Шиелі ауданындағы цемент зауыты өнімдерін ішкі-сыртқы нарыққа жіберіп жатыр. Нақты кезеңде 155 мың тонна өнім өндірген. Оның бір бөлігі экспортқа шығарылды. Күрделі құрылыста пайдаланылатын тампонажды цемент әлемдік нарықта жоғары сұранысқа ие. Әсіресе, уран өндірісі мен мұнай-газ саласына қажет маңызды компонент саналады. Жоғары сапалы томпанажды цемент бұған дейін сырттан тасымалданып келсе, енді сұраныстағы өнім Сыр өңірінде өндірілуде.
Қысқамерзімде қолданысқа берілген зауыт индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылды. Биылғы жылдың мамыр айынан бастап өнім шығара бастады. 256 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Шиелі ауданының әкімі Әшім Оразбекұлы зауытта цементтің 6 түрі шығарылатынын айтып отыр.
"Шиелі тампонажды цементінің сапасы өте жоғары. Цемент 50 келі және 1 тонналық болып қапталады. Зауытта шығарылған өнім атом өнеркәсібі мен газ-мұнай саласында және күрделі құрылыста кеңінен қолданылады. Қазіргі күні өнімді сату бойынша Қызылорда және Түркістан облыстарынан өзге елдің батысындағы бірнеше облыспен меморандумдар жасалып, өнімді жіберіп жатырмыз. Биылғы меже – 400-500 мың тонна цемент өндіру. Ал алдағы 2020 жылдан бастап кәсіпорын өндірістік қуатына толық көшкен кезде жылына 1 млн тонна өнім шығаратын болады. Зауыттағы өндіріс кезінде бөлінетін көмірқышқыл газы арнайы сүзгіден өтіп, тазартылады. Жаңа кәсіпорынның жаңа технология бойынша жұмыс істейтінін ерекше атап өткен жөн. Мұнда Елбасы Жолдауында айтылған цифрландыру жүзеге асырылуда", – дейді аудан әкімі.
Мамандар кәсіпорын жылына 1 млн тонна өнім шығарған кезде Шиелі зауытының өнімі тампонажды цементке деген елдегі сұранысты толық жабады деп отыр. Қазіргі таңда елімізде цемент өндіретін 11 кәсіпорын бар. Солардың біреуі ғана осындай өнім шығарады. Демек стратегиялық сала өндірісіне қажетті сапалы өнімге деген сұраныс жоғары боп қала бермек.
Өнімге қажетті шикізаттың 98%-ы оңтүстіктегі ауданның кен орындарында бар. Бұл – құм, доломит, әк тасы және уақталған қиыршық тас. Шикізат Қаратау қойнауынан алынуда. Тек цементке қажетті арнайы қоспалар ғана сырттан тасымалданады. Бұған қоса, жергілікті тұрғындарды жұмысқа тарту мақсатында 50 адамды Қытайға жіберіп, арнайы оқытқан. Қазір осы мамандар зауытта еңбек етуде. Сонымен қатар, инвесторлар Шиелі индустиалды-аграрлық колледжінің базасында жергілікті жастардан 100 маман даярлап жатыр.
Кәсіпорында еңбек етіп жатқан 256 маманның 211-і – Қазақстан азаматы. Оның ішінде 203 адам жергілікті тұрғын болса, қалғаны шетелдік азаматтар.
Инвестициялық жобаға мемлекеттік қолдау шарасы ретінде индустриалды аймақтың жанынан 50 гектар жер телімі табысталған. Зауыт құрылысының аумағы – 46 гектар. Ал 4 гектар жерге жұмысшылар мен қызметкерлерге арналған жатақхана, асхана және басқа да әлеуметтік құрылыстар салынған.
Жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып отырған "Гежуба Шиелі Цемент" ЖШС салған зауыт биылғы жылдың алғашқы алты айында 91 мың тонна цемент өндіріп, жергілікті бюджетке 54,7 млн теңге салықтық түсім түсірген.
Жобаны қазақстандық "DANAKE корпорациясы" мен қытайлық цемент компаниясы бірігіп қолға алған. "Гежуба Шиелі Цемент" ЖШС зауыты жобасының жалпы құны – 64 млрд теңге. Жобаның бас мердігері – "Чайна Триумф Интернэшнл" әлемдегі үздік 50 халықаралық көшбасшы компаниялардың бірі.
Нұрбек Дәуренбеков