"Серпін" бағдарламасының шарттары қайта қаралады – Аймағамбетов

18954

Бағдарлама бойынша солтүстікке оқуға барған түлектердің бестен бірі ғана сол жақта жұмыс істеуге қалған, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Серпін" бағдарламасының шарттары қайта қаралады – Аймағамбетов Фото: azattyq-ruhy.kz

Халықтың бір бөлігін елдің оңтүстігінен солтүстігіне көшіруді көздейтін бағдарлама Парламенттің бірлескен отырысында тағы да талқыланды. Мәжіліс депутаты Жәмилә Нұрмамбетованың айтуынша, жобаның басты мақсаты – жас кадрларды оқыту есебінен жұмыс күші тапшы өңірлерді мамандармен қамтамасыз ету. Алайда Есеп комитеті жобаның дұрыс іске асырылмай жатқанын атап көрсеткен. Нақтырақ айтқанда мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру жөніндегі болжамдарда жүйелі түрде жаңсақ есептер байқалған. 

"Мәселен, 2020 жылы ЖОО-лар мен колледждерде оқытуға жоспарланған 5132 гранттың 1004-і немесе 20 пайызы ғана бөлінді. ЖОО-лар мен колледжерде осы жоба жүзеге асырылған 6 жылдың ішінде бөлінбеген 8 325 грант қалды. Ал игерілмеген қаражат шамамен 5 млрд теңгені құрады. Осы жылдарда жобаға тартылған ЖОО-лар мен колледждердің 11 мың түлегінің ішінен 2 мыңнан астамы ғана (19,5 пайызы) оқуды аяқтаған соң, солтүстік өңірлерде жұмыс істеуге қалған. Бұл – жобаның тиімділігінің төмен екенін көрсетеді. Осы мәселені депутаттар бірнеше рет көтерген. Бірақ жағдай өзгерген жоқ. Жобаның нақты мақсатына жету үшін өңірлердің қажеттілігін ескере отырып, мемлекеттік білім беру тапсырысының болжау жүйесін қашан өзгертесіздер? Жастардың қызығуышылығын қалай арттырасыздар",  деді бір емес, екі министрге сауал жолдаған Жәмилә Нұрмамбетова.

Бұл сұраққа бірінші болып жауап берген Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов барлық гранттың 10 пайызы шынымен де "Серпін" бағдарламасына бөлінгенін растады. 

"2020 жылы да жалпы гранттың 5170-і "Серпін" бағдарламасына бөлінді. Осы 5 мың грантқа 6 мың түлек үміттеніп, бағын сынап жеңіп алды. Бірақ дегенмен біздің заңнамаға сәйкес, оңтүстіктегі талапкерлер жалпы конкурсқа да өз өтініш беріп, жалпы грантқа да, ауыл квотасына да таласа алады. Сондықтан осы 6 мың түлектің 4 мыңы ауыл квотасын жеңіп алды. Ол дегеніміз – түлектер өз өңірлерінде де оқуға мүмкіндік алып отыр. Сондықтан соның тек ауыл квотасын жеңіп ала алмағандар "Серпін" бағдарламасы бойынша солтүстіктегі өңірлерге бет алды", – дейді ол.

Министрдің айтуынша, бұл мәселе бойынша ұлттық жобаны дайындалып жатыр. Соның шеңберінде "Серпін" бағдарамасының шарттары қайта қаралып, жастарды ынталандыру тетіктері әзірленбек. 

Өз кезегінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шапкенов "Серпін" түлектерінің қызығушылығын арттырып, солтүстіктегі өңірлерге жұмысқа қалдыру бағытында кешенді жоспары барын айтады. 

"Біріншіден, солтүстік өңірлерге қоныс аударушыларға "Еңбек" бағдарламасында көрсетілген көмектердің бәрі де "Серпін" түлектеріне қолжетімді. Оқу бітіргеннен кейін ол жерде қалып жұмыс істеу, жәрдемақы алу мүмкіндіктерін қарастырдық. Екіншіден, "Серпін" түлектеріне жәрдемақыны биылдан бастап 35-тен 70 АЕК-ке дейін көтердік. Үшіншіден, көбі жастар болғандықтан, жастарды үш жоба арқылы жұмысқа тартқымыз келеді", – дейді Серік Шапкенов.

Аян Бекенұлы
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу