"Атамекен" Ұлттық Кәсіпкерлер палатасына мүшелік жарна төлеушілер саны былтыр шамалы азайған. Алайда биыл Қазақстанның бас бизнес ұйымы 2017 жылға қарағанда 13%-ға артық жинамақ. Бұл ретте "Атамекен" ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы съезінде делегаттардың өтініші бойынша шағын бизнес үшін жарна төлеу мораторийін ұзартуға шешім қабылданды, деп хабарлайды abctv.kz. тілшісі.
"Қазіргі жүйеде мүшелік жарналар нақты тіркелмейтінін жақсы түсінеміз. Бұл кәсіпкерлердің ұйымға деген жанама сенімінің көрсеткіші. 2017 жылы нақты 63 пайызды орындадық, биыл жарнаның 70 пайызын жинауды көздеп отырмыз", - деді ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов.
ҰКП басқарма төрағасының айтуынша, қазіргі уақытта тіркелген 141 қауымдастық жұмыс істейді, оның 38-і тікелей келісімшартқа ие және палатаның сараптамасы мен міндетін атқаруға қатыса алады.
"Жарна төлеушілер саны өсіп келеді. Ұлттық палатада міндеттер табысталатынын көрсеткіміз келеді, біз алты миллиард теңге тұратын алты бағыт бойынша оператормыз. Қауымдастықтар -біздің тірегіміз, Ұлттық палата мықты қауымдастықтардың болуына мүдделі", - деді Абылай Мырзахметов.
ҰКП басқарма төрағасының баяндамасында айтылғанға сүйенер болсақ, 2017 жылы түскен міндетті мүшелік жарналар 6,2 млрд теңгеге тең болған. Биыл түседі деп жоспарланып отырған түсім көлемі – 7 млрд теңге. Бұл ретте жарна төлеушілер саны 2016 (1827 ірі бизнес кәсіпорындары мен 21544 орта кәсіпорын) жылмен салыстырғанда қысқарған (1897 ірі бизнес кәсіпорындары мен 21386 орта кәсіпорын).
"Қазақстанда шамамен кәсіпкерліктің миллион субъектісі тіркелген және заң бойынша олар "Атамекен" ҰКП мүшелері болып табылады. Мүшелік жарналар - ҰКП-ны қаржыландырудың бір көзі. Бұл ретте 2014 жылдан бастап жарна төлеушілер – бұл ірі және орта бизнес өкілдері, кәсіпкерліктің шамамен 22 мың субъектісі болған. Ал қалған мүшелері, яғни 980 мыңнан астам кәсіпкер жарна төлеуден бес жылға босатылған. Бұл негізінен жеке кәсіпкерлер, фермерлік және шаруа қожалықтары. Бірақ "Атамекен" мүшелері бизнес, жарна төлеу көлеміне қарамастан бірдей құқыққа ие және ҰКП қызметін тең дәрежеде пайдаланады", - деді "Атамекен" ҰКП басқарма мүшесі Елдос Рамазанов.
"Атамекен" ҚР ҰКП басқармасының мүшесі Елдос Рамазанов Ұлттық палатаның қаражатын түсінікті және ашық бөлу жүйесі мен қадағалау - бюджетті үнемді және тапшылықсыз орындауды қамтамасыз етті деп атап өтті. Тап қазіргі уақытта шағын бизнеске қосымша қаржылық жүктемені құру қажет емес екенін де айтты.
"Шағын бизнесті дамыту мен қолдау – біздің артықшылығымыз. 2015 жылы міндетті мүшелік жарнаға қатысты тәсіл қайта қаралды. Оның мөлшері төмендетіліп, әртараптандырылды. Мүгедектер еңбегін пайдаланатын ұйымдар жарна төлеуден мүлдем босатылған. Нәтижесінде жалпы міндеттер 2 есе төмендеген. Жарналардың түсуі жақсы динамиканы көрсетеді", - деді "Атамекен" ҚР ҰКП басқармасының мүшесі.
Съездегі талқылау барысында "Қазақстан фермерлер одағы" республикалық қоғамдық бірлестік басшысы шағын кәсіпорындардың жарна төлеуге қатысыты мораторийін ұзарту туралы ұсыныс жасады.
"Біздің одақ, басқа қауымдастықтар сияқты ерікті түрде құрылған. Сонымен қатар бизнеске Ұлттық палатаға қатысу міндетті болып табылады. Бұл мүшелік жарналарға да қатысты шаруа. Менің түсінуімше, бүгінгі таңда Ұлттық палатада қаражат тапшылығы мәселесі жоқ. Сондықтан шағын бизнесті мүшелік жарна төлеуден тағы бес жылға босату керек", - деді Әуезхан Даринов.
Сондай-ақ химиктер одағы төрағасы Мұқаш Ескендіров те шағын бизнесті жарна төлеуден босатуға ұсыныс жасады.
"Бүгінгі күні Ұлттық палатада қаражат жинау міндеті жоқ. Осыған сүйене отырып, шағын бизнесті тағы үш жылға жарна төлеуден босату керек. Химиктер одағындағылардың бәрі жарна төлейді. Біз көмектесу керек екенін түсінгесін төлеп отырмыз. Ал күндерін әрең көріп отырған шаруа қожалықтары үшін қолайлы жағдай жасау қажет, Егер оларға жарна төлететін болсақ... Мен бұған түбегейлі қарсымын. Керісінше, жағдай жасау керек", - деді химиктер одағының өкілі.
Шағын бизнес субъектілерін мүшелік жарнадан 3 жылға босату туралы ұсынысты съезд қатысушылары толығымен қолдады.
Гүлназ Ермағанбетова, Артур Мискарян