Шаруаларды қалай қолдап отырмыз?

Ақжол Қараспан Ақжол Қараспан
2688

Ауыл шаруашылығын несиемен дамытуға бола ма?

Шаруаларды қалай қолдап отырмыз?

Елбасымыздың кәсіпкерлікті қолдау және дамыту жөніндегі саясатын қай өңір қалай іске асырып отыр? Ел кәсіпкерлерінің несие алудағы бесленділіктері қандай? Алған несиелерін тиімді пайдаланып, оны кері қайтару ісі қалай іске асып жатыр? Міне, осы сауалдарға жауап іздеу мақсатында біз Оңтүстік Қазақстан облысындағы шағын және орта кәсіпкерлікті қаржыландыру институттарының бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысуды жөн көрдік.

Бүгінде Оңтүстік өңірінде кәсіпкерлерді қаржыландыру ісі жолға қойылған. Тіпті, еліміздің өзге өңірлерінен көш ілгері десек те, артық айтқанымыз емес. Облыста 2009 жылдан бері еш өңірде баламасы жоқ, "Оңтүстік" аймақтық инвестициялық орталығы жүйелі жұмыс жасап келеді.

Шаруаларға арзан пайызбен несие беретін қаржы орталығының "Ырыс" деп аталатын еншілес шағын несие беру ұйымы да бар. Бұл екі ұйым да – агроөнеркәсіп нысандарын тиісті қаражатпен қамтамасыз ететін облыстық әкімдіктің қаржы операторы. Алғашқысы ірі жобаларды қаржыландырса, соңғысы ауылдағы ұсақ фермерлерді несиелендірумен айналысады.

Жергілікті биліктің қолдауымен 2009 жылы құрылған қаржылық ұйым алғашында "Максимум" аймақтық инвестициялық орталығы деп аталатын. Жуырда қаржы орталығында жүргізілген ребрендинг жұмыстарының нәтижесінде "Максимум" атауы "Оңтүстік" деп өзгертіліпті.

Бұл қаржы институты Оңтүстік Қазақстан облысының ортақ инвестициялық белсенділігін жоғарылату мақсатында құрылған болатын. Бүгінде бұл ұйым ел күткен үдеден шығып отыр ма? Мәселе осында.

Жалпы серіктестік қаржыландырудың бірнеше бағыты бойынша жұмыс жүргізіп келеді. Нақтырақ айтқанда, мал бордақылау алаңдарын құру, индустряландыру картасына енген жобаларды жүзеге асыру, жылыжай шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, әлеуметтік маңызы жоғары жобаларды қолдау, көктемгі егін егу, жинау жұмыстарына белсене атсалысады.

Несиенің шарттары қандай? Нендей жеңілдіктері бар деген сұрақ туындауы заңды. Бір қуанарлығы, бұл орталық қалыптасқан бизнесті де, енді қолға алынып жатқан бастамаларды да қолдай береді. Яғни, тәуекелшіл. Несиенің жылдық сыйақысы – 6 пайызбен 14 пайыздың аралығында. Шаруаларға қоятын шаттары да жеңіл екен. Қаржы орталығы негізінен ауыл шаруашылығын дамыту бағдарламаларын қаржыландырумен айналысады. Мәселен, кез келген ауыл азаматы өзінің жеке үйінен кішігірім мал бордақылау алаңын ашқысы келсе, "Ырыс" микроқаржы ұйымына бизнес идеясын ұсына алады. Егер шаруаның жобасы барлық шарттарға жауап беріп жатса, 7 пайызбен несиеге қол жеткізе алады.

2009-2016 жылдар аралығында "Оңтүстік" аймақтық инвестициялық орталығы мен еншілес "Ырыс" микроқаржы ұйымы бірлесе отырып, жалпы құны 41 889 млн теңгенің 13 921 жобасын несиелендіріпті. Соның арқасында өңірде 36 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылған. Аз ба, көп пе? Әрине, әзірге бұл сұрақтарға нақты жауап табу қиын. Десек те, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде елді мекендерде шағын және орта бизнес өркендеп, жаңа жұмыс орындары пайда болып жатыр. Ауылдардағы әлеуметтік ахуал біртіндеп түзеліп, экономикалық тұрақсыздық бірте-бірте қалпына келе бастағанын жоққа шығара алмаймыз.

"2016 жылы жалпы сомасы 5 429,9 млн теңгеге 1608 жобаны қаржыландырдық. Индустрияландыру картасына енген 6 жобаға 940,1 млн теңге несие берілді. Мал шаруашылығын дамыту бағытында құны 2 272,2 млн теңгенің 661 жобасы қаржыландырылды", – дейді "Оңтүстік" аймақтық инвестициялық орталығының басқарма төрағасы Арман Данаев.

Оның айтуынша, жоғарыда айтылған жобаларды қаржыландыру үшін жергілікті бюджеттен 19,5 млрд теңге бөлініпті. Ал 6,2 млрд теңге басқа да көздерден тартылса, кері қайтарылған 14 млрд теңге шағын және орта бизнесті қолдауға жұмсалмақшы екен.

Орталық бірінші кезекте көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруға көңіл бөліпті. Өйтпеске болмас. Себебі, Оңтүстік өңіріндегі кәсіпкерлердің дені диқаншылықпен айналысады. Осы бағытқа жалпы құны 1,7 млрд теңгенің 939 жобасы қаржыландырылыпты.

Сонымен қатар, қаржы орталығы интенсивті бау шаруашылығын дамытуға арналған 2 ірі жобаға 17,5 млн теңге көлемінде несие беріпті. Ауыл шаруашылық өнімдерін қайта өңдеу саласына 37 млн теңге несие берсе, өзге де бағыттарға 428,6 млн теңге жұмсапты.

"Жоғарыда айтылған жобалардың нәтижесінде осы жылы 4114 жаңа жұмыс орны ашылды. Биылдан бастап, жыл сайын шамамен 23,4 млрд, теңгеге ауыл шаруашылығы өнімдері, трактор, жиһаз, құрылыс заттары өндірілмек", – дейді Арман Нарботаұлы.

Бүгінгі таңда "Оңтүстік" аймақтық инвестициялық орталығының жиынтық несиелік қоржыны 19 478,1 млн теңгеге жетіпті. Бұл 2012 жылмен салыстырғанда 2,2 есеге артық. Ал несие қоржынының қайтарымдылығы 90,8 пайызға отыр.

"Дегенмен қарыз өтеуде қолбайлау болып отырған мәселелер жетерлік", – дейді басқарма төрағасының орынбасары Даулетқожа Мамыров.

Бүгінде бұл ұйымға кәсіпкерлер 1,8 млрд теңге қарыз. Оның өтелуі өте баяу іске асып жатқанға ұқсайды. Тіпті, сот шешімін күтіп, кепілдікке қойылған нысандарды сатумен де айналысуға тура келеді екен.

"Алынған несиені қайтару жұмыстарын жіті бақылап отырамыз. Мәселен, бүгінгі таңда барлық салалардағы 44 жобаның несиесін қайтаруда мәселелер туындап отыр. Былтырғы жылы 300 млн теңге сот шешімі арқылы өндірілсе, биыл оның көлемі 200 млн теңгеге жетіп отыр", – дейді басқарма бастығының орынбасары Заңғар Сәлімбаев.

Несиені алу бар жерде қайтару бар. Негізгі уағда – осы. Бірақ, ауыл шаруашылығы саласы – тәуекелі мол кәсіп қатарына жататынын да ұмытпаған абзал. Әйтпесе, қарызға белшеден батып, тұралап қалу дым да емес. Сондықтан, болар екінші деңгейлі коммерциялық банктер фермерлік қожалықтарды несиелендіруге құлық танытпайды тіпті, ұмтылыс та жасамайтынын жасырмайық. Осы тұста шаруаларға "Оңтүстік" аймақтық инвестициялық орталығының көмегі ауадай қажет.

Дегенмен, бүгінде кәсіптің көзін табу оңай болғанмен, оны дөңгелетіп әкету екінің бірінің қолынан келе бермейтіні тағы шындық. Алайда, "Оңтүстік" аймақтық инвестициялық орталығы жалпы үлестірілген қаржының 90 пайыздан астамы қайтарылып жатқанын растап отыр. Тіпті, биылғы жылды табысты аяқтадық дейді.

Бұл қаржы ұйымының несиесінің арқасында өңіріміздегі мал бордақылау алаңдарының саны 6120-ға жеткен. Облыста жыл басынан бері 93,9 мың тонна ет өнімдері жиналса, жалпы құны 34,2 млн теңгенің несиесі беріліп, нәтижесінде 1278 сүт фермасы құрылыпты. Соның арқасында жыл басынан бері облыста 44,9 мың тонна сүт өндірілген. 65 190 гектар жерге мақта егіліп, диқандар 173,7 мың тонна ақ алтын жинаған. Сондай-ақ жылыжайлардың саны 291-ге артып, көлемі 89,7 гектарға ұлғайған. Бір сөзбен айтқанда, өңір шаруалары биыл көл-көсір пайдаға кенеліпті.

2017 жылы орталық 4 негізгі бағытта жұмыс атқаруды жоспарлап отыр. Нақтырақ айтсақ, қаржы ұйымы ет, сүт өндіру және өсімдік шаруашылығы бойынша 10-нан аса кооператив құрып, жаңа машина-технологиялық стансаларын құрумен айналыспақ. Сонымен қатар, жеке қосалқы шаруашылық алаңдарын дамытудың 5 жобасына қаржы құймақ. Сондай-ақ, көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге "ҚазАгро" Ұлттық компаниясынан 3 млрд теңге қаржы тартуды қолға алмақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу