікті биліктің сайланбалы органдарында (мәслихаттарда) – 30,6%. Алайда әйелдер санаты алуан түрлі екенін түсіну маңызды. Олар тек жасымен, білім деңгейімен ғана емес, сонымен қатар өмірлік тәжірибесімен, құндылық бағдарларымен және жұмыстағы басым мәселелерімен де ерекшеленеді. Әйелдер жұмысты тиянақты орындайды. Зерттеулерге сәйкес, АҚШ конгресінде қызмет ету аясында әйелдер ер адамдарға (конгрессмендерге) қарағанда 3 заң жобасын артық ұсынып, ер адамдарға қарағанда 26 заң жобасын көбірек қолдайды. Сонымен қатар әйел саясаткерлер серіктестікке көбірек дайын келеді. Бұл әлеуметтік топтардың әртүрлі қажеттіліктерін ескеруге әкеледі. Мысалы, Кувейтте мемлекеттік қызметке сайланған әйелдердің бірігуі. Олардың мақсаты бір – жұмыспен қамту туралы заңға түзетулер енгізу, яғни жұмыс істейтін аналарға сәбилерді тамақтандыру үшін міндетті үзілістер енгізу, 200-ден астам қызметкері бар ірі кәсіпорындарда балабақшалар ұйымдастыру және т.б. БҰҰ болжамы бойынша, қазіргі қарқынмен әйелдердің биліктің әртүрлі деңгейлеріндегі гендерлік теңдігі 2063 жылдан кейін ғана қамтамасыз етіледі", - деп атап өтті сарапшы.

"Гендерлік теңдік әрқайсымыздан басталады"

Осы тұста елдегі әйелдердің экономикалық құқықтары мен мүмкіндіктері туралы білу үшін Қазақстандағы "БҰҰ-әйелдер" құрылымының өкілі Мария Доценкодан сұхбат алдық.


– Қазақстанда экономикалық және саяси  салаларда әйелдерге тең мүмкіндіктер берілген деп айта аламыз ба? Елімізде әйелдер мен ерлердің жалақыға қолжетімділігі бірдей ме? Егер айырмашылық бар болса, оған қандай факторлар әсер етеді? 

– Егер әйелдердің экономикалық құқықтары мен мүмкіндіктері туралы айтатын болсақ, онда Қазақстанда мақтануға тұрарлық жетістіктер баршылық. Алайда өз шешімін талап ететін мәселелер де бар. Экономикалық қатысу және мүмкіндіктер бойынша 2022 жылғы жаһандық гендерлік алшақтықтың индексінде Қазақстан әлемнің 146 елі арасында 29-орынға ие болды. Сонымен қатар елімізде әйелдер мен ерлер арасындағы еңбекақы алшақтығы сақталуда – 21,7%. Біз, "БҰҰ-әйелдер" ұйымында, 2021 жылы Қазақстанның әйелдерге тыйым салынған кәсіптер тізімін жоюын құптаймыз. Бұл – еңбек кемсітушілігін шешудегі маңызды өзгерістердің бірі.

Сонымен қатар ақысыз үй жұмысы және бейресми жұмыспен қамту мәселелері қазіргі уақытта да өзекті болуда.

Біз шешім қабылдау деңгейінде әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту әрекеттерін одан әрі күшейтуді қолдаймыз. Өткен жылы гендерлік алшақтықтың жаһандық индексінде Қазақстан саяси қатысу және мүмкіндіктер бойынша әлемнің 146 елі арасында 103-орынға ие болды. Осыған байланысты біз, "БҰҰ-әйелдер" ұйымында, Қазақстанның мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторда шешім қабылдау деңгейінде әйелдердің ең төменгі 30%-ға жету мақсатын қолдаймыз.

Қазақстандағы экономикадағы гендерлік теңсіздіктің негізгі себебі "шыны төбе" деп аталады. Бұл әйелдерге тең ақша табуға, тең дәрежеде мансап құруға, өз әл-ауқатын тең дәрежеде жақсартуға кедергі келтіретін бейресми кедергілер. Бұл – үй міндеттерін бөлу туралы гендерлік стереотиптер, балаларға және басқа отбасы мүшелеріне күтім жасау жұмыстары, еңбек ұжымдарындағы қатынастар. Мен әрдайым көптеген салаларда көшбасшы қазақстандық әйелдерге қайран қаламын. 

БҰҰ-да "Ешкімді артта қалдырмай!" деген ұстанымымыз бар. Біз үшін елдегі ең осал топтардың барлық құқықтары мен мүмкіндіктерді еркін пайдалана алуы маңызды.

– Елдегі гендерлік теңдік деңгейі туралы не айтасыз? Қандай да бір кедергілер кездесе ме?

– Біз басты негіздерден, яғни гендерлік теңдік ұғымнан бастасақ. Гендерлік теңдік біздің ұқсастығымыз туралы емес екенін түсіну маңызды. Өйткені, әрқайсымыз бірегей әрі қайталанбас жанбыз. Гендерлік теңдік қыздар мен ұлдарға, әйелдер мен ерлерге тең құқықтар мен мүмкіндіктерді білдіреді. Тәуелсіз шешімдер қабылдау мүмкіндігі үшін әрқайсымыз толығымен еркін және жан-жақты хабардар болуымыз керек. Біздің құрылым заңнамаға, ұлттық бағдарламалар мен стратегияларға прогрессивті өзгерістер енгізу үшін Үкіметпен, азаматтық қоғамдастықпен және бизнес ұйымдармен табысты ынтымақтастық арттырып келе жатыр. Сондай-ақ білікті лауазымды тұлғалар мен олардың әріптестерінің ұлттық, облыстық және ауылдық деңгейлерде заңнаманы жан-жақты үйлестірілген түрде қолдануды қамтамасыз ету маңызды.

Дегенмен қоғамдық ойлауды, гендерлік нормаларды өзгертпей, теріс гендерлік стереотиптерді жеңбей, тіпті ең идеалды заңдар да тиімді жұмыс істемейді. Біздің әрқайсымыз өзгеріс агенті болуымыз керек. Гендерлік теңдік әрқайсымыздан басталады.

Халықаралық әйелдер күні – гүлдер мен сыйлықтар ғана емес, бұл біздің отбасымыз бен қоғамымызда гендерлік теңдікті қамтамасыз ету үшін тағы не істеуге болатыны туралы ойланатын күн.

– Біздің қоғамда әйелдер жиі тап болатын негізгі үш мәселе қандай?

– Гендерлік стереотиптер, гендерлік зорлық-зомбылық және ақысы төленбейтін үй шаруасының өте жоғары үлесі.

– Ұйымның жұмысына тоқталсақ. Бүгінгі таңда UN Women Kazakhstan алдында тұрған басым міндеттерді атап өтсеңіз.

– Біздің стратегиямыз серіктестерімізбен тығыз ынтымақтастықта әзірленді және елдердің стратегиялық басымдықтарына негізделген. Үкіметпен, азаматтық қоғаммен, жеке сектормен, ғылыми ортамен, медиамен және т.б. тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз. Мемлекетке халықаралық міндеттемелерін орындауда, оның ішінде әйелдер және қыздардың мүмкіндіктері мен құқықтарын кеңейту саласындағы әлеуетін күшейтуде, халықаралық міндеттемелерге сәйкес гендерлік теңдікке қол жеткізуге қолдау көрсетеміз.

Біз әйелдер мен қыздардың зорлық-зомбылықсыз және кемсітушіліксіз қоғамда өмір сүруін, барлық деңгейлерде шешім қабылдауға тең қатысуын, экономикалық, экологиялық, әлеуметтік жетістіктерге әкелетін, Қазақстан халқының өмір сүру деңгейін жақсартатын қауіпсіздік, тұрақтылық және әлеуметтік өзгерістер арқылы белсенді ұстанымын қалаймыз. 

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге көп рақмет!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу