Сайлауға кім түседі, кім түспейді?

4670

Саясаттанушы Дос Көшім inbusiness.kz тілшісімен алдағы саяси науқан туралы ой бөлісті. 

Сайлауға кім түседі, кім түспейді?

"Біріншіден, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлау уақытын дәл осылай белгілегенін құптаймын. Екіншіден, біздің сайлау жүйеміз қандай екенін, менің ойымша, барлық адам біледі...", – деді Дос Көшім.

Саясаттанушының сөзінше, Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс президент сайлауына ең бірінші үміткер болады.

"Президенттің орнында қалған адам міндетті түрде сайлауға түсетін дәстүр бар. Менің ойымша, сайлауға тағы 3-4 адам түседі. Олардың арасында халыққа танылған саясаткерлер болуы әбден мүмкін. Сайлауға ешкім танымайтын адамдардың түсуі болашақ президентті ыңғайсыз жағдайға қалдырады және оның алда жүзеге асыратын реформаларына сенімсіздік туғызады", – деді Дос Көшім.

Саясаттанушы сенат спикері Дариға Назарбаеваның кезектен тыс президент сайлауына түспейтіні туралы мәлімдемеге қатысты өз ойын білдірді.

"Бұл жерде кесіп-пішіп айту өте қиын. Себебі дәл осы уақытта түспесе де, алдағы уақытта түсуі мүмкін. Себебі қазір Президенттен кейінгі екінші адам Дариға Назарбаева болып отыр", – деді Дос Көшім.

Саясаттанушының пікірінше, билік сайлау барысын бақылауда ұстайды. Қандай да бір сыртқы күштер сайлауға және оның қорытындысына ықпал ете алмайды.

Дос Көшімнің болжауынша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кезектен тыс президент сайлауына түспейді.

"Қазақстанның Тұңғыш Президенті кезектен тыс президент сайлауына түспейді деп ойлаймын", – деді Дос Көшім.

Сұхбат берушінің сөзінше, Қазақстан Президенттік республика бола ма, парламенттік республика бола ма, оны келешек көрсетеді.

"Парламенттік республика болайық, Президенттік республика болайық, ешнәрсе өзгермейді. Билік парламентке берілгеннің өзінде оның жұмысы  бақыланып отырады",– деп қорытты ойын Дос Көшім.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу