Сергей Могилатов: машина құрастырудың кластерін қалыптастырамыз

8248

Отандық ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілер Қазақстан автомобиль бизнесі қауымдастығының (ҚАБҚ) үкіметпен жасаған келісімшарты сияқты өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімшартқа қол қою және кластер жасау идеясын ұсынып отыр. Аbctv.kz тілшісі осы тақырыпты "АгромашХолдинг" АҚ директоры Сергей Могилатовпен талқылады.

Сергей Могилатов: машина құрастырудың кластерін қалыптастырамыз

- Сергей мырза, АӨК-ті дамытудың жаңа бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығы министрлігі отандық ауыл шаруашылығы техникасын шығаратындарға қолдау көрсетуді жоспарлап отыр. Осы орайда, сіз неге үміттенесіз?

- 2017 жылдың 1 қаңтарына дейін еркін қойма режимінде жұмыс істейміз, бұл баж, импортқа салынатын салық пен өнімді сатудан түсетін салыққа қатысты артықшылыққа ие болуға мүмкіндік береді. Жаңа жылдан бастап бұл жеңілдіктер болмайды. Сол себепті, үкімет пен министрлікке осы мүмкіндіктерді сақтап қалу немесе орнын толтыру мүмкіндігі туралы мәселе қойылды. Біріншіден, үкіметпен өндірістік жинақ туралы келісім жасау мәселесі қарастырылып жатыр. Әр жылда қол жеткізілетін өндіріс көлемі мен тарату пайызы сияқты құжат негізінде сақталуы тиіс талаптар белгіленеді. Бұл – біздің міндетіміз. Үкімет елімізде ауыл шаруашылығы техникасын жинауға баждан бас тартуды қарастырады. Бұл талаптар нақты бір кәсіпорын үшін емес, нақты бір өнім үшін қолданылады деп ойлаймыз. Сонымен бірге, біз ДСҰ-ға мүше болдық. Енді жергілікті өндіруші мен импорттаушы үшін жұмыс талабы бірдей болуы керек. Сондықтан өнеркәсіптік құрастыруға қатысты келісімге қол қойылады ма деген сұрақ туындайды. Сонымен қатар, біздің кәсіпорынға "Қазақстан индустриясын дамыту институты" АҚ (ҚИДИ) өкілдері келді. Олар Қостанай облысында ауыл шаруашылығы машинасын жасаудың кластерін жасауға ұсыныс жасады. Бұл идеяға қолдау көрсеттік. Кластердің негізі болуға тырысамыз. Жұмыстың осылайша атқарылуы барысында үкімет ДСҰ ережесін бұзбай, кластерге қолдау көрсете алады. Алайда, бұл жерде әңгіме бір ғана "АгромашХолдинг" кәсіпорнын қолдау туралы ғана болып тұрған жоқ, сонымен бірге, кластерде болатын ауыл шаруашылығы машиналарын жасайтын барлық шағын және орта кәсіпорынға қатысты болып отыр.

- Сонда Қостанайда құрылып жатқан индустриялық аймақ оны орналастыру аймағы болады деген сөз ғой?

- Индустриялық аймақ әзірге тек автоөнеркәсіп ретінде ғана қарастырылып отыр. Оны әлі ауыл шаруашылығы техникасын өндіруді ұйымдастыру алаңы ретінде қарастырғанымыз жоқ. Кластер облыс аумағында орналасуы мүмкін, нақты белгісіз. "Дон Мар" ЖШС өкілдері (Лисаковск қаласы) ҚИДИ ұсынысын талқылауға қатысты, оларда бұл кластерге қатыса алады. Біздің Қостанай облысындағы жеті кәсіпорын бұл кластерге қатысуы мүмкін. Мен "Титан" компаниясының өкілдерімен сөйлестім. Кәсіпорынның қазандық жабдығын шығарумен айналысатынына қарамастан, олардың дайындау жабдықтары жақсы. Олар орналастыру үрдісіне қатысуға ниет білдірді. Егер осы немесе басқа кәсіпорынның кластеріне өнім дайындау керек болып, "Титанның" білдегі қажет болса, онда осы кәсіпорынның қуаты мен мүмкіндіктерін қолдана аламыз. Алайда, кластерге қатысуға қатысты нақты келіссөздер болған жоқ. Бізге танысуға жіберілген кластерді дайындау ережесінің нобайы ғана. Дайындық бөлімін 2017 жылдың алғашқы жартыжылдығында бітіріп, бюджетке қосу керек, содан кейін 2018 жылдан бастап мемлекеттің қолдауымен жұмыс істеу қажет. Өнеркәсіптік құрастыру туралы келісім ауыл шаруашылығы техникасын шығарушы мен үкімет арасында жасалады. Бұл мәселемен ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты ауыл шаруашылығы комитеті айналысады. Олар Қазақстан автобизнес қауымдастығымен (ҚАБҚ) бірге қолдау механизмін әзірлейді. ҚАБҚ-тың өнеркәсіптік құрастыру туралы келісім жасау тәжірбиесі бар, ол 2010 жылдан бастап автөкөлік шығарушыларға қолданылып отыр. Қауымдастық ауыл шаруашылығы машинасын жасайтын кәсіпорындарға осы механизмді жобалауға көмектеседі.

- Егер өнеркәсіптік құрастыруға қатысты келісімге қол қойылатын болса, өндірісті жергіліктендіру бойынша қандай талаптар болады деп ойлайсыз?

- Қазіргі қолданылып отырған талап үкіметтің №165 қаулысымен бекітілген. Құжатта өндірісті жергіліктендіру алғашқы жылы бір пайызды құрауы керек, одан әрі қарай бірте-бірте өседі делінген. Ең үлкен талап – өндірісті 40% жергіліктендіру. Біздегі астық жинайтын комбайндар бойынша бұл көрсеткіш қазірдің өзінде комбайнның моделіне қарай 38,5-40% шамасында. Келісім жасалатын болса, онда 2020 жылға қарай бізден кем дегенде 50% жергіліктендіруді талап етеді деп ойлаймыз.

Бәсекелестік мәселесі

- Дегенмен, 2017 жылдың басынан сіздерге жаңа ереже бойынша жұмыс істеу керек болады. Ішкі нарықтағы бәсекелестік мәселесі қалай?

- Біздің ең басты екі артықшылығымыз бар. Біріншіден, біздің техника шетелдік техникаға қарағанда арзандау. Ресейлік, белоруссиялық өндірушілермен бағамыз бір болуы мүмкін, бірақ, шетелдік компаниялармен бағамыз сәйкес келмейді. Шетелдік техниканың қымбат екеніне сөз жоқ. Екіншіден, бізде тұрмыстық- қызмет көрсету желісінің болуы да – үлкен ерекшелік. Біздің сегіз филиалымыз бар, ал мұндай филиалдар Қазақстанда ешкімде жоқ.

- Сіз, желі бойынша жұмыс істеу жобасын индустрияландыру картасы аясында іске асырдыңыз ғой.

- Иә, бұл жобаны дұрыс іске қостық деп есептеймін. Шаруа техниканы тек сатып алып қана қоймауы керек. Сонымен бірге, егер кімнің кінәсынан болсын, бір түйін жұмыс істемей қалса, оны айырбастау шаруа үшін еш қиындық тудырмайды. Филиалдарымызды техникамызды пайдаланатын өңірлер жанынан ашуға тырыстық. Үш оңтүстік облысқа жұмыс істейтін филиал Алматыда орналасқан. Ақмола облысында техниканың көптігінен екі филиалымызды аштық. Корпоративтік стандарт әзірленген, соған сай, егер техника сынып қалса, онда біздің сервистік бригада 48 сағат ішінде кез келген агрегатты, тіпті, қозғалтқышты жөндеуі керек.

- Мәселе бағасына қатысты болып тұр ма?

- Баға жайында кейін айтамыз. Ең бірінші, техниканы жөндеу керек. Содан кейін ғана техниканың кімнің кінәсынан бұзылғанын анықтаймыз. Жөндеу шығындарын кінәлі жақ төлейтіні түсінікті нәрсе.

- Тіпті, "Еркін қойма" режимін қысқартқан күннің өзінде сіздер Ресей мен Белоруссия алдында бағалық артықшылықтарыңыз болады деп ойлайсыз ба?

- Қазір ресейлік және белоруссиялық өндірушілермен бәсекелесуге барлық мүмкіндік бар. Үкімет тарапынан болатын шамалы артықшылыққа үміт артамыз.

Кооперация

- Шығарылатын комбайндардың өнімділігін арттыруға қатысты жақсы тілектер айтылғанын естідім.

- Дәл қазір төртінші класты – "Essil КЗС-740" және алтыншы класты – "Essil КЗС-760" комбайндарын шығарып жатырмыз. Бірақ, бәрі жоғары өнімділікті талап етеді. Егер шаруашылық шағын болса, оған төртінші класты комбайн да жетеді. Ал үлкен егін салатын жері бар шаруашылықтарда біздің 760 машина мен шетелдік John Deere жұмыс істеп жатыр. Шетелдік John Deere-дің 350 мың доллар тұратыны, ал Essil-дің 130 мыңнан 160 мың долларға дейін тұратыны басқа әңгіме. Ақыр соңында, барлығы тек егін алқабының көлеміне емес, қалтаның көтеруіне байланысты болатыны белгілі. Егер қуатты техника туралы айтар болсақ, біздің серіктес – белоруссиялық холдинг "Гомсельмаш" өнімділікті арттыруға бұрыннан жұмыс істеп келе жатқанын айтуға болады. 2017 жылы біз де өнімділігі арттырылған машиналарды шығарамыз. Белоруссияда ол "ПАЛЕССЕ GS16" және "ПАЛЕССЕ GS-18" деп аталады. Бұдан басқа, 2015 жылдан бастап италиялық компания New Holland комбайндарын шығара бастады. Биыл оның сапасын анықтаймыз, ал таңдаудың қаншалықты дұрыс болғанын 2017 жыл көрсетеді.

- 2016 жылдың екінші жартыжылдығында "АгромашХолдинг" АҚ "Гомсельмаш" холдингімен бірлесіп, бірлескен кәсіпорын (БК) құрады деген еді. Бұл серіктестік не береді?

- БК екі компания арасындағы техникалық және қаржылық арақатынас мәселесін шұғыл шешуге мүмкіндік береді. Бұл коперация бізді нарықтың өзгеруіне бейімдейді. Осының арқасында "Гомсельмаш" алдында қарыз етіп отырған ауыспалы шығындар мәселесін шешуге де мүмкіндік береді. Белорустардың БК құрудағы тәжірибесі мол. Олардың көмегімен ауыл шаруашылығы өндірісін 50 пайыз деңгейінде жергіліктендіруге қол жеткіземіз.

- БК аясында күріш жинау техникасын құрау туралы сөз болды. Еліміздің нарығы бұл үшін шағын емес пе? Тек Қызылордаға жеткізу сөз болып отыр ғой.

- Қызылорда облысы – күріштің отаны. Бірнеше жыл қажеттілікті байқап көрдік. Қажеттілік шамамен жылына 30-40 машинаны құрайды. Оны ақшаға шақсақ, әжептәуір шықты. Қазір Қызылорда облысында қырғыз компаниясы жұмыс істеп жатыр. Олар астық жинайтын комбайндарды алып, оған екінші барабан және қосалқы бөлшектерді қосып, күріш жинайтын машина жасап жүр. Қостанайда астық жинайтын комбайн құрастырып жатырмыз ғой, күріш жинайтын комбайнды да құрастыру қиын емес. Ең басты ерекшелік – күріш жинайтын комбайн резиналы немесе шынжыр табанды болуы мүмкін. Резиналы машинаны шығару тәжірибеміз де бар. Ал шынжыр табанды машинаны "Гомсельмашпен" бірігудің арқасында шығара аламыз.

- Қостанайда шағын комбайндар шығарылуы мүмкін бе?

- Осындай сұрақтар бұған дейін де қойылған болатын. Егер астық жинайтын комбайндарға қатысты айтатын болсақ, онда, шығарылатын комбайндардың шамамен 80%-ы үлкен комбайндар. Шағын комбайндарға деген сұраныс 5-7%. Дегенмен, оларды да шығарамыз. 2017 жылы осындай өнімді шығаруды жоспарлап отырмыз. КЗС-5 "ПАЛЕССЕ GS05" комбайндары бар. Ол аса үлкен емес, ескі "Нива" комбайнына ұқсайды. Алайда, КЗС-5 комбайнында барлық заманауи құрылғы бар. Ол тек шағын егістіктерде ғана жұмыс істейді. Шағын шаруа коперативтер қызықтыруы мүмкін. Біздің шаруа үшін де тиімді, өйткені, ол отынды аз жұмсайды. Бұл комбайндардың бағасын әзірге айта алмаймыз. Ең бірінші, бізге тәжірибелі үлгіні әкеледі, біз оны жинап, сертификаттаудан өтеміз. Содан кейін комбайн егін алқабында сынақтан өтеді, одан әрі қабылдау жұмыстары болады. Осылардан кейін ғана оны нарыққа ұсына аламыз. Бұл 2017 жылдың қыркүйегіне қарай болып қалады деп ойлаймын. Оның бағасы 20 пайызға арзан болатынын алдын ала айтып қойғым келеді.

Trade-In

- Биыл ескі техниканы жаңа техникаға ауыстыру акциясы іске асты. Ол қаншалықты тиімді болды?

- Төрт жыл бұрын да осындай бағдарламаны іске қосқан болатынбыз. Биыл осы бағдарламаны қайта іске қосып, оның әлеуетінің зор екенін байқадық. Биыл Trade-In желісімен шамамен жүз техника сатылды. Егер клиент техникасын біздің техникаға айырбастап жатса, жақсы болар еді. Қаңтарылған техника біздің филиалға келіп түседі де, біз онымен жұмыс істей бастаймыз. Оны қайта қалпына келтіруіміз мүмкін. Өйткені, филиал желісі – бұл гараж емес, кеңсе ғимараты, жөндеу базасы орналасқан толыққанды жұмыс істейтін филиал. Егін жинап біткеннен кейін, ескі техниканы жөндеп, жаңа техника сатып алуға қаражаты жоқ клиентке сата аламыз.

- Биыл шамамен бес жүз комбайн сатылған. Сұраныстың артуына Trade-In бағдарламасы себеп болды ма?

- Trade-In – сұранысты арттыру механизмдерінің бірі. Көптеген құралды қолданамыз, олардың барлығы жиынтық әсер береді. Trade-In бағдарламасын қолданудың арқасында осы маусымда жақсы нәтиже көрсеттік. Сатудың өсуі – бірнеше маркетингтік құрал жұмысының нәтижесі. Жасыратыны жоқ, елімізге жыл сайын шамамен 1000-1200 комбайн қажет болады. Биыл 500 комбайн саттық. Бұл нарықтың шамамен 45 пайызы. Қалған 45 пайызды "Ростсельмаш", ал 10 пайызды John Deere және Claas сияқты компаниялар толтырды.

- Қазақстанда сіздерге бәсекелес-өндіруші қалайша жоқ?

- "Ростсельмаш" Вектор комбайндарын құрастыру өндірісін қолға алды, Солтүстік Қазақстан облысында фин комбайндары жұмыс істей бастады. "Ростсельмаш" жылына шамамен 100-160 комбайн шығарады, сонымен бірге, дайын техниканы тікелей Ресейге жеткізеді.

- 2017 жылға өндірістік жоспарларыңыз қандай?

- Өндірістік тұрғыдан алып қарайтын болсақ, 520 комбайн шығаруды жоспаралап отырмыз. Бірақ, жыл сайын егіннің шығуына қараймыз. Егер егін жақсы шығатын болса, онда шаруа техникасын жаңартуға қаражат салады. Егер егін нашар шықса, сұраныстың да аз болатынын білеміз. Биыл егін жақсы шықты. Алдағы жылды болжау қиын, сондықтан, Trade-In бағдарламасы комбайндарды сатуда маусымдық әсер етуді реттейді. Осы бағдарлама негізінде шамамен 100 комбайн сатуды жоспарлап отырмыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу