Тәуелсіздіктің 26 жылынан астам уақыт ішінде елімізге 300 миллиард доллардай шетелдік инвестиция құйылған. Осылайша, бүкіл Орталық Азия елдеріне арындаған қаражат тасқынының 80 пайызын Қазақстан игергенін мақтан тұтамыз.
Алайда сонша миллиардтың барлығы бірдей елде қалған жоқ. Аса үлкен бөлігін инвесторлар бөтелкедегі қарапайым судан бастап, күрделі құрылғыларға дейінгі керек-жарақ пен қызмет түрлерін сатып алу үшін шетелге қайта жіберді.
Қазақстан биылдан бастап, тағы да ондаған миллиард доллар инвестицияның келуін күтіп отыр. Бұрынғы тәжірибеден сабақ алған үкімет оларды отандық бизнесті дамыту үшін барынша игеріп қалуға тырыспақ. Бұл ретте "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасы жергілікті компаниялар мен кәсіпорындардың осы мүмкіндікті пайдалана отырып, өз әлеуеттерін жүзеге асыруға дайын екенін мәлімдеді.
Алдағы ең мол инвестиция мұнай-газ саласына құйылмақ.
Журналистермен 2018 жылға арналған жоспарларымен бөліскен "Теңізшевройл" бас директоры Тэд Этчисонның айтуынша, компания "Теңіз" кен орнындағы өндірістік қуаттылықтарды "болашақ кеңейту жоспарына" және "сағалық қысымды басқару жоспарына" 36,8 миллиард доллар инвестиция салуды қарастыруда.
Өйткені "қара алтынның" әлемдік нарықтағы құны құлдырағанымен, жеңіл әрі аса құнды "Теңіз" мұнайын өндіретін ТШО-ның "мұртын балта шаппайды". Тэд Этчисон 2017 жыл қорытындысы бойынша ТШО мұнай өндірісіндегі рекордтық көрсеткішке – 28,7 млн тоннаға қол жеткізгенін, сөйтіп, өндіріс көлемін тағы 4,1%-ға арттырғанын мәлім етті. Бұдан бөлек, компания былтыр 1,38 миллион тонна сұйытылған газ, 7,45 миллиард текше метр құрғақ газ және 2,49 миллион тонна күкірт сатқан.
Алайда қазақ жерінің астындағы қазынаны ала бастаған 1993 жылдан бері "Теңізшевройл" қазақстандық бизнесмендерден тек 24 миллиард доллардың ғана тауарлары мен қызметтерін сатып алған. Соның ішінде 2017 жылдың үлесі 2,5 миллиард долларды құрайды екен.
Сондықтан елге ағылған инвестициялар сол бойы шетелге кері қайтып кетпеуі үшін үкімет пен кәсіпкерлік қауымдастықтар күш біріктіріп, отандық 200-ден астам мұнай сервистік компанияларды осы іске жұмылдыруға кірісті.
Энергетика бірінші вице-министрі Махамбет Досмұхамбетовтың айтуынша, өткен жылы еліміздегі жер қойнауын пайдаланушылар жалпы алғанда, 4,5 триллион теңгеден астам сомаға жұмыстарды, тауарлар мен қызметтерді сатып алған. Бұл – Қазақстанның бүкіл бюджетінің кіріс бөлігіне жете-қабыл қаражат.
"Тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алулардың негізгі үлесі, нақтырақ айтсақ, 70%-дан астамы небары үш басты жобаның – "ТШО"-ның, "КПО"-ның ("Қарашығанақты" игеруші "Карачаганак Петролиум Оперейтинг"), "НКОК"-тың ("Қашағанды" игеруші (Норт Каспиан Оперейтинг Компани") еншісінде. Сол себепті біз бүгінде қазақстандық бизнестің әлеуетін және оны дамытудың негізгі перспективаларын осы жобалардың айналасына шоғырландырып жатырмыз", – дейді энергетика бірінші вице-министрі.
Дәлірек айтсақ, ТШО, КПО және НКОК 2017 жылы 3 триллион 398 миллиард теңгеге тауарлар, жұмыстар мен қызметтер сатып алды. Алайда қазақ жері қазынасының қызығын көріп жатқан бұл әлемдік алпауыттар осы тапсырыстарының басым бөлігін сыртқы нарықтарда орналастырып, өзге елдердің бизнесін дамытуға жұмсады. Нәтижесінде, қазақстандық компанияларға тек 30,83%-ы тиді. Қаржыға шақсақ, бұл 1 трлн 47,8 млрд теңге.
Ресми мәлімет бойынша тауарлар, жұмыстар және қызметтерді сатып алу бойынша "ТШО" көшбасшы болып табылады: өткен жылы компанияның сатып алулары 2 триллион 815 млрд теңге болды. Алайда қазақстандық өнімдер мен қызметтерді тұтыну көлемі бойынша "КПО" көшбасшы болып отыр: компанияның сатып алуларындағы жергілікті мазмұн үлесі 54%-ды немесе 130 млрд теңгені құрады. Рас, "Теңізшевройл" ЖШС бас директорының орынбасары Мұрат Мұқашев алда өздерінің осы көрсеткіштерін көркейтуге тырысатындарын айтады.
Ал мұнайсервистік компаниялар одағы төралқасының төрағасы Рашид Жақсылықовтың байламынша, қазақстандық компаниялардың тауарлары мен қызметтері, сапасы жөнінен шетелдік әріптестерінен еш қалыспайды, оларға лайықты бәсекелес бола алады. Демек, инвесторлардың "Қазақстанда ондай өнім жоқ, мынадай қызмет көрсетілмейді" деп көп сылтауратуы орынсыз.
"Қазір шетелдік инвесторлардың, әсіресе, мұнай-газ саласындағы үш негізгі жобаның сатып алулары орасан зор сомаға жетіп отыр. Ендеше қазақстандық компаниялар өздеріне арналған тұғырға көтеріліп, ірі табыс таба бастайтын шақ туды. Ірі жер қойнауын өндірушілердің жобаларына қатысудан табатын мол қаражатты қазақстандық бизнес те шетелге әкетпей, отандық экономиканы әртараптандыруға, өз қызметтерінің сапасын ары қарай жақсартуға бағыттауға тиісті", – дейді одақ жетекшісі.
Оның мәліметінше, ірі сатып алушылардың барлық үшеуі де, яғни "ТШО", "КПО" және "НКОК" өздерінің өндірістік қуаттылықтарын кеңейтуді жоспарлап отыр. Дегенмен, Рашид Жақсылықовтың айтуынша, соларға құйылатын миллиардтаған долларлар тасқынын өздеріне толыққанды бұра алулары үшін отандық сервистік кәсіпорындар жаңа технологияларды ендіріп, кадрларының кәсіби деңгейін арттыра түскендері жөн.
"Атамекен" КҰП басқарма төрағасының орынбасары Елдос Рамазанов сервистік қызметтер көрсететін отандық компанияларды ілгерілету, қазақстандық мазмұнды арттыру мәселелерін талқылау және шешімдер түзу үдерісі белсенді жүріп жатқанына назар аудартады.
"Мұнай-газ кен орындарын кеңейтудің қазір қолға алынған және алда бастау алатын ірі жобалары мұнай сервистік индустрияның жаңа тынысын ашқалы тұр. Жергілікті үлесті арттыру ісі де айрықша мәнге ие болуда. Өзіңіз қараңыз, егер 2015 жылы еліміздегі мұнай сервистік саланың айналымы небары 1,3 триллион теңгені құраса, 2016 жылы ол 2 триллион теңгеден асып түсті. Ал 2017 жыл қорытындысында осы салаға берілетін тапсырыс көлемі 2,3 триллион теңгеге жетті. Бұл ретте қазақстандық мазмұнның үлесі орташа алғанда 52%-ға тең болып отыр", – дейді Елдос Рамазанов.
Ұлттық палата басшылығы өкілінің түсіндіруінше, қазақстандық үлестің жоғарғы көрсеткіштерін негізінен, құрылыс-монтаждау және бұрғылау жұмыстары қамтамасыз етіп отыр: бұл бағыттар бойынша қазақстандық мазмұн үлесі тиісінше 80% және 62%-ға жетті. Алайда басқа бағыттарда біздегі жатжұрттық инвесторлар әлі күнге өз елдерінің, не шетелдің нарығына жүгінуге бейіл тұрады.
Мәселен, жобалау, инжиниринг, геодезия және басқа да сегменттерде отандық мұнай сервисінің үлесі 12-16%-дан аспауда. Үкімет пен "Атамекен" КҰП бұларда да отандық компаниялардың кең қатысуына қол жеткізбек ниетте.
Бұл ретте ірі инвесторлар қазақстандық мамандардың біліктілігіне сенімсіздікпен қарайтыны құпия емес. Өйткені жобаның табысты жүзеге асуы "жобалық шешімнің" сапалы орындалуына тікелей байланысты. Алайда жобада қандай құрал-жабдықтар мен материалдар пайдаланылатыны дәл осы жобалық шешім құжатында көрсетіледі. Тиісінше, егер құжатты шетелдік фирма әзірлесе, ол өздерінде танымал шетелдік өнімдерді ұсынатыны даусыз.
Қалай болғанда, ықтимал табысы ондаған миллиард доллармен саналатын отандық мұнай сервисі бизнесін ары қарай ілгерілету үшін "Атамекен" КҰП осы саланы дамытудың арнаулы "жол картасын" жүзеге асыруға кірісті.
Жалпы, мұнай сервисі ел экономикасының стратегиялық маңызды саласы болып табылатынын айта кету керек. Егер бұл сала жайрап қалса, мұнай өндіру саласы да тоқырайды. Өйткені 1 мұнайшы "қара алтынды" тиімді өндіруі үшін оған 5 мұнай сервисші маман жұмыс жасайды. Олар жол салады, вахталық қалашықтарды тұрғызады, тұрба-құбырлар төсейді, жабдықтарды жөндейді, күзетеді, тасымал-логистикамен айналысады, бұрғылау, барлау, жобалау, құрылыс және геофизикалық қызметтер көрсетеді.
Алайда соңғы жылдары отандық мұнай сервисі саласы баюдың емес, аман қалудың амалын қарастырып келді. Және бұған әлемді жайлаған дағдарыс пен сұйық отын құнының арзандап кетуінің көп қатысы жоқ. Қазақстандағы мұнай өндіруші ірі компаниялар өндіріс көлемін арттыруда, олардың тапқан табысы да мол. Бірақ сонымен бірге, олардың қазақстандық мазмұны мандымай тұр. Бұл тарапта отандық сервистік компаниялар қазақстандық нарықты ен жайлап алған шетелдік бәсекелестерінің аса қуатты қысымына ұшырауда. Шетелдік компаниялар отандыққа қарағанда, жақсы жұмыс жағдайларына, артықшылықтар мен жеңілдіктерге ие.
Оның үстіне өндіріске қажетті аса күрделі жұмыстар мен қызметтерді орындау үшін үлкен қаржы айналымының және біліктілігі жоғары, халықаралық дәрежедегі мамандарының болуы талап етіледі екен. Ал отандық мұнай сервистік компаниялардың көбі әзірге салмақты тапсырыстарды атқаруға айналымдық қаражаты жетіспейді, сонымен қатар тәжірибелі, білікті мамандар шақыруға не өз кадрларын шетелде оқытуға да күші жете бермейді. Яғни, барлығы айналып келгенде, қаржыға тіреледі. Ал ол қаражатпен жер қойнауын пайдаланушылар жарытып отырған жоқ.
Енді үкіметтің өзі мойын бұрғандықтан, сала бұл құрдымнан шыға бастауы да ықтимал.
Жанат Ардақ