Сапасыз тұқым себілмейтін болады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
5830

Елімізде тұқым шаруашылығын субсидиялаудың жаңа жүйесі енгізіледі.

Сапасыз тұқым себілмейтін болады

Қазақстан тұқым шаруашылығын субсидиялауға жыл сайын шамамен 8 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсайды. Өкініштісі, бөлінген қаражат шаруашылықтардың бәріне бірдей тимейді. Көп жағдайда ірі шаруашылықтардан артылмайды. Сондықтан ауыл шаруашылығы министрлігі әрбір дақыл бойынша жеке-жеке норматив бекітпек. Осылайша, алдағы үш жыл ішінде еліміз үшінші репродукциялы тұқымнан төмен өнімдерден біржола құтылуды көздеп отыр. Тек жоғары, бірінші, екінші және үшінші репродукциялы тұқымдар ғана себілуге тиіс.

"Бүгінде тұқым шаруашылығын субсидиялау жүйесі қалай жұмыс істейді? Жоғары немесе бірінші репродукциялы тұқымға қол жеткізгісі келген кәсіпкерлер тұқым өсірумен айналысатын шаруашылықтардан өзіне қажетті өнімді сатып алады. Оның жарты ақшасын сол жерде төлейді. Кейін сеуіп, жаңа өнім алады. Қарыздың қалған бөлігін сол кезде қайтарады. Өкінішке қарай бұл жүйе шаруашылықтардың бәріне бірдей қолжетімді емес", – деді Парламент Сенатында журналистердің сұрағына жауап берген ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев.

Өйткені, көктемде шаруалардың қолында қомақты қаржы болмайды. Олар дәл осы уақытта тұқым алуға, техникаға, жанар-жағармайға қыруар қаржы шығындайды. Бұған жұмысшыларға төленетін еңбекақыны қосыңыз.

"Мұның бәріне қаржы жетпейді. Кей жағдайда шаруалардың өзі салғырттық танытып, субсидияға өтінім беруге кешігіп қалады", – дейді ол.

Ал жаңа жүйеге сәйкес, шаруалар келер жылдан бастап негізгі дақылдардың тұқымдарын тегін ала алады. Бірақ, күзде алынған тұқым құнының 30%-ын қайтаруы шарт. Оны тұқым шаруашылығын дамыту қорына аударады.

"Жаңа жүйенің нәтижесінде шаруалар сапалы тұқым себеді. Осылайша, үш жылдан кейін тек жоғары сұрыпты тұқымдарды ғана егуге мүмкіндік алады. Ал арнайы қорға аударылған қаржы оператор арқылы тұқым өсірумен айналысатын шаруашылықтарға кредит ретінде үлестіріледі. Айналымдағы ақша тұқым өсірумен айналысатын шаруашылықтардың дамуына жұмсалады. Олар тұқымдардың сапасын арттыру үшін соңғы үлгідегі құрал-жабдықтарды, техникаларды және тағы да басқа қажетті дүниелерді сатып алуға тиіс", – дейді Арман Евниев.

Бірінші вице-министрдің сөзінше, жаңа жүйе енгізілгенімен, тұқым шаруашылығын субсидиялауға бөлінетін қаржы сол күйі қалады. Бірақ жоғарыда атап өтілгендей, тұқымды кез келген шаруашылық ала алады. Өйткені, әрбір дақыл бойынша шекті норма бекітілген. Одан асырып алуға жол жоқ.

"Жаңа жүйенің нәтижесінде өнімділік 25 пайызға дейін ұлғаяды. Ең бастысы, қоқыр-соқырды себуден тыйыламыз", – дейді Арман Евниев.

Еске сала кетейік, ауыл шаруашылығы министрлігі тұқым шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Соның бір дәлелі – американдық "Baumgartner Agriculture Science and Service" (BASS) және қазақстандық "Kusto Group" компанияларының бірлескен кәсіпорын құруы. Бірлескен кәсіпорын "KAZSEED" деп аталады.

Кәсіпорын соңғы үлгідегі технологияларды қолдана отырып жем-шөп дақылдарының тұқымын өндірумен айналысады. Компания Қазақстандағы тұқым шаруашылығын дамытуға 25 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция құймақ. Бірлескен кәсіпорынның мақсаты – Қазақстан фермерлерін сапалы, республиканың ауа райына бейімделген тұқымдармен қамтамасыз ету, сондай-ақ ТМД елдерінің нарығына шығу.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу