Салығы сараңның садақасындай

Бұқтырма су қоймасының жағалауында заңсыз салынған демалыс нысандары 2019 жылы түгел сүріледі.

Салығы  сараңның  садақасындай

Шығыс Қазақстандағы Бұқтырма су қоймасының жағалауында жабайы туризм айылын жимай тұр. Мұнда миллиардтап кіріс кіргенмен, одан түсетін салық сараңның садақасындай ғана болып тұр.

1991 жылдан бері Бұқтырма су қоймасының жағалауынан тұрғындарға 4612 жер телімі пайдалануға берілген.  Бұл еркіндік туризмнің дамуына оң ықпалын тигізіп, демалыс базалары бірінен соң бірі бой көтерген. Уақыт өте келе су қоймасынан отандық, ресейлік туристердің қарасы үзілмейтін болған.  Зырян аудандық туризм бөлімі берген мәліметке сенсек, биыл Бұқтырманың бойынан 400 мың адам сая тапқан. Олардан түскен табыс шамамен 9-12 млрд теңгені құраған. Көрсетілген сомадан қазынаға жоқ дегенде 360 млн теңге салық аударылуы тиіс болған. Бірақ іс жүзінде бюджетке  31 млн теңге ғана түскен.

"Біз Бұқтырма маңындағы демалыс базаларының қаржы айналымы қанша екенін жақсы білеміз. Бір жылда шамамен 12 млрд теңгеге дейін табыс  түседі. Ал бюджетке аударылатын салық 20-30 млн теңгеден аспайды.

Биыл ауызша ескерттік, келесі жылы да заңсыз жұмыс істеп отырған жер иелеріне кемшілікті жоюға мұрсат береміз. Ал 2019 жылы талапқа сай келмейтін және заңсыз салынған демалыс нысандары түгел сүріледі, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.

2019 жылы Өскемен-Зырян-Рахман қайнары бағытындағы жол қысқарады. Яғни  Осинов асуын айналып өтетін төте жол құрылысы аяқталады. Жол азабы жойылса, мұнда келетін туристердің нөпірі қазіргіден де көп болады. 

"Асуды сыртынан айналып өтетін 12 шақырымдық жолға 10,9 млрд теңге жұмсалады. Бір сөзбен айтқанда, Бұқтырманың бойында демалыс базасын ұстап отырған кәсіпкерлерге бұрын-соңды болмаған жағдай жасалады. Олар осыны түсініп, адал жұмыс істеп, салық төлеуі тиіс", – деді облыс әкімі.

Жағалаудың 35 шақырымына 14120 нысан салыныпты. Осы құрылыстың тек 4120 -сы ғана ресми тіркелген. Қалғанының сайда саны, құмда ізі жоқ.  Облыс қазынасының қаржыдан қағылып жатқанының негізгі себебі осы болса керек.

Мұнда қазірдің өзінде 710 жер теліміне қатысты мәселе ушығып  тұр. Қаңырап жатқан, иесі табылмаған, рұқсатсыз, құжатсыз басып алынған жер телімдері және қоршаған ортаны қорғау заңын белшесінен басып, су қоймасының ернеуіне демалыс нысанын салған адамдар жауапты тұлғалардың бас ауруына айналып отыр.

Аудандық туризм бөлімінің басшысы Вячеслав Князевтің айтуынша, су қоймасының жанындағы демалыс базасының 123-і ғана ресми тіркелген. Оның тек 53-і туризм саласында әріптестік орнату жөніндегі меморандумға қол қойған.

"Басқа демалыс нысандары заңға қайшы әрекеттерін тыймайтын болса,   2019 жылы мәжбүрлі түрде қызметтерін тоқтатады", – деді бөлім басшысы.

Бұған дейін Үржар ауданындағы Алакөл жағалауы  мен Ұлан ауданындағы Сібе көлінде  де осыған ұқсас жағдай  анықталған. Абырой болғанда ол у-шусыз реттелген. Құзырлы органдар заң талабын орындағысы келмеген бірқатар демалыс нысанын жауып тынған.

Қазір ШҚО әкімдігі Бұқтырма су қоймасындағы мәселені шешудің заңнамалық негізін қарастырып жатыр. Осыған орай арнайы жасақталған жұмыс тобы өңірдегі туристік нысандардың салық қатынасын реттейтін төлем жүйесін құруға міндеттелді. Ал аймақтық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлермен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізетін болды.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу