Шағын бизнес сауда мен жөндеуге құмар

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2903

Қазақстандық шағын бизнес өз тарихындағы рекордтық табысқа жетті.

Шағын бизнес сауда мен жөндеуге құмар

Елімізде санының және үлесінің көптігіне қарай шағын кәсіпорындар кәсіпкерліктің ұстынын құрайды. Қазіргі кезде белсенді жұмыс жасап тұрған шағын бизнес субъектілерінің саны 147,6 мыңнан асты. Бұл 2017 жылғыдан 8,7%-ға немесе бірден 11,8 мың кәсіпорынға көп.

Жалпы алғанда, Қазақстанда тіркелген шағын заңды тұлғалардың (оның ішінде бизнес болып табылмайтыны да бар) жалпы саны 420,8 мыңға жетті. Салыстыру үшін айтсақ, 2012 жылы бұдан екі еседей аз, 295,5 мың болатын.

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, бұл сектордың өз өнімдерін өткізуден және қызметтер көрсетуден тапқан табысы да еселенуде: биылғы жартыжылдық қорытындысы бойынша ол 8 триллион теңгеге жуықтап қалды. Бір ғажабы, соның тең жартысын – 4 триллион теңгесін қос қаланың ғана кәсіпкерлері қанжығалап кеткен. 

Сарапшылардың айтуынша, отандық шағын кәсіпкерлердің кірісі тұтастай алғанда миллиардтап емес, триллиондап өсуде екен. Нақтырақ айтсақ, егер өткен жылғы бірінші жартыжылдықта бұл көрсеткіші 5,8 триллион теңге болса, биылғы ұқсас мерзімде, 37,9%-ға күрт артып, 7,9 триллиондық белесті бағындырып отыр.

Айта кету керек, негізгі және жанама қызмет түрлерінен тапқан кірісі сыртында, шағын бизнес субсидиялаудан, қаржыландырудан және басқа да көздерден қосымша 656,9 миллиард теңге кіріс көрген. Өткен жылы бұл кірісінің жалпы көлемі 530,9 миллиард теңге болған.

Сонда шағын және бизнеске жыл басынан бері 8 триллион 592,1 триллион қаржы арна тартып отыр. 

Бұл көрсеткішке жүргізілген талдау еліміздегі негізгі мегаполистерге неғұрлым жақын болған сайын, шағын кәсіпкерліктің бағы ашыла түсетінін көрсетеді. Нәтижесінде, өнім сату немесе қызметін өткізу бойынша табыстылығы жөнінен Алматы көшбасшы атанды: оның шағын бизнес өкілдері қазірдің өзінде нарықта 2,6 триллион теңгені бөліске салған. Өткен жылы бұл сома 1,9 триллионды құраған. Ал Астанада шағын субъектілер 1,4 триллион теңге табысқа бөленді (2017 жылдың І-жартыжылдығында – 1,05 триллион теңге).

Облыстар арасында Атырау ілгері озды: онда шағын кәсіпкерлік қожайындарының қалтасы 814,1 миллиард теңгеге қалыңдады. Сөйтіп, олар табысын былтырғыдан 2,4 есеге күрт арттырған. Одан кейін индустриялы Қарағанды облысы тұр: көрсеткіш жарты триллионнан асты (506,6 миллиард теңге). Өткен жылы небары 387 миллиард айналасында ғана болып еді. Яғни, қарқыны үдеп келеді. 

Өзге өңірлердегі шағын бизнес табысының көлемі келесідей және олардың барлығының көрсеткіші жарты триллиондық межеге жетпейді: Ақтөбе облысы – 341,2 млрд теңге, Маңғыстау облысы 312,8 млрд теңге, БҚО – 319,5 млрд теңге, Шымкент қаласы – 284,1 млрд, Қостанай облысы – 253,8 млрд теңге, ШҚО – 241,9 млрд теңге, Ақмола облысы – 212,1 млрд теңге, Алматы облысы – 172,1 млрд теңге, Павлодар облысы – 163,4 млрд теңге, СҚО – 111,3 млрд теңге.

Ал үш өңір "аутсайдерлер" қатарын құрады, бұлар Жамбыл облысы – 83,2 млрд, Қызылорда облысы 79,2 млрд теңге, Түркістан облысы 64,9 млрд.

Әрине, өнім мен қызметтерді өткізуден түсетін кірістің барлығы "таза табыс" болып есептелмейді, оның үлкен бөлігін кәсіпкерлер жұмыскерлерге жалақы төлеуге, өнімді тасымалдауға, әкімшілік шығыстарға және басқа да бағыттарға жұмсайды. Ақыр соңында өзінде қалатыны мардымсыз болуы ықтимал.

Бірақ ресми статистика мұндай табыс жөнінен де шағын бизнес бұрын болмаған асуды бағындырғанын айтады. Сонымен, 2018 жылғы алты айда шағын заңды тұлғалардың табысы 2,6 триллион теңгені құрап отыр. Кейінгі бес жыл ішінде шағын кәсіпорындардың бірінші жартыжылдықтағы табысы 3,4 есеге – 2013 жылғы 776,6 миллиардтан қазіргі 2,6 триллионға дейін ұлғайды.  

Шағын кәсіпкерлер сол бұрынғыдай көтерме және бөлшек сауда мен автокөліктер жөндеу салаларында шоғырлануда. Бұл бағытта белсенді кіші бизнестің 35,2 мыңы нәпақа табуда. Олардың қатары былтырғыдан 11 пайызға көбейді. 

Кіші деңгейлі бизнесмендер перспективті деп санайтын қызметтер арасында білім беру саласы да бар: онда 14,8 мың шағын заңды тұлға жұмыс жасауда. Былтыр бұлардың саны 13,9 мың болатын, яғни жаппай жабылып қалып жатқан жоқ, керісінше, ұлғаюда. 

Құрылыс саласы да шағын кәсіпорындар үшін "құтты өріс" болып тұр: онда 13,7 мың осындай белсенді субъекті қызмет атқаруда. 2017 жылы 13,6 мың болатын.

Әйткенмен, ең қарқынды дамушы шағын бизнес мәртебесін қонақ үй, баспананы жалға беру және тамақтандыру секторы иеленді: ондағы шағын бизнесмендер саны өткен жылғыдан бірден 17,7%-ға өскен.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу