Шабуылдаған сербиялықтар НАТО ұрыс техникасына "Z" әрпін салып жатыр

1849

Косовоның серб анклавында неге сұрапыл қақтығыс басталды? Оған Ресейдің қатысы бар ма? 

Шабуылдаған сербиялықтар НАТО ұрыс техникасына "Z" әрпін салып жатыр Фото: yandex.kz

Күйреген Югославияның мұрагері Сербиядан іс жүзінде азаттық алғанымен, тәуелсіздігін әлемдегі барша ел мойындай қоймаған мұсылмандық Косовоның солтүстік 4 муниципалитетінде православие дінін ұстанатын сербтар шоғырлана тұрады. Олар көптен бері өздеріне автономия сұрап келеді.

Косоводағы дағдарыс биылғы сәуірде ушықты. Сонда елдің солтүстік өңірлерінде жергілікті мэрлердің сайлауы өткен болатын. Косоволық сербтер премьер-министр Альбин Куртиден серб муниципалитеттері үшін кең автономия беруді талап етті.

Фото:mavink.com

Батыстың белсенді қатысуымен, Белград пен Приштина биылғы жыл басында осыған уағдаласқан. Бірақ дегеніне жете алмаған, биліктің өзін тыңдамайтынын түсінген косоволық сербтер қарсылығы ретінде сайлауға бойкот жариялады. Бұл этникалық албандарға осы өңірлердегі биліктің жергілікті органдарын да өз бақылауына алуына мүмкіндік берді. 

Қапы қалғанын түсініп, бармақ шайнаған косоволық сербтер алдымен Звечан қаласында жергілікті кеңестің ғимаратын шабуылдап, басып кіруге талаптанды. Полиция оларға қарсы көзден жас ағызатын газ бен жарықты шулы граната қолданды.

Елдегі бейбітшіліктің сақталуын қамтамасыз ететін НАТО бітімгершілері дереу жергілікті муниципалитеттер ғимараттарын қоршауға алып, қауіпсіздік кордонын түзді. Ашулы сербтер енді бітімгершілерді шабуылдауға көшті. Салдарынан, тек бір күн ішінде, дүйсенбіде 20 бітімгершіл жауынгер жараланған. Қарсыласушы жақтан кем дегенде 50 адам зардап шеккені хабарланды.

Фото: rg.ru

Бұл оқиға көрші Сербия халқын дүр сілкіндірді. Сербия Президенті Александар Вучич жұмадан бастап, Косовомен шекараға әскерін шоғырландырды. Сербия армиясын толық әскери дайындыққа келтірді. Әрине, Косово да, Сербия да Солтүстікатлантикалық Альянсқа мүше емес. Бірақ Сербия көршісіне шапқыншылық жасаса, армиясын НАТО жайпап тастайтынын жақсы біледі.

Негізсіз емес: 1999 жылғы наурызда сол кездегі Слободан Милошевич басқарған Югославия билігі атысты тоқтату туралы келісімді бұзып, Косовоға 40 мың әскерін кіргізіп, "этникалық тазалау" жүргізуге талаптанғанда НАТО "Allied Force" (Одақтастар қуаты) операциясын жүргізгені мәлім. 78 күн жүрген операция барысында НАТО авиациясы мен сүңгуір қайықтары 35 219 рет шабуыл жасап, 23 000 зымыран, бомба тастаған. Югославиялық 1 мыңдай солдатты қырып салды. Содан бері Югославияның жұртында қалған Сербия көршісіне қыр көрсеткенімен, қырғын салуға енді батпайды.

Ал Ресейге арқа сүйейтін және Кремль пропагандасын жиырма жылдан бері бойына нық сіңірген сербиялықтар биліктің батылсыздығына кіжінеді. Қиқарлану кесірінен сан соққан Косоводағы қандастары үшін ызаланған Сербия тұрғындары өз қалаларының көшелерін толтырып, Сербия Президенті Александар Вучичтің отставкасын талап етті.  

Фото: radiosputnik.ria.ru

Бүлікшілердің қысымымен Александар Вучич Сербияның билеуші партиясының лидері лауазымынан кетті. Бірақ Мемлекет басшысы лауазымын сақтап қалды. Сербиялық қоғамдағы әлеуметтік кернеу елдегі ішкі дағдарыстан күшейген болатын. Батыстың косоволық проблеманы реттеу жоспары оның "ісінген шиқандай" тыс етіп жарылуына соқтырды.

Өйткені Батыс Сербиядан Косовоның тәуелсіздігін мойындауды талап етіп отыр. Ал ол аумақты "тарихи мекеніміз" деп санайтын сербиялықтар бұған үзілді-кесілді қарсы. Косовомен үнемі қақтығысу елді тек тұйыққа тірей беретінін халқының санасына жеткізбек болған Вучич өз ұлтының қас жауына айнала бастады. Президент билеуші партия лауазымынан кету арқылы ел наразылығын басуға талпынды. https://ria.ru/

Алайда митингтер ары қарай жалғасуда.

Бірақ батыстық әскери блок Косовоны қуатты қорғауға бекінді. Кеше НАТО Косовоның солтүстігіне қосымша күштер бағыттап, ондағы KFOR бітімгершілер күштерінің контингентін тұтас батальонмен нығайтуға шешім қабылдады. Бұл туралы Неапольда орналасқан Альянстың Біріккен қарулы күштерінің қолбасшылығы жариялады.  

BBC қазіргі кезде Косовода жараланған бітімгершілердің саны 30-дан асып кеткенін хабарлады. Соның ішінде НАТО бітімгершілері құрамындағы үш италиялық солдат ауыр халде жатқаны анықталды. 

AFP агенттігінің мәліметінше, натолық бітімгершілер полицияға көмекке келіп, оларды бүлікшілерден арашалауға тырысты. Осы мақсатта наразыларды қалқанмен ығыстыруға тырысқан. Бұған олар бой бермеген соң, тоқпақ-дубинка қолдануға тура келіпті. Еліріп алған бүлікшілер солдаттарға тас жаудырған, онымен шектелмей, "Молотов коктейлдерін" жағып лақтырған.

НАТО сербтердің бұл қарекетін айыптайтын ресми мәлімдеме таратты. Онда Альянс барлық тарапты "шиеленісті ары қарай өршітетін кез келген іс-қимылдан аяқ тартуға" және диалогқа шақырды. Бірақ көзіне қан толған тобыр сөзге тоқтайтын түр танытып отырған жоқ.

Фото: yandex.kz

Оқиға орнында жұмыс істеп жатқан ақпарат құралдары НАТО бітігершілерінің әскери машиналарына шабуылдаған косоволық сербтердің оларға бояулы баллондармен Ресейдің Украинаға қарсы агрессиясының символын – Z әрпін жаппай салып жатқанын жеткізді. Яғни, осы арқылы ресейліктер сияқты енді ештеңеден тайынбайтынын білдірсе керек.

Бұған жауап ретінде Президент Александар Вучич Косовомен шекараға аттандырылған сербиялық армияны толық әскери дайындыққа келтірді. Дегенмен, халықаралық сарапшылардың байламынша, бұл Косовоға әскери шабуыл жасау үшін емес, керісінше, серб ұлтшылдарының Косовоға баса-көктей еніп, қантөгіске араласпауы үшін жасалған.

Фото: reuters.com

Сербия мен Косово арасындағы қақтығысты өрістетуге ресейлік пропаганда күш салуда. Мәскеу осы арқылы НАТО-ны Украина тақырыбынан басқаға алаңдатудан үмітті. 

Берлиндегі Карнеги орталығының Ресей мен Еуразияны зерттеу жөніндегі ғылыми қызметкері Максим Саморуковтың айтуынша, сербтер үшін ресейлік ұстаным — шынайы, нағыз патриотизмнің эталоны саналады. Бұл елдің қарапайым тұрғындары халықаралық мәселеде өз Үкіметі емес, Мәскеу қандай ұстанымды ұстанады деп соның аузына қарайды.

Фото: yandex.kz

"1,8 миллион ғана тұрғыны бар шағын Косовода бір қарағанда, Ресейдің мүддесіне ұстын болар әлденені табу қиын. Бірақ 9 жылға жуық БҰҰ басшылығымен жеке өмір сүрген Косово 2008 жылғы ақпанда, Батыстың қолдауымен Сербиядан тәуелсіздігін жариялағанда, Мәскеу мұны мойындамады. Осы арқылы сербтердің қуатты қолдауына ие болды. Бірақ Кремльдің өз ойлағаны бар еді. Сол жылғы тамызда Мәскеу "косоволық прецедентті" қалқан етіп, Грузияға қарсы соғыс ашты. Одан қос грузин автономиясын — Абхазия мен Оңтүстік Осетияны бөліп алды. Батыс бұған тегеурінді қарсылық танытпады", – дейді сарапшы.

Максим Саморуков В.Путин үшін Сербия мен Косовоның бітімге келмегені, үнемі қақтығысып отырғаны тиімді екенін айтады. Себебі, Мәскеудің осы өңірдің ісіне қол сұғуы да соның тұсында басталды. Әйтпесе, Кеңес одағы социалистік Югославияны 1949—1991 жылдары жұмыс істеген "Экономикалық өзара көмек кеңесіне" (СЭВ) де, тіпті соцлагерді қалыптастырған Варшава шарты ұйымына да қосқан жоқ. Сондықтан бұл өңірде кеңестік Ресейдің ықпалы шамалы еді. Нәтижесінде, Югославия одағының аумағында жүрген 1991–1995 жылдардағы қарулы қақтығыс қорытындысында одан Хорватия, 1992–1995 жылдардағы шиеленіс нәтижесінде Босния бөлініп шығып, тәуелсіздігін жариялағанда, Мәскеу Батыс державаларымен ынтымақтастықта, бірге қимылдады. Тіпті бертінде Югославияның мұрагері ретінде Сербия БҰҰ-ға мүшелігін сақтап қалуға өтініш бергенде, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мүшесі Ресей оған вето қойды. Сөйтіп, Сербияға БҰҰ мүшелігіне қабылдану үшін қайтадан өтініш беруге, жаһандық ұйым мүшелерімен келіссөз жүргізіп, дауыс жинауға тура келді.

Ресей мен Еуразияны зерттеу жөніндегі сарапшының пікірінше, путиндік Ресей Косово мен Сербия қақтығысын ушықтырып, оны НАТО блогының кеңеюіне қарсы құрал ретінде пайдалануға тырысты. Бүгінде де ресейлік пропаганданы ұйып тыңдаған сербиялықтардың төбе шашы тік тұрса керек: "НАТО күштері Косоводағы сербтерге шабуылдап жатыр", "Косово толығымен НАТО-ның бағынысына көшті" деп шулауда ресейлік халықаралық ақпарат құралдары.

М.Саморуков серб халқының санасын жаулау үшін РФ пропагандасы "мызғымас және мәңгілік серб-орыс достығы туралы аңызды ойлап тапты". "Славяндық және православиелік бауырластық" дегенді қалқан еткен ресейлік және сербиялық элита Батысқа деген ортақ өкпе негізінде жақындықтың, өзара түсіністіктің теңдессіз деңгейіне жетті. Шынында, Мәскеу серб элитасының беделді өкілдерін өзіне қарату үшін қаржыны да аямаған.

Бұдан Мәскеу тек геосаяси ғана емес, экономикалық пайда тауып отыр. Мәселен, мұнай мен газды барлаумен және өндірумен айналысатын сербиялық жалғыз мемлекеттік монополист Naftna Industrija Srbije (NIS) компаниясы акцияларының бақылау пакетін ресейлік "Газпромнефть" иеленіп алды.

Бейбітшілікке қару күшімен иліктірген НАТО-ға деген ыза-кегі ішінде қазандай бұрқ-сарқ қайнаған қарапайым сербиялықтар РФ уағызына сеніп, Мәскеуді кәдімгідей арқа тұтады, тірегі санайды. Бұл сенімді бекітетін Кремлдің бір мықты дәйектемесі бар. Ресей БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мүшесі құзыретін пайдаланып, Косовоның тәуелсіз мемлекет ретінде БҰҰ-ға және басқа халықаралық ұйымдарға мүшелікке қабылдануына ешқашан жол бермеуге, вето қоюға уәде етті. Демек, болашақта Путиннің орнына келген РФ басшысы бұл уәдеден тайса, онда сербтер өздеріне "сатқындық жасалды" деп санауы ықтимал.

Әзірге Сербия оппозициясы ондаған мың жақтаушыларын көшеге шығаруды жалғастыруда. Соның бірінде демонстранттар саны 65 мың адамнан асқан. Ал Косовода жергілікті сербтердің қарсылық акциялары жалғасын тапты.  

Серб саясаттанушы Александар Джокичтің айтуынша, Президент Вучич өзін Ресеймен арадағы барлық байланыстарын үзуге итермелеу үшін Батыс оппозицияға дем бере ме деп қауіптенеді. Вучичтің қаупі негізсіз еместігін оппозицияның кейбір көшбасшылары растады: Сербияны қуатты қолдай алмаған Мәскеуден олардың көңілі қала бастапты. Хорват журналистері қазіргі шерулерді ұйымдастырушылардың бірі Радомир Лазовичтен сұхбат алды. Мақала "Сербия Вучичтен және Ресейден азаттық алуға дайын" деген тақырыппен шықты.

Өз кезегінде Батыс Косово мәртебесін шешу жөніндегі франциялық-германиялық жаңа жоспар аясында Вучичтен толыққанды ынтымақтастық пен нақты әрекеттер күтетінін білдірді. Еуропалық Одақ пен АҚШ жоспарынша, Косово де-факто ғана емес, енді де-юре, халықаралық құқық негізінде тәуелсіз мемлекетке айналуға және БҰҰ-ға мүше болуға тиіс. Егер Сербия Батыстың ығына жығылып, Косовоның азаттығын мойындаса, онда Батыс Біріккен ұлттар ұйымында Мәскеудің ветосын еңсеру жолдарын іздестіреді. Бұл үшін тіпті БҰҰ түбегейлі реформалануы да мүмкін. 2022 жылғы қыркүйекте осы жаһандық ұйымның Бас Ассамблеясының 77-ші сессиясында бірнеше әлемдік лидер БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне қатысты реформаны ұсынды. Ол БҰҰ ҚК мүшелерінің, бірінші кезекте Ресей мен Қытайдың вето құқығын шектеуді қарастырады.

Осылайша, әлемдік алпауыттар арасындағы тайталас пен текетірес әралуан елдерде және әртүрлі деңгейде өршіп барады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу