Шектегіміз келсе де, шектей алмаймыз

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
2727

Банктердің интеграциялануы жалғаса береді.

Шектегіміз келсе де, шектей алмаймыз

Елімізде отандық банктердің шетелдік банктермен интеграциялануы біраз уақыттан бері тоқтап тұрды. Биыл сең сетінегендей болды.

Сәуір айында Қазақстан мен Иранның бірлескен қаржы ұйымын құру туралы келіссөз  басталды. Іс барысында Қазақстан-Иран іскерлік кеңесінің төрағасы Амир Абеди журналистерге кәсіпкерлер арасындағы іскерлік келіссөз банк қызметінсіз тиімді болмайтынын, сондықтан  бірлескен банк ашу мәселесі маңызды екенін айтты. Сонымен қатар ол Иранның бірқатар қаржы ұйымдары мен брокерлік компаниялары қазақ нарығына келуге дайын отырғанын жеткізді. Ал халық банк таяуда Altyn Bank-тың 60% үлесін қытайлық China CITIC Bank Corporation және China Shuangwei Investment компанияларына cату туралы шешім шығарды. Бұл туралы abctv.kz-ке "Қытайлықтар Қазақстанның банктеріне де жармасып жатыр" деген тақырыппен мақала жарияланды. Онда транзакция жасалғаннан кейін ҚХБ өзінің еншілесінің қалған 40%-на ие болып, компанияға қатысты сатып алушылармен жасалған акционерлік келісімге сай оны басқару және басқа да шарттарға қатысты белгілі бір құқықтарды өзіне қалдыратындығы жазылды. Бұған қоса Аltyn Bank директорлары кеңесінің төрағасы Арман Дунаевтың: "Алдағы үш жылда банк қазіргі менеджмент арқылы басқарылады деген алдын-ала келісім бар. Менің ойымша, бұл дұрыс. Банк қазір жұмыс істеп тұр, оның өз тарихы мен жетістіктері бар. Басшылыққа жаңа адамның келуі тек мақұлдауды ғана емес, сонымен бірге жергілікті ерекшелікке үйренуді қажет етеді", – деген пікірі берілді.

Мақалада стратегиялық инвестордың келуі Altyn Bank-тің қазіргі саясатына еш әсер етпейтіндігі тілге тиек етілді.

"Қазіргі менеджмент акционерлердің сатып алғанға дейін талап еткен барлық стратегиялық міндетін іске асыра алды. Біріншіден, бұл - клиенттердің тұрақты бөлігін жоғалтпау. Екіншіден, менің ойымша, бұл - қолда бар IT-жүйенің негізінде сандық платформа құрып, оны толық аяқтау.  Даму стратегиясын қайта қарау бойынша айтарлықтай өзгеріс болады деп ойламаймын", – деген ойымен бөлісті Арман Дунаев.

Оның мәлімдеуінше, келісімнің негізгі өзегі – Altyn Bank бизнесін дамыту үшін жаңа инвестициялық мүмкіндік ашу.

"Келісім банктің ірі және орта инфрақұрылымдық жобаларға қатысуына үлкен инвестициялық мүмкіндік береді", – деді Altyn Bank директорлар кеңесінің төрағасы.

Отандық банктердің шетелдік банктермен интеграциялануына ДСҰ алдындағы міндеттемеміз оң ықпал етеді екен. Бұл туралы Еуропалық одақ жобасының жетекшісі Светлана Әлжанова: "бес жылдан кейін шетелдік банктер біздің елде бөлімшелерін аша алатын болады. Бұл үшін шет ел банкінің активі 20 млрд доллардан және жеке тұлғалардан қабылдайтын депозиттердің ең аз көлемі 120 мың доллардан асуы керек", – деді ол.

Светлана Әлжанованың айтуынша, шетелдік банктер Қазақстанда тікелей бөлімше ашу үшін акционерлік қоғам ретінде тіркелуі тиіс. Сырттан келетін сақтандыру компаниялары үшін де осындай талап бар. Олар да біздің елде 5 жылдан кейін бөлімшелерін аша алады. Сақтандыру компаниясының басқарушылар құрамында кемінде Қазақстанның екі резиденті болуы керек. Ал олардың активі 5 млрд доллардан аз болмауы тиіс. Қазақстан олардың қызмет өтілі жоқ дегенде10 жыл болуы тиіс екендігі туралы талап қойып, белгілі сектор мен сақтандыру саласына шектеу қоя алады", – деді Светлана Әлжанова.

Қазақстанның ДСҰ-ға мүше болғанына биыл үш жыл толды. Демек біз шетелдік банктердің Қазақстанның нарығына енуін шектегіміз келсе де, шектей алмаймыз.

Қаржыгер Ілияс Исаев әлемдік қаржы дүниесінде  шетелдіктер енбеген мемлекеттер аз екенін айтады.

"2007 жылдың тамыз айынан бастап екінші деңгейлі банктер қомақты қаржымен сыртқы қарыздарын өтеп келеді. Егер осы үрдіс жалғаса беретін болса, теңге құнсызданады. Отандық банк акцияларының белгілі бір  бөлігіне шетелдік қаржы алпауыттарының иелік етуі ішкі нарықтағы валюта жеткіліксіздігіне жол бермейтін ең сенімді тәсіл, – дейді Ілияс Исаев.

Оның айтуынша, үкімет пен ұлттық банк қаржы ұйымдарын бір-біріне біріктіру саясатын алдағы уақытта да жалғастыра береді.

"Банктердің бір-біріне кірігуі немесе олардың белгілі бір пайызының шетелдіктерге өтуі салымшыларға оң әсер етеді. Ал несие алатын шағын және орта бизнес өкілдерінің жағдайы жартылай шетелдік басқарушының қолына өткен банктің стратегиясына тікелей байланысты болады. Бізде банк қызметі үшін алынатын қаржы мөлшері халықаралық банктермен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Бұған банктердің ұсақ болуы себеп болып отыр. Банктердің бірігуі мен іріленуі клиенттерге жақсы болуы мүмкін. Мұны алдағы уақыт көрсетеді", – деді қаржыгер.  

Ал отандық банк акцияларының шетелдіктердің қолына өтуі ел экономикасына кері әсер етпей ме? деген сұраққа ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевтің жауабы дайын. Ол ұлттық банк өкілдері қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында 2020 жылға дейін қазақстандық банктерге қатысты атқарылатын ауқымды міндеттемелерді нақтылап қойғанын алға тартады.

Ал қаржыгер Дәулет Сембаевтың сөзінше, қазақстандық банктердің үлесін сатып алу үшін ұзынсонар кезекке тұрған шетелдік банктер аз. Себебі бізде нарық айналымының аумағы өте тар. Түрлі шектеу алынып тасталғаннан бері Қазақстанға 7 шетелдік банк келіп, оның үшеуі ғана қалыпты. Олардың ішінде 100 пайыз акциясы тек шетелдіктерден ғана тұратын түріктің 2 банкі бар екен.

"Егер олар қазақтандық банк жүйесін өз мәдениетімен толықтырса, біздің заңдылықтарымызбен өмір сүрсе, ең бастысы олардың қызмет көрсету сапасына ел азаматтарының көңілі толса, күдіктенудің қажеті жоқ. Бұл жерде әңгіме мемлекеттік меншікті жекешелендіру емес, тек қана акционерлердің өз меншігін басқару құқы, жеке меншік резиденттен резидент емеске өтуде ғана болып тұр", – дейді Дәулет Сембаев.

Қаржы саласының келесі маманы Бейсенбек Зиябеков еліміздің экспорт-импорт айналымы жылдан-жылға өсіп келе жатқанын және осының тоқтаусыз жүруін қамтамасыз ету үшін отандық нарықта шетелдік банктердің болғаны дұрыс деп санайды.

"Қаржы жүйесінде көрсетілген қызмет түрлеріне қатысты банк операциялары үшін белгілі бір мөлшерде комиссиялық төлем төленеді. Бұл шетелдік қаржы жүйелерінің табысты көп табатын басты көзі. Біздің елде: "шет елде банк несиені төмен пайызбен береді" деген сөз жиі айтылады. Алайда олар несие беруден кеткен есесін комиссия салу арқылы өндіріп алады, мұны жұрттың көбі біле бермейді", – дейді Бейсенбек Зиябеков.

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу