Сақтандыру компаниялары клиент-зейнеткерді өмір бойы қамтамасыз етуге міндеттеледі

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
6820

Қазақстанда алым-салықтың жаңа түрі енгізіледі және оны шетелге шығатын қазақстандықтар төлеуге мәжбүр болады.

Сақтандыру компаниялары клиент-зейнеткерді өмір бойы қамтамасыз етуге міндеттеледі

Бүгін парламент мәжілісінде отандық сақтандыру саласын және нарығын түбегейді реформалайтын жаңа заңның тұсауы кесілді.

Ұлттық банк жазған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру және сақтандыру қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" деп аталатын заң жобасы ірі-ірі жеті өзгеріс тудырғалы тұр. Олардың әрқайсысын ұлттық банк төрағасының орынбасары Жанат Құрманов тәптіштеп түсіндіруге тырысты.

Айтқандай, елімізде автосақтандыру бойынша төленетін сақтандыру төлемдерінің сомасын кем дегенде 50%-ға арттыру жоспарлануда екен. 

"Біз сақтандырушы ұйымдардың жауапкершілігін арттырғымыз келеді. Себебі, елімізде жүрген девальвация кесірінен, көліктердің құны қымбаттап шыға келді. Сондай-ақ өмірі мен денсаулығына зиян келтірілген жағдайда адамдардың қорғалу деңгейін арттыру қажет болып отыр. Әйтпесе, қазіргі кезде қарастырылатын сомалар өмір талабына сәйкес келмейді", – деді журналистермен де сұхбат құрған Жанат Құрманов.

Осы орайда халықаралық тәжірибе зерделенген екен. Білгені ұлттық банктегілерді таңдандырыпты: біз ұмтылған дамыған елдер түгіл, санкциядан сансыраған көрші Ресейде де төлемдер біздегіден әлдеқайда көп екендігі анықталған.

"Біз ресейліктердегі жағдайды да қарадық. Енді интеграциялану және өзара үйлестіру аясында сақтандыру компанияларының жауапкершілігі шектерін қайта қараймыз. Бұл жерде әлі де есептемелер жүргізу талап етіледі. Нақты сомасын әзірге айта алмаймын. Бірақ кем дегенде 50%-ға арттырылады деген ойдамын", – деді қаржылық реттеуші өкілі. 

Оның айтуынша, ұлттық банк сақтандыру оқиғасына кезіккен азамат одан кейін қайтадан сақтандырылуы керек деген ұсыныспен шығып көріпті.

"Бұл тарапта да әр елде тәжірибе әртүрлі. Кейбір елдерде егер сақтандыру оқиғасы болса, сақтандыру полисінің күші жойылады, себебі, сақтандыру компаниясы ол оқиға бойынша төлем жасайды да, тәуекелді өзіне алады. Тиісінше, одан кейін болуы ықтимал сақтандыру оқиғасы үшін ол жауап бермеуі де керектей. Яғни, азамат жаңадан сақтандырылуы қажет. Бірақ бүгінгі талқылау барысында депутаттар мұны қабылдамады және халық үшін оның қолайлы еместігі айтылды. Депутаттар айтуынша, сақтандыруды сатып алған азамат оның жыл бойы жұмыс істейтініне сенімді болуға тиіс. Бұл мәселеге біз әлі ораламыз", – деді Жанат Құрманов.

Ол саладағы мәселелерге тоқтала келе, 50-55 жаста-ақ зейнетке шыққысы келетін азаматтар зейнетақы аннуитетін сатып ала алатынын еске салды. Әзірге, бұл сала сонша өркен жайып отырған жоқ, себебі, зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы шетсіз-шексіз реформалардан шаршаған халық өз зейнетақы жинақтарында мол қаражат жинауға сонша құлықты болып отырған жоқ. Оның үстіне жалақысы аз бұқара халық бүкіл еңбек жолында аннуитетке қажетті миллиондарды жинап үлгермейді. Демек, бұл тетік негізінен, бизнеспен айналысатын азаматтарға бағдарланады.

Тағы бір жаңалық, қарт адамдардың лайықты өмірі үшін мемлекетпен бірге бизнес орта – сақтандыру саласы жауапкершілік арқалайтын болады. Бұл ретте ҰБ басшылығының өкілі жаңа зейнеткерлердің таңдауына екі жол ұсынылатынын хабарлады:

"Егер адам тиісті жасқа жетіп, зейнеткерлікке шықса және оның БЖЗҚ-да жинақтары болса, онда ол не БЖЗҚ-дан өз зейнетақы жинақтарын кесте  бойынша алып отыра алады, немесе ол барлық зейнетақы жинақтарын өмірді сақтандырушы компанияға аударып, зейнетақы аннуитетін сатып ала алады. Бұл жағдайда сақтандырушы компания оның кейінгі өмірін зейнетақымен қамтамасыз ету бойынша барлық тәуекелдерді өз мойнына алады. Яғни, зейнетақы жинақтары таусылып қалса да, ол компания өз клиентін – ғұмыры ұзақ зейнеткерге зейнетақысын ары қарай төлеуге міндеттеледі", – деді Жанат Құрманов.

Оның мәліметінше, осыған байланысты сақтандырушы компаниялар БЖЗҚ-да қанша жинағы бар азаматтарға өздерінен аннуитет сатып алуға рұқсат ететіндерін өздері шешетін болады.

"Бірақ заңнамадағы өзгерістерді ескерсек, бұл құнның бұрынғы көлемі өсті, әрі әйел не еркек екендігіне қарай құбылады. Шамамен, құны 10 миллион теңгенің айналасында болып келеді. Басқаша айтқанда, егер сіз өз зейнетақы жинағыңызда осынша қаражат жинап үлгерсеңіз, онда зейнетақылық аннуитет сатып алуға құқылы боласыз. Әрине, әзірше біздің зейнетақы жинақтау жүйесі көптеген адамдарға мұндай соманы жинауға мүмкіндік бермейді. Тиісінше, қазір зейнетақылық аннуитет барлық адамдарға бірдей қолжетімді емес", – деді ұлттық банк төрағасының орынбасары.

Егер сақтандыру компаниясы жабылып қалса, ондағы зейнеткерлерді өмір бойы қамсыздандыру кімге көшеді?

"Мына заң жобасында біз тиісті кепілдіктерді қарастырып отырмыз. Аннуитет сатып алған адам, егер компания банкрот болса, өзінің зейнетақысыз қалмайтынына сенімді болуы керек. Мұның тиісті тетігі заң жобасында бар: оған сәйкес, осы жағдайда төлем төлеуді Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры өз мойнына алады. Себебі, барлық сақтандырушы компаниялар соның қатысушысы және тиісті жарна аударып отырады", – деді Жанат Құрманов.

Қазіргі уақытта отандық нарықта 32 сақтандырушы компания жұмыс жасауда. Оның ішінде жетеуі өмірді сақтандырады. Зейнетақылық аннуиттеттерді сату қызметін де осылар жүзеге асырмақ.

Ұлттық банк дерегінше, аталған Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры ендігі құрылған, бірақ ол міндеттемелердің тек үш түріне – автокөлік жүргізушілерін міндетті сақтандыруға, тасымалдаушылардың жолаушылар алдындағы міндеттемесін сақтандыруға және туроператорлар мен турагентерді міндетті сақтандыруға ғана жауап береді.

Сондықтан заң жобасында бұл қор арқылы бұдан былай "аннуитеттік сақтандырудың жекелеген әлеуметтік маңызды өнімдерінің сақтандыру төлемдерін де кепілдендіру" көзделуде. Ол өнімдерге "зейнеткерлік аннуитеттер", "жұмысшыларды жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру аясында бекітілетін келісімшарттық аннуитеттер" жатады.

Жалпы алғанда, бұл саланы түбегейлі реформалаудың қаншалықты қажеті бар? Ұлттық банк "экономикалық белсенділіктің төмендеуі қаржы нарығындағы жаңа технологияларды, сақтандыру нарығындағы бизнес процестерді қайта құруды талап ететінін" айтады.

Қаржылық реттеуші ведомство басшысы Данияр Ақышевтің айтуынша, қазіргі кезде сақтандыру қызметтеріне сұраныс төмен: "Ол азаматтардың, кәсіпорындардың мүлкі мен мүддесін қорғайтын тиімді құралға айналған жоқ. Соған сәйкес экономикамыздың дамуында оның маңызы әлі де төмен. Сақтандыру сыйақысының мөлшері соңғы 10 жылда ЖІӨ-нің 1 пайызынан аспады. Біз дамыған елдерден ғана емес, көптеген көрші елдерден артта қалып отырмыз. Мысалы, ЭЫДҰ елдерінде бұл көрсеткіш – 7,5 пайыз", – дейді ол.

Сонымен бірге сақтандыру секторы ДСҰ-ның "шетелдік компаниялар филиалдарын Қазақстанға кіргізу" талаптары іске асырылатын алғашқы сегмент болады. "Мұндай жағдайда шетелдік ойыншылар тарапынан бәсекеге төтеп беретін сақтандыру секторының орнықты даму моделін қамтамасыз етуге уақыт аз қалды. Сондықтан ортаның өзгеруі және сақтандыру нарығының алдындағы сын-қатерлер заңнаманы одан әрі жетілдіруді талап етеді", – дейді ұлттық банк төрағасы.

Заң жобасы жеті бірдей ірі өзгеріс әкеледі.

Біріншіден, заң жобасында онлайн сақтандыруды енгізу көзделген. Яғни, сақтандыру компаниясының интернет ресурстары арқылы кеңсеге бармай немесе агенттің қатысуынсыз сақтандыру шартын жасауға болады. Сондай-ақ сақтандыру төлемін алу үшін де онлайн өтініш жасауға мүмкіндік берілмек. Тиісінше, автоматтандыру деңгейіне және сақтандыру компанияларының интернет-ресурстарына, дербес деректерді қорғауға және киберқауіпсіздікке талаптар белгіленеді.

Онлайн-сақтандыру географиялық қолжетімділікті қамтамасыз етеді және халық пен бизнес үшін сақтандыру қызметтерінің құнын төмендетеді. Сақтандыру рәсімдері және төлемдер жеңілдетіледі, бұл барлық бизнес-процестерді айтарлықтай тездетуге мүмкіндік береді.

Екіншіден, сақтандыру шарттары бойынша "Бірыңғай сақтандыру дерекқоры (БСД) болады. БСД міндетті сақтандыру полистерін бірыңғай есепке алатын ұйым және "қойма" болады. "Эталондық дерекқорды" қалыптастыру, оның басқа базалармен интеграциясы сақтандыру ұйымдарының клиенттері, сыйлықақылар және төлемдер бойынша барлық деректің шынайы болуын, актуарлық кестелер мен сақтандыру тарифтерінің негізделуін қамтамасыз етеді. Мемлекеттік органдардың және ұйымдардың ақпараттық жүйелерімен және дерекқорларымен интеграция адамдарды қашықтан сәйкестендіруге, қолданыстағы электрондық полистің жасалуын және бар-жоғын тексеруге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, бірыңғай сақтандыру дерекқоры халыққа сақтандыру шарттарына "жеке кабинеті" арқылы тұрақты қол жеткізуін қамтамасыз етеді.

Үшіншіден, жаңа заң жобасы қазақстандық туристердің мүліктік мүддесін қорғайды. Туроператордың немесе турагенттің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыруды ғана қарастыратын қолданыстағы заңнама туристердің мүддесін толық қорғамайды. Мысалы, қазіргі кезде туристер сақтандыру төлемдерін шетелден қайтып келгеннен кейін және соттың заңды күшіне енген шешімі негізінде ғана алады. Сақтандыру оқиғасы басталғанда, турист шетелде қорғалмайды. Туристің сақтандыру төлемін алу құқығы пайда болатын оқиғалардың толық тізбесі жоқ. Зардап шеккен туристердің мүддесін қорғау үшін сақтандыру өтемінің сомасы да бірдей емес. Ол сақтандырудың осы класының шығынды болуына байланысты сақтандырудың осы түріне лицензиясы бар 17 сақтандыру ұйымының 10-ы лицензиясын кері тапсырыпты.

Қазақстандық туристерді қорғау мақсатында заң жобасы шет елге шығатын туристің өзінің мүліктік мүддесін міндетті сақтандыруға көшуді көздейді. Нәтижесінде, қазақстандықтарға қатысты жаңа алым түрі енгізіледі.

"Бұл сақтандыру бағдарламалары халықаралық талаптар мен өнімдерге сай келеді және туристің өмірі мен денсаулығына зиян келтірумен байланысты "жазатайым оқиға", "шұғыл/жедел көмек", "репатриациялау" секілді базалық әлеуметтік тәуекелдерді қамтиды. Қамту есебінен сақтандыру құны жоғары болмайды: күніне шамамен 340 теңге. Бұл сақтандыру 3,4 миллионнан – 17 млн теңге аралығындағы сақтандыру оқиғаларын қамтитын болады", – деп түсіндірді ұлттық банктің басшысы Данияр Ақышев.

Төртіншіден, заң жобасында міндетті сақтандыруды енгізу көзделген.

Бесіншіден, заң жобасында сақтандыру омбудсменінің өкілеттіктерін кеңейту көзделген. Қазақстанда сақтандыру омбудсманы институты 2008 жылдан бастап жұмыс істейді. Алайда омбудсман тек көлік құралдары иелерін міндетті сақтандыру шарттары бойынша тараптар арасындағы дауларды сотқа дейін реттеуді жүзеге асырады. Ал жаңа заң жобасы тараптардың сотқа жүгіну құқықтарын сақтай отырып, сақтандырудың барлық сыныптарына омбудсманның өкілеттігін кеңейтуді көздейді.

Алтыншыдан, жоғарыда айтылғандай, Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының қосымша кепілдіктер беруді көздейтінін айтты. Жетіншіден, заң жобасында жүйеге қатысушылардың жарналары есебінен қалыптастырылған қор активтерін және акционерлердің салымдары есебінен қалыптастырылған активтердің есебін жеке-жеке жүргізу көзделген.

Тұтастай алғанда, бұл жаңа заң қолданыстағы 3 кодекс пен 19 заңды өзгертеді.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу