Орта және ірі бизнесті үш сала сүйреп келеді

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
2903

Олар өнеркәсіп, білім және денсаулық сақтау.

Орта және ірі бизнесті үш сала сүйреп келеді

Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитетінің мәліметінше, 2018 жылдың IV тоқсанында ірі және орта кәсіпорындардағы жұмыскерлер саны 1,1% ұлғайып, 2,6 млн адамға жеткен.

Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылы республика бойынша орта және ірі кәсіпорындарда жұмыспен қамтылғандар саны 2,55 млн болса, 2016 жылы да көрсеткіш сол қалпы қалып, 2017 жылы 2,58 млн-ға артқан еді.

Өңірлер бойынша орта және ірі кәсіпорындарда жұмыс істейтін халық саны ең көп өңір – Алматы қаласы. Оңтүстік астанада 398,2 мың адам орта және ірі кәсіпорындарда еңбек етсе, екінші орындағы Қарағанды облысында 251 мың адам орта және ірі кәсіпорында жұмыс істейді. Ал елорда халқының көрсеткіші 221,2 мыңды құрайды.

Орта және ірі кәсіпорында жұмыс істейтін халық саны ең аз өңірлер – Солтүстік Қазақстан облысы (70 мың), Батыс Қазақстан облысы (90,7 мың) және Ақмола облысы  (95,5 мың).

Дегенмен, өсім саны ең қарқынды өңір Атырау облысы. Бұл облыста орта және ірі кәсіпорында жұмыс істейтін халық санының өсімі бір жылда 8,6 пайызға артса, екінші орында Алматы облысы (7,2 пайыз). Керісінше көрсеткіш қарқынды төмендеп жатқан өңірлердің көш басында Маңғыстау облысы (-2,2 пайыз).

Бір қызығы, орта және ірі кәсіпорындарда жұмыс істейтін халықтың 53,5 пайызы негізгі үш салада еңбек етеді. Атап айтар болсақ, 612,1 мың адам өнеркәсіпте, білім саласында 431,2 мың және денсаулық сақтау мен әлеуметтік көмекте 348,6 мың адам еңбек етуде.

Дегенмен, өсім қарқыны бойынша көтерме және бөлшек сауда саласындағы орта және ірі кәсіпорындардағы жұмыскерлер саны 8,8 пайызға артып, 12,1 мың адамға жеткен екен.

Ал жұмыс орындары ең көп қысқартылған орта және ірі кәсіпорындар қаржы және сақтандыру саласында (9,4 пайыз) және жылжымайтын мүлікпен операцияларда (28,8 пайыз).

Айта кетейік, 2017 жылдан бері елде мемлекеттік "Еңбек" бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Бағдарламаның мақсаты жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті қолдау. Еңбек нарығын дамыту үшін мына мақсаттар алға қойылған: жұмыссыздар, өзін өзі жұмыспен қамтушылар пен өнімсіз жұмыспен қамтылғандарды жұмыспен қамту; еңбек ресурстарының мобильділігін арттыру; жұмыспен қамту бойынша біріңғай цифрлық алаң құру. 2019 жылы бағдарламаға қартылған халық саны жұмыспен қамту орталықтарына жүгінетін азаматтардың 92,8%-ын құрады.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу