Қызылорда облысында аудан орталығынан 200-400 шақырымға дейінгі қашықтықта орналасқан елдімекендер бар. Сондай шалғай ауылдары көп аймақ – Арал ауданы.
Ұшқан құстың қанаты талатын, теңіздің арғы бетіндегі елдімекеннің балалары жаңа оқу жылын интернетсіз қалай білім алатыны жөнінде анықтап көрдік.
Арал ауданында 50 мектеп бар. Оның 15-і ұялы байланыс және ғаламтор желісі тартылмаған ит арқасы қиянда қоныстанған. Теңіз қойнауындағы Құланды ауылы аудан орталығынан 350 шақырым жерде орналасқан. 400-ге тарта тұрғыны бар ауыл негізінен түйе бағып күн көреді. Ауылдағы жаңа мектепте 58 бала білім алады. Интернет болмағасын өткен оқу жылының 4-ші тоқсаны оқушылар үшін қиынға соғыпты.
"Балапан" бағдарламасымен балалар телесабақтар өтті. Мұғалімдер қосымша курьер арқылы тапсырмалар беріп, кері байланыс орнатты. Бірақ интернет болмаған соң және мектепте оқымағаннан кейін қиындықтар болды. Жуырда мемлекеттік сатып алу жұмыстары жасалып, аудандық білім бөлімінен тамыз айында залалсыздандыру құрал-жабдықтары жеткізіледі деп тұрмыз. Содан кейін қыркүйекте дәстүрлі оқуға көшеміз. Мектепте оқушылар саны аз, әр сыныпта 5-10 баладан", – дейді №77 орта мектеп директоры Пәтуәлі Зейнетәлиев.
Қыркүйектен бастап сабақтың мектепте өтетініне мұғалімдер де қуанышты. Қазір ұжым болып білім ұясын оқушылар қабылдауға дайындап жатыр. Кезінде көліктен көрі ұшақ қатынаған Құландымен қатар Ақбасты ауылындағы мектеп ұстаздары да шәкірттерін қуантуға асық. Өйткені мұнда оқушыларға спорт алаңы салынып жатыр екен. Сондай-ақ, информатика, физика кабинеттеріндегі оқу құралдары да жаңартылған. Шалғайдағы осындай ауылдың бірі Қосаманның оқушылары да қыркүйекте мектепке барады. Білім ордасына ағымдағы жөндеу жүргізіліп, қысқы жылыту маусымына дайын. Егер де сабақ қайта қашықтан оқыту жүйесіне көшсе, балалар тағы ғаламторсыз білім ала ма, деген сауалға аудан әкімдігі 13 ауылға интернет жеткізуді жоспарлап отырғанын айтты.
"Елді мекендердегі мектептердің әжетханаларын ішке көшіру бойынша жұмыстар жасалуда. Бұған аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, 15 мектептің әжетханасы 15 тамызға дейін толық ішке көшіріліп, дайын болады. Қазір жылу жүйелеріне зерделеу жұмыстары жүріп, отын қоры тексеріліп жатыр. Одан бөлек ағымдағы жөндеу, сырлау, әктеу, абаттандыру жұмыстарын толық аяқтап отырмыз", – дейді Арал ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев.
Жалпы, жаңа оқу жылында облыстың 243 білім беру ұйымында оқушылар сабақты қашықтан оқиды. Олардың қажеттілігіне қарай мектептің компьютер, планшеттері уақытша қолдануға берілетін болды. Өңірдегі 20 мыңнан астам педагогтің 18 мыңдайы арнайы онлайн курстан өткізілуде. Салалық кәсіподақ демеушілігімен 300 мұғалімге электронды құрылғылар да табысталмақ.
Ендігі мәселе, осы ауылдарда тұрақты дәрігерлердің жоқтығы.
Арал өңірінде эпидемиологиялық ахуал біршама тұрақталды. Коронавирус инфекциясын жұқтырған 120 тұрғынның 114-і дерттен айығып шықты. Қалғандары дәрігерлердің бақылауында. Аудан орталығындағы аурухана, емханаларда дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Енді емдік препараттар теңіздің арғы бетіндегі шалғай ауылдардағы медициналық бекеттерге жеткізіліп жатыр.
"Келесі аптада тағы 7 оттегі концентраторы келеді. Сондай-ақ, жеке кәсіпкердің көмегімен қосымша дәрі-дәрмектер алынатын болды. Аудан бойынша 20 мобильдік топ бар. Барлығында дәрігер, орта буын қызметкерлері қамтамасыз етілген. Аудан әкімдігінің көмегімен қосымша автокөліктер бөлінді", – дейді Арал аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Лаура Әбілдаева.
Құланды ауылында COVID-19 тіркелген жоқ. Дегенмен, басы ауырып, балтыры сыздағандар көбейіпті. Жергілікті медициналық бекетте дәрі қоры жасақталған. Тұрғындардың айтуларынша, шалғай болғасын мұнда маман тұрақтамайтын көрінеді. Жұртшылық амбулаторияда тұрақты түрде жұмыс істейтін дәрігер болғанын қалайды.
"Аяғым мазалап еді, мына балама келіп, система салдырып, демалып жатырмын. Жақсы боламын деп ойлаймын. Жас балалар осы қыстай 4 рет ауысты, осы бала төртінші дәрігер, 2-3 ай болды келгеніне. Аудан әкіміне отбасылы дәрігер сұрап жатқанымыз сол. Бізге тұрақты қарайтын маман керек. Азғантай ауыл болса да ауру-сырқау көп. Үлкендер, жастар ауырады, бәрі ем іздейді. Дәрігер ауадай қажет. Мына бала да жақсы, шақырсақ үйге келеді, уколын салады", – дейді ауыл тұрғыны Манат Жұбаназарова.
"Ауылымыз аты жаман індеттен аман. Тұрғындардың көбісі ЖРВИ-мен ем алып жатқандар. Күніне тұмаумен 1-2 адам тіркеліп жатады. Дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Айына өз мөлшерімен әкелінген дәрілер халыққа таратылып, салынып жатыр", – дейді амбулатория фельдшері Ернар Аймырзаев.
Теңіз қойнауындағы ауыл болғасын Құланды, Ақбасты мен Қосаманнан аудан орталығына жету мұң. Құмшауыт жолға қараған ауыл тұрғындары қыста аудан орталығымен қатынасты мүлдем үзеді. Жедел жәрдем көліктері құмды, қатқақ соқпақ-сүрлеу жолдан әбден тозған. Оқыс оқиға болып, науқас жағдайы нашарласа ауруханаға жеткізу жағы қиынға соғатыны белгілі.
"Жедел жәрдем көліктерінің нашарлары бар. Бұл жөнінде облыстық денсаулық сақтау басқармасына ұсыныс беріп жатырмыз. Ауылдық округ әкімдерінің автокөліктерін шалғай елдімекендерге бекітіп қойдық. Сол жердегі мобильдік топтармен бірігіп жұмыс жасайды. Егер науқастардың жағдайы күрделене түсетін болса, орталыққа жеткізу мақсатында ауыл әкімдерінің көліктерін пайдаланады. Бірақ қазіргі таңда ауылдардағы жедел жәрдем көліктеріне қосалқы бөлшектер алып беріп, алдағы уақытта толық іске қосамыз", – деді аудан әкімі Мұхтар Оразбаев.
Жол демекші, көрші жатқан Қазалы мен Аралдың ауылдарын жалғастыратын ауданаралық жолдардың да сапасы сын көтермейді. Былтыр 33 жылдан бері жөндеу көрмеген "Бекарыстан би – Жаңақұрылыс" бағытындағы жол қайта салынды. Бас-аяғы 33 шақырымдық жолдың 11 шақырымы Қазалы ауданына тиесілі болса, қалған бөлігін Арал аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі теңгеріміне алған. Жылға жуық уақыт аралығында күре жолдың 9 шақырымына асфальт түсіп үлгерді. Бірақ "Жол активтері ұлттық сапа орталығы" РМК Қызылорда облыстық филиалы жүргізген тексеруде асфальттың талапқа сай еместігін анықтаған. Жоба бойынша қалыңдығы 6 сантиметр болуы тиіс екен, бірақ тексерісте оның небәрі 3-4 сантиметр екені белгілі болған. Тіпті асфальт құрамының сапасы да сын көтермейтін болып шықты. Филиал мамандары мердігер "НұрТехСервис" серіктестігіне кемшіліктерді тез арада ретке келтіруді міндеттепті. Араға ай аралатып, қайта жүргізілген тексеру бұл талаптың орындалмағанын көрсетіп отыр, дейді мамандар.
"Екінші тексеруде де ешқандай жөндеу шаралары жүргізілмегендігі анықталды. Асфальт қалыңдығы әлі де талапқа сай емес. Тексеру қорытындысы жайлы тиісті орындарға хат жолдадық", – деді филиал басшысының міндетін атқарушы Ержан Усманов.
Жол құрылысы басталғаннан Жаңақұрылыс ауылының тұрғындары асфальттың тым жұқа екенін байқаған екен. Бірақ мердігер компания өкілдерінің уәдесіне сеніпті.
"33 жылдан кейін салынып отырған жолды біздің ауыл ғана емес, қаратереңдік ағайын да ұзақ күтіп еді. Енді оның сапасыз салынғанын естіп, қуанышымыз басылып қалды. "Жол тіршілік көзі" екені әркімге де белгілі ғой. Жергілікті билік жолды дұрыстап берсе, халықтың арман-тілегін орындаса", – дейді Жаңақұрылыс ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сердалы Шалбаев.
Нұрбек Дәуренбеков