Оның сөзінше, қазіргі таңда заставалардың біразы апаттық жағдайда тұр.
Болат Керімбек Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің бірнеше депутаты биылғы 16-31 шілде аралығында Жетісу және Жамбыл облыстарындағы шекара заставалары мен бекеттеріне барғандарын еске салды.
“Сол жолы шекара инфрақұрылымының ескіруі, шекараны қорғаудың техникалық және байланыс құралдармен төмен деңгейде қамтылуы сияқты жүйелі проблемалардың бар екендігіне куә болдық, бәрін ішінен көрдік. Шынымызды айтсақ, жағдай мәз емес. Мәселен, қазіргі таңда заставалардың біразы апаттық жағдайда тұр. Шекарашылар сонау 50-60 жылдары салынған ескі үйлерде тұрып жатыр”, - деді ол.
Депутаттың сөзінше, шекараны жаңғырту бойынша іске асырылып жатқан шаралар бұл мәселелерді толық шеше алмай отыр.
“Шекараны бекемдеу мақсатында 2006-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама қабылданған. Бағдарлама аясында 68 объектінің құрылысы жоспарланған, қаражаты бөлінген. Алайда, оның 15-і аяқталмай қалған. 2017 жылы осы аяқталмай қалған 15 объектіге аудиторлық тексеру жүргізілді. Олардың 3-і апаттық жағдайда, ал 9-ының жағдайы талапқа сай келмейді”, - деп жалғастырды спикер.
Депутат мұндай жауапсыздықтың Солтүстік Қазақстан облысындағы заставаларын салуда да байқағандарын баса айтты.
“Осыдан шекара саласында жауапсыздық пен жемқорлыққа жол берілгенін көреміз. Жалпы шекара саланың проблемаларын шешу үшін Президент Әкімшілігі Басшысының тапсырмасымен 2024-2028 жылдарға арналған шекара қауіпсіздігінің кешенді жоспары әзірленген. Оған 582 млрд теңге қажет. Оған қоса, мемлекеттік шекара инфрақұрылымын дамыту мәселелері бойынша жол картасы әзірленген. Оны іске асыруға 118 млрд теңге қажет”, - деді ол.
Депутаттың сөзінше, Мәжілісте қаралып жатқан бюджетте Шекара саласының мәселесін толығымен шешуге сұралып отырған қаражат қарастырылмаған.