Сарапшылар Украинада қазір Президенттік сайлау өткізудің неге қауіпті екенін түсіндірді

2703

Саясаттанушылардың байламынша, Киев президенттік доданы соғыс біткенше қоя тұруды қалайды, ал Батыс елдері өткізгенін қалап отыр.

Сарапшылар Украинада қазір Президенттік сайлау өткізудің неге қауіпті екенін түсіндірді

Украина халықаралық геосаясатта саяси сынақтарға тап болды: біріншіден, 2023 жылғы 15 қазанда Киевтің Батыспен әскери одағының ең маңызды буыны саналатын Польшада парламенттік сайлау өтеді. Оның қорытындысында Ұлттық жиынның 560 депутаты іріктелмек.

Сайлауалды үгіт науқаны аясында, 20 қыркүйекте Польша Үкіметінің басшысы Матеуш Моравецкий өз елінің Украинаға қару беруін тоқтатқанын, енді төл армиясын қаруландырумен ғана айналысатынын мәлімдеді. Осыдан кейін Америка неге Украинаға әскери көмегін доғарғанын түсіндіруді сұрап, Польшаға жүгінді.

Пентагондағы дереккөзіне сілтеме жасап, Bloomberg хабарлауынша, АҚШ одақтастар арасындағы араздық "коалициядағы бірлікке сына қағады" деп қауіптенеді. Өз кезегінде Польша Украинаны қолдауды ары қарай жалғастыратынын жеткізген, бірақ қару беру тоқтатылғанға ұқсайды. Бұл ретте осы көршісі Украинаға батыстық қаруды жеткізудегі басты хаб саналады.  Дегенмен, республика енді өзінің ішкі ісіне, төл ұлттық қауіпсіздігіне баса көңіл бөлетінге ұқсайды. Ресейдің зымырандары да осы елдің аумағына жетіп құлай бастады.

Киевтің тағы бір серіктесі – Словакияда осы апта соңында, 30 қыркүйекте елдің бір палаталы Парламентіне, Ұлттық кеңеске сайлау өтеді. Мәскеу мен пропаганда бұл күнді тағатсыздана күтуде: доданың басты фавориті саналатын SMER партиясының лидері, бұрын ұзақ жыл үкімет басқарған Роберт Фицо билік басына келсе, Киевке кез келген қолдауды тоқтатуға уәде берген.

Украинаны өзінде, ішкі сынақ та күтіп тұр. Алдағы жылы ел тарихында 8-ші Президент сайлануға тиіс. Ұлттық сайлау заңнамасына сәйкес, Украина Президентінің кезекті сайлауы ағымдағы президенттік мерзімнің бесінші жылында, наурыз айының соңғы жексенбісінде өтуі шарт. Яғни, 2024 жылғы 31 наурызға тағайындалуы керек.

Әйтсе де, Киев әзірге сайлау күнін ресми жарияламақ түгіл, оны өткізу не өткізбеу мәселесінде толыққанды айқындалмапты. 

Ал The Washington Post Батыс серіктестері Киевтен қандай жағдай, қандай заман туындағанына қарамастан, демократияға беріктігін тұрақты түрде дәлелдеп отыруды талап етіп жатқанын хабарлады. Олардың ұстанымынша, соғыс уақытында адал сайлау өткізу арқылы Зеленский президенттік таққа жармаспайтынын, билікті сақтап қалу үшін бәрін жасайтын автократ еместігін паш етеді.

Мысалы, таяуда АҚШ республикалық партиясының консервативті өкілі Такер Карлсон президент Владимир Зеленскийге нақақтан жала жауып, "Украинада сайлауды жойды" деп, жалған ақпарат таратты.

Оның үстіне Украинаның төл оппозициясы да Зеленскийді қайта сайлану үшін саяси оппоненттерін қудалап, саясат сахнасынан алып тастауда деп айыптап жүр.

Уашингтон пост Украина үшін соғыс уақытында сайлау өткізудің қауіпті екенін дәледейтін бірнеше дәйектемені келтірді.

Біріншіден, Украина Конституциясы әскери жағдай күшінде тұрғанда сайлау өткізуге тыйым салады. Бірақ Украина көшбасшысы Владимир Зеленский биылғы тамызда елдегі әскери жағдай мен мобилизацияны 2023 жылғы 15 қарашаға дейін ұзартатын заңға қол қойды. Ол осылай, 90 күнге ұзартылып отырады.

Ақырында 2024 жылғы наурыз қамтыла ма, ол жағы белгісіз. Егер Батыстың қысымымен, сайлау өткізу үшін әскери жағдайды алып тастаса, не уақытша күшін тоқтатса, онда шекаралар ашылады да, еркектердің соғысқа барғысы келмейтін бөлігі шетелге қашуы мүмкін. Онда армияны жаңа жауынгерлермен жасақтау мұңға айналмақ. 

Екіншіден, соғыс өрті өршіп тұрған шақта еркін әрі әділ сайлау өткізу ұйымдастырушылық, техникалық және басқа тұрғыдан мүмкін емес. Украинаның ресми тұлғалары соғыс уақытында дауыс беруді ұйымдастыру үшін орасан зор қаржы тапшылығын, құқықтық, логистикалық, өзге кедергілерді еңсеруге тура келетінін алға тартқан.

Оның үстіне ел территориясының шамамен бестен бір бөлігі – жау қолында. Он миллион украиналық босқын болып, шетелге кетті. Көбісінің әлі күнге паспорты да жоқ. Олар дауыс бере алмай қалуы мүмкін. Агрессор өзі басып алған аумақтардан жүздеген мың украиналық азаматты Ресейге көшірді. РФ өзінде украиналық сайлау учаскелерін ашуға жол бермейді.

Үшіншіден, жүздеген мың украиналық майдан даласында соғысуда. Армияға жігіт алу жалғасты. Олар үшін бастысы – дауыс беру емес, жауған оқ пен зымырандардан аман қалу. Жауынгерлерді таңдауын жасау үшін бір жерге жинау – олардың басын бәйгеге тігу, дұшпанға мықты нысана тауып беру деген сөз.

Төртіншіден, хакерлер мен "троллдер фабрикаларының" қызметін халықаралық деңгейде өрістетіп, Американың президенттік сайлауына дейін ықпал ете алған Мәскеу Украинадағы президенттік сайлауға да араласады. Халықаралық сарапшылардың пайымдауынша, бұл іс-шараны Кремлдегілер қансыраған, қалжыраған украиналық қоғамның арасын алатайдай бүлдідіріп, бірліктен айырып, Киев билігіне қарсы көтеру үшін пайдаланары даусыз.

Қазірдің өзінде Зеленскийдің қарсыластары оның әр қадамын аяусыз сынап, соғыстың басталуына, оның басында және барысында тым көп украиналықтардың қырылып қалуына соның "бейғамдығын", армияны күшейтуге бей-жай қарағанын айыптайды. Мәскеу үгіт науқанында азаматтар мен саясаткерлер арасындағы осы алауыздықтың отына май құю мүмкіндігін қалт жібермейді.

Америкалық сарапшы Дэвид Л.Стерннің (David L.Stern) пікірінше, соғыс украиналық истэблишмент пен қоғамды саяси тайталас атаулыны қоя тұрып, тұтасуға итермеледі. Алайда кез келген демократиялық қоғамда электоралдық кезең міндетті түрде талас-тартыс көрігін қыздырады. Бұл – соғыс кезеңінде алапат сын-қатер. Ол жеңіс үшін сонша қажетті ауызбіршілікті талқандауға қауқарлы.

Украинаның бұрынғы премьер-министрі Юлия Тимошенконың пікірі де осы арнадан табылды. Оның айтуынша, соғыс кезінде сайлау өткізу Украинаның майданда жеңілуіне соқтырады. Себебі, биліктегілер де, қоғам да бірнеше ай бойы армияны ұмытып, саяси текетіреспен елігіп кетеді. Тимошенко бірлікті – жеңіс үшін өмірлік маңызды, тез жаңғырмайтын ресурс деп атады. Ол ресурсты рәсуалауға, жоғалтып алуға болмайды.

Бесіншіден, Ресей әскері Украинада қанды қырғын ұйымдастырып жатқанда сайлаудың өткізілуіне халық қарсы. Әлеуметтік зерттеу көрсеткендей, украиналықтардың 76%-ы Президент сайлауы соғыс аяқталған соң болғанын қалайды. Олар үшін сайлау – күн тәртібінде бірінші кезекте тұрған проблема емес.

Украина халқы үшін бүгінде ең бастысы – аман қалу, созылып кеткен соғыс жағдайында қалыпты өмірді қалпына келтіруге тырысу. Олар елде тек экономикалық, сот, әскери және саяси реформалар өткізілуіне мүдделі. Өйткені соғысқа дейінгі бейбіт заманда оған украиналық саясатта берік орнығып алған кремлшіл күштер барынша тосқауыл қойып келді.  

Мұндай жаңғырусыз Украина толықанды озық, демократиялық ел бола алмауы мүмкін. 

Ал сайлау – онсыз да қыл үстінде тұрған украиналық мемлекеттілік пен тәуелсіздікті күйретуге ықпал етуі ықтимал.

Дегенмен, басты орынға демократияны қоятын бай Батыстың қаржылық және әскери көмегінен қағылмау үшін Киев оның сайлау өткізу талабына үзілді-кесілді қарсы шыға алмайды. Содан Украина басшылығының әрі-сәрі болып, екі оттың ортасында қалған жайы бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу